Алтын Орданың әйгілі қоңырат бектері - Құтлықтемір мен Нағанай

4414
Adyrna.kz Telegram

Алтын орда (Жошы ұлысы, Ұлұғ ұлыс) заманының беделді тұлғалары мен әулеттері туралы дереккөздерде Хорезмнен шыққан түрк бектері мен әмірлері туралы мағлұматтар да баршылық. Олардың дені Мөңке-Темір, Тоқтай, Өзбек, Жәнібек сынды хандар кезінде тақ мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен, сондай-ақ Жошы ұлысында исламның мемлекеттік дін ретінде орнығуына өз үлестерін қосқан елеулі тұлғалар қатарында байыпталады.

Ежелгі дәуірлерден-ақ әлденеше өркениеттер кіндігі болған Хорезм шұраты – Шыңғыс хан жорығы қарсаңында да Сырдария алабынан Ирак жеріне дейінгі алып аумақты билеген түрк текті Хорезмшахтар империясының мелдектеген байлығы мен өрісті өнер-білімінің құтты мекені ретінде әйгіленген еді. Мемлекет астанасы Үргеніш шәһары сол ырыс пен берекенің айқын көрінісіндей боп салтанатты сарайларымен, сыңсыған базарларымен, мұнаралары самсаған мешіттерімен, арылы-берілі өткен саяхатшыларды әрдайым таң-тамаша қалдырып, тамсандырып жататын (Буниятов З.М.Государство хорезмшахов-ануштегинидов 1097-1231. М.: Наука. 1986.). Еке Моғұл ұлысының жойқын жорығынан қатты күйреуге ұшырап, жермен-жексен болса да, Үргеніш Жібек жолы өтіндегі маңызды торапта орналасуының арқасында еңсесін қайта тіктеп, аз жылда-ақ Жошы ұлысының бақуатты да сәулетті шәһарларының біріне айналып үлгереді.

Жеке еншісіне Хорезм мен Дешті-Қыпшақ аумағы тиген Жошы Ұлұғ ұлыстың күнгейіндегі Үргеніш өңірін Шыңғыс хан әулетінің бағзыдан бергі құдандалы жұрты – қоңырат бектерінің басқаруына береді. Өзбек ханның билігі тұсында (1313-1342) әйгілі беклербек ретінде танылған Құтлықтемір де сол хорезмдік қоңыраттар ортасынан шыққан саңлақ тұлға еді. Беклербек немесе Ұлұғбек – бектердің бегі, яғни ең ұлы (ұлұғ) бек деген мағынаны білдіреді. Ол мемлекеттегі ханнан кейінгі екінші лауазым. Әрі оған бас қолбасшы пен сыртқы істер уәзірі міндеті де қоса жүктеледі (Федоров-Давыдов Г.А. Общественный строй Золотой Орды. М.: Изд-во МГУ. 1973. 89-100-б.). Сонымен бірге беклербек өз тайпасына тиесілі ұлыстың басшысы, яки ұлысбек міндетін де қатар атқарар еді.

Құтлықтемірдің замандасы болған сириялық тарихшы Әл-Бирзалидің жылнамасындағы деректерге қарағанда, Хорезм аймағын негізінен аты-жөндері Темір деген есім тіркеспен аяқталатын әулет ұрпақтары билепті. Мәселен, 13-ғасырдың соңындағы Хорезм ұлысбегінің аты-жөні Мәліктемір екен. (Бұл тұлғаны бір жағынан, Құтлықтемірдің туысы, бәлкім әкесі немесе ағасы ретінде жорамалдауға да болатындай). Әл-Бирзали өз жылнамасында Ұлұғ ұлыстың белгілі ғұламаларының бірі ретінде танылған шейх Аладдин Номан әл-Хорезми туралы сөз ете отырып, оның 1259 жыл Үргеніште дүниеге келгенін, 21 жасынан бастап мұсылман елдерін аралап, логиканы, диалектиканы, медицинаны оқығанын, 1301 жылы туған жеріне қайта оралғанын, Хорезм ұлысбегі Мәліктемірдің жеке шипагері болып, қалалық аурухананы басқарғанын жазады (Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды // История Казахстана в арабских источниках. 1 том. А.: Дайк-Пресс. 2005. 142-144-б.)..

Мәліктемірден кейін Хорезм ұлысбегі тағына Құтлықтемір отырған сыңайлы. Себебі, араб жылнамашылары Ибн Дукмак, Ибн Халдун, Әл-Айни қалдырған деректерде Құтлықтемірдің Алтын орданың ұлы ханы Тоқтайдың кезінде-ақ (1290-1312) беклербек лауазымында болғандығы айтылады (Сонда. 242-248, 274-286, 360-382-б.). Яки оның аса жоғары беклербек қызметіне жеткенге дейін әуелі ұлысбектік сатыдан өтуін қисынды десек, Хорезм әмірі мәртебесінің Мәліктемірден кейін Құтлықемірге тиюі де иланымды. Бұл ретте оның бұрынғы ұлысбекке жақын жүрген әрі Хорезм мұсылмандарының көрнекті пірлерінің бірі ретінде танылған Аладдин Номан әл-Хорезмимен тығыз қарым-қатынас құрғандығына назар аударсақ та жеткілікті. Өйткені, бұл шейхты кейіннен исламды мемлекеттік дін ретінде уағыздауға пайдалану үшін Тоқтай хан сарайына арнайы алдырған Құтлықтемірдің өзі болатын. Демек, сол заман қажеттілігінен туындаған бұл маңызды бастаманың төркіні әу баста Құтлықтемір Үргеніште ұлысбек қызметінде жүрген жылдары пісіп, жетілді деуге келеді. Ол кез Хорезм өңірінде ислам дінінің ханафи мәзһабының жаңғыра өркендеп, хақ діннің халық арасында орнығуына үлкен әсер-ықпалы тиетін сопылық ілімнің де гүлдеп тұрған шағы еді. Кубра, Йасауи, Бақырғани сынды сопы ғұламаларының есімдерін қалың қауым пір тұта қадірлеп, уағыздарына шексіз ұйитын. Араб саяхатшысы Ибн Баттута сопылықтың кубра тариқатының негізін қалаушы шейх Нәжмәддин Кубраның Үргеніштегі бейітінің басы сол әулиеге тәу етіп, зиярат етушілерден еш босамайтынын ерекшелеп атап өтетіні бар (Сонда. 234-б.). Жошы ұлысына, Еділ бойына исламның шым-шымдап жайылуы әуелден-ақ Хорезм арқылы, оның саудагерлері мен діни ғұламалары арқылы атқарылғаны белгілі. Енді тағдыр оның мемлекеттік дін деңгейіне көтерілу мәселесіне де сол Хорезмнен шыққан пірлердің тікелей араласуын бұйырып тұр екен. Және ол сауапты істен сол дуалы ауыз пірлердің жолын қуушы мүридтері қатарындағы ұлысбек Құтлықтемір де шет қала алмаған, өзі бас болып, құлшына кірісіп кеткен еді (Васильев Д.В. Ислам в Золотой Орде. Астрахань, 2007. 15-32-б.).

Құтлықтемірдің Жошы ұлысының ханы Тоқтайдың (бұл есім кей дереккөздерде Тоқта, Тоқты, Тоқтаға түрінде де ұшырасады) билігі кезінде-ақ беклербек лауазымына қол жеткізуін оның хан әулетіне жақын

туыстығы тұрғысынан да түсіндіруге болады. Жиһангез Баттутаның жазуына қарағанда оның анасы Тоқтайдың әпкесі (Тизенгаузен… 235-б.) боп келеді. Кей еңбектерде екеуі бөле деген мағлұматтар да бар (Почекаев Р.Ю. Ханы Золотой Орды. СПб.: Евразия. 2010. 154-156 –б.)

Құтлықтемірдің өзі кейіннен Тоқтайдың қарындасына үйленгені мәлім. Рәшид әд-диннің жылнамасы бойынша Тоқтай ханның шешесі – қоңыраттың дүмді қарашы бегі Салжұдайдың қызы Олжай ханым (Рашид-ад-Дин. Сборник летописей. Т.2. М.-Л.: Изд. АН СССР. 1960. 72-73-б). Яғни, Тоқтайдың өзі де арғы бабалары Шыңғыс, Жошы, Бату секілді қоңыратқа туған жиен болып келеді. Ұлұғ ұлысты 1266-1282 жылдар аралығында билеген Мөңкетемірдің бәйбішесі, текті тұқымнан тарайтын Олжай ханым (оның анасы – Шыңғыс ханның кенже ұлы Төленің немере қызы Келміш бегім еді) өзінен туған Тоқтайға да қоңыраттың қос қызын әперіпті. Қадырғали Жалайыр оларды: «бірінің аты Болған хатун, екіншісінің аты Тұғылша хатун, қоңырат қауымынан еді» (Қ.Жалайыр. Шежірелер жинағы. А.: Қазақстан. 1997. 92-с.), деп жазады.

Алтын Орданың ханы Мөңкетемірдің он ұлы болған. Алайда олардың біразының билік жолындағы тайталас барысында дәмдері таусылған. Мөңкетемірдің бесінші ұлы Тоқтай әкесінен қалған алтын таққа тек сегіз жылдан кейін ғана жамбасы әзер тиген соң, оны өз тұқымынан басқа ешкімге қиғысы келмегендей қиянат әрекеттерге барыпты. Өзінен кейін тақ үлкен ұлы Елбарыстан басқа ешкімге бұйырмағанын қалап, бауырларының көзін түгел жоюдан тайынбапты, тіпті кенже інісі Тоғрылдың да түбіне жетіпті, деген әңгімелер айтылады дереккөздерде. Алайда хорезмдік шежіреші Өтеміс қажының «Шыңғыс-наме» шығармасында (ХҮІ ғасыр) Тоғрыл науқастанып, өз ажалынан қайтыс болған екен, деген жорамал да ортаға тартылады. Тоғрыл о дүниеге озғаннан кейін оның аса көрікті Баялын атты әйеліне (ол да қоңырат қызы) Тоқтай хан әмеңгерлік жолмен қосылыпты. Алайда күндердің күнінде ханның тақ мұрагерлігіне дайындап, аялап өсірген ұлы Елбарыс да күтпеген жерден қазаға ұшырайды. «Енді тақ билігі бөгденің қолына өтетін болды», деп қайғыға көміліп, қатты күйзеліске түскен Тоқтайға Баялын (оны «Келін Баялын» деп те атайды) өзі бүгіп келген құпияны ашады. Сөйтсе, хан туған бауырларынан тараған ұрпақтарды да аямай көздерін жойып жатқан кездерде Баялын күйеуі Тоғрылдың (шамасы басқа әйелден туған) баласы Өзбекті шеркес уәлаятына асырып жіберіпті. Осы жылы он төрт жасқа толмақ. Бұл хабарды естігеннен кейін бәрінен күдер үзіп, күңіреніп отырған Тоқтай қуанышы қойнына сыймай, дереу сол ханзаданы алып келуге пәрмен береді (Өтеміс қажы. Шыңғыс-наме// Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. 1 т. А.: Дайк-Пресс. 2005. 214-218-б).

Елбарыстың (Елбасардың) қазасы араб тарихшысы Бадр ад-Дин әл-Айнидің (1361-1451) жылнамасындағы деректермен де үйлеседі. Онда Тоқтайдың баласы Елбасардың 1309 жылы өз ажалынан қайтыс болғаны атап көрсетілген. Сондай-ақ онда сол жылы Тоқтайдың ағасы Бұрлықтың да көз жұмғаны жазылған (Тизенгаузен… 360-362-б.).

Назарға алынып отырған заман туралы мағлұматтарға сүйенсек, ханның туған жиені Құтлықтемірді бұл жылдары Тоқтайдың жанындағы ең жақын тіректерінің бірі, беклербек лауазымындағы тұлға ретінде көреміз. Осы дүмді қызметінің арқасында ол шейх Аладдин Номан әл-Хорезмиді ордаға алдыртып, ақырын-ақырын Тоқтайдың тамырын басып, ислам дінін мемлекеттік деңгейге көтеру мәселесіне икемдетеді. Тоқтай да, сонау жылдардың өзінде мұсылмандыққа жеке басы құлай бет бұрған Берке хан (Жошының үшінші ұлы, Алтын Орданың Батудан кейінгі билеушісі – 1256-1266 ж.) аталарының жолын қолдап, бұл діннің өркендеуіне бейіл беруге онша кет әрі емес. Алайда ордада исламның қарсыластары да жетерлік, ханның осы ниетін теріске балап, аяғымды аспаннан келтірмесе екен деп тартыншақтай беретіндей. Осы ретте Құтлықтемір үшін жаңа ханзаданың табылғандығы туралы хабар бұл маңызды шаруаны орайластырудың ұтымды мүмкіндігі ретінде де қабылданғандай көрінеді.

Өзбекті хан ордасына алдырғаннан кейін Құтлықтемір мен Номан қазірет оның ислам мінәжатына бейімдеуге шындап кіріседі. Жошы ұрпақтары арасынан ханзаданы жоқ еткісі келетін жауларының әлі де жеткілікті екенін, ал егер Өзбек ертең хан бола қалған күнде, исламның мәртебесін көтеруге уағда берсе, өздері тарапынан оны Тоқтайдан кейін таққа отырғызуға барынша қолдау көрсетілетінін құлағына құя береді. Құтлықтемір бұл шаруаға туыстық жағын алға тарта отырып, ордадағы беделі де, байлығы да зор Келін-Баялынның өзін (яки ханзаданың кіші шешесін) де белсенді түрде араластырады. Жиған-терген дүниесін сол мүдде жолында жаратуға үгіттейді, делінеді әл-Айни жылнамасында. Сондай-ақ осы дереккөзде Кұтлықтемір Тоқтай ханның жанында беклербек болып жүрген жылдары Хоремзмнің ұлысбегі лауазымын Баялынның ағасы қоңырат Байтемірдің (назар аударыңыз, бұл есімде де Темір қосымшасы бар) атқарғаны туралы да айтылады.

Ғылыми дереккөздер арасындағы Рәшид әд-диннің «Жылнамалар жинағының» жалғасы» деп аталатын, авторы мәлімсіздеу, бірақ мағлұматы тиянақты еңбекте Өзбек ханзада ордаға жеткізілгеннен кейін Тоқтай ханның оған үлкен сенім білдіріп, қолбасшылық дәреже бергендігі жазылған. 1312 жылы Тоқтай Өзбекті әскербасы ретінде ел шетіндегі қосындарға аттандырады да, өзі Алтын Ордаға алым-салық төлейтін орыс жұрты жағын бір аралап қайтпақ боп кемемен Еділ бойлай сапарға шығады. Алайда империя астанасы Сарай-Берке шәһарынан көп ұзамай жатып, тамыздың 9-шы жұлдызында оның денсаулығы күрт нашарлап, дүниеден озады. Осы хабарды ести сала Өзбек әскерін тастап дереу астанаға оралады. Ал бұл кезде ордада Жошының оған қарсы бірқатар ұрпақтары тарапынан жас сұлтанға қастандық жасау, ордаға келген уақытында оған тұтқиыл тап беріп, көзін жою амалдары қарастырылып та қойылған еді. Бірақ оны бұл қауіптен алдын-ала Құтлықтемір сақтандырып үлгереді. Хан ордасы төңірегінің тірлігіне әбден тісқақты беклербек әуелде жаулық жасамақ адамдардың пиғылына қосылған секілді боп білдірмей жүреді де, Өзбек келген кезде оған қатер төніп тұрғанын құпиялап жеткізе қояды. Сұлтан дереу ордадан сытылып үлгеріп аман қалады. Қалың әскерімен қайта оралып, қастандықты ұйымдастырушылардың жазасын береді. Тақ иесіне шын берілгендігін айқын танытқан осы жанкешті қызметінен кейін Құтлықтемірдің беделі одан әрі күшейіп, Жошы ұлысының айбынды билеушісі Өзбек ханның ең сенімді бектерінің біріне айналады (История Казахстана в персидских источниках. ІҮ т. Алматы. Дайк-Пресс. 2006. 277-278-б.).

Осы дереккөздегі оқиғаға ұқсас сарын Өтеміс қажының «Шыңғыс-намесінде» де тарқатылады (Өтеміс қажы… 216-218-б.). Бұл тұрғыдан алғанда «Жылнамалар жинағының» жалғасы» еңбегіндегі Өзбек ханның таққа отыруына қатысты мәліметтер басқа бірқатар дереккөздерге қарағанда қисындылау екенін байқау қиын емес.

Ұлұғ ұлыстың билігін қолына алған соң Өзбек те Құтлықтемірлер көздеген үдеге бейіл беріп, мемлекетте ислам дінін орнықтыру ісіне белсене кіріседі. Ажал қаупі басқа төнген қатерлі күндерде жанқиярлықпен қасынан табылып, қолдау көрсеткен ұлұғбегіне әбден сенеді. Оның берген кеңестерін ілтипатпен қабылдайды. Құтлықтемірмен ақылдаса отырып ислам дінінің кіндігі Мысыр мемлекетімен дипломатиялық қатынасты нығайтуды ең әуелгі маңызды шаруалардың қатарында қолға алады. Мәмлүк сұлтаны Насыр Мұхаммедке жолдаған әуелгі мезірет хатында Мысыр патшасын ислам шекарасының одан әрі кеңейгенімен құттықтайды, өзі таққа отырғаннан кейін исламның көп жауларының көзін жойғанын жеткізеді. Жошы ұлысы мен Мысырдың алдағы уақытта да берік ынтымақта бола беретінін, ортақ жауға қарсы бірлесе күресуге әрдайым дайын екендікткерін білдіреді. Бұл ретте Өзбектің ортақ жау деп отырғаны дәл өзіндей Шыңғыс тұқымы, сайыпқыран ханның Бөрте бәйбішеден туған төрт тірек ұлдың кенжесі – Төленің баласы Хулагудың Иран, Ирақ жерінде құрған елхандар мемлекеті болатын.

Жошы мен Хулагу ұлыстары арасындағы бұл текетірес төркіні – әу баста әзірбайжан мен гүржі жеріне деген таластан туындаған еді. Жошы ұрпақтары ол аймақ бабамыз Шыңғыс ханның өсиеті бойынша бізге тиесілі десе, Хулағу елхандары да табиғаты сұлу осынау құйқалы өңірден сірә айырылғысы жоқ, «ол жерді біз қайқы қылыштың жүзімен қан төгіп жүріп басып алғамыз, яки оны бізден бөліп алу мәселесін де сол қайқы қылыштың тілі ғана шешеді», деп оңайлықпен иліге қоймайды. Егес ушыққан сәттерде ағайындылар бір-бірімен сүреңіткен соғыстарға да барып жатады. Алайда қанша ұмтылса да Жошы әулеті өзінің көздеген мақсатына Өзбек ханға дейін еш қол жеткізе алмаған еді.

Жошы ұрпақтарының мәмлүк сұлтандарына, бір жағынан, қарамағымыздағы Дешті-қыпшақтан шыққан баһадүрлер ұрпағы ғой деп іш тартқан боп, өздеріне одақтас тұтуға ұмтылатындарының басты бір

себебі де осыған саяды. 1303 жылы Хулагудың шөбересі Ғазан ханның Сирияға жорығы сәтсіз аяқталып, мәмлүктерден тас-талқан болып жеңілгеннен кейін, елхандардың сол төменшік шағын пайдаланып қалғысы келген Тоқтай хан Мысырдан көмек те сұрапты. Бірақ Насыр Мұхаммед сұлтан оған «біз Ғазанмен бейбіт бітім жасап қойып едік» деген бұлтарма жауап қайтарған екен (Закиров С. Дипломатические отношения Золотой Орды с Египтом. М.: Наука. 1966. 10-21-б.).

Өзбек таққа мінген соң көп ұзамай-ақ Мысырға келген Жошы ұлысы елшісінің қолындағы Құтлықтемірдің атынан Насыр Мұхаммедке арнайы жолданған хатта, ынтымақтастықты нығайтумен қатар, мәмлүк сұлтанына ордадағы текті тұқым – Тоқтайдың ағасы Бұрлық төренің қызы Тұлымбикені ұзату арқылы, мың жылдық құда болуға ниеттеніп отырғандықтары жөніндегі ұсыныс та бар еді. Насыр сұлтан Өзбек ханның елшісі Маңғышқа үлкен құрмет пен сый-сияпат көрсетіп, Құтлықтемірдің ынтымақтастық пен құдалық туралы ұсыныстарын ілтипатпен қабылдайтынын білдіреді. Қалыңдықты Мысырға жеткізу жайы, құда түсу рәсімдері мен жасау-жабдық мөлшері жөнінде пікірлеседі. Маңғышпен бірге өзінің екі елшісін Жошы ұлысына қоса аттандырып, достық қатынастарға алда да бейіл екенін байқатады.

Қос мемлекет арасындағы байланыстарды нығайтуды көздейтін бұл құдалықтың жөн-жосықтарының атқарылуы да біраз уақытқа созылыпты. Ақыры бес жыл өткесін, 1319 жылдың күзінде ғана 400 адамнан тұратын салтанатты делегация қалыңдықты Мысырға қарай алып шығыпты. Оның құрамында алты елшіден басқа, Сарай шәһарының бас қазысы, бірнеше шейхтар да бар еді. Қалыңдықтың жанында жүретін жеңгелері мен құрбыларының, қызметшілері мен құлдарының өзі жыртылып айырылады. Осы орайда біздің назарымызды аударатын бір жайт, сол делегациямен бірге Мысырға Құтлықтемірдің үзеңгілес серігі – шейх Аладдин Номан әл-Хорезмидің де аттанғандығы. Оған Жошы ұлысының атынан Меке мен Мәдинада, Құдыста (Иерусалимде) мінәжатханалар салуға бағышталған қаражатты жеткізу міндеті жүктелген болатын…

Ал келер жылы Хулагу мен Жошы ұрпақтары арасында Әзірбайжан жері үшін таластың кезекті бір шайқасы өтіпті. Әйтсе де Өзбек пен Құтлықтемірдің Иранға қарсы Дербенттің темір қақпасынан өтіп бастаған бұл жорығы да сәтсіз аяқталыпты. «Вассаф тарихы» мен Ибн Дукмактың, Әл-Айнидың жылнамаларында Алтын Орда әскерінің асау толқынды Кура дариясынан өте алмай тұрған кезінде, Әбу-Саид падишахтың жаужүрек қолбасшысы Жұбанның жиырма мың әскерімен бұлардың сыртына шығып кетуі салдарынан, ту-талақайы шығып, ойсыраған жеңіліске ұшырағаны егжей-тегжейлі жазылады (История Казахстана в персидских источниках. ІҮ т… 72-177-б; Тизенгаузен… 245-247, 363-367-б.). Одан кейін Өзбек ханның Құтлықтемірге қалың қол беріп, Хорасан жақтан Иранға шабуыл жасаған Шағатай ұрпағы Жасауыл Барақұлына көмек беру үшін Хорезм арқылы аттандырған жорығы да сәтсіз аяқталады. Әйгілі ұлұғбек бастаған әскер жолшыбай қалың жауған қар мен тұтқиыл соққан боранға ұрынып, көп шығынға ұшырап кері оралады. Бұл жеңілістер тізбегі Өзбекті қатты пұшайман еткен болса керек, ол талай жыл қасында сенімді тірек боп жүрген Құтлықтемірді беклербек лауазымынан босатып, Хорезмнің ұлысбегі қызметіне төмендетіп жібереді. Жаңа ұлұғбек етіп, көптен қасында жүрген тағы бір сенімді түрк бегі үйсін Исабекті (Иса Көркөзді) тағайындайды. Бұл беклербек те Құтлықтемір сияқты хан әулетінің күйеу баласы еді, деп жазады сол дәуір жылнамашылары. Құтлықтемірдің хан қызынан туған ұлы Һарұнбек кейіннен Өзбектің Тайдулы бегім атты әйгілі ханымынан туған қызға үйленіп, ол да ханның күйеу баласы (күрген, көреген) атанады. Исабектің хан қызы Үткөшектен көрген перзенті Әметтің де жолы осылайша жалғасады. Ол Өзбектің әйгілі ұлы Жәнібек ханның қызына үйленіп, әз ханның жанындағы әйгілі бектердің біріне айналады. Әметтің хан қызынан туған баласы Салшы да осал шықпайды. Ол 1375 жылы Қажытарханның әмірі боп тағайындалады.

Жылнамашы Ибн Халдун Құтлықтемірдің сол 1320 жылғы Хорезмге шеттетілуінің көпке ұзамағанын, төрт жылдан кейін қайтадан беклербек лауазымына көтеріліп, хан ордасына оралғанын жазады. Өзбек ханның 1332 жылы венециялық көпестерге арнаған алтамғалы жарлығында да қоңырат бегінің сол қызметте отырғанын байқаймыз. «…Моғол ұлысының Құтлықтемір басшылық ететін оң қол, сол қол оғландарына, Азаудың Мұхаммедқожа бастаған мыңбасы, жүзбасы, онбасы бектеріне, даруғаларына, баж жинаушылары мен таразышыларына…» деп басталатын жарлық мәтінінде оның есімі баршаға билік жасайтын сол лауазымына сәйкес аталып тұр (Григорьев А. П., Григорьев В. П. Ярлык Узбека венецианским купцам Азова: Реконструкция содержания // Историография и источниковедение истории стран Азии и Африки. Л., 1990. Вып. 13. 74-107-б).

Ал екі жылдан кейін Жошы ұлысын аралап, өз сапарнамасы арқылы сол кезеңге қатысты теңдесі жоқ құнды деректер қалдырып кеткен араб жиһангезі Ибн Баттутаның жазғандарынан біз Құтлықтемірдің тағы да Хорезм ұлысбегі қызметіне оралғанын байқаймыз. Үргенішке арнайы соққан саяхатшы Хорезм әмірі Құтлықтемірдің шәһарды өркендетуге қосқан зор еңбегін тамсана суреттейді. Үргеніштің бітіміне таң-тамаша қалып, оны түрктердің даңқты базарларымен, кең қолтық көшелерімен, көптеген сәнді құрылыстарымен әйгілі, аса зор да сұлу қалаларының бірі, деп жоғары баға береді. Шәһар тұрғындарының көптігі сонша, олар бір қарағанда, айнала төңіректі теңіздің толқындары сияқты теңселтіп, ырғалтып жібергендей әсерге иелендіреді, деп бейнелейді. Шәһарды Құтлықтемір сынды беделді бек басқарады. Оның зайыбы Төребике де әйел заттылардың асыл үлгісі, ардақ тұтуға лайық өрелі, өте қарапайым жан. Ол Хорезм қазысы Әбу Хафстың әйелі Жижағы қатунның сіңлісі. Үргеніштің мұнаралы бас мешітін осы ханым салғызған. Оның жанындағы медресені Құтлықтемірдің өзі тұрғызған (Тизенгаузен… 207-240-б.), деп жазады. Үргеніш әмірінің байлық пен берекеге малынған салтанатты сарайында рәуішті әңгімелер өткізген сәттерін ілтипатпен сөз ете отырып, ұлысбекті білімі мен білігі құп жарасқан саңлақ тұлға, сол заманның алдыңғы қатарлы қайраткерлерінің бірі ретінде бағалайды.

Бұл ретте Құтлықтемірдің Жошы ұлысының астаналары – Сарай-Берке мен Жаңа Сарай (Сарай әл-Жәдид) шәһарларын көркейту ісіне де өз үлесін қосқанын айтпай кетпеске болмайды. Еділ алабында Алтын Орданың негізгі екі астанасы болғаны белгілі. Екеуі де Еділдің сол жақ саласы, қыздың қос бұрымындай боп теңізге дейін ұлы дариямен қатарласа ағатын Ақтөбе (Ахтуба) өзенінің жағасында. Тарихшылар көп уақыт ол астаналардың атауларын Сарай-Бату және Сарай-Берке түрінде танып, алғашқысы Бату билеген жылдары (1236-1255), екіншісі Берке хан (1256-1266) заманында ірге көтерді деп келген еді. Алайда, кейінгі археологиялық зерттеулер нәтижесі бойынша, бұл қос атау бір шәһардың екі кезеңдегі есімі боп шықты. Парсы жылнамашылары оны Сарай-Бату деп жазғанды дағды етсе, араб шежірешілері қаланы мұсылманшылыққа алғаш бейіл берген Берке ханға деген құрметтерінің белгісі ретінде Сарай-Берке деп атапты. Бүгіндері Қажытархан (Астрахан) қаласынан 80 шақырымдай теріскейде жатқан жойқын қала қирандыларының белгілері сол қос есімді астананың байырғы орны. Ал одан жүз шақырымдай жоғарыда орналасқан Сарай әл-Жәдид (Жаңа Сарай) шәһарының іргесі Өзбек ханның тұсында ғана қалана бастапты. Ғалымдар дәйектеуінше, Өзбек хан сонда жерленген (Егоров В. Л. Историческая география Золотой Орды в XIII-XIV вв. М.: Наука, 1985. 111-117-б.).

Өзбек пен Құтлықтемір билік құрған жылдар Жошы ұлысының ең дәуірлеген кезеңдерінің қатарында саналады. Ол уақыт қала құрылысының да айрықша өркендеген шағы. Дереккөздерде байырғы астана Сарай-Беркенің де сол уақыттарда әлемдегі ең сәулетті қалалардың біріне айналғандығын тамсана суреттейді. Демек, ол жарқын істерде жиырма жылдай ханнан кейінгі екінші лауазымды атқарып жүрген Құтлықтемірдің де кәдімгідей мол үлесі, қатысы бар деп айту әбден қисынды. Астана байтақтың көркеюіне бас-көз болу да беклербектің басты міндеттерінің біріне саяды. Сол заманда 75 мыңдай адам мекендеген Сарай-Беркенің асқақ салтанаты Ибн Баттутаның сапарнамасында тайға таңба басқандай анық сыпатталады. Жиһангез онда Өзбек сұлтанның Сарай-Берке атты астанасына кыстыгүні Қажытарханнан үш күн жүріп жеткенін жазады. «Шәһар халқы мейлінше мол, иін тірескен сәулетті үйлері, самсаған базарлары, кең көшелері бар өскелең әрі аса әдемі қалалардың бірі. Бірде біз оның көлемін білмек ниетке беріліп, атқа мініп айналып шықпақ болдық. Қаланың бір басында тұратын біз, азанда үйден шыққаннан, түс ауғанда ғана оның екінші басына әзер жеттік. Сол жерде намазымызды оқып, ауқаттанып алып ымыртта ғана жатын орнымызға қайтып оралдық», – деп жазады Баттута. – «Бір рет қаланың енін байқамақ боп шығып, жарты күнде ғана кейін орала алдық. Шәһарда 13 биік мұнаралы мешіттен басқа көптеген кішігірім мешіттер де бар. Астананың қазысы Бадр ад-дин әл-Арадж – ең үздік қазылардың бірі. Мұнда ислам ғұламасы имам Номан әд-дин әл-Харазмидің де өз

құжырасы бар. Мен онымен жолықтым, ол ең білгір шейхтардың бірі, соншама қарапайым әрі қайырымды жан екен», – дейді саяхатшы. Сапар жазбаларынан Құтлықтемір беклербектің Ұлұғ ұлыста исламды орнықтыру бағытында атқарған ісіне көп көмек берген бұл шейхты Өзбек ханның да қатты қадірлейтініне куә боламыз. Баттута Алтын Орда билеушісінің әр жұма сайын шейхқа арнайы жолығып кететінін, алайда имамның оны қарсы алуға өзі шықпайтынын және хан келгенде орнынан тұрмайтынын таңдана жазады. Хан оның алдына жайғасып, имаммен соншама ізет сақтай отырып әңгімелеседі, шейх та ханға жылы пейіл, құрмет білдіре тіл қатысады (Тизенгаузен… 231-232-б.). Араб жиһангезі енді салынып жатқан Жаңа Сарай шәһары туралы, ол жаққа жолы түспегесін ештеңе айтпайды. Әрине іргесі сол жылдары көтеріле бастаған бұл жаңа астананың құрылысына да Құтлықтемірдің тікелей араласқаны анық. Сарай әл-Жәдидтің шарықтап өрлеуі негізінен Өзбектің баласы Жәнібек ханның билігі тұсына (1343-1357) дөп келеді.

Шынында Баттутаның еңбегін Ұлұғ ұлыстың Құтлықтемір сияқты көптеген тұлғаларының ғұмырына қатысты талай мағлұматты топтастырған ең құнды дереккөз екендігіне мойынсынбасқа еш лаж жоқ. Мәселен, саяхатшының Өзбек ханның отбасы мүшелері, әйелдері, бектері туралы сөз еткен тұстарынан, ханның алтын шатыр ішіндегі үсті асыл тастармен малынған күміс сирақты таққа отырған кезінде, оның оң жағында үлкен ханымы Тайдулы қатын, оның қасына екінші ханымы Кебек қатын (қоңырат бегі Нағанайдың қызы), ханның сол жағында үшінші ханымы Баялын қатын (Константинополь патшасының қызы), оның жанына Ордаша қатын (үйсін Исабек беклербектің қызы) жайғасқаны туралы құнды деректерге жолығар едік. Тақтың алдыңғы тұсында, оң жақта ханның өрімдей үлкен ұлы Тыныбек, сол жақта екінші ұлы Жәнібек тұрыпты. Олардың алдында ханның қызы Үткөшек жайғасқан. Оң жақ, сол жақтағы орындықтарда үлкенді-кішілі бектер тізіліп отырыпты (Тизенгаузен… 217-223-б.). Бұл жерде ханымдар арасындағы Баялын қатын туралы бірер сөз айтуға тура келеді. Кей еңбектерде осы ханым мен анау жылдары Өзбектің әкесі Тоғрылдың әйелі болған, Өзбектің аман қалуына және оның хан тағына отыруына көп көмек көрсеткен қоңырат текті Баялынды шатастырып жатады. Жас Өзбектің қолына хандық билік тигеннен кейін, оның отбасына бас-көз болу міндетін Құтлықтемір осы Келін-Баялынға тапсырған-ды. Хан да өз тарапынан кіші шешесіне үлкен ізет-құрметпен қарайды. Баялын 1323 жылы қайтыс болғаннан кейін (Григорьев А. П., Григорьев В. П.Послание ордынской ханши Тайдуллы венецианскому дожу (1359) // Вестник СПб ун-та. 1996. Сер.2. Вып. 4. 18-19-б.), ол өзіне бар қамқорлығын танытқан жанның әзіз есімін есте қалдыру үшін, византиялық ханшайымға (шамасы, император Андроник II Палеологтың қызы) үйленгенде, оның христиан есімін өзгертіп Баялын деп атайды…

Баттутаның Сарай-Беркеден соң ұзақ жол жүріп Хорезмге жетіп, уәлаят ұлысбегі Құтлықтемірге жолыққан кезі әйгілі беклербектің қуаты қайтып, шау тартып, қимыл-қозғалысты азайтқан шағы еді. Саяхатшымен әңгімелескен кезде ол аяғын қымтай жауып отырыпты. Хорезм бегі түрктердің көбінде кездесетін аяққа тұз байлану дертімен ауырады екен, деп түсіндіреді мұны араб жиһангезі.

Баттутаның келіп-кеткеніне бір жыл өткенде, яғни 1335 жылдың 26 қарашасы күні Үргеніш жұртын үлкен қасірет-мұңға көмдірген қаралы хабар тарады. Қалың елдің қабырғасы қайысып, «Алланың нұры жауған, жер-жиһанның жарық шамшырағындай, ислам ұлылығының айқын нышанындай болған Құтлықтемір сынды ардақты патшамыздың демі үзілді», деп қайғының ащы запыранын жұтты. Сол заман жылнамашылары бұл орны толмас қаза туралы «Өзбек ұлысының басты тірегі болған әйгілі тұлға дүниеден озды» (Фасих Ахмад ал-Хавафи. Фасихов свод. Ташкент. Фан. 1980. 60-б.), деп қағаз бетіне түсіріп, алғы дәуірлерге асырды…

* * *

Дереккөздерде «Құтлықтемір беклербектің Мұхаммедқожа және Сарайтемір атты екі інісінің болғандығы» да жазылып қалған. Бадраддин әл-Айнидің пысықтап айтуынша, олар Құтлықтемірге мықты сүйеу боп, ағасы берген тапсырмаларды тыңғылықты орындауларымен ерекшеленген. Құтлықтемір басқарған жорықтарға қатысқан. Жас Өзбек ханды таққа отырғызу үшін жанталас өткен қауіп-қатерлі күндер кезінде де аға қасынан табылып, қолдан келген көмектерін аямаған (Из летописи Бадр ад-дина ал-Айни // Тизенгаузен… 361-б.). Және бұл қызметтері елеусіз қалмаған. Өзбек хан еті тірі жиендеріне орданың белді-белді қызметтерін беріп отырған.

Мұхаммедқожа туралы ең құнды деректі біз тағы да сол Баттутадан кездестірер едік. Қара теңіз арқылы Қырымға келіп, одан соң арбаға мініп Азау қаласына жеткен саяхатшы, осында қаланың даруғасы (әмірі) Мұхаммедқожа әл-Хорезмиге жолыққанын жазады. Екі күннен кейін Азауға Қырымның ұлысбегі Төлектемірдің сапармен келуіне орай үлкен қонақасы берілгенде, сол дастарқанның сыйлы меймандарының бірі болады. Жылқы еті, қымыз және боза молынан тартылған астан кейін құран оқыла бастады, деп жазады жиһангез. Оны құранның соншама әдемі маһаммен оқылғаны риза етеді, сондай-ақ уағыз айту кезінде, әуелі оның арабша, содан соң түркше қайталанғанын атап өтеді. Құраннан кейін мәнерлеп өлең оқу мен ән айтуға кезек беріліпті. Алдымен арабша, сосын парсыша мен түркшеге ауысыпты. Кәдімгідей ән мен поэзия сайысы салтанат құрыпты (Из описания путешествий Ибн Баттуты // Тизенгаузен… 213-214-б.). Мұхаммедқожаның шаңырағында өткен осы кешті сипаттаудың өзінен-ақ сол заманда орда маңында қалыптасқан рухани өмірдің бітім-тынысын байқау қиын емес. Түрк бектерінің мәдениетке осылайша көңіл бөлуінің арқасында, Алтын Орда заманында орта қыпшақ тіліндегі бай әдеби мұра жасалды. Құтб, Хорезми, Сайф Сарай, Әли және басқа да қаламгерлердің шоқтықты шығармалары дүниеге келді.

Осы ретте біз тілге тиек етіп отырған Мұхаммедқожаның Алтын Орда заманындағы ұлы шығармалардың бірі – әйгілі «Мұхаббатнама» дастанын ақын Хорезмиге тапсырыспен жаздырған тұлғаның тап өзі екенін айтсақ та жеткілікті. Хорезмидің:

О, арыстан жүректі, Қоңырат ұрығы,

Кіші жастан ұлықтардың ұлығы.

Бақыт – көзі, берекет – кеніші,

Мұхаммедқожа бек әлемнің қуанышы.

Еліміз жансыз тән еді бұрын сенсіз,

Шахтың шахы Жәнібек ханға етенесіз, –

деп сипаттайтын («Оғыз-нама», «Мұхаббат-наме». –Алматы: «Ғылым», 1986. 91 б.) жоғары лауазымды бегіңіз осы Мұхаммедқожа болатын. Дастанның 1353 жылы Жәнібек ханның кезінде, оның Сыр бойындағы ордаларының бірінде жазылғанына қарағанда, Құтлықтемірдің бұл інісі сол кезге дейін билікте нығыз отырған.

Ол ғана емес, кіші інісі Сарайтемір де көп жылдар бойы ордадағы ең жоғары қызметтерді атқарыпты. Жәнібек хан әкесі Өзбекке талай уақыт арман болған Әзірбайжанды 1356 жылы жаулап алған кезде, аймақ орталығы Тебризге баласы Бердібекті ұлысбек етіп қалдырады да, оның қасына Сарайтемірді уәзір етіп бекітеді. Бердібек келер жылы әкесі Жәнібектің науқастанып қалғанын естігесін, тақтан айырылып қалам ба деген қауіппен дереу ордаға қайтады. Бар туысқанын қырып, таққа отырған соң, Бердібек хан қият Моғұлбұғаға беклербек қызметін, Сарайтемірге одан кейінгі уәзірлік лауазымды беріп, оған орданың бүкіл қаржы ісін басқаруды тапсырады (Григорьев А. П., Григорьев В. П. Ярлык Бердибека венецианским купцам Азова 1358 г.: Реконструкция содержания // Историография и источниковедение истории стран Азии и Африки. СПб. Вып. 16. 24-66-б.). Алайда екі жылдан кейін, кей тарихшылардың топшылауынша, Бердібектің өзі де сондай зұлым қастандықтың құрбанына айналады. Онымен бірге жанында жүрген талай адам да ажал тырнағына ілігеді. Солардың бірі Сарайтемір болатын. (Өтеміс қажының жазуынша, Бердібек үш жыл патшалық құрып барып, науқастан қайтқан. /Өтеміс қажы… 184-б./). Бердібектің өлімімен Бату ұрпақтарының Алтын Ордадағы ұзақ әулеттік билігі аяқталып (қазақ арасында оны «нар мойыны Бердібекте кесілді» деп айтады), жиырма жылдай уақытқа созылған аласапыран кезең басталған еді.

* * *

Алтынордалық Құтлықтемір ұлұғбек туралы осы мақаланың соңында Ирандағы Хулағу (Шыңғысханның Төледен туған немересі) әулеті билеген елхандар мемлекетінде де қоңыраттан шыққан тағы бір Құтлықтемір есімді бектің болғанын қаперге сала кеткіміз келеді. Ол 1262 жылдары Хулагу әскерін басқарған қоңырат Абатай ноянның баласы. Абатайдың Құтлықтемірден басқа Нарбұр, Отаман деген ұлдары да болған. Хулагудың шөбересі Ғазан ханның (1271-1304) екі әйелі де Абатай бектің немерелері.

Бірі Болған – Отаманның қызы болса, екіншісі Керемен – Құтлықтемірдің қызы. Құтлықтың тағы бір қызы Елтүзміш Қазан ханның інісі Олжайту ханға шыққан (Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Том 1. Книга 1. М.-Л. АН СССР. 1952. 163-б).

2. Нағанай бек және оның ұрпақтары

Ел аузында тараған дәстүрлі Қоңырат шежіресінің қай-қайсысы да әлқисса сөзін Нағанай биден бастайды. Қоңыраттың түп атасы Нағанай бабамыз екен, оның отыз баласы бопты, қазіргі қазақ қоңыраттары оның Жығалы, Мелдеби, Орынби деген үш баласынан өріпті, қалғандары Жиделі-Байсын жақта екен, делінеді (Бейсенбайұлы Ж. Қазақ шежіресі. Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1994. 42-48-б.). Қазақ шежіресіндегі «Нағанай бидің отыз баласы бопты» деген бұл әпсана халқының жартысы қоңыраттардан тұратын қарақалпақтарда да бар. Олардағы ерекшелік Нағанайдың Нағадай деп аталуында ғана. Мәселен, қарақалпақтың ұлы ақыны Бердақ Қарғабайұлының (руы қоңырат) «Шежіре» атты шығармасында:

«Нағадай бий йурт ағасы,

Жумлә Қоңыраттың бабасы,

Отыз уғылның атасы,

Уғлы отыз болған екен»2, –

дейтін жолдар бар (Бердақ. Таңдамалы шығармалары. Нөкис: Қарақалпақстан, 1987. 273-б.). Осы шығарманың тағы бір шумағындағы: «Нағадайдың отыз уғлы, Ебен-Себен еки қулы» деген жолдар да қазақ қоңыраттары шежіресіндегі: «Нағанайдың отыз ұлы және Емен, Семен деген екі құлы болған. Нағанай ол екеуін де өз балалары санағандықтан, отыз екі баласы бар делінеді»; «Нағанай Үргенішке барғанда оған Емен, Семен деген екі құл беріпті. Нағанай ол екеуін де құлдықтан азат етіп, өзіне бала қылып алыпты. Соларды қосқанда, Нағанайдың отыз екі баласы болған», дейтін қосымша тәптіштеулермен қабысып жатады.

Ауызекі шежірелерде қоңыраттың түп атасы ретінде аталып, бірсыпыра аңыздық сарындармен көмкерілген Нағанай есімі – бір қарағанда, қазақтың басқа да тайпаларына қатысты кей шежірелерде ұшырасатын, көбіне әуелгі түпбаба ретінде халық қиялынан ғана туындаған, тарихи дерегі мәлімсіз тұлғалар секілді боп та қабылданар еді. Алайда, Нағанайдың жөні басқа. Ол өмірде шын жасаған, сонау Алтын Орда дәуірінде Өзбек ханның замандасы болған, оның баласы Жәнібек ханның кезінде де әйгілі ұлысбек ретінде танылған айбынды әмірлердің бірі.

Жошы ұлысы (Ұлұғ ұлыс, Алтын Орда) заманына қатысты жазба дереккөздерге Нағанай бектің есімі қарақалпақ шежіресіндегідей, Нағадай, Нағатай немесе Нуғдай, Нангудай, Янгудай түрінде әртүрлі боп түскен. Қазақ тілінің өз үндестік ерекшелігіне сай ол бізде Нағанай болып қалыптасқан. Егер мерзім жағынан дәйектер болсақ, Нағанай есімінің тарихта алғаш рет қағазға түсіп таңбалануы әйгілі араб саяхатшысы Әбу Абдаллах Ибн Баттутаның (1304-1377) арқасында жүзеге асқанын көреміз. 1334 жылы Жошы ұлысын аралап жүрген ол, Өзбек ханның Бестау маңына жайлауға шыққан жазғы ордасына барғанда өзінің осы бекпен тікелей жолыққанын жазады.

Ол заман Алтын Орданың аса дәуірлеп, ерекше байыған, сән-салтанаты артқан кезі. Жиһангездің хан ордасы мен оның төңірегіндегі берекелі де бақуатты тірлікті қаз-қалпында бейнелеуі – этнографиялық тұрғыдан аса құнды мағлұматтарды ортаға тартады. Баттутаның бұл жазбаларын Ұлұғ ұлыстың сол дәуірдегі дәулетті, мамыражай тыныс-тіршілігі туралы энциклопедиялық деңгейдегі жинақ десе де болады. Мұны Өзбек ханның ханымдары (қатундары) көшінің жайлауға қалай беттеп келе жатқандығы суреттелген жолдардан да айқын байқау қиын емес. «… Әрбір қатун күймелі арбамен жүреді. Күйме шатыры алтын жалатқан күмістен не оймышталып боялған ағаштан жасалған. Арбаны сүйрейтін аттар жібек жабулы. Аттардың бірінің арқасында отырған айдаушы бозбаланы ұлақшы деп атайды. Күймедегі қатунның оң жағында әжептеуір егдерген кәрі әйел, оны ілуқатун (көмекші) деп атайды, сол жағында құжыққатун (киіндіруші) аталатын егде әйел. Қатунның (ханымның) қарсы алдында жүзіктің көзінен өткендей сұлу, өрімдей алты қыз. Ал арт жағында арқасын сүйеп отыру үшін дәл сондай тағы екі қыз жайғасқан. Қатунның басында төбесіне тауыстың әсем қауырсынын бекіткен, қымбат асыл тастармен безендірілген тәж, үстінде алтын-күміс, асыл тастан көз қарыққан жеңіл желбегей шапан. Ілуқатун мен құжыққатунның бастарында зерлі кимешек. Қыздардың басында төбесіне тауыс қауырсыны тағылған, асыл тастармен безендірілген шошақ тебетей. Бәрі де асыл тастары жарқ-жұрқ еткен жібек көйлек киген. Қатун көшінде он-он бес шақты, үстерінде жібектен тігіліп, алтынмен зерленген, асыл тастармен әрленген киім киген византия немесе үнді бозбалалары. Олардың қолында алтын, күміс немесе сол алтынмен апталып, күміспен күптелген асатаяқ. Қатун көшінің соңында 100-ге тарта басқа арбалар. Олардың әрқайсында үстеріне жібек киім, бастарына шошақ бөрік киген төрт-бес қызметші әйел. Олардың соңында түйе, өгіз жегілген 300-ге жуық арба, оларда қатунның қазынасы, дүние-мүлкі, киім-кешегі, ас-суы артылған…» (Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды // История Казахстана в арабских источниках. 1 том. А.: Дайк-Пресс. 2005. 219-222-б.).

Араб саяхатшысының жолжазбасынан дәл осындай салтанатты қатун (ханым) көшімен Нағанай бектің қызы Кебек бегімнің де жайлауға келгенін байқаймыз. Елде Өзбек ханның сыйлы қонағы ретінде жүрген Баттутаның бірер күннен кейін оның ханымдарының шаңырақтарына да ілтипат білдіріп бас сұғып шығатыны бар. Әуелі бас ханым Тайдулы бегімнің (Жәнібек пен Тыныбек ханзадалардың анасы) ордасында мейман болған соң, саяхатшы келесі күні ханның екінші ханымы Кебек бегімнің ордасына да ізет жасайды. Оның отауына кірген кезде ханым жайлы төсеніш үстінде киелі құран кітабын оқып отырыпты. Үй ішінде оншақты кемпір мен жиырма шақты қыз зерлі киімдер тігумен айналысуда екен. Меймандардың иіліп амандасқан ілтипатына Кебек бегім соншама биязы түрде жауап беріп, әдемі тілектерін білдіріпті. Молда құран оқығаннан кейін, ханым сәнді тостағандармен қымыз алдырады. Солардың бірін бегім саяхатшыға деген құрметін білдіріп өз қолымен ұсынады. «Бұл Нағадай бектің қызы, – деп жазады Баттута. – Әкесін көрдім. Зор денелі кісі. Аяғына тұз байлану дертімен ауырады екен. Аяғын баса алмайтын болған соң, көбіне арбамен жүреді. Бір жерге бару керек болса, қызметшілері оны қолдарымен көтеріп алып келеді, соңыра солай алып кетеді. Дәл осындай науқасқа ұлұғбек Исабек те ұшырапты. Оны да осылайша көтеріп алып жүреді екен», дейді әрі қарай саяхатшы.

Бұл Исабек те – атақты ұлұғбек Құтлықтемірмен бірге талай жыл Өзбек ханның ең сенімді адамдарының бірі болған тұлға. Құтлықтемір екеуі бір-бірімен кезек-кезек алмаса отырып беклербектік лауазымды атқарған. Өзара туыстығы, жекжаттығы да бар. 1335 жылы көз жұмған Құтлықтемірдің өз басы Өзбек ханның әпкесін алған, баласы Һарунбекке Өзбектің Тайдулыдан туған қызын әперген, орданың сарысүйек құдасы болса, үйсін Исабек те Өзбекке қызын беріп қана қоймай (кіші ханым Ордаша осы ұлұғбектің қызы), өзі де ханның үлкен қызы Үткөшекті алған бел күйеу. Нағанайдың да ханмен ілік-шатыстығы осындай. Оның қызы Кебек бегім Өзбектің екінші әйелі болса, ханның тағы бір қызы Шекербикені баласы Аққұсайынсопыға әперген.

Нағанайдың арғы тегі кім? Ол қоңыраттың қай тұқымының ұрпағы деген сауалдарға жауап іздер болсақ, біз оны Алтын Орданың Тоқтай хан заманындағы (1291-1312) әйгілі қоңырат бектерінің ең мәртебелісі болған Салжұдайдың төңірегінен табар едік. Бұл әмір туралы парсының атақты тарихшысы Рәшид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» кітабының «Қоңырат тайпасы» атты тарауы ғана емес, басқа да тұстарында біраз мағлұмат бар. Салжұдай Шыңғыс ханның бәйбішесі Бөртеге жақын туыс боп келетін дүмді бектердің бірі. Әкесінің аты Бұлаған ноян. Бөрте бәйбішенің жақын туысы болған соң да сөзі өтімді Бұлаған бек – өз уақытында Шыңғыс ханның Еке Моғүл ұлысының төрт тірегі болған ұлдарының кенжесі, қара шаңырақ иесі Төленің туған немересі (оның Құтықты деген баласының қызы) – Келміш бикеге құда түсіп, баласы Салжұдайға алып берген. Салжұдай мен Келміш бикеден туған Олжай бегім Ұлұғ ұлыстың ханы Мөңкетемірге (1266-1282) шығып, екеуінің некесінен Алтын Орданың 1291-1313 жылдардағы билеушісі Тоқтай хан туған (Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Том 2. М.-Л. АН СССР. 1960. 84-85-с).

Рәшид әд-Диннің аса құнды шығармасында осы Тоқтайдың Жошы ханға шөбере боп келетін туысы, атақты қолбасшы, Дон өзенінен Дунайға дейінгі аралықты жеке өзі билеп-төстеген Ноғай беклербекпен қақтығысып қалуының бір себебі де осы Салжұдайға қатысты туындағаны жазылады.

Тоқтай ханға туған қайнаға боп келетін Салжұдай өзінің баласы Байлаққа (Яйлақ) әйгілі хан тұқымы Ноғайдың қызы Қияқты (Қабақ) әперген екен. Алайда жас жұбайлар көп ұзамай біріне-бірі салқын тартыпты. Келін түртпектеуге ұшырапты. Қияқ бұл жайдан төркіндерін хабардар етіпті. Ноғай беклербек бұған кәдімгідей тулап, кезінде Тоқтайдың таққа отыруына өзінің ақылын да, айласын да аямай жұмсап, тақты жауларынан тартып әперуге үлкен күш жұмсағанын алға тартып, енді сол еңбегімді еш қылып, билікті Салжұдайға беріп қойғаның қалай, деген ренішін білдіреді. Егер менімен дұрыс қатынаста болғың келсе, Салжұдайды Хорезмдегі өзінің ұлысына жібер, деген қатаң талапқа барады. Бұған Тоқтай хан: «Ол әкемдей болған адам, жасы кеп отырған бек, өзіме тәрбие берген, қалай шеттетемін» деген уәж айтып, көнбейтінін байқатады. Ақыры сол егес үлкен кикілжіңге ұласып, Ноғай мен Тоқтайдың арасындағы соғысқа ұрындырады. 1300 жылы Ноғай қолы жеңіліске ұшырап, қасында қалған он жеті адаммен қашып бара жатқанда Тоқтай ханның жасағындағы орыс сарбазының қолынан қаза тауып, бұ дүниеден өтеді (Сонда).

«Жамиғ ат-тауарих» жылнамасында Салжұдайдың Байлақтан (Яйлақ) басқа баласының есімі аталмайды. Дегенмен, осы орайда американдық ғалым Ю. Брегельдің ортаазиялық қоңыраттардың әулеттік тарихын зерттеген еңбегіндегі Ағадай баһадүрдің есімі аталатын дереккөзге назар аударған мақұл дер едік. Онда Ағадайдың 30 мың үйлі қоңырат пен 100 мың үйлі басқа да түрк жұрттарын басқарып, Бұлғар, Шеркес, Қазан ұлыстарын билегені, оның баласы Нағдайды Өзбек ханның Еділ дариясының төменгі ағысындағы елге би еткені, ол бектің Хорезмде жерленгені жазылыпты (Исхаков Д. Юго-восток Татарстана: проблема изучения этнической истории региона ХІҮ-ХҮІІ вв. // Альметьевский регион: проблемы историко-культурного наследия. Альметьевск, 1999. 15-20-с.).

Хиуа тарихшылары Ширмұхаммед Мунис (1778-1829) пен Мұхаммед Риза Агахидің (1809-1874) түрк тілінде жазылған «Фирдаус ал-Икбал» (Берекенің бейіш бағы) атты шығармасында да Бұлғарды біраз жыл билеген Ағадай баһадүр туралы айтылады. Ол орыстар мен шеркестерге қарсы жорықтарға шығып, ол жерлердегі Жошы хан заманынан бері қирап жатқан қалалардың қорғандарын қалпына келтіріпті. Мунистың жазуынша, ол 1312-13 жылы өткен бір соғыста қаза тапқан. Ағадай туралы бұл мәлімет Ю. Брегель еңбегіндегі Өзбек ханның кезінде ұлысбек лауазымында болған Нағдайдың әкесінің аты Ағадай деген қисынды одан әрі дәйектей түседі (Зайцев И.В. Астраханское ханство. С. 14. Москва: Восточная литература, 2006. – 304 с.).

Нағанайдың есімі әр әдебиетте әртүрлі аталатыны жоғарыда көрсетілді. Соңғы сөз болып отырған Брегель дереккөзінде де ол Нағдай деп түрленген. Осы орайдан алғанда Салжұдайдың баласының есімінің бірде Байлақ, бірде Яйлақ түрінде жазылуына қарап, оны Ағадай, Яғадай деп те, (тіпті Байлақтың ағасы не інісі ретінде де) топшылауға болатындай көрінеді. Егер кейінгі дереккөздің мерзімі мен кейбір қисындарына ой жіберсек те Ағадайдың әкесі Салжұдайға тиесілі болған жоғарғы дәрежелі ұлысбек міндетін атқарғанын байқаймыз (30 мың үйлі қоңырат пен 100 мың үйлі

басқа руларды билейді). Рәшид әд-Дин шежіресінің мәліметі бойынша Ағадай 1302 жылы дүниеден озған. Алтын Орда жылнамашылары Нағанайды 1360 жыл шамасында дүниеден өтті деп есептейді. Байлақтың 1300 жылы қайынатасы Ноғай қаза табардан үш-төрт жыл бұрын үйленгенін еске алсақ, оны (яки Байлақты немесе Ағадайды) 1280 жылдардың о жақ, бұ жағында дүниеге келді деп жорамалдар едік. Демек Салжұдай 1302 жылы көз жұмғанға дейін де, оның жасы жиырмалардан асқан баласы Байлақтың (немесе Ағадайдың) әкесі атқарған жоғары лауазым мен оның қарауында болған ұлысты басқаруы өз қолына алғаны кәдімгідей илантады. Онда Нағанайдың осы Ағадай (Байлақ) бектің баласы болуы әбден қисынды. Яғни, Бұлағаннан – Салжұдай, Салжұдайдан – Ағадай (Байлақ), Ағадайдан – Нағанай. Бұлай деуге Нағанайдың жасы да үйлеседі. Оның 1313 жылы 15-16-сында таққа мінді делінетін Өзбек ханмен жасы шамалас екендігін еске алсақ, 1334 жылы Баттута Жошы ұлысын аралаған кезде Нағанайдың қызы, ханның екінші қатуны боп отырған Кебек бегімнің жасын да сол шақта жиырмалар қарсаңында, деп қисындату да шындықтан алыс кетпейді.

Бұл жерде Нағанайдың Өзбек ханға қайынаталығы мен Өзбектің қызын баласына алып беруінің аржағында, сонау Салжұдайдың Тоқтайға туған нағашылығынан басталған екі шаңырақ арасындағы жақын құдандалық үрдістің әрі қарай сабақтасып жалғасуы жатқаны айдан анық. Нағанайдың Салжұдай ұрпағы екендігі туралы бұл болжамды – Салжұдай бектің ордадағы әйгілі қоңырат ұлысбегі ретінде ылғи алдыңғы орыннан байқалар биік мәртебесінің, со қалпында кейіннен Ағадайға ауысқаны, одан Нағанайға өткені, одан соң Нағанайдың баласы Аққұсайынға дейін жалғасқаны туралы мағлұматтар да жоққа шығармайды. Біз төменде назар аударғалы отырған құнды дереккөздер тізбегінде де сол дәйекті одан әрі тиянақтай түсетін тұстар баршылық.

Бұл дереккөздер «Алтын Орда хандарының жарлықтары» деп аталатын құжаттар шоғырынан тұрады. Ол жарлықтарда әдетте хан тарапынан қабылданатын заңдар, нормалар мен келісімдер, жеке аймақтарда сауда жасауға қатысты жон-жосық ережелері мен салық мөлшерлері, кей тұлғаларға берілетін жеңілдіктер сияқты әртүрлі мәселелер құқықтық негізде бекітіліп, мемлекеттік мәртебемен міндеттеліп жатады. Әуелде олар тек ханның өз атынан ғана жарияланатын дара билік пәрмені болып келсе, ХІҮ ғасырдың алғашқы жартысынан бастап, жарлықтар мәтініне Ұлұғ ұлыстың саяси өмірінде жетекші орындарға шыға бастаған беклербектер мен қарашы, ұлысбектердің де аты-жөндері қосыла бастайды.

Сондай маңызды құжаттардың бірі – ғылыми айналымда «Жәнібек ханның венеция көпестеріне 1342 жылғы жарлығы» деген атпен енген құқықтық дереккөз болып табылады. Әуелі сол дәуірде Алтын Орданың мемлекеттік тілі болып табылған қыпшақ тілінде (Наджип Э.Н. Культура и тюркоязычная литература мамлюкского Египта ХІҮ века. Туркестан. 2004. 54-б.) жазылған бұл жарлық алдымен Азау қаласында итальян тіліне аударылып, одан Венецияға жеткізіліп, Венеция Республикасының сол кездегі ресми қағаздар тілі латыншаға тәржімаланғасын ғана елдегі сенат

комиссиясының қарауына ұсынылыпты. Италия архивтерінде Алтын Орда билеушілері тарапынан жазылған мұндай жарлықтардың оншақтысы бар көрінеді. Көнеге ұқыпты Италия мұрағатшылары олардың бәрін шып-шырғасын шығармай қаттап сақтай берген. 1880-1889 жылдары Венецияда мемлекеттің маңызды келісімдері мен соларға қатысты құжаттар жинақталған екі томдық басылып шыққанда, архивте дайын тұрған осы хан жарлықтары кітапқа бір тарау ретінде енген. Кітапта итальян, латын тіліндегі аударма нұсқасымен ғана жарияланған ол жарлықтар, кейіннен сол тілдерден орысшаға тәржімаланып, зерттеушілер арасында талай уақыттан бері Алтын Орда тарихын қаузаудың құнды дереккөздері санатында пайдаланылып келеді. Әсіресе бұл ретте, кейінгі жылдары түрколог-деректанушы һәм роман тілдерінің мамандары А.П. Григорьев, В.П. Григорьев секілді петерборлық ғалымдардың қыруар істер атқарғанын атап өтуге болады. Олар Венецияда сақталған хан жарлықтарының әу бастағы түпнұсқасы қыпшақ тілінде жазылғандығын анықтау мақсатында көп еңбек етіп, жарлықтарда кездесетін тұлғалардың кім екенін нақтылау бойынша да тиянақты талдамалар жасады (Григорьев А.П., Григорьев В.П. Коллекция золотоордынских документов XIV века из Венеции. СПб. СПБГУ. 2002).

Ал жарлықтардың қыпшақша жазылған түпнұсқалары қайда болған еді? Олар сол дәуірде негізінен Азау қаласындағы Венеция консулдығының кеңсесінде сақталып келген екен. 1395 жылы Әмір Темір Жошы ұлысына жойқын шабуыл жасап, оны империя астанасы Жаңа Сараймен (Сарай әл-Жәдидпен) бірге қиратқан кезде, бұл аласапыраннан теңіздің алқымында тұрған сауда-саттық орталығы Азау шәһары да аман қалмайды. Әсіресе қаланың венециялық көпестер тұратын орамы ерекше бүлініп, түгелімен өртке оранады. Сонда консулдықтағы бар құжат күлге айналыпты, деседі венециялық дереккөздер.

Енді Жәнібек ханның 1342 жылғы венеция көпестеріне арналған жарлығының латыншадан орысшаға қалай аударылғанына назар аударалық. Оның алғашқы сөйлемі: «Предвечного бога силою, великого гения-хранителя покровительством, мой, Джанибека, указ Монгольского государства правого и левого крыла огланам, тем, под началом с Могулбугой, тысяч, сотен и десятков князьям, даругам-князьям Азова под началом с Черкес-ходжой, таможникам и весовщикам, заставщикам и караульщикам, многим людям, идущим по какому-нибудь делу, всем..» деп басталады (Сонда. 46-б.).

Егер мұны кезінде әйгілі орыс түрктанушысы Березин, сондай-ақ өзіміздің Шоқан Уәлиханов зерттеген Тоқтамыс ханның поляк князі Ягойлаға, сондай-ақ Қырым түменінің бектеріне қыпшақша жазылған жарлықтармен сабақтастыра қарасақ, оның әу бастағы төл түпнұсқасы мынадай түрде қағазға түсті деп табар едік. «Аллаға беріліп, оның игі ісі мен қайырым рақымына үміт артамын. (Яғни «ғала аллаһи тауаккалту уа ғала карамих уа ахсаники ғаууаалту» деген арабшадан аударма). Менің Жәнібек сөзім, Моғол ұлысының Моғұлбүға басшылық ететін оң қол, сол

қол оғландарына, Азаудың Шеркесқожа басшылығындағы мыңбасы, жүзбасы, онбасы бектеріне, даруғаларына, тамғашы, тартынақшыларына, бұқаул, тұтқауылдарына, көп адамдарға, кей жортар жолаушыларына, баршаға». Соңғы атаулардағы: даруға сөзі – аймақ әмірі, тамғашы – кеденші, тартынақшы – таразышы, бұқаул – табысты реттеуші, жортар – жүргінші деген мағыналарды беретінін еске саламыз (Ибатов А. ХІҮ ғасырдағы хандар жарлықтарының тілі. Алматы: Ғылым, 1990. 12-29-б.).

Венеция көпестеріне Азау қаласынан арнайы жер бөліп беру, сауда-саттықтарын жүргізу, салық төлеу, кемелерден баж алымын алу, туындаған дауларды шешу мәселелері жүйе-жүйесімен қарастырылған алтамғалы (қызылтамғалы) жарлықтың соңында оның жылқы жылының оныншы айында (1342 жылдың 30 қарашасы), орда Балысырда тұрғанда жазылғаны көрсетіледі. (Балысыр Азау теңізінің теріскейіндегі құмдауыт түбек).

Жарлықтың ең төменгі жағында оны Венеция елшілерінің қолына салтанатты түрде ұстатқан Алтын Орданың дүмді сегіз бегінің есімдері де тізілген еді. Сонда ең бірінші боп– Нағанай есімі жазылып тұр. Одан кейінгілері – Әли, Моғұлбұға, Ахмет, Беклеміш, Құртқабашы, Құтлықтемір, Айтемір секілді бектер. Бұны Нағанайдың ордадағы бедел-биігінің сол кезде қандай деңгейде екендігін байқататын салмақты деректің бірі ретінде қабылдауға болады. Яки Ұлұғ ұлысты ерекше дәуірлеткен Өзбек хан билігінің соңына дейін де (Өзбек содан бір жыл бұрын, 1341 жылдың күзінде ғана дүниеден озған болатын), қоңыраттардың сонау Салжұдай бек заманынан бергі ордадағы биік мәртебелі орнының мығым күйінде екені байқалады. Хан әулетіне әрі нағашы, әрі жиен боп келетін бұл тайпа бектерінің әлі де іс басында, алдыңғы лекте отырғанын көреміз. Өзбектен кейін хандық таққа отырған Жәнібек (1342-1357) те өзінің бел құдасы, кіші шешесі Кебектің әкесі, әрі туған қарындасы Шекербикенің қайынатасы Нағанайды билікке жақын ұстайды. Мұны ол шыққан әулет өкілдерінің атадан балаға ауысып келе жатқан мәртебелі орнына сәйкес, есімінің тізімде бірінші боп жазылып тұрғанынан да анық пайымдауға болады.

Жарлық соңында тізімде тұрған бектердің бірсыпырасы да, біраздан орда төңірегінде жүрген шонжарлар немесе солардың ұрпақтары еді. Екінші тұрған Әлидің есімі бізге Баттута жолжазбасынан таныс. Ол Өзбек ханның Ордаша бегім атты ханымының (беклербек үйсін Исабектің қызы) сіңлісін алған, бір жағынан ханға туған бажа, Исабекке бел күйеу бала есебіндегі бек. Сондай-ақ тізімдегі Ахмет, Беклеміш атты есімдерді, шамасы, кейіннен орыстың Ахметовтар, Беклемішовтар секілді түрктен тараған әулеттерінің түп-тегі ретінде жорамалдауға болады. Құртқабақшы – ордадағы іс қағаздарын жүргізуші, бітікші, яки кеңсе бастығы дегенді білдіреді. Ал Құтлықтемір – Баттута ордаға саяхаттап келген кезде Қырымның даруғасы болған қият Төлектемірдің баласы. Тізімнің соңындағы Айтемірдің кім екені белгісіз, дейді зерттеушілер.

Арада біраз жылдар өткенде, яки 1358 жылы Жәнібек ханның баласы Бердібек ханның да Венеция көпестеріне қатысты кезекті жарлық шығаруының реті келіпті. Әрине бұл кезде Нағанайдың шау тартып, әрі аяғының ауруы да тіптен асқынып, қимыл-қозғалыстан қалған шағы. Алайда бұл әулеттің орда бектері арасында алғашқы боп аталатын мығым орны со күйінде сақтаулы. Дәлірек айтқанда, оның орнында тізімде бірінші боп баласы Құсайынсопының (Аққұсайынсопы) есімі жазылып тұр. Нағанайдың билікке белсене араласқан Аққұсайынсопы және Жүсіпсопы есімді екі баласы болған. Өзбектің туған күйеу баласы Аққұсайынсопының да билікке кәдімгідей кіріскенін осы жарлыққа есімі бірінші боп енуінен де байқау қиын емес. Ол тізімде әкесі Нағанай сияқты, Бердібек ханның бас беклербегі қият Моғұлбұғаның, бас уәзір Сарайтемірдің (қоңырат Құтлықтемірдің інісі) де алдында тұр. Олардан кейінгілер де осал емес. Бахрин тайпасының көсемі Тоғлұбай мен қият бегі Құтлыбұға.

Нағанай балаларының есімдеріне сопы қосымшасының жалғануы, олардың хорезмдік сопылар бауырластығына қатысы барлығын аңғартады. Бір кездерде олардың туысы Құтлықтемір ұлұғбек те осы тариқат талаптарына сай қимыл-әрекет жасай жүріп, Жошы ұлысында мұсылмандықты орнықтыру ісін жүзеге асырған еді. Демек, Нағанайдың ұлдары да қоңыраттардың төл ұлысында өркен жайған сол рухани ілімнің жолын қуған мұсылман басшылары қатарында болған. Бұл ретте сол дәуірлерде сопылықтың әдебі мен тәртібін Бейбарыс, Бабыр, Мұхаммед Хайдар Дулати секілді түрк текті патшалар ұстанғанын еске сала кету де артықтық етпейді. Нағанай ұрпақтарының дінге жақын болғандығын, Баттута жолжазбасындағы «ұлысбектің қызы Кебек ханым құран кітабын оқып отыр екен», деген жолдардан да байқар едік.

Өзбек пен Жәнібек хандар басқарған жылдарда мейлінше өркендеген Алтын Орда Бердібектің екі жылдай ғана уақытқа созылған билігі (1357-1359) кезінде кері кете бастайды. Ақыры өзінің бар бауырларын қырып тастап таққа мінген Бердібектің өмірі де шолақ болды. Бір дереккөздерде ол сырқаттан қайтты делінсе, екіншісінде кісі қолынан қаза тапты (Почекаев Р.Ю. Ханы Золотой Орды. СПб.: Евразия. 2010. 199-200-б.), делінеді. Ол қайтыс болғаннан кейін, дағдарысқа киліккен Ұлұғ ұлыс ыдырап, жиырма жылдай уақытқа созылған аласапыран кезеңді бастан кешті. Ұсақ иеліктерге бөлініп ап, бірінің түбіне бірі жеткен, бір билеушіні екінші билеуші сақаша алмастырған келте хандар заманы басталды.

Бердібектен кейінгі бір тақ таласы кезінде Нағанай да басқа белгілі бектермен бірге қазаға ұшырады делінеді. Дегенмен дағдарыс басталған кезде оның балалары Аққұсайынсопы мен Жүсіпсопы ана жылдары Құтлықтемір ұлысбек боп басқарған, кейін Нағанайға ауысқан, әу бастан қоңырат бектерінің еншісіне тиген Хорезм ұлысын Алтын Ордадан бөліп алып, дербес мемлекет етіп құрып та қойған еді. Қоңырат әулеті құрған бұл ұлыстың алғашқы әмірі болған Аққұсайынсопы 1359-1372 жылдар аралығында билік жүргізді. Қоңырат ұлысы күшейіп алған соң іргедегі

Шағатай ұлысына айбат шегіп, 1365 жылы оның құрамындағы Қият пен Хиуаны өзіне қосып алып, баяғы Хорезмшахтар мемлекетіне етене аймақтарды түгендей бастапты. Бірақ, содан кейінгі жылдары Шағатай иеліктерін біртіндеп өзіне қарата бастаған жаужүрек Әмір Темір (Ақсақ Темір) қолбасшы ол қалаларды қайтарып беруді талап етіпті. Құсайынсопы оған көнбегесін, Темір оған қарсы соғыс жариялап, 1872 жылы Үргенішті қоршайды. Сол қорғаныс шайқасы кезінде Құсайынсопы қаза табады. Оның орнына билікке келген Жүсіпсопы амал жоқ Әмір Темірмен келіссөзге шығып, Қият пен Хиуадан бас тартуға мәжбүр болады. Темір онымен қоса, Құсайынсопының қызы Сүйінбике сұлуды (Өзбек ханның жиені) баласы Жаһангерге ұзатуды талап етеді. Келесі жылы Самарқан төңірегіндегі Темірдің жазғы ордасында әмірзада Мұхаммед Жаһангер мен Сүйінбике арудың үйленуіне арналған теңдессіз той өтеді. Әмір Темірдің төңірегіндегі жылнамашылар Нағанайдың осы немере қызының есімін көбіне Ханзада деп жазады (Фасих Ахмад ал-Хавафи. Фасихов свод. Ташкент. Фан. 1980. 97-98-б.).

Әмір Темір туған құдасы болса да Жүсіпсопының Хорезмді билеуіне одан әрі көп ерік бере қоймайды. Қоңырат әмірлері тағы біраз жыл билік құрғандай болғанымен, Ақсақ Темір мен Жошы ұлысын қайта қалпына келтіргісі келген Тоқтамыс хан арасындағы кикілжің таластардың өтінде қалған аймақтың мазасы жылдан жылға кете бастайды. Ақыры Нағанай ұрпағы Сүлейменсопының Тоқтамыстың айдап салуына еріп, Темірге қарсы кәдімгідей көтерілуінің соңы – Әмір Темірдің 1388 жылы Үргенішке жойқын шабуыл жасап, Қоңырат әулеті мемлекетін жойып жіберуімен тәмәмдалады. Темір Үргеніш жұртын Самарқанға көшіріп, шәһардың орнын тып-типыл тегістеп, орнына арпа егуге бұйрық береді. Әмірдің сарбаздары он күндей аса бай да гүлденген қаланы тонап, қиратып, ойранын шығарады. Ұлыс түгелімен Темір империясының құрамына қарайды (Якубовский А.Ю. Тимур // Тамерлан: эпоха, личность, деяния. М.: Гураш.1992. 31-32-б.).

Елі ауа көшкен Үргеніш шәһары осыдан кейін-ақ қайта оңалмайды. Әрі оған ХҮ ғасырдың басынан бастап, табиғаттың ауысуынан туындаған экологиялық жағдай да әсерін тигізбей қоймайды. Әмудария арнасының өзгеріп, қаладан қырық шақырымдай қашықтыққа аунап кетуі салдарынан, байырғы астана аймағы қуаңшылыққа ұрынып, ақыры ол бір көшеден ғана тұратын шағын мекенге айналады. Шәһардың Үргеніш атауы 1645 жылдары одан оңтүстік-батысқа қарай 190 шақырымдай жерде ірге көтерген жаңа орталыққа ауысып, ол Жаңаүргеніш аталады. Сонау ғасырларда айбынды хорезмшахтар мемлекетінің, одан кейіндері Нағанай балалары құрған Қоңырат әулеті ұлысының елордасы болған бағзы Үргеніш шәһары Көнеүргеніш деген атқа иеленеді. Аймақ орталығы Хиуа шәһарына көшірілуіне байланысты, енді ұлыс та Хиуа хандығы деп атала бастайды.

Кейінгі орта ғасырлық мұсылман дереккөздерінде Нағанай есімі әрдайым еңбегі елеулі тұлғалар қатарында аталатыны назар аудартады.

ХІҮ ғасырдың басында өмір сүрген Муин ад-Дин Натанзи жазған, Бартольд «Ескендір анонимі» деп шартты ат қойған парсыша шығармада «Өзбек тарапында Әмір Нағадайдай елеулі тұлға болған емес, білетін көзіқарақты жандар оған тек Шәдібек тең еді деседі» деген жолдар бар (Аноним Искандара // История Казахстана в персидских источниках. ІҮ том. А.: Дайк-Пресс. 2006. 263-б.).

ХҮІ ғасырдағы хиуалық тарихшы Өтеміс қажының «Шыңғыс-наме» шығармасында «Хәрәзм уәлаятының һәкімі қоңырат Нағадайоғлы Аққұсайын» туралы да сөз болады. Онда Аққұсайын да әкесі Нағанай сияқты ел билеген беделді тұлға, шамына тисе хорезм әскерін жиып, сол кезде дағдарысқа малтыққан Сарай уәлаятының (Алтын Орданың) өзіне де жорыққа аттанып, Тайдулы бегім таққа отырғызған Базаршы ханды орнынан алып, Маңғытайұлы Хызырға тақты алып беретін құдіретке ие адам ретінде бейнеленеді (Өтеміс қажы. Шыңғыс-наме // Қазақстан туралы түркі деректемелері. І том. А.: Дайк-Пресс. 2005. 230-231-б.).

1760 жылдардан бастап Хиуа хандығының билігіне қайтадан Нағанай ұрпақтарының келу үрдісі байқалады. Соған дейін де тақ төңірегіндегі жоғарғы орындарға тағайындалып жүрген қоңырат шонжарларының арасынан Ішмұхаммед би жаңа қоңырат әулетінің негізін қалайды. Бұл әулет өздері хан тұқымы болмағаннан кейін, таққа кейде қазақ сұлтандарын да шақырып, мәртебелеген сияқты болғанымен, өздері инақ деген лауазымға иеленіп негізгі билікті қолдарында ұстап отырды. Содан олар 1920 жылға дейін Хиуа хандығының тізгінін қолдан шығарған жоқ. 1800 жылдардан бастап өздеріне де хандық лауазымды заңдастырып, бір орталыққа біріккен қабырғалы мемлекет басшыларына айналады. Хиуа тарихшыларының жазбаларында сол қоңырат билеушілерінің бәрінің Өзбек ханның замандасы болған, асыл сүйегі көне Қият қаласындағы Аббас Уәли шейхтың мазараты қасында жерленіп, басына биік кесене орнатылған Нуғдай бидің (Нағанайдың) ұрпақтары екендігі әрдайым назарға алынады. (Бартольд В.В. Новый источник по истории Хорезма // Работы по источниковедению.ҮІІІ т. М.: Изд. Вост. Лит-ры. 1973. 575-578-б.).

Олар өздерінің хандық билігі әбден дәуірлеген жылдары, бабалары Нағанай мен оның ұрпақтарына астана болған Көнеүргенішті қайтадан орталық етудің де жолдарын қарастырыпты. Шәһарға су жеткізетін арнайы арық (оман) қазылып, Мұхаммед-әмин ханның билігі кезінде (1845-1855) астананы Хиуадан ежелгі орнына көшірмек бопты. Нағанай заманындағы сәулетті орданың орнына «Хорезм бақ» деп аталатын мығым бекініс те салдырыпты. Алайда Мұхаммед-әминнің өзі түрікмендермен өткен бір шайқаста қаза тауып, жоспарланған бұл іс аяқсыз қалыпты. Артынша 1873 жылы Хиуа хандығы Ресей империясының қарамағына еніп, хандық билік сол күйі сақталғанымен, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен заман басталады. Көнеүргеніш сол шағын кент күйінен өспей қалады. Бүгінде ол Түрікменстанның Ташауз уәлаятына қарайтын Көнеүргеніш атырабының әкімшілік орталығы ғана. Баяғы Хорезм мемлекеті замандарынан ежелгі өркениеттер астанасы ретінде танылған қалада бағзы дүние жәдігерлеріндей боп бірқатар сәулет ескерткіштері әупіріммен сақталып қалған. Солардың арасында қоңырат Құтлықтемірдің ұлысбектік билігі кезінде салынған биіктігі алпыс жеті метрлік Құтлықтемір мұнарасы, әйгілі сопы ғұламасы Нәжмәддин Кубраның зәулім кесенесі, Нағанай балаларының билігі кезінде тұрғызылған Төребике бегімге (Құтлықтемірдің зайыбы) арналған сәнді кесене, хорезмбах, тасқала сарайларын, Моңғол жорығына дейін салынған хорезмшах Текешке арналған кесене секілді тамаша ғимараттар әлі де көздің жауын алады (Куня-Ургенч // «Википедия» энциклопедиясы)…

Нағанай бек және оның заманы

 

Қазақ хандығы тарихының оның алдындағы Жошы Ұлысы (Ұлұғ ұлыс, Алтын Орда) заманымен тығыз сабақтасып жатқаны тарихшыларға жақсы мәлім. Әуелде Алтын Орданың хандық тағына отыру құқығы Жошының үлкен баласы Орда-Еженге тиесілі болғанымен, ол өзінің ағалық жолын бір шешеден туған інісі Батуға беріп, өзі сол ұлыс құрамына енетін Ақ Орданы (сол қанатты) басқарды. Ақ Орданың аумағы Орталық Қазақстан жерін Сырдария алабымен қоса қамтып жатты. Өзбек ханның (1280-1342) тұсында Жошы ұлысы төрт ірі әкімшілік аймаққа: Сарай, Хорезм, Қырым және Дешті-Қыпшақ ұлыстарына бөлінді. Оларды Алтын Орда билеушісі бекіткен ұлысбектер басқарды. Ұлысбектердің ең үлкені беклербек деп аталды. Беклербек немесе Ұлұғбек – бектердің бегі, яғни ең үлкен (ұлұғ) бек деген мағынаны білдіреді. Ол мемлекеттегі ханнан кейінгі екінші лауазым, бас уәзір.

Жошы ұлысы құрылған 13 ғасырдың ортасынан бастап 15 ғасырға дейінгі аралық бүкіл Дешті Қыпшақ даласындағы түрк тайпалары үшін біртұтас саяси, рухани, экономикалық, тілдік кеңістік қалыптасқан заман ретінде сипатталады. Оны сол дәуірде айбыны биік Алтын Орда империясының мемлекеттік тілінің бүгінгі қазақшаға жақын «көне қыпшақ» тілі деп аталатын тілде жүргізілгенінен, бүкіл дештіқыпшақтықтарға ортақ болған сол тілде ғажайып әдеби шығармалардың дүниеге келгенінен, Жошы ұлысы хандарының да түрктеніп, Ордадағы билік тұтқаларына түрк тайпаларынан шыққан бектер мен қолбасшылардың да молынан иелік ете бастағанынан байқауға болады. Сол замандарда Алтын Орда аумағында құман (көнеқыпшақ) тілінің үстемдік құрғанын, шет жұрттықтардың осы тілді білу үшін арнайы сөздіктер жасағаны да аңғартады. Солардың бірі 1303 жылы дүниеге келген латын-парсы-құман және құман-неміс сөздіктерінен тұратын «Кодекс куманикус» (Құман тілі сөздігі) атты жазба мұра еді. Оның мәтіндерінен бүгінгі қазақ тілінде кездесетін талай сөз маржандарының сол кездегі нұсқаларына ұшырасасыз.

Қазақ шежіресіндегі қоңыраттардың түп атасы ретінде сипатталатын Нағанай бек те дәл сол – Алтын Орданың мәртебесі аса биіктеп, ерекше шарықтаған шағында билік құрған Өзбек ханмен жасы шамалас және оның баласы Жәнібек ханның (1357 жылы қаза тапқан) кезінде де Орданың әйгілі тұлғаларының қатарында саналған атақты ұлысбектердің бірі.

Бұл ретте қазақ шежіресіндегі қоңыраттың түп атасы Нағанайдың отыз баласы бопты, қазіргі қазақ қоңыраттары оның Жығалы, Мелдеби, Орынби деген үш баласынан өріпті, қалғандары Жиделі-Байсын жақта екен, делінетін

әпсананың халқының жартысы қоңыраттардан тұратын қарақалпақ халқында да бар екенін еске саламыз. Олардағы ерекшелік Нағанайдың Нағадай деп аталуында ғана. Мәселен, қарақалпақтың ұлы ақыны Бердақ Қарғабайұлының (руы қоңырат) «Шежіре» атты шығармасында:

«Нағадай бий йурт ағасы,

Жумлә Қоңыраттың бабасы,

Отыз уғылның атасы,

Уғлы отыз болған екен, –

дейтін жолдар бар (Бердақ. Таңдамалы шығармалары. Нөкис: Қарақалпақстан, 1987. 273-б.). Осы шығарманың тағы бір шумағындағы: «Нағадайдың отыз уғлы, Ебен-Себен еки қулы» деген жолдар да қазақ қоңыраттары шежіресіндегі: «Нағанайдың отыз ұлы және Емен, Семен деген екі құлы болған. Нағанай ол екеуін де өз балалары санағандықтан, отыз екі баласы бар делінеді»; «Нағанай Үргенішке (Хорезмге) барғанда оған Емен, Семен деген екі құл беріпті. Нағанай ол екеуін де құлдықтан азат етіп, өзіне бала қылып алыпты. Соларды қосқанда, Нағанайдың отыз екі баласы бопты», дейтін қосымша тәптіштеулермен қабысып жатады.

Хорезм, Үргеніш өңірін мекендеген қарақалпақ қоңыраттарының Нағанайды «жумлә қоңыраттың бабасы» деп атауында да өзіндік үлкен себеп бар. Өйткені Нағанай мен оның ұлдары кезінде Алтын Орданың бір бөлігі болған қуатты Хорезм ұлысын билесе, кейінгі дәуірдегі ұрпақтары сол ұлыс аумағында құрылған Хиуа хандығының тағына талай жыл иелік етті. Сондықтан да қарақалпақ қоңыраттары өздерінің шежірелік деректерін осы аймақ үшін атағы зор Нағанай есімімен тығыз сабақтастықта қарастырады. Бұл ретте қарақалпақтарда Нағанайды тіпті күллі «32 баулы өзбектің» атасы ретінде санайтын шежірелік нұсқалар да кездеседі. Ол бойынша, Әнес бабадан – Қазақ пен Созақ, Созақтан – Жайылған мен Сейілхан. Жайылғаннан – Нағадай, Нағадайдан – 32 баулы өзбек, солардың бірі – қарақалпақ, Сейілханнан – түрікмендер тарайды делінеді (Жданко Т. А. Каракалпаки Хорезмского оазиса // Труды Хорезмской экспедиции. Т. 1. — М., 1952. — С. 485).

Әдетте Жошы ұлысы заманының беделді тұлғалары мен әулеттері туралы дереккөздерден Мөңке-Темір, Тоқтай, Өзбек, Жәнібек сынды Алтын Орда хандары кезінде тақ мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен, сондай-ақ Ұлығ ұлыста исламның мемлекеттік дін ретінде орнығуына өз үлестерін қосқан түрк бектеріне қатысты дәйектер баршылық. Оларда Жошы ханның жеке еншісіне Хорезм мен Дешті-Қыпшақ аумағы тигеннен кейін, ұлыстың күнгейіндегі Хорезм-Үргеніш өңірі мен одан теріскейге қарай жатқан аймақтарды Шыңғысхан әулетінің бағзыдан бергі негізгі құдандалы жұрты – қоңырат бектерінің басқаруына бергені айтылады. Мәселен, Өзбек ханның алдындағы Тоқтай ханның тұсында әйгілі беклербек ретінде танылған, Алтын Ордада ислам дінінің орнығуына зор үлес қосқан Құтлықтемір ұлұғбек те сол Хорезмді билеген қоңырат бектерінің бірі еді. Құтлықтемір беклербек Алтын орданың билеушісі Тоқтай хан қайтыс болғаннан кейін Орда ішіндегі туындаған тартыстар кезінде жас Өзбек ханды таққа отырғызуға байланысты оған ерекше қолдау көрсеткен тұлға. Соның арқасында ол Өзбек ханның ең сенімді бектерінің біріне айналады. Мұны Өзбек хан тарапынан жазылған хан жарлықтарында оның есімінің бірінші боп жазылуынан да байқауға болады. Өмірінің соңғы жылдары ол өз иелігіне берілген Үргенішке келіп Хорезм ұлысының ұлысбегі қызметін атқарады. Сол жылдарда Алтын Орда жеріне арнайы саяхаттап келген араб жиһангезі Ибн Баттута қалдырған аса құнды жазбалардан, біз Құтлықтемірді сол заманның ерекше көрікті қалаларының бірі Үргеніш шаһарын басқарып отырған қалпында көреміз. Араб жиһангезі келіп кеткеннен кейін бір жылдан соң, 1335 жылы Құтлықтемір ұлысбек қайтыс болған кезде, сол дәуір жылнамашылары оны «Өзбек хан ұлысының басты тірегі болған Құтлықтемір сынды ардақты патшамыздың демі үзілді» деп жазды (Фасих Ахмад ал-Хавафи. Фасихов свод. Ташкент. Фан. 1980).

Осы Құтлықтемір – бір жағынан Мұхаммед Хорезми ақынға Алтын Орда заманы ұлы шығармаларының бірі «Мұхаббат-наме» дастанын жазуға тапсырыс берген Мұхаммедқожа бектің де туған ағасы. Сыр бойындағы Жәнібек хан ордасында жазылған ол дастанның:

О, арыстан жүректі, Қоңырат ұрығы,

Кіші жастан ұлықтардың ұлығы.

Бақыт – көзі, берекет – кеніші,

Мұхаммедқожа бек әлемнің қуанышы.

Еліміз жансыз тән еді бұрын сенсіз,

Шахтың шахы Жәнібек ханға етенесіз, –

деген шумақтардан басталатыны мәлім:

Әйгілі араб саяхатшысы Әбу Абдаллах Ибн Баттутаның (1304-1377) жазбаларында Азау қаласының даруғасы (әмірі) болған осы Мұхаммедқожа әл-Хорезми туралы айтылған тұстар бар. (Азауға Қырымның ұлысбегі Төлектемірдің сапармен келуіне орай үлкен қонақасы берілгенде, Баттута сол дастарқанның сыйлы меймандарының бірі болады. Жылқы еті, қымыз және боза молынан тартылған астан кейін құран оқыла бастады, деп жазады жиһангез. Оны құранның соншама әдемі маһаммен оқылғаны риза етеді, сондай-ақ уағыз айту кезінде, әуелі оның арабша, содан соң түркше қайталанғанын атап өтеді. Құраннан кейін мәнерлеп өлең оқу мен ән салуға кезек келіпті. Алдымен арабша, сосын парсыша мен түркшеге ауысыпты. Кәдімгідей ән мен поэзия сайысы салтанат құрыпты (Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды // История Казахстана в арабских источниках. 1 том. А.: Дайк-Пресс. 2005. 213-214-б.). Мұхаммедқожа бектің шаңырағында өткен осы кешті сипаттаудың өзінен-ақ сол заманда орда маңында қалыптасқан рухани өмірдің бітім-тынысын байқау қиын емес. Түрк бектерінің мәдениетке осылайша көңіл бөлуінің арқасында, Алтын Орда заманында орта қыпшақ тіліндегі бай әдеби мұра жасалды. Құтб, Хорезми, Сайф Сарай, Әли және басқа да қаламгерлердің шоқтықты шығармалары дүниеге келді).

Құтлықтемірдің тағы бір інісі Сарайтемір де көп жылдар бойы Ордадағы ең жоғары қызметтерді атқарған. Жәнібек хан 1356 жылы Әзербайжанды жаулап алған кезде, аймақ орталығы Тебризге баласы Бердібекті ұлысбек етіп қалдырады да, оның қасына Сарайтемірді уәзір етіп бекітеді. Бердібек келер жылы әкесі Жәнібектің науқастанып қалғанын естігесін, тақтан айырылып қалам ба деген қауіппен дереу ордаға қайтады. Бар туысқанын қырып, таққа отырған соң, Бердібек хан қият Моғұлбұғаға беклербек қызметін, Сарайтемірге одан кейінгі уәзірлік лауазымды беріп, оған орданың бүкіл қаржы ісін басқаруды тапсырады. Алайда екі жылдан кейін, кей тарихшылардың топшылауынша, Бердібектің өзі де сондай зұлым қастандықтың құрбанына айналады. Онымен бірге жанында жүрген талай адам да ажал тырнағына ілігеді. Солардың бірі Сарайтемір болатын. Өтеміс қажының жазуынша, Бердібек үш жыл патшалық құрып барып, науқастан қайтқан (Өтеміс қажы. Шыңғыс-наме // Қазақстан туралы түркі деректемелері. І том. А.: Дайк-Пресс. 2005. 230-231-б.). Бердібектің өлімімен Бату ұрпақтарының Алтын Ордадағы ұзақ әулеттік билігі аяқталып (қазақ арасында оны «Нар мойыны Бердібекте кесілді» деп айтады), жиырма жылдай уақытқа созылған аласапыран кезең басталған еді.

Нағанайдың да Жошы ұлысындағы қызметі әйгілі беклербек ағасы Құтлықтемірге ұқсас. Оның есімі де хан жарлықтарында Құтлықтемір сияқты, бірінші боп жазылады. Ол да Құтлықтемір секілді Ордадан кеткеннен кейін Хорезм аймағына барып, Жошы ұлысы ыдырар алдында Үргенішті билейді. Өздері бір-біріне туыс қана емес, хандармен жекжаттықтары да жақын. Құтлықтемірдің өз басы Өзбек ханның әпкесін алған, баласы Һарунбекке Өзбектің Тайдулы ханымнан туған қызын әперген, орданың сарысүйек құдасы болса; Нағанай да қызы Кебек бегімді Өзбек ханға екінші ханым етіп ұзатқан, сонымен бірге Өзбек ханның тағы бір қызы Шекербикені баласы Аққұсайынсопыға әперген һәм қайнаға, һәм бел құда болып келеді.

Жошы ұлысы заманына қатысты жазба дереккөздерге Нағанай бектің есімі қарақалпақ шежіресіндегідей, Нағадай, Нағатай немесе Нуғдай, Нангудай, Янгудай түрінде әртүрлі боп түскен. Егер мерзім жағынан дәйектер болсақ, Нағанай есімінің тарихта алғаш рет қағазға түсіп таңбалануы Ибн Баттутаның арқасында жүзеге асқанын көреміз. 1334 жылы Жошы ұлысын аралап жүрген ол, Өзбек ханның Бестау маңына жайлауға шыққан жазғы ордасына барғанда өзінің осы бекпен тікелей жолыққанын жазады.

Жиһангездің хан ордасы мен оның төңірегіндегі берекелі де бақуатты тірлікті қаз-қалпында бейнелеуі – этнографиялық тұрғыдан аса құнды мағлұматтарды ортаға тартады. Баттутаның бұл жазбаларын Ұлұғ ұлыстың сол дәуірдегі дәулетті, мамыражай тыныс-тіршілігі туралы энциклопедиялық деңгейдегі жинақ десе де болады. Мұны Өзбек ханның ханымдары (қатундары) көшінің жайлауға қалай беттеп келе жатқандығы суреттелген жолдардан да айқын байқау қиын емес. «… Әрбір қатун күймелі арбамен

жүреді. Күйме шатыры алтын жалатқан күмістен не оймышталып боялған ағаштан жасалған. Арбаны сүйрейтін аттар жібек жабулы. Аттардың бірінің арқасында отырған айдаушы бозбаланы ұлақшы деп атайды. Күймедегі қатунның оң жағында әжептеуір егдерген кәрі әйел, оны ілуқатун (көмекші) деп атайды, сол жағында құжыққатун (киіндіруші) аталатын егде әйел. Қатунның (ханымның) қарсы алдында жүзіктің көзінен өткендей сұлу, өрімдей алты қыз. Ал арт жағында арқасын сүйеп отыру үшін дәл сондай тағы екі қыз жайғасқан. Қатунның басында төбесіне тауыстың әсем қауырсынын бекіткен, қымбат асыл тастармен безендірілген тәж, үстінде алтын-күміс, асыл тастан көз қарыққан жеңіл желбегей шапан. Ілуқатун мен құжыққатунның бастарында зерлі кимешек. Қыздардың басында төбесіне тауыс қауырсыны тағылған, асыл тастармен безендірілген шошақ тебетей. Бәрі де асыл тастары жарқ-жұрқ еткен жібек көйлек киген. Қатун көшінде он-он бес шақты, үстерінде жібектен тігіліп, алтынмен зерленген, асыл тастармен әрленген киім киген византия немесе үнді бозбалалары. Олардың қолында алтын, күміс немесе сол алтынмен апталып, күміспен күптелген асатаяқ. Қатун көшінің соңында 100-ге тарта басқа арбалар. Олардың әрқайсында үстеріне жібек киім, бастарына шошақ бөрік киген төрт-бес қызметші әйел. Олардың соңында түйе, өгіз жегілген 300-ге жуық арба, оларда қатунның қазынасы, дүние-мүлкі, киім-кешегі, ас-суы артылған…» (Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды // История Казахстана в арабских источниках. 1 том. А.: Дайк-Пресс. 2005. 219-222-б.).

Араб саяхатшысының жолжазбасынан дәл осындай салтанатты қатун (ханым) көшімен Нағанай бектің қызы Кебек бегімнің де жайлауға келгенін байқаймыз. Елде Өзбек ханның сыйлы қонағы ретінде жүрген Баттутаның бірер күннен кейін оның ханымдарының шаңырақтарына да ілтипат білдіріп бас сұғып шығатыны бар. Әуелі бас ханым Тайдулы бегімнің (Жәнібек пен Тыныбек ханзадалардың анасы) ордасында мейман болған соң, саяхатшы келесі күні ханның екінші ханымы Кебек бегімнің ордасына да ізет жасайды. Оның отауына кірген кезде ханым жайлы төсеніш үстінде киелі құран кітабын оқып отырыпты. Үй ішінде оншақты егде әйел мен жиырма шақты қыз зерлі киімдер тігумен айналысуда екен. Меймандардың иіліп амандасқан ілтипатына Кебек бегім соншама биязы түрде жауап беріп, әдемі тілектерін білдіріпті. Молда құран оқығаннан кейін, ханым сәнді тостағандармен қымыз алдырады. Солардың бірін бегім саяхатшыға деген құрметін білдіріп өз қолымен ұсынады. «Бұл Нағадай бектің қызы. Әкесін көрдім. Зор денелі кісі. Аяғына тұз байлану дертімен ауырады екен. Аяғын баса алмайтын болған соң, көбіне арбамен жүреді. Бір жерге бару керек болса, қызметшілері оны қолдарымен көтеріп алып келеді, соңыра солай алып кетеді», – деп жазады Баттута.

Нағанайдың арғы тегі кім? Ол қоңыраттың қай тұқымының ұрпағы деген сауалдарға жауап іздер болсақ, біз оны Алтын Орданың Тоқтай хан заманындағы (1291-1312) әйгілі қоңырат бектерінің ең мәртебелісі болған

Салжұдай ноянның төңірегінен табар едік. Бұл әмір туралы парсының атақты тарихшысы Рәшид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» кітабының «Қоңырат тайпасы» атты тарауы ғана емес, басқа да тұстарында біраз мағлұмат бар. Салжұдай Жошы ұлысының дүмді бектерінің бірі. Әкесінің аты Бұлаған ноян. Бұлаған бек – өз уақытында Шыңғыс ханның Еке Моғүл ұлысының төрт тірегі болған ұлдарының кенжесі, қара шаңырақ иесі Төленің туған немересі (оның Құтықты деген баласының қызы) – Келміш бикеге құда түсіп, баласы Салжұдайға алып берген. Салжұдай мен Келміш бикеден туған Олжай бегім Ұлұғ ұлыстың ханы Мөңкетемірге (1266-1282) шығып, екеуінің некесінен Алтын Орданың 1291-1313 жылдардағы билеушісі Тоқтай хан туған (Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Том 2. М.-Л. АН СССР. 1960. 84-85-с).

Рәшид әд-Диннің аса құнды шығармасында осы Тоқтайдың Жошы ханға шөбере боп келетін туысы, атақты қолбасшы, Дон өзенінен Дунайға дейінгі аралықты жеке өзі билеп-төстеген Ноғай беклербекпен қақтығысып қалуының бір себебі де Салжұдайға қатысты туындағаны жазылады. Тоқтай ханға туған қайнаға боп келетін Салжұдай өзінің баласы Байлаққа (Яйлақ) әйгілі хан тұқымы Ноғайдың қызы Қияқты (Қабақ) әперген екен. Алайда жас жұбайлар көп ұзамай біріне-бірі салқын тартыпты. Келін түртпектеуге ұшырапты. Қияқ бұл жайдан төркіндерін хабардар етіпті. Ноғай беклербек бұған кәдімгідей тулап, кезінде Тоқтайдың таққа отыруына өзінің ақылын да, айласын да аямай жұмсағанын алға тартып, енді сол еңбегімді еш қылып, билікті Салжұдайға беріп қойғаның қалай, деген ренішін білдіреді. Егер менімен дұрыс қатынаста болғың келсе, Салжұдайды Хорезмдегі өзінің ұлысына жібер, деген қатаң талапқа барады. Бұған Тоқтай хан: «Ол әкемдей болған адам, жасы кеп отырған бек, өзіме тәрбие берген, қалай шеттетемін» деген уәж айтып, көнбейтінін байқатады. Ақыры сол егес үлкен кикілжіңге ұласып, Ноғай мен Тоқтайдың арасындағы соғысқа ұрындырады. 1300 жылы Ноғай қолы жеңіліске ұшырап, қасында қалған он жеті адаммен қашып бара жатқанда Тоқтай ханның жасағындағы орыс сарбазының қолынан қаза тауып, бұ дүниеден өтеді (Сонда).

«Жамиғ ат-тауарих» жылнамасында Салжұдайдың Байлақтан (Яйлақ) басқа баласының есімі аталмайды. Дегенмен, осы орайда американдық ғалым Ю. Брегельдің ортаазиялық қоңыраттардың әулеттік тарихын зерттеген еңбегіндегі Ағадай баһадүрдің есімі аталатын дереккөзге назар аударған мақұл дер едік. Онда Ағадайдың 30 мың үйлі қоңырат пен 100 мың үйлі басқа да түрк жұрттарын басқарып, Бұлғар, Шеркес, Қазан ұлыстарын билегені, оның баласы Нағдайды (Нағанайды) Өзбек ханның Еділ дариясының төменгі ағысындағы елге би еткені, ол бектің Хорезмде жерленгені жазылыпты (Исхаков Д. Юго-восток Татарстана: проблема изучения этнической истории региона ХІҮ-ХҮІІ вв. // Альметьевский регион: проблемы историко-культурного наследия. Альметьевск, 1999. 15-20-с.).

Хиуа тарихшылары Ширмұхаммед Мунис (1778-1829) пен Мұхаммед Риза Агахидің (1809-1874) қыпшақшаға жақын тілде жазылған «Фирдаус ал-

Икбал» (Берекенің бейіш бағы) атты шығармасында да Бұлғарды біраз жыл билеген Ағадай баһадүр туралы айтылады. Ол орыстар мен шеркестерге қарсы жорықтарға шығып, ол жерлердегі Жошы хан заманынан бері қирап жатқан қалалардың қорғандарын қалпына келтіріпті. Мунистың жазуынша, Ағадай 1312-13 жылы өткен бір соғыста қаза тапқан. Ағадай туралы бұл мәлімет Ю. Брегель еңбегіндегі Өзбек ханның кезінде ұлысбек лауазымында болған Нағдайдың әкесінің аты Ағадай еді деген қисынды одан әрі дәйектей түседі (Зайцев И.В. Астраханское ханство. С. 14. Москва: Восточная литература, 2006. – 304 с.).

Нағанайдың есімі әр әдебиетте әртүрлі жазылатыны жоғарыда айтылды. Соңғы сөз болып отырған Ю. Брегель дереккөзінде де ол Нағдай деп түрленген. Осы орайдан алғанда Салжұдайдың баласының есімінің бірде Байлақ, бірде Яйлақ түрінде жазылуына қарап, оны Ағадай, Яғадай деп те, (тіпті Байлақтың ағасы не інісі ретінде де) топшылауға болатындай көрінеді. Егер кейінгі дереккөздің мерзімі мен кейбір қисындарына ой жіберсек те Ағадайдың өз әкесі Салжұдайға тиесілі болған жоғарғы дәрежелі ұлысбек міндетін атқарғанын байқаймыз (30 мың үйлі қоңырат пен 100 мың үйлі басқа руларды билейді). Рәшид әд-Дин шежіресінің мәліметі бойынша Салжұдай 1302 жылы дүниеден озған. Алтын Орда жылнамашылары Нағанайды 1360 жыл шамасында дүниеден өтті деп есептейді. Байлақтың 1300 жылы қайынатасы Ноғай қаза табардан үш-төрт жыл бұрын үйленгенін еске алсақ, оны (яки Байлақты немесе Ағадайды) 1280 жылдардың о жақ, бұ жағында дүниеге келді деп жорамалдар едік. Демек Салжұдай көз жұмғанға дейін де, оның жасы жиырмалардан асқан баласы Байлақтың (немесе Ағадайдың) әкесі атқарған жоғары лауазым мен оның қарауында болған ұлысты басқаруы өз қолына алғаны кәдімгідей илантады. Онда Нағанайдың осы Ағадай (Байлақ) бектің баласы болуы әбден қисынды. Яғни, Бұлағаннан – Салжұдай, Салжұдайдан – Ағадай (Байлақ), Ағадайдан – Нағанай. Бұлай деуге Нағанайдың жасы да үйлеседі. Оның 1313 жылы 15-16-сында таққа мінді делінетін Өзбек ханмен жасы шамалас екендігін қаперге алсақ, 1334 жылы Баттута жиһангез Жошы ұлысын аралаған кезде Нағанайдың қызы, ханның екінші ханымы боп отырған Кебек бегімнің жасын да сол шақта жиырмалар қарсаңында, деп қисындату шындықтан алыс кетпейді.

Бұл жерде Нағанайдың Өзбек ханға қайынаталығы мен Өзбектің қызын баласына алып беруінің аржағында, сонау Салжұдайдың Тоқтайға туған нағашылығынан басталған екі шаңырақ арасындағы жақын құдандалық үрдістің әрі қарай жалғасуы жатқаны айдан анық. Нағанайдың Салжұдай ұрпағы екендігі туралы бұл болжамды – Салжұдай бектің ордадағы әйгілі қоңырат ұлысбегі ретінде ылғи алдыңғы орыннан байқалар биік мәртебесінің, со қалпында кейіннен Ағадайға ауысқаны, одан Нағанайға өткені, одан соң Нағанайдың баласы Аққұсайынға дейін сабақтасқаны туралы мағлұматтар да жоққа шығармайды. Біз төменде назар аударғалы отырған құнды дереккөздер тізбегінде де сол дәйекті одан әрі тиянақтай түсетін тұстар баршылық.

Бұл дереккөздер «Алтын Орда хандарының жарлықтары» деп аталатын құжаттар шоғырынан тұрады. Ол жарлықтарда әдетте хан тарапынан қабылданатын заңдар, нормалар мен келісімдер, жеке аймақтарда сауда жасауға қатысты жон-жосық ережелері мен салық мөлшерлері, кей тұлғаларға берілетін жеңілдіктер сияқты әртүрлі мәселелер құқықтық негізде бекітіліп, мемлекеттік мәртебемен міндеттеліп жатады. Әуелде олар тек ханның өз атынан ғана жарияланатын дара билік пәрмені болып келсе, ХІҮ ғасырдың алғашқы жартысынан бастап, жарлықтар мәтініне Жошы ұлысының саяси өмірінде жетекші орындарға шыға бастаған беклербектер мен қарашы, ұлысбектердің де аты-жөндері қосыла бастайды.

Сондай маңызды құжаттардың бірі – ғылыми айналымда «Жәнібек ханның венециялық көпестерге 1342 жылғы жарлығы» деген атпен енген құқықтық дереккөз болып табылады. Әуелі сол дәуірде Алтын Орданың мемлекеттік тілі болып табылған қыпшақ тілінде жазылған бұл жарлық алдымен Азау қаласында итальян тіліне аударылып, одан Венецияға жеткізіліп, Венеция Республикасының сол кездегі ресми қағаздар тілі латыншаға тәржімаланғасын ғана елдегі сенат комиссиясының қарауына ұсынылыпты. Италия архивтерінде Алтын Орда билеушілері тарапынан жазылған мұндай жарлықтардың оншақтысы бар көрінеді. Көнеге ұқыпты Италия мұрағатшылары олардың бәрін шып-шырғасын шығармай қаттап сақтай берген. 1880-1889 жылдары Венецияда мемлекеттің маңызды келісімдері мен соларға қатысты құжаттар жинақталған екі томдық басылып шыққанда, архивте дайын тұрған осы хан жарлықтары кітапқа бір тарау ретінде енген. Кітапта итальян, латын тіліндегі аударма нұсқасымен ғана жарияланған ол жарлықтар, кейіннен сол тілдерден орысшаға тәржімаланып, зерттеушілер арасында талай уақыттан бері Алтын Орда тарихын қаузаудың құнды дереккөздері санатында пайдаланылып келеді. Әсіресе бұл ретте, кейінгі жылдары түрктанушы-деректанушы һәм роман тілдерінің мамандары А.П. Григорьев, В.П. Григорьев секілді петерборлық ғалымдардың қыруар істер атқарғанын атап өтуге болады. Олар Венецияда сақталған хан жарлықтарының әу бастағы түпнұсқасы қыпшақ тілінде жазылғандығын анықтау мақсатында көп еңбек етіп, жарлықтарда кездесетін тұлғалардың кім екенін нақтылау бойынша да тиянақты талдамалар жасады (Григорьев А.П., Григорьев В.П. Коллекция золотоордынских документов XIV века из Венеции. СПб. СПБГУ. 2002).

Ал жарлықтардың қыпшақша жазылған түпнұсқалары қайда болған еді? Сол дәуірде олар негізінен Азау қаласындағы Венеция консулдығының кеңсесінде сақталып келген екен. 1395 жылы Әмір Темір Жошы ұлысына жойқын шабуыл жасап, оны империя астанасы Жаңа Сараймен (Сарай әл-Жәдидпен) бірге қиратқан кезде, бұл аласапыраннан теңіздің алқымында тұрған сауда-саттық орталығы Азау шәһары да аман қалмайды. Әсіресе қаланың венециялық көпестер тұратын орамы ерекше бүлініп, түгелімен өртке оранады. Сонда консулдықтағы бар құжат күлге айналыпты, деседі венециялық дереккөздер.

Енді Жәнібек ханның 1342 жылғы венеция көпестеріне арналған жарлығының латыншадан орысшаға қалай аударылғанына назар аударалық. Оның алғашқы сөйлемі: «Предвечного бога силою, великого гения-хранителя покровительством, мой, Джанибека, указ Монгольского государства правого и левого крыла огланам, тем, под началом с Могулбугой, тысяч, сотен и десятков князьям, даругам-князьям Азова под началом с Черкес-ходжой, таможникам и весовщикам, заставщикам и караульщикам, многим людям, идущим по какому-нибудь делу, всем..» деп басталады (Сонда. 46-б.).

Егер мұны кезінде әйгілі орыс түрктанушысы Березин, сондай-ақ өзіміздің Шоқан Уәлиханов зерттеген Тоқтамыс ханның поляк князі Ягойлаға, сондай-ақ Қырым түменінің бектеріне қыпшақша жазылған жарлықтармен сабақтастыра қарасақ, оның әу бастағы төл түпнұсқасы мынадай түрде қағазға түсті деп табар едік. «Аллаға беріліп, оның игі ісі мен қайырым рақымына үміт артамын. (Яғни «ғала аллаһи тауаккалту уа ғала карамих уа ахсаники ғаууаалту» деген арабшадан аударма). Менің Жәнібек сөзім, Моғол ұлысының Моғұлбүға басшылық ететін оң қол, сол қол оғландарына, Азаудың Шеркесқожа басшылығындағы мыңбасы, жүзбасы, онбасы бектеріне, даруғаларына, тамғашы, тартынақшыларына, бұқаул, тұтқауылдарына, көп адамдарға, кей жортар жолаушыларына, баршаға». Соңғы атаулардағы: даруға сөзі – аймақ әмірі, тамғашы – кеденші, тартынақшы – таразышы, бұқаул – табысты реттеуші, жортар – жүргінші деген мағыналарды беретінін еске саламыз (Ибатов А. ХІҮ ғасырдағы хандар жарлықтарының тілі. Алматы: Ғылым, 1990. 12-29-б.).

Венеция көпестеріне Азау қаласынан арнайы жер бөліп беру, сауда-саттықтарын жүргізу, салық төлеу, кемелерден баж алымын алу, туындаған дауларды шешу мәселелері жүйе-жүйесімен қарастырылған алтамғалы (қызылтамғалы) жарлықтың соңында оның жылқы жылының оныншы айында (1342 жылдың 30 қарашасы), орда Балысырда тұрғанда жазылғаны көрсетіледі. (Балысыр Азау теңізінің теріскейіндегі құмдауыт түбек).

Жарлықтың ең төменгі жағында оны Венеция елшілерінің қолына салтанатты түрде ұстатқан Алтын Орданың әйгілі сегіз бегінің есімдері де тізілген еді. Сонда ең бірінші боп – Нағанай есімі жазылып тұр. Одан кейінгілері – Әли, Моғұлбұға, Ахмет, Беклеміш, Құртқабашы, Құтлықтемір, Айтемір секілді бектер. Бұны Нағанайдың ордадағы бедел-биігінің сол кезде қандай деңгейде екендігін байқататын салмақты деректің бірі ретінде қабылдауға болады. Яки Ұлұғ ұлысты ерекше дәуірлеткен Өзбек хан билігінің соңына дейін де, қоңыраттардың сонау Салжұдай бек заманынан бергі ордадағы биік мәртебелі орнының мығым күйінде екені байқалады. Хан әулетіне әрі нағашы, әрі жиен боп келетін бұл тайпа бектерінің әлі де іс басында, алдыңғы лекте жүргенін көреміз. Өзбектен кейін хандық таққа отырған Жәнібек (1342-1357) те өзінің бел құдасы, кіші шешесі Кебектің әкесі, әрі туған қарындасы Шекербикенің қайынатасы Нағанайды билікке жақын ұстайды. Мұны ол шыққан әулет өкілдерінің атадан балаға ауысып

келе жатқан мәртебелі орнына сәйкес, есімінің тізімде бірінші боп жазылып тұрғанынан да анық пайымдауға болады.

Жарлық соңында тізімде тұрған бектердің бірсыпырасы да, біраздан орда төңірегінде жүрген шонжарлар немесе солардың ұрпақтары еді. Екінші тұрған Әлидің есімі бізге Баттута жолжазбасынан таныс. Ол Өзбек ханның Ордаша бегім атты ханымының (беклербек Исабектің қызы) сіңлісін алған, бір жағынан ханға туған бажа, Исабекке бел күйеу бала есебіндегі бек. Сондай-ақ тізімдегі Ахмет, Беклеміш атты есімдерді, шамасы, кейіннен орыстың Ахметовтар, Беклемішовтар секілді түрк жұрттарынан тараған әулеттерінің түп-тегі ретінде жорамалдауға болады. Құртқабашы – ордадағы іс қағаздарын жүргізуші, бітікші, яки кеңсе бастығы дегенді білдіреді. Ал Құтлықтемір – Баттута ордаға саяхаттап келген кезде Қырымның бегі болған қият Төлектемірдің баласы. Тізімнің соңындағы Айтемірдің кім екені белгісіз, дейді зерттеушілер.

Арада біраз жылдар өткенде, яки 1358 жылы Жәнібек ханның баласы Бердібек ханның да Венеция көпестеріне қатысты кезекті жарлық шығаруының реті келіпті. Әрине бұл кезде Нағанайдың шау тартып, әрі аяғының ауруы да тіптен асқынып, қимыл-қозғалыстан қалған шағы. Алайда бұл әулеттің орда бектері арасында алғашқы боп аталатын мығым орны со күйінде сақтаулы. Дәлірек айтқанда, оның орнында тізімде бірінші боп баласы Құсайынсопының (Аққұсайынсопы) есімі жазылып тұр. Нағанайдың билікке белсене араласқан Аққұсайынсопы және Жүсіпсопы есімді екі баласы болған. Өзбек ханның туған күйеу баласы Аққұсайынсопының да билікке кәдімгідей кіріскенін осы жарлыққа есімі бірінші боп енуінен де байқау қиын емес. Ол тізімде әкесі Нағанай сияқты, Бердібек ханның бас беклербегі қият Моғұлбұғаның, бас уәзір Сарайтемірдің (қоңырат Құтлықтемір беклербектің інісі) де алдында тұр. Олардан кейінгілер де осал емес. Бахрин тайпасының көсемі Тоғлұбай мен қият бегі Құтлыбұға.

Нағанай балаларының есімдеріне сопы қосымшасының жалғануы, олардың хорезмдік сопылар бауырластығына қатысы барлығын аңғартады. Бір кездерде олардың туысы Құтлықтемір ұлұғбек те осы тариқат талаптарына сай қимыл-әрекет жасай жүріп, Жошы ұлысында мұсылмандықты орнықтыру ісін жүзеге асырған еді. Демек, Нағанайдың ұлдары да қоңыраттардың төл ұлысында өркен жайған сол рухани ілімнің жолын қуған мұсылман басшылары қатарында болған. Бұл ретте сол дәуірлерде сопылықтың әдебі мен тәртібін Бейбарыс, Бабыр, Мұхаммед Хайдар Дулати секілді түрк текті патшалар ұстанғанын еске сала кету де артықтық етпейді. Нағанай ұрпақтарының дінге жақын болғандығын, Баттута жолжазбасындағы «ұлысбектің қызы Кебек ханым құран кітабын оқып отыр екен», деген жолдардан да байқар едік.

Өзбек пен Жәнібек хандар басқарған жылдарда мейлінше өркендеген Алтын Орда Бердібектің екі жылдай ғана уақытқа созылған билігі (1357-1359) кезінде кері кете бастайды. Ақыры өзінің бар бауырларын қырып тастап таққа мінген Бердібектің өмірі де шолақ болғанын жоғарыда айттық.

Ол қайтыс болғаннан кейін, дағдарысқа киліккен Ұлұғ ұлыс ыдырап, бірінің түбіне бірі жеткен, бір билеушіні екінші билеуші сақаша алмастырған келте хандар заманы басталды.

Бердібектен кейінгі бір тақ таласы кезінде Нағанай да басқа белгілі бектермен бірге қазаға ұшырады делінеді. Дегенмен дағдарыс басталған кезде оның балалары Аққұсайынсопы мен Жүсіпсопы ана жылдары Құтлықтемір ұлысбек боп басқарған, кейін Нағанайға ауысқан, әу бастан қоңырат бектерінің еншісіне тиген Хорезм ұлысын Алтын Ордадан бөліп алып, дербес мемлекет етіп құрып та қойған еді. Қоңырат әулеті құрған бұл ұлыстың алғашқы әмірі болған Аққұсайынсопы 1359-1372 жылдар аралығында билік жүргізді. Қоңырат ұлысы күшейіп алған соң іргедегі Шағатай ұлысына айбат шегіп, 1365 жылы оның құрамындағы Қият пен Хиуаны өзіне қосып алып, Шыңғысхан заманына дейін атағы дүрілдеген Хорезмшахтар мемлекетіне етене аймақтарды түгендей бастауға ұмтылыпты. Бірақ, содан кейінгі жылдары Шағатай иеліктерін біртіндеп өзіне қарата бастаған жаужүрек Әмір Темір (Ақсақ Темір) қолбасшы ол қалаларды қайтарып беруді талап етіпті. Құсайынсопы оған көнбегесін, Темір оған қарсы соғыс жариялап, 1872 жылы Үргенішті қоршайды. Сол қорғаныс шайқасы кезінде Құсайынсопы қаза табады. Оның орнына билікке келген Жүсіпсопы амал жоқ Әмір Темірмен келіссөзге шығып, Қият пен Хиуадан бас тартуға мәжбүр болады. Темір онымен қоса, Құсайынсопының қызы Сүйінбике сұлуды (Өзбек ханның жиені) баласы Жаһангерге ұзатуды талап етеді. Келесі жылы Самарқан төңірегіндегі Темірдің жазғы ордасында әмірзада Мұхаммед Жаһангер мен Сүйінбике арудың үйленуіне арналған теңдессіз той өтеді. Әмір Темірдің төңірегіндегі жылнамашылар Нағанайдың осы немере қызының есімін көбіне Ханзада деп жазады (Фасих Ахмад ал-Хавафи. Фасихов свод. Ташкент. Фан. 1980. 97-98-б.).

Әмір Темір туған құдасы болса да Жүсіпсопының Хорезмді билеуіне одан әрі көп ерік бере қоймайды. Қоңырат әмірлері тағы біраз жыл билік құрғандай болғанымен, Ақсақ Темір мен Жошы ұлысын қайта қалпына келтіргісі келген Тоқтамыс хан арасындағы кикілжің таластардың өтінде қалған аймақтың мазасы жылдан жылға кете бастайды. Ақыры Нағанай ұрпағы Сүлейменсопының Тоқтамыстың айдап салуына еріп, Темірге қарсы кәдімгідей көтерілуінің соңы – Әмір Темірдің 1388 жылы Үргенішке жойқын шабуыл жасап, Қоңырат әулеті мемлекетін жойып жіберуімен тәмәмдалады. Темір Үргеніш жұртын Самарқанға көшіріп, шәһардың орнын тып-типыл тегістеп, орнына арпа егуге бұйрық береді. Әмірдің сарбаздары он күндей аса бай да гүлденген қаланы тонап, қиратып, ойранын шығарады. Ұлыс түгелімен Темір империясының құрамына қарайды (Якубовский А.Ю. Тимур // Тамерлан: эпоха, личность, деяния. М.: Гураш.1992. 31-32-б.).

Елі ауа көшкен Үргеніш шәһары осыдан кейін-ақ қайта оңалмайды. Әрі оған ХҮ ғасырдың басынан бастап, табиғаттың ауысуынан туындаған экологиялық жағдай да әсерін тигізбей қоймайды. Әмудария арнасының өзгеріп, қаладан қырық шақырымдай қашықтыққа аунап кетуі салдарынан,

байырғы астана аймағы қуаңшылыққа ұрынып, ақыры ол бір көшеден ғана тұратын шағын мекенге айналады. Шәһардың Үргеніш атауы 1645 жылдары одан оңтүстік-батысқа қарай 190 шақырымдай жерде ірге көтерген жаңа орталыққа ауысып, ол Жаңаүргеніш аталады. Сонау ғасырларда айбынды Хорезмшахтар мемлекетінің, одан кейіндері Нағанай балалары құрған Қоңырат әулеті ұлысының елордасы болған бағзы Үргеніш шәһары Көнеүргеніш деген атқа иеленеді. Аймақ орталығы Хиуа шәһарына көшірілуіне байланысты, енді ұлыс та Хиуа хандығы деп атала бастайды.

Кейінгі ортағасырлық мұсылман дереккөздерінде Нағанай есімі әрдайым еңбегі елеулі тұлғалар қатарында аталатыны назар аудартады. ХІҮ ғасырдың басында өмір сүрген Муин ад-Дин Натанзи жазған, Бартольд «Ескендір анонимі» деп шартты ат қойған парсыша шығармада «Өзбек тарапында Әмір Нағадайдай елеулі тұлға болған емес» деген жолдар бар (Аноним Искандара // История Казахстана в персидских источниках. ІҮ том. А.: Дайк-Пресс. 2006. 263-б.).

ХҮІ ғасырдағы хиуалық тарихшы Өтеміс қажының «Шыңғыс-наме» шығармасында «Хәрәзм уәлаятының һәкімі қоңырат Нағадайоғлы Аққұсайын» туралы да сөз болады. Онда Аққұсайын да әкесі Нағанай сияқты ел билеген беделді тұлға, шамына тисе хорезм әскерін жиып, сол кезде дағдарысқа малтыққан Сарай уәлаятының (Алтын Орданың орталық ұлысы) өзіне де жорыққа аттанып, Тайдулы бегім таққа отырғызған Базаршы ханды орнынан алатын құдіретке ие адам ретінде бейнеленеді (Өтеміс қажы. Шыңғыс-наме // Қазақстан туралы түркі деректемелері. І том. А.: Дайк-Пресс. 2005. 230-231-б.).

1760 жылдардан бастап Хиуа хандығының билігіне қайтадан Нағанай ұрпақтарының келу үрдісі байқалады. Соған дейін де тақ төңірегіндегі жоғарғы орындарға тағайындалып жүрген қоңырат бектерінің арасынан Ішмұхаммед би жаңа қоңырат әулетінің негізін қалайды. Бұл әулет өздері хан тұқымы болмағаннан кейін, таққа кейде қазақ сұлтандарын да шақырып, мәртебелеген сияқты болғанымен, өздері инақ деген лауазымға иеленіп негізгі билікті қолдарында ұстап отырды. Содан олар 1920 жылға дейін Хиуа хандығының тізгінін қолдан шығарған жоқ. 1800 жылдардан бастап өздеріне де хандық лауазымды заңдастырып, бір орталыққа біріккен қабырғалы мемлекет басшыларына айналады. Хиуа тарихшыларының жазбаларында сол қоңырат билеушілерінің бәрінің Өзбек ханның замандасы болған, асыл сүйегі көне Қият қаласындағы Аббас Уәли шейхтың мазараты қасында жерленіп, басына биік кесене орнатылған Нуғдай бидің (Нағанайдың) ұрпақтары екендігі әрдайым назарға алынады. (Бартольд В.В. Новый источник по истории Хорезма // Работы по источниковедению.ҮІІІ т. М.: Изд. Вост. Лит-ры. 1973. 575-578-б.).

Олар өздерінің хандық билігі әбден дәуірлеген жылдары, бабалары Нағанай мен оның ұрпақтарына астана болған Көнеүргенішті қайтадан орталық етудің де жолдарын қарастырыпты. Шәһарға су жеткізетін арнайы арық (оман) қазылып, Мұхаммед-әмин ханның билігі кезінде (1845-1855)

астананы Хиуадан ежелгі орнына көшірмек бопты. Нағанай заманындағы сәулетті орданың орнына «Хорезм бақ» деп аталатын мығым бекініс те салдыртыпты. Алайда Мұхаммед-әминнің өзі түрікмендермен өткен бір шайқаста қаза тауып, жоспарланған бұл іс аяқсыз қалыпты. Артынша 1873 жылы Хиуа хандығы Ресей империясының қарамағына еніп, хандық билік сол күйі сақталғанымен, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен заман басталады. Көнеүргеніш сол шағын кент күйінен өспей қалады. Бүгінде ол Түрікменстанның Ташауз уәлаятына қарайтын Көнеүргеніш атырабының әкімшілік орталығы ғана. Баяғы Хорезм мемлекеті замандарынан ежелгі өркениеттер астанасы ретінде танылған қалада бағзы дүние жәдігерлеріндей боп бірқатар сәулет ескерткіштері әупіріммен сақталып қалған. Солардың арасында қоңырат Құтлықтемір беклербектің ұлысбектік билігі кезінде салынған биіктігі алпыс жеті метрлік Құтлықтемір мұнарасы, әйгілі сопы ғұламасы Нәжмәддин Кубраның зәулім кесенесі, Нағанай балаларының билігі кезінде тұрғызылған Төребике бегімге (Құтлықтемір беклербектің зайыбы) арналған сәнді кесене, хорезмбах, тасқала сарайларын, Моңғол жорығына дейін салынған хорезмшах Текешке арналған кесене секілді тамаша ғимараттар әлі де көздің жауын алады (Куня-Ургенч // «Википедия» энциклопедиясы)…

Тарихшылардың дәйектеуінше, қоңыраттардың бір тобы Нағанай және оның ұрпақтары билеген Үргеніш, Хиуа өңірлерінде, сондай-ақ Өзбекстанның Сұрхандария облысындағы Байсын аймағында орнықса, қазақ қоңыраттарын құраған үлкен бір тобы Сыр бойына қоныстанып, Ұлытауға дейін көшіп жүрді. Зерттеушілер 92 баулы өзбек тайпаларының (олардың дені 15-16 ғасырларда Дешті Қыпшақ жерінен барған ордаежендік, яки ақордалық көшпелі жұрттар болатын) «Маджму ат-тауарих» еңбегі бойынша тізімделуінде, қоңыраттың 6-шы орында көрсетілуі, оның сол кездегі әскери-саяси өмірдегі алатын орнының салмағын байқататындығына мән береді Бұл тізімде 7-ші орында алшын, одан кейін қатарынан арғын, найман, қыпшақ тайпалары орналасқан (Султанов Т.М. Кочевые племена Приаралья в ХY-ХYІІ вв. М., 1982).

Бір назар аударарлығы, қарақалпақ қоңыраттарының құрамы қазақ қоңыраттары рулары атауларымен сәйкеспейді. Олар: қият, ашамайлы, қолдаулы, қостамғалы, балғалы, терістамғалы, бақанлы, ырғақлы, қазаяқлы сияқты аталардан тұрады (Жданко Т.А. Очерк исторической этнографии каракалпаков. М.-Л., Изд. АН СССР, 1950). Қарақалпақтармен бірге Әмударияның сағасын мекен ететін өзбек қоңыраттары да Көкөзек, Балғалы, Ашамайлы, Қанжығалы түптеріне (руларына) бөлінеді (Задыхина К. Л. Узбеки дельты Аму-дарии // Труды Хорезмской археолого-этнографической экспедиции АН СССР. Т.1. М. 1952). Өзбекстанның оңтүстігіндегі Байсын аймағын мекендейтін өзбек қоңыраттары Уақтамғалы, Қоштамғалы, Қанжығалы, Айынны, Тартулы руларына тармақталады (Кармышева Б.Х. Очерки этнической истории южных районов Таджикистана и Узбекистана. М., «Наука». 1976). Осылардың өзінен-ақ өзбек, қарақалпақ қоңыраттары

рулары көбінің түп төркіні Дешті-Қыпшақ (Ақ Орда) тайпаларымен сабақтасып жатқанын байқау қиын емес. Және қазақ құрамында жеке-жеке рулар ретінде саналып жүрген ол аталардың денінің, өзбек пен қарақалпақ ішінде қоңырат тайпасы атауы төңірегіне ұйысқаны аңғарылады. Бұл ретте де бар мәселенің Хорезм өңірін ұзақ уақыт билеген Нағанай бектің даңқты әулетінің жоғары атақ-абыройымен тікелей байланысып жатуы мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды.

Сыр, Әму алабын қыстап, Арқаны жайлаған дешті-қыпшақтық қоңыраттар өздерінің орналасқан жерлеріне қарай, бірсыпырасы Орда-Еженнен тараған хандардың, бірсыпырасы Шейбан әулеті билеушілерінің ықпалында болды. Сонда да бір-бірлерімен байланыстарын үзе қоймаған сыңайлы. Оны қазақ қоңыраттары шежірелеріндегі Сыр, Түркістан өңірлері мен Үргеніш арасындағы арылы-берілі қарым-қатынастарды сөз ететін деректер сарыны да қуаттайды. Соның бір айғағы, қазақ шежіресінде де қоңыраттардың түп атасы ретінде орныққан Нағанай бектің есімі. Қазақ хандығы ірге көтергенде, оның құрамына енген, өздерін Нағанайдан тараймыз деп санайтын орда-ежендік (ақордалақ) қоңыраттар, жаңа ұлыстың өркендеп, нығаюына өз үлестерін аянбай қосты. Араларынан бүкіл қазаққа белгілі батырлар мен бағландар шықты. Тәуекел мен Есім хандардың бас сардары атанып, есімі күллі қоңыраттың шабуыл ұранына айналған, бүгінде ерлігі мен еңбегі ғылыми конференция тақырыбына ұласып, Түркістанда зәулім ескерткіші тұрғызылған Алатау батыр (1560-1640) да сондай ардақты тұлғалардың бірі еді. Алатау батыр Бесайдарұлы ескерткішінің (авторлары Ә. Абылаев, Қ. Қосуақов) ашылу салтанатына жалғаса, оның жанынан Нағанай бек атындағы этносаябақ іргетасының қалануы да, әлбетте, қазақ тарихының Алтын Орда дәуірімен сабақтасып жатқанының тағы бір айғағындай қабылданады.


Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ,

ф. ғ. к., жазушы,

«Мәдени мұра» – «Культурное наследие» журналының бас редакторы

"Қазақ Үні" газеті

Пікірлер