Жетісуда жол белгілерін бүлдіру тыйылар емес

2473
Adyrna.kz Telegram

Жуырда ел Президенті Қ.Тоқаев еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайына қатысты азаматтардың айтып жүрген сынына қатысты пікір білдірді.

"Сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет етеді және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр. Үкіметке, әкімдер мен құқық қорғау органдарына жағдайды реттеу үшін жүйелі шаралар қабылдап, оның есебін беруді тапсырамын», - деген болатын Президент.

Мемлекет басшысының бұл сөзіне орайда жолдың сапасын бақылауды үздіксіз жүргізіп отырған «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалының директоры Жасұлан Керімқұлов филиал жанынан құрылған «Жолсапа» қоғамдық бақылау кеңесінің кезекті отырысын өткізді.

Карантиндік жағдайға байланысты отырысқа Алматы қаласының маңындағы аудандардан ғана қоғамдық белсенділер қатысты. Қарасай аудандық мәслихат депутаттары – Бекжан Сунбеков, Айжан Балажанова, Жамбыл аудандық мәслихат депутаты Айдын Жүнісов және «Атамекен» газетінің журналисі Елдар Жақыпбеков, тағы бірқатар ардагер журналистер филиалдың атқарып жатқан жұмысымен танысты.
Бүгінгі таңдағы жолдардың сапасы мен өзекті мәселелер төңірегінде филиал басшысы Жасұлан Махамбетұлы тілге тиек етіп, жол сапасына үлкен нұқсан келтіретін ауыр жүк көліктерінің қозғалысына тоқталды. Сондай-ақ, қоғамдағы кейбір бұзақылардың өрескел әрекеттерінің салдарынан жол белгілері жарамсыз болып немесе мүлде жоғалып кететініне бірнеше мысал келтірді.

Атап айтқанда, ауыл маңындағы жол белгілерін түбімен қопарып, ұрлап алып, үйіне құрылыс материалдарына пайдаланған тұрғындар анықталған. Сондай-ақ, кейбір адамдардың жол белгілерін майыстырып, сындырып, құлатып кеткен жайлар да кездеседі. Міне, осы сияқты толып жатқан кемшіліктердің алдын алу шараларына қоғам белсенділерін, халық қалаулыларын және бұқаралық ақпарат құралдарын атсалысуға шақырды.

Отырыс барысында депутаттар өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Жиын соңында жиналғандар қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге ғимарат ішін аралап, зертхана жұмыстарымен танысты. Жиынға қатысушылар жылжымалы зертхана автокөлігінің жолды тексеру барысындағы атқаратын маңызды іс-әрекетінен нақты мағлұмат алды.

Пікірлер