Чехиядағы жарылысты Ресейдің барлау қызметі ұйымдастырған

16688
Adyrna.kz Telegram
Чехия Ресейден «Спутник V» вакцинасын сатып алғалы отыр еді. Арадағы келісім шарт үзілді. Чехияның премьер-министрі Андрей Бабиш елінен Ресейдің 18 дипломатын шығаруға шешім жасады. Бұған себеп болған, 7 жыл бұрын Чехияның Врбетице қаласындағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылысты Ресейдің барлау қызметі ұйымдастырғаны анықталды.
Соған қатысты Чех билігі ресейлік азаматтар Александр Петров пен Руслан Боширов екеуіне халықаралық іздеу салған. Мәскеу өз азаматтарының осы іске қатысы барын біле тұрса да, ешқандай шара қолданбаған. Бүгін Чех өкіметі басшысы Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасты тоқтатуға шешім жасады.
Чех өкіметі 48 сағаттың ішінде, яғни екі тәулікте ресейлік дипломаттарға елден шығып кетуді бұйырып отыр. Чехияның оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс Ресейдің барлау қызметінің тікелей қатысуымен іске асқанын Чехияның арнайы тексеру орындары анықтағанын Андрей Бабиш мәлімдеді.
Жарылыстан екі адам қайтыс болып, маңайындағы елді мекендер эвакуацияланған. Жарылыс Чехияның Врбетице қаласындағы оқ-дәрі қоймасында осыдан 7 жыл бұрын болған.
Осы жарылыстарды жасаған ресейлік Александр Петров пен Руслан Боширов екеуіне Ұлыбританияда да Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияны улап кеткен деген айып тағылған.
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер