РАМАЗАН Құмарбекұлы: 2021 жылдың шілдесінен бастап жаңа Кодекс күшіне енеді

1124

«Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры, профессор Сарпеков Рамазан Құмарбекұлымен өтті.

 -Рамазан мырза, еліміздегі құқықтық саясатты іске асыру қалай жүріп жатыр?

-Жалпы құқықтық саясат -  Тәуелсіздік алған жылдан бастап талқыланып келе жатқан өзекті мәселе. Себебі 1993 жылы біз өзіміздің Ата заңымызды қабылдадық. 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды.  Яғни басқа да біздің ұлттық  заңнамаларымыздың барлығы осы Ата заңның негізінде дүниеге келіп жатқаны баршамызға мәлім. Қоғам өзінің даму жолында үлкен мақсаттарды көздейді. Ол мақсаттарға мемлекетті дамыту, халыққа дұрыс бағдар беру, экономиканы жетілдіру, мемлекеттің ішкі және сыртқы жағдайларын реттеу жатады.

Жалпы біздің мемлекетімізде әр он жыл сайын Құқықтық саясат тұжырымдамасы бекітіледі. 2010 – 2020 жылдарға бекітілген осы Құқықтық саясат тұжырымдамасы өзінің қызметін атқарып болды. Енді 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдама дайындалады. Оны  Әділет министрлігі мен  Қазақстан Республикасының заңнама және құқықтық ақпарат институты бірлесе отырып жүзеге асырады. Қазіргі уақытта осы тұжырымдама аяқталып, Әділет министрлігінің сараптамасына тапсырылды. Ол содан соң Президент әкімшілігінің құқықтық саясат жөніндегі комиссиясында талқыналып, мақұлданатын болса, мемлекет басшысының жарлығымен бекітіліп, 10 жылға жоспар жасалынады.  Яғни біздің ұлттық заңнамамыздың барлық бағытындағы азаматтық, қылмыстық, қаржылық,  жер мәселелерін қарастыратын ұлттық, экология жөніндегі және тағы басқа да әлеуметтік мәселелерді қамтитын заңнамалардың барлығы дерлік  он жылға дейін жоғарыда айтқан тұжырымданың негізінде  әрі қарай өрбуі керек.

Осы  тұжырымдамада әрқайсысы сала-салаға бөлініп, жазылып тұрады. Бұлар ең негізгі құжаттар.  Елімізде 2016 жылы 6 сәуірде қабылданған «Құқықтық актілер  туралы»  заң бар.  Осы заңның ішінде  біздің мемлекетте қолданыста жүрген заңдарымыздың, заңға тәуелді басқа да құқықтық актілеріміздің қалай дайындалу керектігі, олардың түрлері, санаттары, қолданылу аясы көрсетілген. Бұл айтылғандардың барлығы құқықтық актілер туралы заңның бір бөлігінде көрсетілсе, екінші бір бөлігінде осы құқықтық нормативтік актілерді дайындау жолдары қалай жүргізілуі керек, неден басталауы керек деген сұрақтар қарастырылады. Одан кейін оны барлық тиісті мемлекеттік органдармен келісу мәселесі қолға алынады.

Тағы бір айта кететін жайт, қазір елімізде кәсіпкерлікке қатысты қандай да бір заң дайындалатын болса, міндетті түрде ол «Атамекен» Қазақстан Республикасының   Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тексеруінен өтеді. Яғни олар ресми өкіл болғандықтан өздерінің пікірлерін білдіріп, сараптамалар жасайды. Міне, осындай тәртіптер құқықтық актілер туралы заңда көрсетілген.

Азаматтардың жеке басына, бостандықтарына, құқықтарына тікелей әсер ететін заңдардың қабылдану тәртібі де атап өткен құқықтық актілер туралы заңда тіркелген.  Сондағы   талаптарды сақтау керек.  Оның талаптарын сақтауға келетін болсақ, мысалы, бізде қазір заң әзірлеудің үш субъектісі бар. Егер Президент өзінің жолдауында, халқының алдына шығып  сөйлеген сөзінде  «қоғамға осындай заң керек» дейтін болса, Президент өзінің сөзінің ішінде сол заңдарды атап, өзінің өкілеттілігін пайдаланып, белгілі бір заңның дайындалуына нұсқау береді.

Екінші өкілетті орган –  Парламент депутаттары. Олардың «Парламент және оның депутаттарының өкілетті туралы»  заңның ішіндегі өкілеттіліктерін және Конституцияны пайдалана отырып, заң шығаруға өздерінің бастамшылық құқықтары бар.

Үшінші бастамшылық құқық танытатын субъектіміз – Үкімет. Негізі қазіргі қабылданып жатқан заңдарымыздың басым көпшілігі Үкіметтің дайындап жатқан заңдары.

Өткен 6-шақырылымда Мәжіліс өте белсенділік танытқанын, 35 заң жобасын әзірлегенін атап өту керек.

Ең соңғы сатысында сол заңдар дайындалып болып, құқықтық сараптамадан өтіп,  дайын болғаннан кейін, Мәжілістің қоржынына келіп түседі. Содан кейін әрі қарай Мәжілістің өзінің ішкі регламентімен қаралатын болады. Мәжілістің ішкі регламентімен қаралып болғаннан кейін Сенатқа өтеді, одан кейін Сенаттың өз регламенттеріне сәйкес қаралады.

Содан кейін ғана Президентке жолданады.

-Халқымыздың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасына қандай баға берер едіңіз?

Халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастыру төңірегіне келетін болсақ,  негізінен  мемлекеттік органдарда заң шығарумен айналысатын өздерінің бөлімдері болады.  Олар негізінен Парламент аппаратының,  Мәжіліс пен Сенаттың заң шығарумен жұмыс жасайтын аппаратының жұмыстарын күнделікті басшылыққа алып отырады.

Бірақ халықтың құқықтық мәдениетін көтеру тек ғана осыларға байланысты емес, ол жалпы мемлекеттік мекеме болса да, мемлекеттік емес мекеме болса да, квази мемлекеттік ұйым, кәсіпкерлік болса да, қарамағындағы адамдардың құқықтық мәдениет деңгейін жақсартып, дамытуға міндетті деп есептеймін.  Себебі өздеріңіз байқап жүргендей, кәсіпкерлікпен айналысатын, жеке шаруашылықтары бар адамдардың, мемлекеттік қызметте жүргендердің өмірінде заңға байланысты, заң шығарушы органдарға қатысты мәселелер міндетті түрде алдынан шығады.

Қазір көрінген басшының, кез  келген мекеменің босағасын жағалап  жүретін заман емес. Қазір тек ғана әр мәселеге, әр сұраққа қатысты заң нормаларын пайдалана отырып, заңға сүйене отырып, әркім өзінің құқығын қорғауға мүдделі. Яғни қажет болса сотқа жүгіну керек, құқық қорғау органдарына бару керек. Құқық қорғау органдарына барған кезде әурешілікке түсіп, уақытын тек жоғалтпау үшін, әркім  қолданыстағы заңдардан хабардар болу керек. Өзінің туындаған сұрағына тікелей  қатысты заң нормаларын білу де аздық етпейді. Әркім өзінің сауатын ашып отыруға міндетті.

Біздің шетелде оқып жүрген жастарымыздың көбі сол оқып жүрген елдерінің заң талаптарын, тәртіптерін білгенмен, өз еліне келгенде кей кездері біздің заңдарға қатысты кемшін тұстарын танытып қалады. Сол жастар өз елінің заңдарын оқып, үйреніп, әрі қарай ата-аналарына болсын, ортасына болсын айтып, түсіндіре жүрсе, аз да болса  ел азаматтырының құқықтық мәдениеттерін көтеруге үлес қосар еді.

Мен 1982 жылдан бері осы заң саласында жүрген маманмын. Сол кезден бері кезең-кезеңге бөліп қарайтын болсақ, тәуелсіздік алған 1990 жылдардың басындағы жағдаймен қазіргі уақытты мүлдем салыстыруға келмейді.

Қазір халық өз мүдделерін қорғап, сотқа жиі жүгінеді. Егер соттың алғашқы сатысынан, мысалы, аудандық соттан ұтылып қалса, әрі қарай облыстық сотқа жүгінуге болатындығын біледі. Егер облыстық соттан оң шешім таба алмаса, онда Республикалық Жоғарғы сотқа қалай шағымданудың тәртібін адамдар  меңгеріп алуда. Бұл да сол құқықтық деңгейіміздің біршама көтеріліп келе жатқанының белгісі деп есептеймін.

-Еліміздегі қабылданып жатқан заң жобаларының, белгілі бір мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің, нормативтік- құқықтық актілердің,  заңдардардың, заңнамалық актілердің, заң күші бар жобалардың ашықтығы қандай деңгейде? 

Бұл сұрақ қазіргі кезде халық тарапынан сынға түсіп жатыр. Ол қабылданып жатқан заңдарымыздың халыққа түсінікті болмауы, қолданысқа икемді болмауы, содан кейін оның күрделеніп кеткендігінен. Мысалы, заң 15 баптан тұратын болса, сол 15 баптың өзін іске асыру тетіктерін қарастыратын, осы заңға тәуелді басқа да құқықтық-нормативтік актілер қабылдануы керек. Оның ішіне ереже, үкіметтің қаулылары  және т.б.  кіреді. Бұлардың ішінде қарама-қайшылық туындап жатады немесе ол қолжетімді болмай қалады, көпшілік оны білмейді, қайдан, қалай алып оқу керектігі жөнінде хабарсыз болады.

Ал енді осы заңға тәуелді мемлекеттік органдар бар. Өздеріне ыңғайландырып шығарған бұйрықтарды, ережелерді сол органның мамандары ғана біліп отырады. Ал ол жариялылыққа жатпайды. Сондықтан жаңа қабылданған заң болсын, заңға тәуелді басқа да құқықтық актілер болсын, оның барлығы алдын-ала  жарияланып, талқыға түсіп тұрғаны дұрыс.

Осы ретте айта кететін жағымды жаңалық, ол биылғы жылдың наурызында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне норма шығармашылығын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Ол заң 2021 жылдың 15 наурызында «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланды. Сол ресми жарияланған күннен бастап 10 күннен кейін, яғни 2021 жылдың 26 наурызынан бастап  заңды күшіне енді.

Осы заңның ішінде жоғарыда айтып кеткен кемшіліктердің орнын толтыру қарастырылған. Мысалы, мемлекеттік органдар болсын, заң шығаруға тәуелді басқа да органдар болсын, олар өздерінің қабылдайтын заңдарының жобасын алдын-ала жариялап, халықтың талқысына салуы керек.  Тіпті заңдарды әзірлеу барысының өзін ашық жүргізіп, пікір алмасып, соның барысында түскен ұсыныстарды зерттеп, есепке алып, заң жобаларын Үкіметтің немесе Парламенттің қарауына жолдау керек деген нормалар енгізіліп отыр. Бұл заң талаптарын түсінбеу, қолдануда қиындық тудырған мәселелерді шешеді деген үміттеміз. Бұл енді ғана қолға алынып жатса да қуантарлық жағдай.

Қазір бұрынғыдай жоғарғы оқу орындары немесе ғылыми мекемелер тендерге, конкурсқа түспейді, біз Қазақстан бойынша осы құқықтық сараптама жүргізетін мамандардың, ғалымдардың тізімдерін жасаудамыз.

Ол тізімге іріктеудің де өз талаптары бар. Үміткер  жоғары біліміне, ғылыми дәрежесіне, еңбек өтіліне, мол тәжірибесіне, сотталмағандығына  және басқа да талаптарға сай іріктеуден өтеді. Сол талаптарға сәйкес келетіндерді тізімге қосамыз. Содан кейін тізімге енгендер, автоматтандырылған жүйе бойынша әр салаға жауапты маман ретінде бөлінеді. Мысалы, ауыл шаруашылығына қатысты немесе экология саласындағы заң болатын болса, тізімдегі мамандардың ішінен білімі мен біліктілігі сай келетін мамандарды іріктеп алып, солардың жетекшілігіне берілетін болады. Яғни заңды қабылдау барысын солар жүргізеді. Олардың атқарған жұмыстарының нәтижесінің барлығы Институттың және Әділет министрлігінің ресми сайттарында жарияланып тұрады. Яғни көпшіліктің назарына ұсынылады.

Сол заң жобасында қателіктер мен кемшіліктер көп болатын болса, сыни пікірлер көптеп келетін болса, ол маманның  жіберген кемшіліктері деп саналады. Егер заң жобасы бойынша сараптама жүргізген маманның  кәсіби деңгейі төмен болса, жіберген қателіктері өрескел болатын болса, екі рет ескерту беріледі, үшінші ескертуден соң тізімнен шығарылады. Әрі қарай ол адам сараптама жүргізу құқығынан да айырылады.

Заң қабылданғаннан кейін халыққа түсіндіру мәселесі заңды дайындаған мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына жүктеліп отыр.

Біздің үмітіміз осы айтылғандардың барлығы заңда жазылғандай орындалатын болса, кемшіліктер азайып, мәселенің барлығын шешіп тастамаса да, халықтың наразылығын тудыратын бірталай сұрақтар шешімін табатын еді.

Заң жобаларының қабылданбай тұрып алдын ала жариялылығы, ашықтықты қамтамасыз етіледі. Әркім өзінің пікірін білдіре алатын болады. Әділет Министрлігіне, басқа да мемлекеттік органдарға  тікелей шығып, әр заң бойынша өз ұсыныстарын айта алатын  болады.

Соңғы уақытта жер мәселесіне қатысты әр түрлі комиссиялар құрылып, олар БАҚ-та жарияланып жатыр. Қоғамдық қатынасты реттейтін, жеке адамның немесе заңды тұлғаның мүддесіне жұмыс жасайтын кез-келген заңның алдын ала талқылаудан өткені дұрыс.

2021 жылдың  1 шілдесінен  бастап  Қазақстанда мүлдем болмаған жаңа кодекс қолданысқа енгізіледі.  Ол кодекс «Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процесстік кодекс» деп аталады.  Бұл азаматтар мен мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының, заңды тұлғалардың арасында жариялылық құқықтық қатынастар бойынша туындайтын дауларды шешеді. Бұл кодекс күшіне енген соң қазіргі қолданыстағы «Әкімшілік рәсімдеу туралы» және «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы» қос заң  күшін жояды.

Осы заң  халықтың құқықтық санасын көтеруге, олардың бастарына түскен бір қиындықтары болатын болса, соларды шешу мәселесін реттеуге үлесін қосады. Мысалы, жер мәселесінде, салық мәселесінде мемлекеттік органдарға барып әркім өзінің мүддесін дәлелдеп шығу өте қиын дүние.  Себебі барлық мемлекеттік орган қызметкерлерінің қолында қабылданған құжаттар, нормалар, бұйрықтар бар, ал қарапайым адамда ештеңе жоқ. Сондықтан   лауазымды тұлғаның қолындағы дүниелер жеке адамға да қол жетімді болу үшін жоғарыда айтқан кодекс қабылдануда.

Заңдық тұрғыдан көп мәселенің бекітіліп жатқаны жақсы әсер қалдырады, өзім сарапшы ретінде, осы жүйеде жүрген адам ретінде, атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беремін. Заң толықтай қолданысқа енетін болса, көп мәселе шешімін табатынына кәміл сенемін.

Сұхбатыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен: Ерке Жомарт,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар