"50 үздік ғылыми қызметкерге 5 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалады"

3920
Adyrna.kz Telegram

Жыл сайын 50 үздік ғылыми қызметкерге 5 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Асхат Аймағамбетов 12 cәуір - Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің күні екенін хабарлады.

"12 сәуір – Ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күні. Ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі соңғы екі жылда шамамен екі есеге артты. 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің 1% дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл – отандық ғылымның дамуына үлкен серпін берері сөзсіз. Егер бұған дейін білім және ғылым министрлігінің гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстары үш жылда бір рет жүргізілсе, енді олар жыл сайын өткізілетін болады. Тек 2020 жылы 5 конкурс өткізілгенін атап өту қажет, – деді ол.

Аймағамбетовтің айтуынша, былтыр докторанттардың стипендиясы 80 пайызға көбейген.

"Тағы бір маңызды жайт, 2020 жылы алғаш рет гранттардың жаңа түрлері бекітілді. Олар – коллаборация бойынша, қысқа мерзімді, жеке, жас ғалымдарға арналған және т.б гранттар. Сондай-ақ докторанттардың стипендиясы 80%-ға ұлғайды. Бұдан былай олардың стипендиясы жыл сайын 15%-ға өсіп отырады және 2025 жылға қарай 260 мың теңгені құрайтын болады, – деп жазды министр.

Оның айтуынша, енді жыл сайын 50 үздік ғылыми қызметкерге 5 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалады.

"2021 жылдан бастап біз мықты, беделді ғылыми журналдарды қолдау жөніндегі жобаны іске асыруды бастаймыз. Тағы бір жаңалық – енді жыл сайын 50 үздік ғылыми қызметкерге 5 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Мұндағы механизм "ЖОО үздік оқытушысы" конкурсына ұқсас болады. Бұл "Ғылым туралы" заңға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес мүмкін болып отыр, – деді Аймағамбетов.

Сонымен қатар министр "Жас ғалым" жобасы аясында 1 мың грант бөлу бойынша жұмыстар қолға алынатынын жазды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен 2020 жылы білім және ғылым министрлігіне қарасты ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту және жұмысын жандандыруға бағытталған жаңа бюджеттік бағдарлама ашылып, 2,8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 23 ғылыми-зерттеу институтына жабдықтар сатып алынды. Биыл осы мақсатта 3,5 млрд теңге бөлінді. Сондықтан институттарды модернизациялау бойынша жұмыс әрі қарай жалғасады.

Биылдан бастап 500 ғалымды әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамалардан өтуге жіберу және "Жас ғалым" жобасы аясында 1 мың грант бөлу бойынша жұмыстар қолға алынады. Одан бөлек, еліміздегі 20 университет "Академиялық артықшылық орталықтары" жобасы аясында қаржыландыруға ие болады. Яғни бұл – жиырма оқу орны материалдық-техникалық базасын айтарлықтай жаңартуға мүмкіндік алады деген сөз" делінген білім және ғылым министрінің жазбасында.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер