Тәуелсіздік белестері

1197

Тәуелсіздік - барша қазақ халқының баға жетпес байлығы, асыл қазынасы. Ата-бабаларымыз армандап өткен тәуелсіздікке биыл 30 жыл толғалы отыр. Атаулы мереке - барша қазақстандықтардың ортақ қуанышы. Еңселі еліміздегі Тәуелсіздік мерейтойына орай республика көлемінде түрлі мәдени іс-шаралар жыл басынан бері ұйымдастырылуда.

Сондай игі шаралардың бірі өткен аптада аудандық Мәдениет үйінде өтті. «Тәуелсіздік белестері» тақырыбында ұйымдастырылған шарада ауданға танымал дәстүрлі әнші, "Саз" мектебінің директоры Дәуітбаева Бақыт Мейрамбекқызы қонақ болып, сыр-сұхбат барысында тәуелсіздік жайлы әңгіме өрбітті. Аталмыш сұхбатты жүргізген аудандық тарихи-өлкетану музейінің өлкетанушысы, ауданның Құрметті азаматы Зәуреш Демеуқұлова. Ол кісі сыр-сұхбатты бастамас бұрын мемлекетіміздің тәуелсіздік алған жылдардан бері жеткен толағай жетістіктеріне ерекше тоқталып, осы жылдар ішінде елімізде ұлттық салт-дәстүріміздің, мәдениетіміздің жаңғырып, қайта қалыптасқанын тілге тиек етті.

Шара қонағы Бақыт Мейрамбекқызы тәуелсіздіктің 30 жылында өнер саласының қарқынды дамығанын, сонымен қоса дәстүрлі ән-күй өнеріне аудан жастарының көзқарасының артқанын, бүгінгі күнге дейін Бақанас Саз мектебінен сандаған түлектің қанат қаққанын да айтып өтті. Сондай-ақ, туған жер мен туған елге арналып жазылған әндердің тәуелсіздіктің жемісі және тартуы екендігін де айтты. Бақыт Дәуітбаева домбырасын қолына алып, бірнеше дәстүрлі әндерді де әуелете орындады. Айта кететін жайт, сыр-сұхбат барысында карантин талаптары толығымен сақталып, сұхбат онлайн режимде халықпен тікелей эфирде өтті.

Бақтығали Дәуітбаев

Балқаш ауданы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар