Қазақ ғалымдарының қалжыңдары

1095

12  Сәуір — Қазақстанда Ғылым Қызметкерлерінің Күні

       Екі сұрақ 

Академик Қаныш Сәтбаев кеңес делегациясының құрамында Англияға барады, кеңес делегациясын бір орайлы шақта Англияның пример-министірі Уинстон Черчилль қабылдап, қонақасы береді.

Дастархан басында Черчилль Қаныш Сәтбаевқа назар аударып, әзілге балаған сұрақ қояды:

– Сәтбаев мырза, айтыңызшы қазақтардың барлығы да өзіңіздей сұңғақ бойлы ма?

– Менің халқым өзімнен әлдеқайда биік, - деп жауап береді Қанекең.

Келесі бір сәтте Черчилль орнынан тұрып келіп, Қанаңның рюмка көтеруіне де-меу лебіз білдіріп, тағы да бір келеңсіздеу, тосын сұрақ қояды:

– Сәтбаев мырза, Сіз осы нешінші рәзімерлі бас киім киесіз?:

Қанекең сәл жымиып, еш іркілместен:

– Черчилль мырза, егер Сіз екеуміз бас киім айырбастасақ, екі жағымыз да өкін-бес едік! - деген екен

Сүзгіш жазушы

...Бір мың тоғыз жүз елу алтыншы жыл. Қазақстан Жазушылар одағының бұрынғы үйінің залында президиум мәжілісі өтіп жатыр. Күн тәртібінде мүшелікке кісі алу. Кезек Ісләмға келді. Кепілдемені басқалар емес, тап Мұхтар Әуезов пен Қазақстан Жазушылар одағының председателі Ғабит Мүсреповтің өздері берген. Соның өзінде де талас туды. Мүшелікке алудың басты шарты – көркем кітаптың болуы. Ал мына кісіңізде ондай кітап жоқ. Сұрақ:

–  Жарылғапов жолдастың қандай кітаптары бар екен?

–  Герценнің «Кто виноват?» романын аударып бітіргеніме біраз уақыт өтіп еді. Қазір сол аудармамды сүзіп жатырмын, - деп жауап берді Ісләм.

Сөзді Мұхтар Әуезов іліп әкетті:

–  Міне көрмейсіңдер ме, Ісләм қазақ тілінің сиқырын жақсы меңгерген жігіт. Тілге жөнсу басқа біреу болса, - редакциялап жатырмын... жөндеп жатырмын... түзеп
жатырмын... қайта қарап жатырмын... - дер еді. Ал Жарылғапов сүзіп жатыр.

Мұхтар түсіндірмесінің әсері адам айтқысыз болды. Ісләм Жазушылар одағына бір ауыздан қабылданды.

Содан бері табаны күректей жиырма тоғыз жыл зымырап кетті. Ал Жарылғапов болса, Герценнің «Кто виноват?» романын әлі күнге сүзіп, аяғына шыға алмай келеді.

Уақыт шіркін өтейін десе оп-оңай-ақ екен-ау!?

***

Үлкен бір жиналыста финанс министрі баяндама жасапты. Үзіліс кезінде бес-алты кісі ортасында әңгіме айтып тұрған Мұхтар Әуезовке әлгі министр келіп, сәлемдесіпті де:

– Қалай, Мұқа, менің баяндамам сізге ұнады ма? - депті. Сонда Мұқаң:

– Пәлі, ел сенен ақыл сұрар дейсің бе, ақшаңды беріп тұрсаң болғаны да, - деп, жұртты ду күлдіріпті.

                                     Ишекеңнің ишараты

Медицина ғылымдары академиясының коррепондент мүшесі, профессер, қазақ жастарына тәрбиелік мәні зор «Қырық сұрақ» кітабын жазған әйгілі ғалым-дәрігер Ишанбай Қарақұлов әзіл мен қалжыңға келгенде алдына жан салмайтын, тілге шешен кісі болса керек. Ишекең жетпістің төртіне шыққан шағында. Бірде таяағын тықылдатып Алматының көшесін қыдырып жүріп, қызықтап «Мұхит» дүкеніне кіріп кетеді. Заманның кең кезі ғой, бір бұрышта суға толы бөшкелерді бірінен соң бірін тізіп қойып, ішінде жүзіп жүрген балықтарды шұқып көрсетіп:

–  Девушка, скажите полалуйста, у вас эти рыбы свежие? - деп сұрапты.

Сатушы қыздың басына қан шапшып, көзі атыздай айналып, шамданып қалады.

–  Вы что, старик, не видите что ли, они же живые? - дейді айқайға басып.

Сонда Ишекең түк болмағандай сабырмен:

–  Ну и что же? У меня дома старуха есть...

И она живая, но далеко не свежая, - депті де, кезекте тұрған жұртты қыран-топан күлкіге батырып, дүкеннен шығып кетіпті.

Соңғы жаңалық

            Тарих саласының ғалымы Бек Сүлейменовпен Әлекең  (Әлкей Марғұлан)  көрші тұрыпты. Бес-он күнде бір рет Әлекең, Бекті шақырып алып, жаюлы дастарқан басында:

– Ал, Бек, жердің беті, айдың жүзі, күннің көзінде нендей жаңалық болып жатыр, сөйлей отыр, - дейді екен.

            Бұл оқиға бірнеше рет қайталанған соң, ғылыммен шұқшия айналысатын Әлекеңнің күнделікті баспасөзді қарап отыруға уақытының бола бермейтінін түсінген Бек Сүлейменов, мұнан кейін соңғы жаңалықтарды шола әңгімелеп беруді әдетіне айналдырған екен.

  Білген сөйлейді

Бір ғалым өзінің докторлық еңбегін қорғап жатса керек. Даулы пікірлер туындап, академик Әлкей Марғұлан екі-үш рет шығып сөйлепті. Сонда ойнай беретін біреу:

– Әлеке, бүгін көп сөйлеп кеттіңіз ғой, - дейді. Бұған Әлекең:

– Кісі не нәрсе туралы бірдеңе білген соң сөйлейді ғой, білмесе несін сөйлесін,- деп жауап беріпті.

Тапқыр жауап

       Белгілі ғалым, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин 1946 жылы демократияшыл жастардың бүкіл дүниежүзілік федератциясының құрылтай мәжілісіне қатысу үшін Англияға барған сапарында бір топ ағылшын:

– Сіздер неге құдай жоқ дейсіздер. Біздер, ағылшындар бұған мықтымыз. Ағылшындар дінге берік! - деп өзеуреп қоймапты.

Сонда Мәкең:

– Сіздер өздеріңіз қарсы шығып тұрсыздар! - дейді.

–   Қалайша?

– Сіздердің Чарлз Дарвин деген ғалымдарыңыз болған жоқ па еді. Шамаларыңыз келсе алдымен сол кісімен дауласып алыңыздар, - деген екен сонда Мәкең.

Өзеуреген ағылшындардың ауыздарына құм құйылыпты.

***

Бір жиналыста белгілі ғалым Ысқақ Дүйсенбаевтың артқы жағындағы орындыққа Сырбай Мәуленов отырып қалыпты. Сонда Сырбай ақын Ысекеңнің бітімін меңзеп:

Желке жағы жеті адыр, Жылқы жайсаң жеткендейТөбе жағы тап-тақыр Тайлақ тайып кеткендей, - деп әзілдеген екен.

Дарқан мінез

Бірде «Алматы» санаторийінде Ғабит Мүсірепов пен белгілі сыншы-ғалым Нығмет Ғабдуллин бірге демалыпты. Әлдебір әңгіменің орайында Ғабең:

– Нығмет, сен байқайсың ба?... Осы мақтау сөзге келгенде ақын-жазушылардың ішінде Сырбайдан асқан шешен адамды көре алмадым. Әсіресе Сырбай юбилейлерде сөйлеген кезде ет жүрегіңді елжіретіп жібереді. Енді бір аңғарғаным – біздің Сырбай мақтауға келгенде адам атаулыны алаламайды. Онысы несі? - деп сұрапты.

Сонда Нығмет сәл ойланып:

– Ғабе, ол кісі ғұмыры тірі жанмен жүз шайысып көрген жоқ қой, - дейді. – Ешкіммен ұрыспайды да, ренжіспейді де... көңілі де сарыарқадай кең, дарқан адам емес пе! Сосын өзгелерді де өзіндей санап, шетінен мақтай береді де! - деп жауап беріпті.

Күй мен көңіл

            Ғалым, жазушы Мырзабек Дүйсенов бірде әйгілі компазитор Дина Нүрпейісованың тартқан күйін тыңдап отырып, ерекше әсерге бөленген сезіммен:

– Екі дүниенің қызығын көріңіз,- депті.

– Қайдам, домбыра тартқан кісі ол дүниеде тозақ отына күйеді деуші еді, маған жұмағын қия қояр ма екен? - деп қарт әже жымияды. Сонда Мырзабек отырып:

– Домбыраның арқасында бұл дүниенің қызығын көрдіңіз. Ал, ол дүниеде жазатайым мүңкір-нәңкір келіп тергей бастаса, сіз жауаптың орнына күйіңізді тарта беріңіз. Саңылаулы болса өздері де ойланар, - деген екен.

Мәртебелі баға

    Академик Ахмет Жұбанов пен Хамит Ерғалииев көрші тұрыпты деседі. Жолы бір болған соң Ахаң Хамаңды күнде мәшинәсімен ала кетеді екен. Бірде жолда келе жатып: Ахаң:

– Хамит, осы сен қандай ақынсың? - деп сұрапты Хамаңнан.

–  Оны енді өзіңіз білесіз ғой, - депті Хамаң тікелей жауаптан жалтарып.

– Мен білсем, сен осал ақын емессің, - депті Ахаң.

– Мұндай баға беруіңізге не себеп?

–  Себебі сол, шофері академик ақын осал болмаса керек, -  деген екен Ахаң.

«Академиктің баласы емеспін ғой»

Пианино ойнап, нота жазып отырған академик-композитор Ахмет Жұбановқа қызы Ғазиза «ана нотаны дұрыс алмадыңыз, мынасы олай емес» деп ескерте беріпті. Сонда Ахаң:

–  Қызым-ау, мен сен сяқты академиктің баласы емеспін ғой. Жәй қара шаруадан туғанмын, сондықтан да қателесуім заңды,- депті.

Ісмет Кеңесбаев пен Мәулен Балақаев

Университет қабырғасында студенттер есінде қалған ерекше тұлғаның бірі Ісмет Кеңесбаев болса, екіншісі Мәулен Балақаев. Екеуі де Ұлттық академияның мүшесі, екеуі де профессор. Екеуі де тіл маманы, әлемге әйгілі түркологтар. Қазақ тілі білімінің негізін бірге қаласқан, үзеңгі қағысып қатар жүрген құрдастар. Ғылым, білімде де, өмірде де бірге жүріп, ақтық сапарға да бірінен бірі қалмай уәделескендей бірінен соң бірі қалмай аттанды. Өздері кеткенмен қазақ тілі білімінде өшпес іздері қалды, қаншама шәкірт тәрбиелеп, солар арқылы тағлым, тәрбиенің үлгісін қалдырды. Екеуі де Университеттің айтулы ұстаздары еді.

Екеуінің сабақ беру үлгісі екі басқа еді, сондай-ақ тыңдаушыны ұйытарлық қабілет-қарымы да әрқилы болатын. Секеңнің сөйлеу мақамынан мәселені аумағымен қопарып қисындата түсіндіру жағы басым көрінетін. Қай мәселеде де алғырлығы байқалып тұратын. Қаздың дауысындай саңқылдай шығатын қоңыр үні кімді де болса  ұйытып әкететін. Сөзінің ара-арасында әзіл-қалжыңын да араластырып отыратын. Қалжыңның көбі өзінің қатар-құрбы достарына бағытталып жататын. Ондай әзіл-оспақтың садағы әсіресе М. Балақаев пен Ғ. Мұсабаевқа тураланады.

Ал М. Балақаевтың тақылеті мүлде басқашалау. Ол еш уақытта дауысын көтеріп сөйлеген жан емес. Соған қарамастан оның айтқаны діттеген жеріне жетпей қойған емес. Қазақ сөзінің майын тамызып сөйлеуге шебер-ақ еді. Өйткені, ол кісінің сөзінде артық-ауыс ештеңе болмайтын. Мәкең әзіл-қалжыңға тіпті шебер болатын. Мақтамен бауыздай-тын кісінің өзі.

Қазақ тілі сабағының өзінде уытты қалжың сөзін тұздықтап, тыңдаушысын сергітіп алып, мақсатты ойын ары қарай жайлап жалғастыра беретін. Содан да болар ол кісінің дәрісінен ешкім жалығып көрген емес. Ұстаздан ұят болмасын деп сабағынан қалмай, бер-ген тапсырмасын бұлжытпай орындауға тырысатынбыз.

Секең мен Мәкеңнің университетте дәрісін тыңдап өскен көп шәкірттерінің бірімін. Тағдыр бұйыртып кейін екеуімен де қызметтес болып, шәкірттік ісімді жалғастыра бердім. Ісмет Кеңесбайұлы Тіл білімі институтының директоры да, Мәулен Балақайұлы сол институттағы тіл мәдениеті бөлімінің бастығы болды. Мен ғылыми жұмысқа осы бөлімде баулындым. Екеуі де ұстаздық өнерін тоқтатқан жоқ. Екі ұстаздың тәрбиесін көп көрдім, тағлымын алдым. Кандидаттық жұмысты да, дикторлық жұмысты да ұстаздарымның батасын ала отырып қорғадым. Аяулы ұстаздар қасында көбірек болғандықтан олардың адами қалжың әзілдері, адами ара қатынасы жадымда. Солардың қайсыбірін қайталап еске алған артық болмас. Білген кісіге олардың тәрбиелік мәні болар деймін.

Жалпы Мәкеңнің қазақы тілмен айтқанда жатып атарлығы басымдау еді. Қисыны келген тұсын қалт жібермейтін. Жамбасқа салып тартып жіберетін. Қайсыбір тұста аңғал-дық пен қопалдық жасап алғанмен Секең де есесін жібермейтін. Елге әлдеқашан аңыз боп тарап кеткен мына бір қалжыңды қалай ұмытарсың. Бірде Ісмет Кеңесбайұлы қатты науқастанып ауруханада жатып қалады. Ежелгі досының көңілін сұрауға Мәулен барып «ә, сабазым ол жақтан да аман қайтқанбысың» дейтін көрінеді. Сөйтсе, әрең сөйлеп жатқан Секең «құлағыңды жақындат»  дейді де «Кетіп-ақ қалатын рет болған еді. Бірақ ол жақта да адамды алфавит тәртібімен алады екен. К-нің әзірге керегі жоқ, бізге Б керек деп саған мені шақыртуға жіберді, Балақаев» деп жайлап езу тартқан екен.

Жарықтықтар қисыны келген жерде қалжың сөзден екеуі де бас тартпаған. Тіпті Қаныш Имантайұлы қайтыс болып, ол кісінің мәйіті салынған табытты бүкіл ел орталық бейітке дейін жаяу апарғаны жадымызда. Сол қаралы шерудің бір тұсында Секең Мәкеңді нұсқап ежелгі әдетіне басып «Қашанғы қазақ қырыла береді осы. Сенің де кезегің келген жоқ па өзі» дейді жайлап. Сонда Мәкең қолын жоғары нұсқап, «Ісмет, ол бізге байланысты емес. Оның билігі жоғарыда, ол кісі бәрін біледі. Әзір кілең игі жақсыларды алып жатыр. Ендігі игі жақсымыз Сен деп жүрміз ғой» депті. Жұрт ашық күле алмай іштен булы-ғыпты.

Екеуінің бір-біріне деген қимастық сезімі терең болғанын Ісмет Кеңесбайұлы қайтыс болғанда көрдім. Мәкең ескі досының басында отырып егіл-тегіл жылады. Ол кісінің жылағанын бірінші рет көруім. Опасыз жалған дүние-ай!

( Өмірзақ Айтбайұлы. «Өнегелі өмір»  атты кітаптан», 129-131 беттер. – Алматы: Қазақ университеті, 2016)

Мәкең мен Секең айтқан екен...

Қазақ тілінің қос тарланы (Мәулен Балақаев пен Ісмет Кеңесбаев) айтты деген әңгіменің көбі бұл күнде аңызға айналып кетті. Бұл адамдардың ғалым ретіндегі еңбектері өз алдына да, адам ретіндегі әңгімелері екінші бір қызықты сала. Сәл де болса езу тартқызып, ес жинататын олардың әзіл-қалжыңдарын кейінгі ұрпақтың да біле жүргені мақұл-ау деген оймен қолға қалам алып ем. Енді соған кезек берелік.

Мәкеңнің директорлығы

Бір жолы Секең ұзақ мерзімге шетелге сапарға шығатын болады, уақытша директор етіп қалдыратын бір солидный адам іздейді. Әрі ойластыра, бері ойластыра келгенде, Мәкеңнен артық лайықты адам таппайды. Сөйтіп Қанекеңмен (Қаныш Сәтбаевпен) келіседі де Мәкеңді институтқа директор етіп қалдырады. Бұл тіл мен әдебиеттің бір институт боп тұрған кезі болатын. Жоспарлы жұмыс бұрынғыша өз жөнімен жүріп жатады. Мерзімді уақыты бітіп, Секең сапардан оралады. Аса көңілді алпауыт адам әуелі Мәкеңе (өзінің кабинетіне) келіп, әсерлерін ұзақ әңгімелейді. Бірақ Мәкең елпектеп, орнынан қозғалып, орындық ұсыну орнына, барынша салмақтана, сыздана тыңдап отырады. Әне-міне дегенше Секең әңгімесін тауысып бітеді де ауылдың жағдайын сұрай бастайды. Мәкең болса креслоға жабысып қалғандай директорлық орынды босатар түрі жоқ. Шыдамы таусыла бастаған Секең енді бірдеңе дей бергенде телефон шыр ете қалды. Мәкең трубканы жайлап алды да:

- Ә, Қанекеңбісіз. Ия, ия келді, осында отыр. Жоқ әлі білмейді, айтқан жоқпын. Аптығын бассын уақыт бар ғой. Бәлкім өзіңіз ... Мен-ақ айтайын ба, мейлі, жарайды Қанеке, - деп сөзді тоқтатады. Сөйтіп стол жиегіндегі шақыртқы кнопканы басып қалады. Сылаң етіп жетіп келген секретаршаға:

- Бізге бір шай келтірші, қалқам. Секең ұзақ жолдан келді ғой, шай ішіп ентігін бассын, - дейді барынша салмақпен. Мына жағдайды көріп отырған Секең бір қуарып, бір қызарып, не дерін білмей, ентік баспақ түгілі, енді болмаса жарыларман күйге түседі. Ақыры шыдамы таусылған ол:

- Ия, ал не жаңалық бар, жағдайларың қалай? - дейді.

Мәкең онша мән бермегендей, креслоға одан сайын шалқалай беріп:

- Шай алып отырсаңызшы, Секе?! - деп тіпті сыздана түседі. Бұрын «сен» деп сөйлесіп жүрген құрдасы, енді бүгін сызданып «сіз» деп сызыла қапты. Бәрінен де осынысы өтіп барады. Бір өзгерістің барын іші сезе бастағанмен, маналы бері сұрауға батылы бармай отырған Секең, неде болса білейін деген оймен:

- Әй, немене сонда, бірдеңе болды ма, айтсаңшы, - деп еді Мәкең одан сайын маңызданып, оң қолын көтерді де:

- Әй, батыр, сабыр. Ер жігіттің басына дүниеде не келіп, не кетпейді. Кеше сен, бүгін мен дегендей, алмасып келе жатқан заман ғой. Сен кеткелі талай өзгерістер болып жатыр. Қазір естисің. Бәрін ақылға жеңдіретін алып адамсың ғой, достым. Сабыр ет! - деген. Секең тіпті түтіге бастады.

- Не боп қалды, соншама, әкесі өлгенді де естіртеді деген, айтсаңшы!

Жұлқына түскен Секеңнің одан сайын дегбірін қашырып, Мәкең үнсіз ғана тағы да шақыртқы тетікті басып қояды. Лып етіп кіріп келген қызға «кешегі, Қанекең берген бұйрықты әкелші» деді. Ол дереу әлгі қағазды Мәкең қолына ұстата қойды. Өз ойымен өзі әлек боп алабұртып ол қағаздың қандай қағаз екенімен шаруасы боған жоқ. Әйтеуір бір сұмдықтың хабаршысындай оны Мәкең сипалап отырды да:

- Достым, ауыр болса да айтайын, не болса да көтеріп кететін нарлығың бар еді ғой тыңда, шыда ия. Сен кеткелі талай өзгерістер болып жатыр. Мен бұрын біле бермейді екем. Мына жұмыс маған тіпті қолайлырақ сияқты. Жоспар өзінен-өзі жүріп жатыр. Анда-санда келетін қағаздарға бұрыштама қойып отыруға да әбден дағдыланып алдым. Өзің білесің, сен сияқты емес, мінезім жұмсақ адаммын ғой. Содан да шығар коллектив те «Мәке, Мәкелеп» маған әбден бауыр басып алды. Ал менің жұртпен бет жыртыса бермейтінім өзіңе де аян емес пе?! Шамасы Қанекеңе де осы мінезім ұнаған болу керек, оның үстіне жұмыстар да ың-жыңсыз бітіп жатыр. Бір күні мені шақырып алып: «Мәке, Сізді біз осы директорлыққа ұйғарып отырмыз?» демесі бар ма. Мен үшін бұл күтпеген жағдай еді. Сасқанымнан: «Қанеке-ау, Секең әлі тірі ғой!» деппін. Ол: «Секең жөнінде саспаңыз, біраз жыл істеді. Өзіміз айтармыз, түсінігі мол адам ғой» деген соң отырған жайым бар. Секе! Міне, жаңалығымыз осы...

Шыдамы  әбден таусылған Секең әлгі әшейін қағазды тексеруге де мұршасы келмей, ауыр денесімен апырып-жапырып, кабинеттен ата жөнелді. Сол дауыл кеулеген екпінмен барып, келесі бөлмеде отырған Мүсілім Базарбаевтың (ол кезде директордың орынбасары болатын) есігін жұлқа ашады да, амандық жоқ, саулық жоқ:

- Сендер бәрің менен құтыла алмай жүрсіңдер ғой, ә? Бүлдіруін бүлдіріп, сен де түк білмегенсіп отырсың ба?

Мынадай оқыс әңгімеден шошына түскен Мүсілім:

- Оу, Секе, не боп қалды, ассалаумағалейкүм, әуелі амандасалық та, - дей бергенде, басқа әңгіме құлағына енбей тұрған Секең, одан әрі жұлқынып:

- Не деп отыр, анау Мұрының. Жарыған екенсіңдер директорлыққа. Мұндай мансапқорлығын қарашы, көтін желімдеп қойғандай, орнынан тұрып сәлем де алмайды ғой, - дегенде барып мән-жайды аңғарған Мүсекең, шек-сілесі қатқанша күледі.

- Секе, құрдасыңыздың қалжыңын шын көріп қалғаннан саумысың, - деп алпамсадай адамның аңғалдығына одан әрі мәз болады. Өзінің қопалдығынан қалжың торына оңбастай түскенін енді ғана аңғарған Секең кері шорт бұрылды да қойқалаңдап барып өз кабинетінің есігін қайта ашты.

- Әй, Мұрныңның... тұр былай, Мүйізің қарағайдай болған шығар, босат орынды, - деген Секеңнің мына қылығын әжуаға айналдырған мәз Мәкең сылқ-сылқ күліп орнынан тұра беріпті.

(Өмірзақ Айтбайұлы. Тілғұмырлар (Қазақ лингвистері)  атты кітаптан» ,  – Алматы,2011. 165-166 беттер.)

Жұмыстан шыққан Шора

Шөкең (Шора Сарыбаев) біраз уақыт Тіл институты директорының орынбасары болып жұмыс істейді ғой. Директоры Әбдуәли Қайдарға өзінің ауруларын тізіп, жұмыстан босатуын сұрап арыз жаза беріпті. Оған Әбекең: “Ауруы шыдауға болатын ауру” деп бұрыштама соғып қайырады. Шөкең тағы бірде арыз жазып: “Бұрыңғы ауруларым аздай, енді қарап отырып өзіммен өзім сөйлесемін”, - депті. Ол арызға Әбекең: “Бұл - алжудың нышаны екен, босату керек”, - деп шешіпті.

«Қысқарту»

Тіл ғылымының белгілі маманы, академик Шора Сарыбаевтың  жасы келуіне байланысты ұлттық академияның президенті Шораны  жұмыстан қысқартпақ болады. сонда ол:

– Бәсеке, мына бір жәйтті ескеруіңізді өтінемін: егер сіз мені жұмыстан қысқартсаңыз, үйдегі  жеңгеңіз  де қысқартып жіберетін болады, - депті.

Мақал жетіскеннен шықпайды

   Белгілі жазушы Мұхтар Мағауин сексенінші жылдардың орта кезінде «жазушы» баспасының бас редакторі болып қызмет атқарады. Бірде баспаның күйіп-жанып жататын жұмісімен ренжіңкіреп отырса қаламдас достарының бірі келіп:

– Мұха, шаршап отырсыз ғой, жұмыс көп-ау тәрізі, -  дейді. Сонда Мұхтар:

– Баспаның жұмысы емес, басқаның жұмысы шаршатады, -  депті.

– Я, қағазбасты жұмыс қой, -  дейді қаламдас досы жаны ашыған кейіпте.

- Жұмысың бұзық болса да, қағазың түзік болу керек, -  деп Мұхтар бұл жолы да келте тіл қатады.

– Мұха-ау, тек мақалмен сөйлейтін болғанбысыз? - дейді досы. Сонда Мұхтар:

–Мақал жетіскеннен шықпайды, - деп бұл жолыда келте қайырған екен.

Қорқыныштың түрлері

   Белгілі архитектор Шота Уалиханов  ұлы Шоқанның ағайындас ұрпағы ғой. Сол кісіге бірде бір танысы:

– Осы сенің фамиляңнан қорқамын! - депті.

Сонда Шота:

– Фамиляма бір көлеңке түсіріп алмасам екен деп, сенен бұрын өзім қорқамын! - деген екен.

 

     Құрастырған Мақсұтхан Жақып

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы