Мәслихаттың кезектен тыс сессиясы: бюджетте қандай өзгерістер бар?

1016

Алматы облысының әкімдігінде мәслихаттың кезектен тыс IV сессиясы өтті. Оған облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев, депутаттар мен басқарма басшылары қатысты. Сессия жұмысын облыстық мәслихат депутаты Гүлнәр Тойлыбаева жүргізді.

Күн тәртібінде бірқатар мәселе қаралды. Соның негізгісі – мәслихаттың 2020 жылғы 15 желтоқсандағы "Алматы облысының 2021- 2023 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы" №64-339 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу. Бұл турасында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов баяндама жасады.

– Республикалық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттер есебінен 5,4 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде халықты иммундау үшін коронавирус инфекциясына қарсы вакциналарды және өздігінен блокталатын шприцтерді сатып алуға (ҚРҮ резервінен) 5,2 млрд. теңге, ішкі істер органдары қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларын арттыруға 176,7 млн. теңге қарастырылды. Сонымен қатар, 32,6 млрд. теңгеге мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару жоспарлануда. Бұл ретте 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде шараларды қаржыландыру үшін 25,1 млрд.теңге, кредиттік үйлер құрылысына 7,5 млрд.теңге бағытталмақ, - деді басқарма басшысы.

Бюджет қаражатының өткен жылғы қорытындысы бойынша қалыптасқан бос қалдықтары есебінен 9 млрд. теңге, оның ішінде Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы шеңберіндегі жобаларды аяқтауға 5,2 млрд. теңге бағыттау ұсынылады.

Бюджет заңнамасының нормаларына сәйкес пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) нысаналы трансферттер ағымдағы қаржы жылы жоғары тұрған бюджетке қайтаруға жатады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджетке қайтаруға жататын трансферттердің қалдығы 804,6 млн. теңгені құрайды. Республикалық бюджеттен берілген пайдаланылмаған бюджеттік кредиттерді қайтару 167 мың теңге.

Үстіміздегі жылдың І тоқсанында кірістер көлемі 129,8% (нақты түсім – 77,7 млрд. теңге, жоспар 59,9 млрд. теңге) орындалғанын ескере отырып және шұғыл шешімін талап ететін шығындарды қаржыландыру мақсатында салықтық түсімдер болжамын 7 млрд.теңгеге арттыруға ұсыныс енгізіліп отыр.

Басқарма басшысының айтуынша, "Nur Otan" партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында Жол картасы әзірленіп, бекітілген. Осы шараларды іске асыруға 1,5 млрд. теңге бағыттау ұсынылады. Сонымен қатар, жергілікті бюджет қаражатын бюджеттік бағдарламалар әкімшілері арасында қайта бөлу есебінен (ағымдағы шығыстар, құрылыс, күрделі жөндеу бойынша үнемдеу) мынадай ұсыныстар енгізіледі.

Атап айтар болсақ, «Жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтер» 1-функционалдық топ бойынша басқару органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға және ұстауына 1,1 млрд.теңге бөлу жоспарлануда. «Қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік» 3-функционалдық топ бойынша ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 100 млн. теңге қаражат қарастырылуда. Осы функционалдық топтың даму бюджетінің шығындары 64,2 млн.теңгені құрады. Оның ішінде Райымбек ауданының Нарынқол ауылында өрт сөндіру депосының құрылысын бастауға және Ақсу және Сарқан аудандарында 4 учаскелік полиция пункттерінің құрылысын аяқтауға қаржы қарастырылуда.

«Білім беру» 4-функционалдық топ бойынша ағымдағы шығындарға қосымша 2,5 млрд.теңге бөлу жоспарлануда. Бұл ретте білім беру нысандарына күрделі жөндеу жүргізу, мектептерде бейнебақылау жүйелерін орнату, мектеп кітапханаларын жаңғырту, білім беру ұйымдарында пандустар орнату көзделуде.
Жұмыспен қамту 2020-2021 Жол картасы аясында 6 білім беру нысаны бойынша күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтауға 1,1 млрд.теңге қарастырылған. «Жалын» жазғы лагерінің құрылысына, Кербұлақ ауданында 50 орынды өнер мектебінің құрылысын аяқтауға да арнайы қаржы бөлінбек. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау үшін Қаратал, Көксу және Ұйғыр аудандарында 1200 орынды 3 мектептің және Талдықорған қаласындағы музыкалық колледж үшін 100 орынды жатақхананың құрылысын бастау көзделуде.

«Денсаулық сақтау» 5-функционалдық топ бойынша ағымдағы шығындарға қосымша 1,1 млрд.теңге бөлу жоспарлануда. Бұл қаржы коронавируспен күреске тартылған медицина қызметкерлерінің тамақтануына және тұруына, денсаулық сақтау нысандарын газбен жылытуға қосуға, «Жедел жәрдем» көліктері үшін бейнебақылау жүйелерін сатып алу және лизингке сатып алынған автокөліктерге сервистік қызмет көрсетуге, Кеген ауданы Алғабас ауылындағы дәрігерлік амбулаториясын күрделі жөндеу жұмысына, №1 қалалық емханасына жылжымалы флюоромобиль сатып алуға, жеделсатыларды ауыстыруға, денсаулық сақтау нысандарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына жұмсалмақ.

Осы функционалдық топтың даму бюджетінің шығындары 225,1 млн.теңгені құрады. Бұл қаражат Талдықорған қаласының Еркін ауылында 100 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысын, «Талдықорған қаласындағы 300 төсектік көпбейінді аурухана» жанындағы патологоанатомиялық бөлімше құрылысын және Жамбыл, Қарасай аудандарында 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория құрылысын аяқтауға бағытталмақ.

Әлеуметтік көмектің ағымдағы шығындарына қосымша 883,6 млн.теңге бөлу жоспарлануда. Бұл қаржы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО-ның орден және медальдарымен марапатталған адамдарға біржолғы көмек төлеуге, қосымша кепілдендірілген әлеуметтік пакет шығындарына, санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз етуге, психоневрологиялық аурулары бар ересектер мен мүгедек балаларға арналған жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге, белсенді ұзақ өмір сүру және «Тең қоғам» орталықтарын ашуға жұмсалмақ.
Осы функционалдық топтың даму бюджетінің шығындары негізінде 2020 жылғы Жұмыспен қамту Жол картасы шеңберінде Талғар қаласының «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жапсаржай құрылысын аяқтауға 183,3 млн.теңге бағытталған.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашы- лығы бойынша ағымдағы шығыстарға 2,6 млрд.теңге қарастырылуда. Ол елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру және көгалдандыруға, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды жүзеге асыруға, Талғар ауданының трансформаторлық қосалқы стансыларын және электр беру желілерін ағымдағы жөндеуге, көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры мен қасбеттерін жөндеуге, басқа да мақсаттарға бағытталмақ.

Мәдениет саласының ағымдағы шығындарына қосымша 883,5 млн.теңге бөлу жоспарлануда. Ол қаражатты Ж.Жабаевтың 175 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар өткізуге, «Жасөспірімдерге арналған үйірмелер үшін мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыруға, Ескелді ауданы Бақтыбай ауылдық Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтауға, мәдениет нысандарын ағымдағы жөндеуге, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін мәдениет нысандарын бейімдеуге, материалдықтехникалық базасын нығайтуға, мәдениет мекемелеріне ғимарат сатып алуға, басқа да шығындарға жұмсау көзделуде.
Дене шынықтыру және спорт саласы бойынша ағымдағы шығындарға 1,1 млрд.теңге қарастырылған. Бұл қаржы бұқаралық спортты дамыту және балаларды қамту үшін балалар-жасөспірімдер спорт мектебін ашуға, жеңіл атлетиканы дамыту үшін спорттық құрал-жабдық сатып алуға, спорттық іс-шараларды өткізуге, «Еңбекшіқазақ ауданы №2 БЖСМ» КММ жеңіл автомашинасын сатып алуға, балалар санының ұлғаюына байланысты Талдықорған қаласының олимпиадалық резерв колледжі мамандандырылған мектеп-интернатынан қосымша топтарды ашуға 6 штат бірлігін енгізуге жұмсалмақ. Сонымен қатар, Талдықорған қаласындағы жабық жүзу бассейніне инженерлік желілерінің және Райымбек ауданының Нарынқол ауылындағы дене шынықтырусауықтыру кешенінің, Райымбек ауданындағы мұрағат ғимаратының құрылысын аяқтауға да қаражат бөлінбек.

Көлік және коммуникация саласы бойынша қала, ауылішілік және облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге, Қапшағай және Текелі қалаларында көпбалалы аналарды қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен, тегін жол жүру үшін әлеуметтік қолдауға да қаржы қарастырылған.

Сессия барысында келесі кезекте «Алматы облысы, Қарасай ауданы, Райымбек ауылдық округінің жерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы және пайдалану» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» 2019 жылғы 16 шілдедегі №49-249 шешіміне өзгеріс енгізу, «Қарасай ауданының Қырғауылды ауылындағы мектепке дейінгі білім беру қызметін көрсету үшін жекеменшік нысан – балабақшаны жөндеу және пайдалану» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» 2018 жылғы 7 қарашадағы №36-194 шешіміне өзгеріс енгізу, «2018 жылға мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» 2018 жылғы 18 сәуір- дегі №30-161 шешіміне өзгеріс енгізу, «Талдықорған қаласындағы жабық жүзу бассейн құрылысы және пайдалануы» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» 2019 жылғы 25 ақпандағы №43-226 шешіміне өзгеріс енгізу мәселелері қаралды. Сонымен қатар, облыс бойынша тексеру комис- сиясының Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңымен айқындал- ған қызметтер мен міндеттерді жүзеге асыруы, 2019-2021 жылдар аралығында атқарған қызметі және құзыретті органдар тарапынан айқындалған кемшіліктерді жою туралы Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Мейрам Мұсаевтың есебі тыңдалды.

Мейрам Мирзанұлының сөзіне жүгінсек, 2019-2020 жылдары жалпы мемлекеттік аудитпен 776 239,7 млн.теңге бюджет қаражаттары мен мемлекет активтері қамтылып, 25 988,3 млн.теңге Қазақстан Республикасының бюджеттік және өзге де заңдарының бұзушылықтары және 649 рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар анықталған. Мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдамалық іс-шаралардың қорытындылары бойынша мемлекеттік аудит нысандарына 376 тапсырма мен ұсынымдар жолданған. Аудиторлық ісшаралардың нәтижелері бойынша 120 материал процессуалдық шешім қабылдау мақсатында құқық қорғау органдарына берілген. Есепті кезеңде жалпы саны 156 лауазымды тұлғаға 11,3 млн.теңге әкімшілік айыппұл салынып, мемлекеттік аудит объектілерінің 259 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Аудиторлық іс-шара бойынша анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 4 759,1 млн.теңгені құраған.

Соңғы мәселе бойынша облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттіктер мен этика мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Асқар Сүлейменов те қосымша баяндап өтті.

Сессияның күн тәртібіне енгізілген мәселелер толығымен қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Пікірлер
Редакция таңдауы