Дейл Карнегидің «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері»

15684
Adyrna.kz Telegram

Бүгін "Мазмұндама" айдарында Дейл Карнегидің «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері» атты кітабына шолу жасалмақ.  The New York Times газетінің бестселлер тобын қатарынан 10 жыл бастап тұрған еңбек. Бұл көрсеткіш әлі күнге дейін рекорд саналады. Әлемнің талай тіліне аударылып, 15 миллионнан аса таралыммен сатылған. Сонымен, "Мазмұндамада" Карнегидің кітабындағы бес маңызды ойға тоқталамыз.

Сонымен, бірінші ой – Сынамаңыз, кінәламаңыз, дауласпаңыз. «Сынасаңыз, - дейді Карнеги, - адамдар сыннан сабақ алмайды, керісінше өздерін ақтап алуға тырысып, дұрыс болсын, бұрын болсын, өз ойларына бекіне түседі, небір себеп табады. Сізден сырт айналып қашады. Қауіпті адамға айналасыз. Қарым-қатынасыңызды текке бұзып  аласыз.

Шынтуайтында, сіз оны жаман болсын деп сынап тұрған жоқсыз ғой. Түзеу үшін, өзгерсін деп сынайсыз. Алайда Карнеги «адамды сын арқылы түзеу еш мүмкін емес», - дейді.

Неге олай? Себебі көбіміз сынды кінәлау деп түсінеміз. Кінәлап, үкім шығаратын біз сот емеспіз. Құдайдың өзі адамды, кінәсі болса, өмірден өткен соң ғана тергемей ме? «Сіз сонда тірі адамды сынап, кінә артатындай Құдайдан артықсыз ба?» деп тікесінен сұрақ қояды автор.

Сынау мен кінәлаудың арты дауға ұласады. «Ал дауды жеңудің жалғыз жолы – дауласпау. Яғни егер сіз жеңгіңіз келсе, дауға араласпаңыз », - деп ақыл айтады автор.

       Екінші ой – Кісінің қадірін біліңіз. Араласып жүрген адамдардың өзіңізді қолдағанын қалайсыз ғой. Өзіңізді бағалағанын қош көресіз бе? Ендеше басқалардан біз не қаласақ, оларға да керегі сол. Себебі адами болмыстың негізі – елге сыйлы, төңірекке қадірлі адам  болсам деген ниет.

Кісі қадірін білу үшін не істеуге болады?

Алдымен, кісіге көңіл бөліңіз, мұқият тыңдаңыз, құлақ асыңыз. Карнеги өзгелерге қызықты адам болу үшін алдымен оларға өзіңіз қызығушылық танытуыңыз керек дегенді айтады. Тіпті телефон арқылы амандассаңыз да, «сәлем» деген сөздің өзінен ықылас білдіріп, қызығушылық танытқаныңыз сезіліп тұрсын.

Сосын, адамдармен сөйлескен кезде өз мүддеңізді көздей  бермеңіз, оның мүддесі тұрғысынан сөйлесіңіз. Ал егер жұрт маған жоламасын десеңіз, тек өзіңіз жайлы айта беріңіз.

«Сіз балық аулағанда қармақтың ұшына өзіңіз жақсы көретін құлпынайды емес, балықтың сүйікті азығы – жауынқұртын ілесіз. Олай болса, адамдармен араласқан кезде неге өзіңіз туралы, өз қажеттілігіңіз бен қалауыңыз туралы әңгіме қозғай бересіз?» дейді Карнеги.

Теодор Рузвельттің қонағы болған әр адам оның жан-жақты біліміне қайран қалады екен. Сөйтсе, Рузвельт қонағымен кездесер алдында түні бойы отырып, оны ерекше қызықтыратын тақырыптар туралы оқиды екен.

Үшінші ой – Жүзіңізден күлкі кетпесін. Карнегидің ойынша, бір көргеннен жақсы әсер қалдырудың ең оңай жолы – күлімсіреп жүру екен. Себебі сіздің сөзіңіз емес, жымиған жылы жүзіңіз сөйлеп тұрады. Автор шынайы болуды ұмытпауды ескертеді. Жасанды жымиыс мүлде кері әсер қалдырады.

Шынайы күлу үшін шынайы бақытты болу керек. Бақытты болудың жалғыз жолы – өз ойыңды бақылай білу. Бақыт сырттан келмейтін, іштен шығатын сезім. Яғни сіздің бақытты болуыңыз  сіздің кім екендігіңізге, қай жерде отырғандығыңызға немесе қолыңызда не бар, не жоқ екендігіне байланысты емес. Бақытты болу да, болмау да ойдан. Шекспир айтқандай: «Жақсы да жоқ, жаман да жоқ, оларды жарататын – ой ғана бар».

Күлімсіреп жүру қиын емес, ал оның әсері қандай керемет десеңізші! Жымиған адам ештеңе жоғалтпайды.

       Төртінші ой – "Ұлық болсаң, кішік бол". Карнеги «Егер дұшпаным көбейсін десең, достарыңнан асып түс; ал егер достарым көбейсін десең, оларға өзіңнен озуға мүмкіндік бер» деген мақалды мысалға келтіреді. Кейбір жағдайда Жолдастарыңыздың өзіңізден артық болуына мүмкіндік беріңіз. Сонда олар өздерінің маңыздылығын сезінеді.

Осыдан жиырма бес ғасыр бұрын қытай данышпаны Лао-цзы: «Таудағы жүздеген бұлақтардың өзендер мен теңіздерге бас ұратын себебі – өзендер мен теңіздер олардан төменде жатыр. Олар сонысымен-ақ таудағы барлық бұлақтарға билігін жүргізеді» дейді. Бұл қазақтың «Ұлық болсаң, кішік бол!» деген ұлағатына келеді.

       Бесінші ереже – адамды жақсартыңыз. «Егер қателігін айтпасақ, сынамасақ, күлімсіреп тыңдап отыра берсек, қалай жақсартуға болады?» деп отырған боларсыз. Карнегидің бұл кітабы негізінен адамдарды өзгеріске бастаудың кілті. Адамдарды жауласпай-ақ, дауласпай-ақ, ешкімнің көңіліне тимей-ақ, керісінше достық пейілмен жақсылыққа қарай бұруға болады.

Егер бір адамның қателігін байқасаңыз, оны кінәлауға асықпаңыз. Кінәлап, сынамай, адамдарды түсінуге тырысыңыз. Олардың іс-әрекетіне не түрткі болғанын анықтауға талпыныңыз.

Біреудің қатесін түзетпес бұрын ол адамды мақтап, алғыс білдіріңіз. «Мәселен, шаштараз сақал алардан бұрын бетке көбік жағады, тіс дәрігері емдер алдында новокаин егеді. Егер емделушінің тісін жөндеу керек болса, новокаин салғаннан кейін ауырмайды», – дейді автор. Сынамас бұрын оны мақтап, оның еңбегінің ерен екенін айтып, әспеттеңіз. Оң баға алған адамға теріс пікірді қорыту жеңілдеу болады. Сізді жау санамайды, тілектес санайды.

Сонымен бірге, егер біреуді түзегіміз келсе, сөзді өзіміздің кемшілігімізден, яғни өзіміздің де мінсіз емес екендігімізден бастағанымыз жөн.

Егер ол адам айтқаныңызды істесін десеңіз, бұйрық бермей, сұрақ қойыңыз. Бұйрыққа бағынғанды  ешкім де жақсы көрмейді. «Бұлай істеме!» деп тіке бұйырудың орнына: «Осы ойыңыздан бір нәрсе шығатынына сенесіз бе?» – деп сұраңыз.

Осыдан үш жүз жыл бұрын Галилейдің өзі: «Сіз адамды ештеңеге үйрете алмайсыз, тек қана жауапты өздігінен іздеп табуына көмектесуіңіз мүмкін» деген екен. Яғни сұрақ қойсаңыз ғана адам сіз күтпеген жақсы шешімге келіп, сол шешімнің иесіне айналады. Сөйтеді де, өз ойын іске асыру үшін барын салады. Идеяңызды біреуге тықпалағанша, сол идеяны өзгелер үшін дән етіп егіңіз, аузына сөз салыңыз.

Карнеги болмашы жетістікке жетсе де адамды мақтап отыруды жөн санайды. Мысалы, балаларымызды сынап-мінеп түзетпек болсақ, қарсыласады. Ал көтермелеп отырсақ, сөзімізге сай болуға тырысады. Туған балаңыз солай істесе, жат адамды сөгіп өзгерте алмайсыз.

      Тіпті кісінің бойында сіз қалаған қасиет болмаса да, сол қасиеттің бар екеніне өзінің көзін жеткізіңіз. Шекспир: «Егер адамгершілік жоқ болса, оны бар сияқты қылып көрсетіңіз» деген екен. Сонда ол соған лайықты болуға тырысады.

     Міне, осы 5 ойды санаға бекітіп, өзіңізді һәм өзгелерді жақсылыққа жетелеңіз. Кітап оқитын досыңыз көп болсын!

Идея авторы - Шыңғыс Мұқан;

Продюсері - Абылайхан Жәнібекұлы;

Жүргізушісі - Дәурен Дариябек.

 

Сілтеме "Абай" телеарнасынан алынды 

Пікірлер