ӨМІР ШЫНЫБЕКҰЛЫ: Періштенің жынысы ұл ма, қыз ба?

3429
Adyrna.kz Telegram

(Немесе империяның күйреуі)

Кезінде жарты әлемді жаулаған Рим империясы ыдырағанда империяның шығыс бөлігінде Византия атты мемлекет құрылды. Уақыт өте келе Византия да құдіретті империяға айналды (Түрік қағанаты Византиямен байланыс жасаған деп біз әлі күнге мақтан тұтамыз). Бірақ, бұл дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ.

Мемлекеттер пайда болады. Абайламаса кейбірі империяға айналып, дүрілдеп тұрады да, түбінде бәрібір ыдырайды. Айта кету керек, сол империялардың барлығының түбіне жемқорлық, императордың өзі мен айналасының азғындауы жеткен. Византия да бірнеше ғасыр айналасын тітірентіп, өзінің дәуірлеу шағына жетті. Бірте-бірте табыстан басы айналған василевсі (император) ойын-сауық пен құрғақ әңгімеге біржола бой ұрып, іргесіндегі дұшпанды байқауға шамасы келмей қалды.

Оның сол күйін аңғарған уәзірлер қазынаға қол салуды, қол салғанда мол салуды әдетке айналдырды. Бұл кезде қуатты күшке айналған Осман түріктері Византияның астанасы Константинопольді қоршауға алғанда, василевс қабырғалары періште фрескаларына толы Әулие София шіркеуінде дінбасыларға періштенің жынысын анықтауға тапсырма беріп, бастары қатып жатыр еді.

- Қамал құлауға жақын! - деген хабар әкелген хабаршыны

- Маңызды істермен айналысып жатқанда мазамды алмасын! - деп қабылдамай қайтарды...

Осылайша құдіретті империя билігі абайсызда қолына тиіп қалған есер билеуші періштенің жынысын анықтап әуреленіп жатқанда, түріктер қалаға таяу келіп, 1453 жылдың 6 сәуірінде қаланы толық қоршауға алып, жатып алды. Император Константин ХІ Палеолог есін жиып қаланы қорғауға кіріскенмен кеш еді. 3 күнге созылған қиян-кескі шайқаста император қаза тауып, 1453 жылдың 29 мамырында 1 жарым мың жылдай өмір сүрген Византия империясы өмір сүруін тоқтатты.

Тағы біраз уақыттан соң, б.з.д. 658 жылы негізі қаланған әлемдегі ең сұлу қала Константинополь Стамбул атанып, Әулие София христиан соборы Ая София мешітіне айналды. Шамамен б.з. 360 жылдары салынған храм жанынан 1453 жылдан бастап минареттер тұрғызылып, 500 жылдай мешіт қызметін атқарған Ая-София мұсылмандар үшін Қағбадан кейінгі қасиетті орын болды. Тек 1935 ж. Мұстафа Кемал Ататүріктің пәрменімен музейге айналған еді. Түркияда мешіт жетіспейді ме, әлде

Ататүрікке, әлде христиандарға көрсеткен қыры болар - ол жағы бізге беймәлім, 2020 жылдың шілдесінде Түркия президенті Ердоған музейді қайтадан мешітке айналдырды.... Мейлі, ол түріктердің өз шаруасы.. Мәселе, мемлекеттердің қалай күйрейтінінде... Түркия жеріне табаны тиген қазақ бас сұғуды уәжіп санайтын ғаламат ғимараттың қысқаша тарихы осындай...

Пікірлер