Қазақстандықтарға короновирусқа қарсы вакцинаны таңдау құқығы беріле ме?

2809
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандықтар коронавирусқа қарсы екі вакцинаның бірін таңдай ала ма? Бұл сұраққа дәрігер, профессор Сәкен Әміреев жауап берді,  деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы, Tengrinews.kz-ке сілтеп. 

ҚР клиникалық және іргелі медицина академигі, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эпидемиология кафедрасының профессоры, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің профессоры Сәкен Әміреевтің айтуынша, қазақстандықтар коронавирусқа қарсы екі вакцинаның бірін таңдай алады.

"Елімізде коронавирусқа қарсы екі түрлі вакцина салынып жатыр, екеуінің де тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген. Сондықтан, қорқатын ешнәрсе жоқ. Ал, таңдауға келетін болсақ, әркім өзі таңдайды, ресейлік пе, отандық па. Егу бөлмесінде екі түрі ұсынылады, егер бір түрі болмай қалса, барын салдыра беріңіз. Таңдаған вакцинаны ғана салдырамын десеңіз, жеткізілуін күтуіңізге әбден болады. Менің ойымша, отандық вакцинаға қолдау көрсетуіміз керек, ол да барлық ресми тексеруден сәтті өткен. Екеуінің арасында анау немесе мынау жақсы деп айтуға болмайды", - деді Әміреев.

Сонымен қатар, ол вакцина алмағандарды алда не күтетінін айтты.

"Вакцина салдыру, не салдырмау әрине әркімнің өз еркі. Алайда, сіз вакцина салдырмай ауырып қалсаңыз, ауру ауыр дәрежеде өтуі мүмкін. Вакцинаға қарсы көрсетілім болмаса екпені салдырған дұрыс", - деді ол.

Еске салайық, бүгін Цой тікелей эфирде коронавирусқа қарсы вакцина салдырған болатын.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер