«Күніне 80 дене»: Коронавирустан қайтыс болғандарды көшеде өртеп жатыр

5941
Adyrna.kz Telegram

Үндістанда короновирусқа шалдыққандарға арналған ауруханада өрт шығып, жансақтау бөлімінде жатқан 13 науқас көз жұмды. Елдегі ахуал қиындап барады. Соңғы тәулікте 314 мың адам қауіпті індеттің ілмегіне ілінген. Бұл жаһан жұртшылығының арасындағы рекордтық өсім болып отыр. Ауруханалар лық толы, ал қайтыс болғандардың денелерін өртеуге уақыт тапшы, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Махараштра штатындағы ауруханада шыққан өрт 3 сағатта әрең ауыздықталды. Оқиғаның себебі қазір анықталып жатыр. Ал науқастар жақын маңдағы емдеу мекемелеріне ауыстырылды.

«Өкінішке қарай, біздің ауруханада түнгі 3 шамасында алып өрт шықты. Кенеттен кондиционерден ұшқын пайда болып, интенсивті терапия бөлімінде оттегі жеткілікті болғандықтан, барлығы 2 минуттың ішінде аяқталды.

Елде жағдай онсыз да ушығып тұр. Әсіресе соңғы күндері вирус жұқтыру дерегі көбейген. Бір күнде 314 мың адам ауруға шалдығып, әлемдік антирекорд орнады», - дейді аурухана қызметкері Дилип ШАХ.

Бір тәулікте 330 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырып, 2 жарым мыңға жуық науқас қайтыс болған. Үндістан медициналық қауымдастығының бұрынғы хатшысының айтуынша, елдегі барлық ауруханада науқастар көп.

«8 сәуірде тәулігіне 16 000-ға жуық ауру тіркелсе, бүгінде 324 000-нан асты. Бұл айсбергтің шыңы ғана. Тексерілмеген, расталмаған немесе симптомсыз жағдайлар көп. Соңғы тәулікте 2 263 адамның қайтыс болғаны да бізді алаңдатып отыр.

Қазір барлық ауруханаларда ығы-жығы науқас. Бірнеше күн бұрын Үндістанға 500 тонна оттегі жеткізілген. Бірақ бұл аз. Өйткені ауа жетпей деміккендерге 700 тонна оттегі баллоны қажет. Қиын сәтте крематорийлар мен мекемелердің де жұмысы еселенді. Дәрігерлердің айтуынша, вирустың алғашқы толқынында күніне 18 мәйіт шығарылатын. Қазір тәулігіне 80 дене өртеледі», - дейді Үндістан медициналық қауымдастығының бұрынғы хатшысы Рави МАЛИК.

Ал медициналық орталық басшысы коронавирустан қайтыс болған науқастарды өртеп жатқандықтарын айтты. Олардың айтуына қарағанда, бұрын автотұрақ болған жер қазір мәйіттерді өртейтін орынға айналған.

«Біз күндізгі сағат 16:00-де 60-қа жуық денені өртедік. Сыртта тағы 15 мәйіт тұр өртейтін. Мен күнде көріп жүрген сұмдықты құдай ешкімге көрсетпесін деп тілеймін. 5, 15, 25 жастағы балалар мен жасөспірімдерді жағып жатыр. Енді үйленген жұбайларды да өртеп жатырмыз. Денелері өртке оранып жатқан көп кішкентай балаларды көргенде жүрегім қан жылайды. Бұрын бұл жер автотұрақ болған, қазір мәйіттерді өртейтін орынға айналды», - дейді медициналық орталық басшысы Джитендер СИНГХ ШУНТИ.

Сонымен қатар Джитендер Сингх Шунти денелердің күннен күнге көбейіп жатқандығын айтып өтті. Бұлай жалғаса берсе, мәйіттерді жолда өртеуге тура келетіндігін де ескертті.

«Басында 24 от болды. Бірте-бірте саны 50-ге жетті. Денелердің көптігі соншалық, бізде отын таусылуға жақын. Біз 30 тонна ағаш әкелеміз, ол тез арада бітеді. Содан кейін тағы 30-ын әкелеміз, ол да бітеді. Жағдай өте нашар, егер осылай жалғаса берсе, 4-5 күнде мәйіттерді жолда өртеуге тура келеді, басқа амал жоқ», - дейді медициналық орталық басшысы Джитендер СИНГХ ШУНТИ.

Үндістанда екпе егу 16 қаңтардан басталған болатын. Осы уақытқа дейін 30 миллион адамға вакцина салынды. Алайда, халық саны бойынша әлемде 2-орында тұрған мемлекет үшін бұл өте төмен көрсеткіш. Бірақ елдегі базарлар мен сауда орталықтары 1 күнге де жабылған жоқ.

Сондай-ақ той-томалақ, діни мерекелер тоқтар емес. Онан бөлек 1 миллионнан астам адамның Ганг өзенінде жаппай шомылу шарасына қатысуы ушыққан жағдайды одан әрі тығырыққа тіреп тұр.

«Адырна» ұлттық порталы 

Пікірлер