Біздің байшыкештер қалай байып жатыр?

4242
Adyrna.kz Telegram

Finprom.kz  талдау порталының зерттеулері көрсеткендей, қазақстандықтардың бір бөлігі тақыр кедейге, ал енді бір бөлігі шылқыған байларға айналуда деп жазады «Адырна» ұлттық порталы дереккөзге сілтеме жасап.

Соңғы жылдармен салыстырсақ, Қазақстан тұрғындарының осыған дейінгі ең төменгі күнкөріспен күнін көргендер саны 20 пайызға артқан.

Алысқа бармай-ақ, былтырғы пандемия кезінде-ақ  еліміздегі кедейшілік көрсеткіші  12 пайызға көтеріліпті. Қазақстандағы табысы ең төмен отбасылардың қатарына қазір 140 мың 600 адам қосылған. Сонымен қатар әлемдегі ең бай адамдар санының өсуі бойынша он елдің қатарына да Қазақстан кіріпті. Демек, байларымыз байыған үстіне баюда. Ал бұған дейін сүйретіліп, өлместің күнін кешкендер сіңірі шыққан кедейге айналған.

Қазақстанда ең төменгі күнкөріс табысы – 42 500 теңге. Осы ақшамен тамағын асыраған отбасылар саны ондаған пайызға көбеюде. Ал мұндай отбасының басым бөлігі Түркістан облысында тұрады екен. Бұл жағы түсінікті де. Түркістан облысы көпбалалы отбасы бойынша ең алдыңғы орында. Алайда күнкөріске байланысты үкімет тарапынан бөлінетін азын-аулақ ақшамен асқаанды да алдау мүмкін емесі бесенеден белгілі.

Ал енді байшыкештерімізге келер болсақ, Қазақстан бай адамдардың көбеюі бойынша АҚШ-ты басып озып, әлемнің топ-10 елінің қатарына енді. Statista.com. агенттігінің деректеріне сенсек, ең бай деген адам саны Қазақстанда көбейе түскен. 2025 жылға қарай бұл топтың өкілдері 33 пайызға дейін артады деген болжам да бар.

Осы ретте «байлар қайтіп байып, кедейлер не себепті кедейлене түсуде?» деген сұрақтың құлағы қылтияды.

Бұл сұрағымызға Түркістан облысының тұрғыны Әуелхан Шонжан: «Бұл елдің бар байлығын тонап, қойны-қоншын толтырғандар сағат санап баййып жатқаны белгілі. Ал кедейдің әрмен қарай кедейлене түсуі заңдылық қой. Сол кедейдің несібесін әлгі байшыкештеріңіз қылғытып жатқан жоқ па?!»,- деп жауап берді. Ал осыған дейін бала санына қарай мемлекеттен жәрдемақы алып, күнін көріп отырған Жамбыл облысының тұрғыны Амалбек Сманов: «Кедейлердің көбеюіне қос өкпеден қысқан қымбатшылық кінәлі. Былтыр 100 мыңға ілініп-салынып әрең күн кешсек, биыл ол ақшаңыздың 10 мың теңгелік те құны қалмай барады. Тамақ та, киім де, көммуналдық шығындар да ай сайын қымбаттауда. Ал біздегі төменгі күнкөріс үшін белгіленген 42 500 теңге өзгеріссіз қалды. Неге? Байлардың баюына қатысты сөз шығындап та керегі жоқ шығар»,- деп күйінеді.

Сіз қалай ойлайсыз, халқымыздың кедейшілікте күн кешкен бөлігі неге байлардың қатарына кіре алмауда?

Мұқаш МҰРАТҰЛЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер