Пандемия бізді қанша жасқа қартайтты?

1396

Әлемді әуре-сарсаңға салған коронавирустың кезіп жүргеніне бір жарым жылдан асты. 2020 жылы жер планетасының тұрғындары карантин, локдаун, блокпост сияқты сөздермен етене жақын танысты. Пандемия адамдарды вирустан қорғанудың жолдарын үйретіп қана қоймапты. Сонымен қатар пандемия адамның жас мөлшеріне де едәуір зардабын тигізген көрінеді.

Le Figaro сайты біраз адамның пандемия кезіндегі эмоционалды жағдайына сұрау салып, аса жағымды бола қоймас жауаптар алған деп жазады «Адырна» ұлттық порталы дереккөзге сілтеме жасап.

Басылым шетел азаматтарының қазіргі көңіл-күйі туралы сауалнама жүргізіп, соның нәтижесін жариялапты. Біз де өз кезегімізде 2020 жылы наурыздың 16-сы күні басталған пандемияның қазақстандықтарға қалай әсер еткенін білу мақсатында бірқатар азаматты сөзге тарттық.

«Өміріміз күрт өзгерді ғой. Пандемияға дейін «шіркін, алаңсыз бір ұйықтап, достарыммен кездесіп, әбден қыдырсам екен» дейтінмін.  Былтырғы карантинге дейін шағын бизнесім болды. Соның жұмысымен ағайын, туыс, достарыммен кездесуге уақыт табу мұң еді. Өкінішке қарай, былтыр бизнесімді  тоқтатуға мәжбүр болдым. Пайдасынан гөрі шығыны артып кетті. Карантинде күндіз ұйықтап, түнде тіршілік ету режиміне өттік. Бір жылдай осындай режимге түскеніміз сонша, бүгінге дейін күндіз сыртқа шыққым келмейді. Шыға қалсам да, тез шаршап, әлсіреп қаламын»,- дейді Сәбира Мұратқызы.  Күн мен түні ауысқан адамдардың басым бөлігі жастар екен. 28 жасар Мұхит Бақытұлы да: «Карантин үйге қамап қана қоймады. Жұрттың еңсесін де езіп тастады. Қазір байқасаңыз, көбіміз қарт адамдар сүретін өмірді сүріп жатқандаймыз. Түнде уақытылы ұйықтай алмаймыз. Күндіз бір мызғып алсақ, жүре береміз. Күнделікті тамақты ғана ойлайтын болдық. Әлдебір үлкен мақсаттарды алға қойып, оған ұмтыла қоймаймыз. Өйткені ертең не боларын білмейтін, бір тұманға кіріп кеткендейміз»,-дейді.

«Пандемияда біз осыған дейін қанымызға сіңіп кетті деп сенген бұрынғы дәстүрлерімізді, жөн-жоралғыларымызды жоғалттық. Жоғалтуға мәжбүр болдық. Мәселен, көңіл айту, көңіл сұрау. Вирус жұқтыру қаупі деп бұл күнде етене жақынымыз болмаса, қаралы үйге баруды да азайттық. Телефонмен хабарласып, көңіл айтатын болдық. Ауырып жатқан кісінің көңілін сұрау да қазір онлайн атқарылатын болды. Бұған дейін де телефонға аз тәуелді емес едік. Ал қазір телефонсыз өліп қалатындай күйге жеттік. Себебі, бар қызық та, бар дүниең де сол телефонда. Жаңалықты да оқисың, жұмысыңды да атқарасың, ақшаң да сол телефонда. Білесіз бе, қазір адам тағдыры да сол телефон арқылы шешілетін болды. Мысалы, түрлі әлеуметтік желілер. Чаттарда талқыланған кейбір тағдырлар ақырында сол чаттағы айғай-шудың салдарынан талқандалып та жатыр. Карантинде жұмыссыз, тек уақыт өткізіп үйде жатқан адам үшін бұл телефон дегеніңіз сиқыршының таяғындай болды ғой»,- деп күледі Асылхан Елубаев.

40 жастағы Камилла дәл қазір өзін 72 жастағы кемпір сияқты сезінетінін айтады. «Жалпыхалықтық комменданттық сағат, карантин, пандемияның кесірінен осындай жастағы кәрі адамша сезінемін өзімді. Бұрынғыдай сыртқа жиі шығып, әр күннің жаңалығын, жаңа қызықтарын көрмейміз. Торығып күн ұзаққа үйде отырамыз. Түрлі байланыс құралдарымен таныстарыммен сөйлесу барысында олардың да мен секілді күйді бастан кешіп жатқанын байқаймын. Бір-бірімізге хабарласа қалсақ, айтатынымыз тамақ, күнделікті күйбең тіршілік...»,- деп күрсінеді Камилла.

Осындай жағдайларға байланысты философ Мари Робер: «Пандемия кезеңі адамдарды психологиялық шаршауға, немқұрайдылыққа, ештеңеге қызықпайтын халге әкелді. Адамдардың ертеңгі күнге деген сенімі азайды. Әлем бойынша өмір тоқтап қалғандай. Әр күн сайын бір жағдайдың қайталана беруі адамды мезі етіп, күйзеліске түсіреді»,-деген пікірді алға тартады.

Ал сіздің өміріңізді пандемия қалай өзгертті?

Мұқаш МҰРАТҰЛЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар