Жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заң жобасы Мәжілісте қаралады

3689
Adyrna.kz Telegram

Жердің шетелдіктерге берілмейтіні жөнінде нақты шешім қабылданды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер реформасы жөніндегі комиссия отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп жазды ҚазАқпарат.

«25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толық тыйым салу туралы саяси шешімі арнайы заң жобасы ретінде Парламенттің қарауына 12 наурызда енгізілді. Заң жобасының бірінші оқылымы Мәжілісте 7 сәуірде өтеді», - дейді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, көпшілік арасында, әсіресе әлеуметтік желілерде әлі де жекелеген түсініспеушіліктер таралып жүр. «Жалған қауесетті әдейі таратушылар да жоқ емес екенін айтуымыз керек. Сондықтан тағы бір нақтылап айтамын: жердің шетелдіктерге берілмейтіні жөнінде нақты шешім қабылданды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғам тарапынан көтеріліп отырған негізгі мәселелер бойынша түйінді шешімін айтып, нүктесін қойды. Қазіргі таңда комиссия алдында ауыл шаруашылығы саласындағы жер қатынастарын дамыту мәселесі бойынша ұсынымдар әзірлеу міндеті тұр. Енді осы мәселелерді жан-жақты ақылдасқанымыз дұрыс», - деді ол.

"Адырна" ұлттық порталы
©ҚазАқпарат

Пікірлер