Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» (Видео)

5652
Adyrna.kz Telegram

Құрметті "Адырна" ұлттық порталының оқырмандары! Бұдан былай порталымызда "Мазмұндама" айдары бойынша әлемдік танымал кітаптарға шолу жасап отырмақ ойымыз бар. Әлемдік үздік оқу орындардың бірі - Гарвард университетінің түлегі, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан  "Мазмұндама" жобасын ең алғаш қолға алғанын біреу білсе, біреу білмес. Бүгінде сол атаумен журналист Дәурен Дариябек "Абай" телеарнасында арнайы бағдарлама жүргізуде.  «Mazmundama» бағдарламасының продюсері Абылайхан Жәнібекұлы. 

 Сонымен, Стивен Ковидің «7 Habits Of Highly Effective People» кітабына шолу жасаймыз. Кітаптың қазақ тілінде екі баламасы бар. Бірі - Ұлттық Аударма бюросы тәржімалаған «Жасампаз жандардың 7 дағдысы», бірі Жас кәсіпкерлер қауымдастығы аударған - «Жетістікке жеткендердің 7 дағдысы». Қайсысын оқысаңыз да төрткүл дүниені түгел мойындатқан «...7 дағдымен» таныс боласыз.

Осы кітаптағы барлық парадигманың сақылдап жұмыс істеп тұруы үшін «Араны қайраңыз» деп аталатын жетінші дағды керек. Мәселен, Сіз орманда серуендеп жүріп, жанталаса ағаш кесіп  жатқан бейтаныс адаммен кезіктіңіз делік. Өтпейтін арамен әуреге түскен адамға «Бір мезгіл тағат тауып, араңды шыңдап, қайрап ал» десеңіз, «Оған уақытымды кетірмеймін» деп көнбейді. Негізі әлгі пақырдың қоларасы өткір болса қары  талып, шаршамас еді (5 минут дамылдап өткірлеп алса, жұмысы өнімді болатыны айдан анық). Бұл мысал бізге де, сабақ болса игі. Асылында, адам баласы да денсаулығын ширықтыру үшін спортқа 30 минутын қимайды. Соның кесірінен  ерте шау тартады, шаруасы да маңдымайды. Немесе рухани кемелденіп, дами түсу үшін 15 минут кітап оқуға уақыты жетпейді. Ал әлеуметтік желіні ақтаруға, теледидарға телміруге, өсек-аяңға келгенде таңды таңға ұрамыз. Сосын қиын жағдайға тап болсақ, өмірден баз кешеміз. Денсаулығы мен жанын күтпеген адам қанша талантты, талапты болса да алдыңғы алты дағдысын кәдеге жарата алмай қор болады. Мұндайда табысты адам жетінші қасиетіне жүгінеді, олар қанжығасын майлап:

Арасын қайрап жүреді!

Бір танысым балалық шағы текке өткенін, жастық қуаты қор болғанын айтатын. Оқуға түсерде тамыр-танысы болмағаны, енді жұмыстан қағылып, жомарт қолын жоқтық байлап жүргенін айтып, шағынатын. Келесі бір танысымның да бала күнінде шекесінің шылқығаны шамалы, бірақ оқуға түсуге жанын салып дайындалған. Бәрібір түсе алмаған. Бірақ арқа сүйер ешкімі болмаса да, өзін дамытып, күндіз-түні жұмыс істеген. Соның арқасында тұрмыс-тіршілігі де жақсы. Бірінші танысым - реактивті адамдар санатына кіреді, өмірінің өкінішпен өтіп жатқанын өзгелерден көреді. Ал екінші танысым проактивті адамдар санатына кіреді. Олар кез келген жағдайда жол таба алады. Сайып келгенде, табысты адамның ең бірінші қасиеті:

    Ол проактивті болады әрі өзгертуге шамасы келетін шаруаға ғана ден қояды.

Бауыржан Момышұлы: “Адам жарық дүниеге жылап келеді. Ата-ана, туған-туыс айналасы шат-шадыман қуанады. Кетеріңде өзгелер жылап, өзі ризашылықпен қуанып кететіндей болса игі” - дейді. Сіз де ойланып көріңіз. Батыр атамыз айтқандай, тіршілікте көңіліңіз толатындай  қандай шаруа бітірдіңіз? Білімді молайтуға, кітап оқуға, арман-мұратыңды іске асыру үшін күніне қанша уақыт бөлдіңіз? Тіпті жалпақ жұрттың ақтық сапарда сізді қалай еске алғанын қалайсыз? Сондай сауалмен бетпе-бет келгенде біз өмірімізді түбегейлі өзгертеміз, өз арнасына түсіреміз. Жасампаз жанның екінші қасиеті де сол:

Түпкі мақсатын жол басында нақтылап алады.

Темірқазығын тапқан тұлғалардың көңілі басқа дүниелерге алаң бола бермейді. Өз-өзін басқару принциптерінен тайқымайды. Сондықтан да табысты тұлғаға тән үшінші қасиет:

Ең негізгі шаруаға ғана баса мән береді.

Автор: «Ұттым/Ұттым» екі жаққа тиімді, екі жақты да қанағаттандыратын барлық уағдаластықтар мен шешімдерді білдіреді» - дейді. Демек, біреудің ұтылғаны сіздің жеңісіңіз емес. Жеңіс үшін міндетті түрде біреудің ұтылғаны керек емес. Дәл сіз сияқты басқа тараптың да жеңімпаз болуына тілекші болыңыз. Менің жеңісім - сенің жеңісің! Бұл Конфуцийдің “Өзіңе не тілесең, өзгелерге де соны тіле!” дейтін алтын қағидасы секілді. Демек, жасампаз жанға тән төртінші қасиет:

Ұттым/Ұттым күйінде ойланады.

Гари Чэпмен дегеннің “Махаббаттың бес тілі” дейтін керемет кітабы бар. Сонда адамдар бір-біріне деген махаббатты түсіндіре алмайды дейді. Мәселен, жұмысбасты еркек демалыс күндері бала-шағамды тауға алып шығып, қыдыртсам деп іштей жоспарлап жүреді. Ол отбасына деген махаббатын серуенге шақыру  арқылы көрсеткісі келеді. Ал әйелі апта бойы ыбырсып кеткен үйді жинап алсам деп, сол арқылы  отбасына деген махаббатын көрсетуге ниеттеніп жүреді. Сенбінің таңы атқанда күйеуі тауға барамыз, әйелі үйде қаламыз деп дауласып қалуы бек мүмкін. Негізінде, екеуі де бір-біріне деген сүйіспеншілігін өзінше жеткізгісі келіп тұр. Сол себепті әр істің  байыбына барып, түсінуге тырысыңыз.  Мәселені көтеріп, бағалап,  кеңес беріп, өз идеяларыңызды айтпас бұрын түсінуге тырысыңыз. Бұл - өзара тиімді коммуникация дағдысы. Табысты адамның бесінші дағдысы осыдан шығады:

    Әуелі түсінуге, содан кейін түсінікті болуға ұмтылады.

Алтыншы дағды - Синергия. Мәселен, Әзірет Сұлтан кесенесі туралы аңыз көп. Қарашық өзенінің жағасында, сосын Сауран қаласында дайындалған кірпішті 40 шақырым қашықтағы Түркістанға дейін тізбектеліп тұрған адамдар қолдан-қолға беріп жеткізген деседі. Егер сол адамдар әрі-бері 80 шақырым сандалып кірпіш тасыса көп уақыт кетер еді. Олар бір-біріне қол жалғау арқылы ерекше әдіс тапты. Демек еңбек өнімділігі артты. Синергия дегеніміз сол. Демек, ынтымақтастықта еңбек етудің маңызы зор. Алтыншы дағдының мағынасы - қазақ даналығындағы «Саусақ бірікпей ине ілікпейдіге» келеді.

     Міне, осы жеті дағдыны іске асырсаңыз сіздің де жолыңыз ашылып, жасампаз істерге бастамашы болуыңыз мүмкін. Басыңыздағы барлық уайымды сілкіп тастап, қолыңыздан келетін іспен шұғылданыңыз. Алайда қандай биікке көтерілсеңіз де кітап оқуды ұмытып кетпеңіз!

Сілтеме "Абай" телеарнасынан алдынды 

Пікірлер