Ұйғыр ауданында қазақтың үш ұлы тұлғасына көше атауы берілді

3463
Adyrna.kz Telegram

Ұйғыр ауданында Шонжы ауылының орталық көшелеріне тарихи тұлғалардың есімдерін беруге байланысты салтанатты шара өтті.

Атап айтқанда, Шонжы ауылының орталық көшелеріне әл-Фарабидің, Абайдың, Кентал Исламовтың және Мұқағали Мақатаевтың есімдерін беру шарасы ұйымдастырылды. Аталған  шараға Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахунов, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Болат Керімбек, аудандық мәслихат хатшасы Есжан Нұрәкім, облыстың Құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қалабай Мереимов, аудан депутаттары мен зиялы қауым қатысты.

Ағымдағы жылы Ұйғыр ауданында ономастика саласында біршама жұмыс атқарылып, аудан орталығы Шонжы ауылындағы көшелер мен мектеп, кітапхана секілді нысан атаулары тарихи тұлғалардың есімдерімен толықты.

Шонжы ауылына қарасты көшелерге атау беру және оларды қайта атау мәселесі 2020 жылы қолға алынған болатын. Бұл бастама еліміздегі елеулі оқиғалар әл-Фараби бабамыздың 1150, ұлы Абайдың 175, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді.

Жергілікті қоғамдастық жиналысының дауыс беру қорытындысы негізінде аудандағы көшелерді қайта атау жөніндегі ұсыныс облыстық ономастика комиссиясының 2021 жылғы 1 сәуірдегі кезекті отырысында қаралып, оң қорытындыға ие болды. Нәтижесінде, Шонжы ауылына қарасты бірнеше көшелер – Әл-Фараби, Абай, Кентал Исламов, Мұқағали Мақатаев көшелері болып қайта аталды.

Айта кетейік, биылғы ҚР Үкіметінің (№66) Қаулысына сәйкес, Ұйғыр аудандық кітапханасына әл-Фарабидің, №4 Шонжы орта мектебіне Абайдың есімдері берілген.

Пікірлер