Алматы облысында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай байқаулар өтті

2664
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында рухани құндылықтарды насихаттау, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, әдебиеттің дамуына ықпал етіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында Алматы облысы әкімінің «Ақ қауырсын» жүлдесі үшін «Тіл — ғұмыр» атты аудандық байқау жариялаған болатын. Байқауда поэзиялық бағыт бойынша «Тіл және Тәуелсіздік» тақырыбына бір өлең, еркін тақырыптағы бір өлең қамтылатын болса, прозалық бағытта «Тіл – тәуелсіздік тірегі» тақырыбына арналған шығарманы ұсыну міндеттелген.

Жиырма алтыншы наурыздан басталған аталмыш байқауға 20-45 жас аралығындағы қалам тербеп жүрген дарын иелері бұрын соңды еш жерде жарияланбаған шығармаларын электронды пошта арқылы жолдап, өзі жайында қысқа мәліметтер жіберуі тиіс болатын. Бір ай уақыт ішінде келіп түскен сегіз үміткердің шығармасы қаламгерлерден құрылған қазылар алқасымен сарапталып, үздік деп танылған үш адамның шығармасы облыстық байқауға жолданды. Атап айтар болсақ, Поэзия бағыты бойынша бас жүлдеге ақын Мақсат Ережеп лайықты деп танылса, бірінші орын Нұрсұлтан Бейсенбекке, екінші орын ақын Бағдат Сәрсенбайға, үшінші орын Ержан Салтақов пен Сайида Тілеулиеваға бұйырды. Ал проза бағыты бойынша Гүлнәр Мұратқызының тіл туралы шығармасы үздік деп танылды. Ал екінші орынды Ұлжан Садықова, үшінші орынды Жанбота Сұлтанмұратқызы иеленді.

Қазылар алқасы шығармаларды бағалауда көркемдік деңгейінің жоғары болуына, идея ерекшелігіне, әдеби-көркем құндылығына, баяндау реттілігі мен мағыналығына, жанрға сәйкестігіне, эстетикалық әсер теңдігіне, грамматикалық және стилистикалық қателіктердің болмауына, тақырыптың жан-жақты ашылуына баса назар аударды.

Сонымен қатар Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен мемлекетіміздегі тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, М.Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойын кеңінен насихаттау, өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, жастарды әдеби шеберлікке баулу, жас талантты ақындарды тану мақсатында «Поэзия менімен егіз бе едің?» атты аудандық онлайн байқауы 30 наурыздан бастап жарияланған болатын. Аталмыш байқауға ауданымыздың әр өңірінен 37 үміткер қатысып, 3 кезең бойынша бақ сынады. 15-29 жас аралығындағы үміткерлерден іріктелген байқау өз мәресіне жетіп әділқазылардың бағалауымен жеңімпаздар анықталды. «Болашақ, сен тұрсаң, мен өлмеспін!» деп аталатын бірінші кезеңде үміткерлер өз шығармашылығынан ақынға арналған өлеңдерін оқыса, «…Ал екінші бақытым – тілім менің» деп аталатын екінші кезеңде тіл тақырыбына арналған кез-келген ақынның бір өлеңін оқу міндеттелген. «Күнделік жаз, жарқыным!» деп аталатын үшінші кезеңде ақынның күнделігінен сыр шерту, ақын бейнесі арқылы көркемсөз оқу шеберлігін танытулары тиіс болған.

Үш кезең түгелдей қамтылып түсірілген үміткерлердің бейнежазбалары әлеуметтік желідегі парақшаларға жарияланған. Барлық үміткерлердің өнерімен таныс болған әділқазы мүшелері олардың еңбектерін жан-жақты бағалап, ең үздік деген қатысушыларды іріктеді. Бағалау барысында әр тапсырмаға екі минут уақыт берілген болса сол регламенттің сақталу тәртібі мен бейнежазбалардың сапалары ескерілді. Поэзияны оқу шеберліктеріне, жеткізе білу қабілеттеріне аса мән берді. Кейбір үміткерлердің байқау шартын дұрыс түсінбегендері, тапсырмаларды немқұрайлы орындағандары, кейбір бейнежазбалар өте төмен сапамен түсірілгендігі айшықталып тұрды. Десе де өзгелерден озық шығып, өнерімен тәнті еткен үміткерлер өз бағаларына лайық деп танылды.

Атап айтар болсақ, бас жүлдеге Гүлнәр Керей, бірінші орынға Еламан Қызайбек пен Думан Дүйсенбі, екінші орынға Мейіржан Маратов пен Медет Дәулетжан, үшінші орынға Қарақат Кәжек, Айдана Қалибаева, Айгерім Жетпісбаева сынды үміткерлер лайық деп танылды. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталды. Байқауға қатысқан басқа қатысушыларға да «Алғыс хаттар» табысталды.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»

 

Пікірлер