Әскери қайраткер Ким Серікбайұлы дүниеден өтті

4908
Adyrna.kz Telegram

Әскери қайраткер, полковник, әскери ғылымдардың  кандидаты — Ким Серікбайұлы Серікбаев  87 жасында өмірден өтті. Бұл туралы Марат Жүніс-Бек Facebook парақшасында мәілім етті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Марат Жүніс-Бек жазбасында:

"Кешегі Кеңестің тұсында шен тағып, шекпен киген қазақ баласының аз болғаны көпке мәлім. Біз білетін полковник Ким Серікбайұлы Серікбаев сол аз ғана шоғырдың ішінде шоқтығы биік тұлғаның бірі бола білді. Оны менен артық білесіздер...
Тұрмыс-тіршілігінде және ғұмырлық қызметінде тон Раисадай асыл апамыздың сүйікті жары, балаларының қамқор әкесі, немерелерінің ақылгөй атасы, тәуелсіз Қазақ әскерінің негізін қалаушылардың бірі, қазақ Әскери ғылымының тарланы, маңдайымызға біткен тұңғыш әскери ғалым, көптеген кітаптардың және ғылыми жұмыстардың авторы, Бауыржантанушы, қара сөзден қамшы өрген сөз зергері, танымал генералдар мен полковниктерді тәрбиелеп шығарған ұстаз, нағыз істің адамы, данагөй білім иесі, батагөй ақсақал болып еді...
Осындай асыл азамат бүгін өмірден өтіпті... Жақсылықтың жанашыры еді ғой... Асқан беделіне асқақтамаған жан еді ғой...
Тұрпаты бөлек Сіздей тарлан тұлғамен, білімдар жанмен таныс болғанымды, араласқанымды, әр сөзіңнен өмірлік тәлім алғанымды, дастархандас және дәмдес болғанымды, т.б. толып жатқан адами қасиеттеріңді көргенімді құрмет тұтушы едім. Кездесе қалсақ құшақ жайып сәлем беріп, телефонмен сөйлессек тік тұрып тыңдаушы едім сөзіңді. Тумасаң да, туған ағамдай батаңды беріп жүруші едің...
Қош бол, қадірлі аға!
Қош бол, жолдас полковник!" деп жазды.

Серікбаев Ким Серікбайұлы - 1934 жылдың 14 қаңтарында туған. Ақтөбе облысы,Хромтау ауданы, Көптоғай ауылының тумасы.

1952 — 56 жылдары қазіргі ҚазМУ-де, Уфа әскери училищесінде оқыған.

3-дәрежелі “КСРО Қарулы күштерінде Отанға қызмет еткені үшін” орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер