Шораның шәкірті

2496
Adyrna.kz Telegram
(Немесе бір суреттің сыры)
Жақында қаптаған ақжем-көкжем қағаздарымның арасынан бір ескілеу суретті тауып алдым. Тағдырдың ауыр салмағына төтеп бере алмай, морт сынған талантты фототілші Жүсіп Ерғалиевтің түсірген дүниесі. Қайда барам десең де, ілесіп шауып жүре беретін ақкөңіл жігіт еді. Ол адамды жай суретке тартып қана қоймайтын. Ойлы образ жасауға талпынатын. Қас-қағым сәтті ұстап қалған жалғыз-ақ кадры тұтас шығарманың міндетін арқалап тұратын кейде. Міне, сол Жүсіптің тағы бір еңбегі. Құдай біледі, бұл сурет осы суретте бейнеленген мына кісінің өзінде де жоқ-ау шамасы...
May be an image of 1 адам
Бұл суретте жап-жас, мақсатына берік, өзіне сенімді жас жігіт айналасын жайлап қана көзінің қиығымен барлап тұр. Екі көзі күлімдеп, тіршілігіне разы адамның кейпін танытады. Өмірге ептілігі, адами қарым-қатынасқа бейімдігі, үлкеннің де, кішінің де тілін тауып, еркін сөйлесе білетін қабілеті бар екенін бірден аңғарасың. Өйткені оның өзі емес, көзі сөйлеп тұр. Соған қарап, болашағын да бағамдағандайсың...
Жә, жұмбақтай бермей, ілгеріден бастайық. «Жас алашта» жұмыс істейтін кезіміз еді. Бір күні Шет тілдері институтында «Тұлпар» деп аталатын әдеби жастар клубы құрылғанын естідік. Ара тұра өлең өретін, әңгіме жазатын қыз-жігіттердің басын қосып, арнайы кеш өткізіп тұратын көрінеді. Бұл біздің басылымның тақырыбы екеніне дау жоқ-ты. Бірлестіктің аты да қызық. Әдетте, студенттердің ұйымы болған соң «Жас тұлпар» деп аталар еді. Ал мынау бағытын іздеген бала тұлпар емес, ауыздықпен алысқан асау тұлпардың нақ өзі...
Барып көрдік. «Тұлпардың» жетекшісі өзіміз қатарлы жігіт екен. Өзі жұқалтаң. Бойы сырықтай. Көзі күлімдеп тұр. Әжептеуір қою мұрты бар. Жүзіктің көзінен өткендей пысық. Айтайын деген сөзіңді көмейіңнен шығып келе жатқанда-ақ аңғарып қояды. «Әй, тегін бала болмадың-ау» дедім ішімнен. Бәсе, талантты қыз-жігіттердің отауына айналған «Тұлпарды» тізгіндеп жүрген жігіт осал болушы ма еді?!
Бірлестік басшысы «Тұлпарды» сол тізгіндегеннен мол тізгіндеді. Шет тілдері институтын үздік бітірді. Омбы қазақтарының тілін зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады. Сөзжасамның табиғатына үңіліп, докторлық еңбегіне арқау етті. Жоғары оқу орнының кафедра меңгерушісі, проректоры болды. Басқа жұрт әзер қол жеткізетін профессор атағын ғылым кандидаты кезінде-ақ иеленді. Ұлттық Ғылым академиясының алдымен корреспондент-мүшесі, кейін толық мүшесі болып сайланды. Елге белгілі тағы бір ғылым ордасы – Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті болып бекітілді.
May be an image of 1 адам және suit
Ғылымдағы биіктеріне қазақтың танымал ғалымы Шора Сарыбаевтың жетекшілігімен қол жеткізді. Ұстазына деген қадір-құрметі жағынан Кәрімбек тұстастарының біразына үлгі көрсетті. Ол – академик Әбдуәли Қайдардың сөзімен айтсақ, Шөкеңнің бір баласындай болып кеткен шәкірті. Ұстаз бен шәкірт десең де, әке мен бала десең де, аға мен іні десең де жарасатын сыйласымды қарым-қатынас Шора ағамыз өмірден өткенше толастаған жоқ. Академик Сарыбаев дүние салғаннан кейін шәкірті оның ардақты есімін ұлықтап, есте қалдыру шараларын ұйымдастырудан жалыққан емес.
* * *
Бүгін – академик Шора Сарыбаевтың шәкірті, белгілі тілші-ғалым Кәрімбек Құрманәлиевтің туған күні. Туған күнің құтты болсын, тұлпарың сүрінбесін, Кәрімбек! Отыз бес жылдан кейін көріп тұрған мына суретіңе жақсылап бір көз салып қойшы...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер