Дәмхана, базар, қонақ үй: Экс-министр отбасының байлығын тізіп берді

3411
Adyrna.kz Telegram

Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі, ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы меншігіндегі дүниелерге қатысты айтылып жүрген әңгімелерге жауап берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы skifnews сайтына сілтеме жасап.

Мұхамедиұлының айтуынша, Елордадағы «Дипломат» қонақ үйі мен «Шапағат» базарында, тағы басқа орталықтарда отбасының үлесі бар.

«Жұбайымның атында The Family деген кафе бар. Мен туралы видеода айтылғандай 2000 емес, 900 шаршы метр. Өткен жылы «Қазақ энциклопедиясын» (баспа үйі) сатып алдық. Ол нақты жұбайымның атында. Екі ұлымның атында «Alem Education System» білім орталығы бар. Қазір колледжді де алдық. Халықаралық колледждің негізгі бағыты – туризм, мейрамхана ісі, аудару ісі, аспаздық. Туризм саласын өзім бірнеше жыл басқарған соң ойласам, бізде «сервис» жоқ. Сондықтан колледж бен қонақ үйді біріктіріп жатырмыз. Білім саласымен айналысатын компанияға «AiDimZhan-CO» деген ат қойдық. Ол менің үш баламның аты – Айжан, Димаш, Жандос», - деді ол Qasqa Jol Youtube-каналына берген сұхбатында.

Сондай-ақ ол «Дипломат» қонақ үйі туралы да айтты.

«Дипломаттың» 71%-ы менің енемнің атында. Оны біз 2020 жылы сатып алдық. Ал, «Bali Spa» орталығы «Дипломаттың» бір бөлігі. Декларация бар. Мен жастайымнан еңбекқормын. Астанаға көшіп келгенде 2000 жылы әйелім екеуміз «Якутские бриллианты» деген дүкен ашқанбыз. Себебі оның үлкен ағасы Якутияда тұратын. Intercontinental қонақ үйінің ішінен орын жалға алып, іс бастадық. Әрі қарай тағы түрлі ұсыныстар болды. Сосын газ компаниясымен айналыстық (Тауекел-Т ЖШС). Қазір басқа дүниелер алу үшін ол компаниядан шықтық. Егер осының бәрін жасыратын болсам дүниемді оффшорға тығар едім ғой», - деді ол.

Экс-министр «Шапағат» базары жайындағы әңгіменің рас екенін де айтып өтті.

«Елордадағы «Шапағат» базарын тұңғыш қызым Айжан Мұхамедиге ұсыныс болған соң, жақын араласып жүрген азаматтармен бірге алдық. 45%-ы Айжанға тиесілі. Бизнес түрінде емес, достық қарым-қатынас болсын деген ырыммен алынған дүние ғой. Барлығы былтыр алынған. Министр болып жүргенде алсақ «бұл қалай» деуге болар еді. Айжан қызымды биыл тұрмысқа беріп жатырмыз, қуаныш болып жатыр. «Шапағат» та сыйлықтың бірі», - деп айтты ол.

Айта кететін жайт, жақында ол туралы тараған видеода көрсетілген Көктөбедегі сарай мен ипподром оның отбасына тиесілі емес.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер