Қыздарды алып қашуға дайындау керек!

2779

«Ғылым мен технологиялар қарыштап дамыған 21 ғасырда өмір сүріп отырмыз, ата-бабаларымыздың қолдары жетпеген игіліктерді көріп отырмыз» деп қанша жерден мақтансақ та, өкінішке қарай өткен замандардың елестерінен әлі күнге арыла алмай келеміз. Солардың бірі — қыз алып қашу. Иә, дәстүрдің озығы да бар, тозығы да бар демекші, ата-бабамыздан қалған салт деп қанша ақтап алғымыз келсе де, қыз алып қашу барып тұрған нағыз сорақылық. Ауыр қылмыс һәм жабайылықтың айқын көрінісі.

БҰҰ-ның мәліметтер бойынша, әлемдегі әрбір бесінші қыз алып қашудың құрбаны болады екен. Бұл әсіресе артта қалған Африканың кедей елдері мен ислам діні үстемдік құрған елдерде көп кездеседі. Орталық Азияда қыз алып қашу жағынан Қырғызстан алда тұр.

Өкінішке қарай, мұндай алып қашулардың арты жақсылықпен бітпейді. Бір ғана мысал: мына суретте бейнеленген Бурулай Тұрдалиева есімді қырғыз қызы. Ол 2018 жылы 19 жасында полиция бөлімшесінде кісі қолынан қаза тапты. Оны 30 жастағы ер азамат алып қашып, қалыңдық етпек болады. Алайда полиция қызды алып қашқан сәтте, оларды қала ішінде қолға түсіреді. Сөйтіп Бурулайды, оны алып қашқан жігітті және жігіттің досы болған көлік жүргізушісін бөлімшеге алып келеді. Сол сәтте жігіт полицияның басқа бөлмеге шыққан сәтін пайдаланып, есікті тарс жауып, полиция бөлімшесінің ішінде қызды пышақтап тастайды. Пышақты қайдан алған? Полиция тексермеген ба? Ол жағы үлкен сұрақ. Қыз ауруханаға жеткізілгенше көз жұмады. Ал қылмыскер 20 жылға, оның досы 7 жылға сотталады. Бұл оқиға қырғыз қоғамын дүр сілкіндірген болатын. Шетелдік БАҚ жарыса жазды. Кейіннен қыз оқыған оқу орнында мынандай мурал пайда болыпты. Қаршадай қыздың обалы кімге...?
Арада 3 жыл өткенде осындай оқиға тағы да қайталанды. 2021 жылы 5 сәуірде Бішкекте белгісіз біреулер 1994 жылғы Айзада Қанатбекова есімді 27 жастағы бойжеткенді көлікке отырғызып, алып қашқан. Екі күннен соң Шу облысында айдаладағы көліктен оның денесі табылды. Көлік салонынан тағы Замирбек Тенизбаев есімді жігіттің денесі де табылды. Алдын ала болжам бойынша, жігіт қызды тұншықтырып, кейінірек өзіне қол салған. Бұл оқиға БҰҰ деңгейіне дейін жетті. Осыдан соң халық көшеге шығып "Ішкі істер министрінің отставкаға кетуін талап етті". Алайда бұл бір министрдің отставкасымен шешілетін мәселе ме?

Бұл тек қырғыздарды проблемасы деп мәселені жылы жауып қоя салуға болмайды. Өкінішке қарай, біздің қоғам да мұндай жабайылықтан ада емес. Қыз алып қашу әсіресе оңтүстік өңірлерде жиі кездесетін жайт. Оңтүстіктегі 4 облыста бүкіл Қазақстан халқының 58% тұратынын ескерсек бұл дабыл қағатын жағдай.
Ашығын айтқанда, біз де жабайылықтың әріжақ-беріжағында жүрміз. Қызды өз келісіммен алып қашса әңгіме басқаша болар еді, алайда алып қашулардың 80-90 пайызы қыздың келісімінсіз орын алады.

Қайбір жылдары, тіпті, біреулердің некелі келіншектерін, ол аз десеңіз қыз деп қателесіп жігітті де алып қашқан сорақы оқиғаларды да естіп жүрдік. Иә, мойындағымыз келмесе де қоғамның ащы шындығы осы.

Алып қашу құрбаны болған қыздардың бақытты болып кеткенін көрмедім. Көпшілігі амалсыздан қалуға мәжбүр болады да, кейін дәм-тұзы жараспай ажырасып кетеді. Суицид жасайтындары да аз емес. Адам тағдыры ойыншыққа айналды деген осы.

Ешкім де ештеңеден сақтандырылмаған. Кез келген қызды, кез келген уақытта, кез келген адам алып қашып кетуі мүмкін. Мұнымен күресудің ең тиімді жолы — қыздардың өздерін алып қашқан жағдайда қалай әрекет етуге дайындау. Сын сағатта қажет болатын лайфхактарды үйретіп, қыздарды қалып қоймай қайтып келетіндей етіп психологиялық жағынан арнайы дайындау жұмыстарын қолға алу керек. Қыздардың 90-95 пайызы алып қашуға психологиялық жағынан дайын емес. Мұндай жағдайда көз жасы ештеңеге де көмектеспейді. Абдырап қалған қыздар паника жағдайында қысымға шыдамай, дұрыс шешім қабылдай алмайды да, осылайша өз тағдырларын құртып алады.

Алып қашып келген олжа қызды қалайда алып қалу үшін үлкендер жағы да бар күшін салады. Мұндай жағдайда арнайы тренингтен өтпеген, рухы әлсіз қыздардың психологиясы оңай сыр беретіні бесенден белгілі жағдай.

Есіктің алдына барып жатып алған кемпірден, жайылған орамалдан аттап кетсе бақытсыз болып қалады деген де бос сөз, өтірік әңгіме. Менің бір танысым бар. Ұмытпасам 7-8 рет жігіттер алып қашып, ешбіреуінде де қалмай қайтып келген. Талай рет босағада домалап жатқан кемпірден де, табалдырыққа қойған нан мен жайылған орамалдан да аттап өтіп кетіп қалған. Ештеңе де болған жоқ. Ақыр соңында оқуын бітіріп, өзі қалаған жігітке ұзатылды. Тұрмыс құрғанына да біраз уақыт болды. Бақытты өмір сүріп жатыр...

Қысқасы, әрбір қыз алып қашуға психологиялық тұрғыдан дайын болуы керек. Бұл үшін арнайы тренингтер ұйымдастырылуы керек деп ойлаймын. Елімізде қазір психолог мамандар көп. Солардың құлағына алтын сырға! Ескі заманнан қалған жабайылықпен тек осылай ғана күресе аламыз!

Оралбек ӨТЕҒҰЛОВ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы