Алмас САЛПЕКОВ: Қандай жағдай болса да, білікті заңгерге жүгінген дұрыс!

3512
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты Алматы облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, білікті заңгер Салпеков Алмас Сайлаубекұлымен өтті.

 -Алмас мырза, соңғы жылдары Қазақстан Республикасының құқықтық саясатын іске асыру барысында енгізілген өзгерістерден қайсысы сіздің ойыңыздан шықты?

-Қазақстан Республикасының құқықтық саясатыңдағы енгізілген өзерістердің ішінен, ең басты жақсы жағынан көрініп, нәтиже көрсеткені ол – сот саласындағы ақпараттандыру жүйесі деп санаймын. Бұл жүйеде көптеген мүмкіндіктерге жол ашылды деуге келеді. Өйткені, сот кабинеті арқылы арыз шағымдар беруге, сот құжаттарымен таңысуға оған қоса оларды көшіруге ыңғайлы жағы қарастырылды.

Сонымен қатар, онлайн сотқа қатысу мүмкіндігін жоғарғы сот тарапынан жетілдіруі, пандемия кезінде өте үлкен пайдасын тигізді. Онлайн сот отырыстары азаматтарға ынғайлы болғандықтан, әрі қарай басқа мемлекеттік органдарда да қолданылады деп сенемін.

-Биылғы жылы сот саласының жаңа реформалары қаншалықты қоғамға сіңісіп кете алды? Сәтті жүзеге асты деуге келе ме?

 -Елімізде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының бастамасымен медиация институтын дамытудың кешенді шаралары қолға алынып келеді. Бұл мәселеде жаңа өзгерістерге  басты назар аударылған. Дауласушы тараптарды татуластыру – барлық жаққа да тиімді әрі қажетті. Бұл бағытта көптеген шаралар ұйымдастырылуда, облыс бойынша аудандар мен ауылдық округтерде медиация кабинеттері және татуласу орталықтары ашылды. Қазіргі уақытта дауларды сотқа дейін медиативтік келісіммен шешу аясы кеңейіп келеді.

Мысал келтірсек, N2 Алмалы сотының судьясы У.Қажыкенның бастамасымен «Сотқа дейінгі атқару саласындағы бітімгершілікті жетілдіру» атты дөнгелек үстел өткізіліп, тестілік режимде жеке сот орындаушылардың және адвокаттардың қатысуымен бітімге келу барысы қолға алынды. Бұл шара оңтайлы нәтижесін көрсетті.

-Азаматтық процестік кодекс былтыр барынша жетілдірілді. Соның ішінде сіздің көңіліңізден шыққаны қайсысы?

-Азаматтық іс жүргізудегі, айыпталушының судьяға өз тарапынан керекті құжаттарды және дәлелдемелерді табыстауға арналған құқығы, ең басты жақсы өзгерістердің бірі деп санаймын.

Сонымен қатар ағымдағы жылдың екінші жартысында күшіне енетін Əкімшілік рəсімдік-процестік кодекс (ƏРПК) арқылы жеке тұлғалардың сұрактары шешілмек. ƏРПК азаматтардың немесе заңды тұлғалардың бастамасымен өздеріне қатысты шешім қабылдау құқығы берілген тұлғаларға қарсы қозғалған дауларды қарау рəсімдерін реттейді. Мемлекеттік органның шешімімен келіспейтіндер енді сотқа шағымданса жетіп жатыр. Кодекс əкімшілік органға өзінің дұрыстығын дəлелдеудің ауыртпалығын артып отыр. Судьяның белсенділігіне басымдық беріліп, құзыреті кеңейтілген. Соған орай енді судья сот процесі барысында ұсынылған дəйектер жеткіліксіз деп есептеген жағдайда, өз бетімен дəлелдер жинауға, құжаттар сұратуға құқылы. Өзі қабылдаған шешімнің орындалуын да өз бақылауында ұстайтын болады. Бұл азаматтар мен ұйымдардың құқығын қорғауды жеңілдетеді деп сенемін.

-Еліміздің құқықтық сана деңгейі қаншалықты деп ойлайсыз?

-Құқықтық сана – құқық нормаларының мəнін, мазмұнын түсінуге мүмкіндік береді. Құқық қолданатын субъект, құқықтық сана мүмкіндігін пайдалана отырып, құқық нормасын мəнін ұғынады, содан кейін ғана оның мазмұнын түсіндіру, қолдану құқығына ие болады.

Мысалы, тергеуші, судья нақтылы іс бойынша жасалған қылмысты дəлелдемелер арқылы анықтап, қылмыстық кодекстің нормасын қолданады. Бұл күрделі жəне асқан жауапкершілікті талап ететін əрекет болғандықтан, құқықтық сананың іс бойынша жиналған дəлелдемелерді бағалаудағы рөлі өте зор. Біздің елдің құқықтық санасы күннен күнге өсіп келеді. Соның бір дәлелі әлеуметтік желілердегі азаматтарымыздың белсенділігін атап өтсек болады.

-Мемлекетіміздегі бейінді ведомствалар өз мақсаты бойынша, жалпы адам құқығын қорғау тұрғысынан қалай жұмыс істеп жатыр?

-Менің ойымша ақапараттандыру жүйелері басқа құқық органдарында толыққанды қолданысқа енгізілсе өте керемет болар еді. Казіргі танда Бас прокуратураның бастамасымен «Е қылмыстық іс» атты ақпараттық жүйесі қолданысқа енгізіліп жатыр. Сонымен қатар ақпараттандыру қылмыстық атқару жүйесінде, әлі де дамымаған. Сол тұрғыдан үкімет тарапынан оған көніл бөлінуі керек деп ойлаймын.

-Халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық тұрғыдан сауаттылығын қалай көтеруге болады деп ойлайсыз?

-Мемлекет азаматтары қазіргі таңда тұлға ретінде түрлі оқиғаны бастан кешуде, Соның ішінде, әр азаматтың соттағы мәселесі әр түрлі. Соған сәйкес әр жанның құқықтық сауаттылығы да әр түрлі болып келеді.

Менің ойымша, Қазақстан Республикасының азаматтарының құқықтық мәдениеті мен құқықтық сауаттылығын көтеру үшін, көбірек қажетті ақпараттарды әлеуметтік желілерде орналастыру керек.

-Қарапайым халық өз құқығын қорғай алуы үшін, адамның сот арқылы қорғалу құқықтары мен бостандықтарын іске асыру турасында қандай негізгі заңдарды білуі тиіс?

-Әрбір адам өзінің құқықтарын жете білуі үшін оған «Азаматтық кодексінің» мәмлеге қатысты және жиі кездесетін келісім шарттардың маңызын түсініп алу керек. Сонымен қатар, әкімшілік жауапкершілікке және қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамның құқықтарың білуі тиіс деп санаймын.

Сонымен қатар, қандай жағдай болса да білікті заңгерге жүгінгені дұрыс болады. Өйткені маған жүгінетін азаматтардың көбісі, дер кезінде білікті зангерге жүгінбегендіктен түрлі туындаған даулары бойынша мәселені алға тартып келеді.

-Елімізде жазылатын заңдардың түпкі нұсқасы 99%-ы орыс тілінде жазылады. Осы үрдістен шығуымыз үшін не қажет? Жалпы заңдар қазақ тілінде жазылуы үшін не істеуіміз керек?

-Менің жеке пікірім бойынша, біріншіден парламентке қазақ тілін жетік менгерген азаматтар және депутат болуға лайық жандар жайғасуы, ұлт жағынан оған кедергі болмау керек деп санаймын. Сонымен қатар, қазақ тілінің ресми тілдік деңгейін жетілдіру керек шығар. Казіргі танда жаһандану масштабы кенейіп жатқанда, бүкіл елдерде қолдаңыста жүрген сөздердің бәрін аудару үрдісі қолға алынып, жасалуы тиіс деп санаймын.

Мысал келтіретін болсақ, әлемде «маска» сөзі өзгертілмей, көп жерде сол мағынада қолданылады. Ал бізде ол сөз  «бетперде» деп аудырлған. Әлемдік денгейде қолданылатын сөздерді мемлекетімізде де аудармай тікелей қолдансақ зиян болмайды деген ойдамын.

Тағы айтар болсам, біздің қолданысқа латын әліпбиін тездетіп енгізу қажет. Сонда ғана біздің тілдік қолданысымыз кеңіп, мемлекеттік істердегі маңызды құжаттардың өзі латын қаріпімен жазылып, біздің негізгі мақсатқа жетуде өз нәтижесін көрсетеді деп сенемін.

-Алмас мырза, мемлекет азаматтары өз құқығын білмегендіктен, қаржылық құқықтық сауаттылықтары аз болғандықтан, көбі алаяқтарға жем болып жатыр. Осы мәселені қалай шешуге болады деп ойлайсыз?

-Ел азаматтары алаяқтардың арбауына түспеу үшін, оларға өз құқықтарын толығымен түсіндіру қажет. Сол мәселені түсіндіру бағытында керекті ақпараттарды жариялау қажет. Тағы қоса кетсек, видеомен түсіндірме жұмыстарын жүргізу, я болмаса түсіндірмелі мақала жазу бағытын қарастыру керек. Бұл жұмыстар жоғары деңгейде атқарылып, халыққа түсінікті болу үшін конкурс жариялап, сол конкурсқа біліктілігі мол, беделді зангерлер мен блогерлерді қатыстыру керек деп ойлаймын.

-Жауаптарыңызға зор алғыс!

Сұхбаттасқан: Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер