Энергетиктер Шымкентте электр қуатының жиі өшуінің себебін түсіндірді

3208

Қазіргі уақытта қалада дауыл, жауын-шашын салдарынан электр энергиясы жиі өшуде. Қала тұрғындарынан келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұраған энергетиктер орын алып жатқан келеңсіз жағдайлардың өзіндік бірнеше себебін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласында ағымдағы жылдың 21 наурыз күні Абай ауданы аумағында орналасқан «Самал» 110/10 кВ электр тарату қосалқы станциясында болған ақау салдарынан өрт шыққан болатын. Апат салдарынан қаладағы 21 мың абонент («Нұртас», «Нұрсәт», «Шымсити», «Нюсити АДЦ», «Солтүстік-Батыс», «Самал-3», «Асар» шағынаудандары, Көкжайлау ТК, Төлеметов көшесіндегі көпқабатты үйлер) электр қуатынсыз қалған.

Оларды қайта электр қуатына қосу үшін 110/10 кВ «Самал» электр тарату қосалқы станциясындағы уақытша 10 кВ тарату бекеті орнатылып, электр қуаты берілді. Сондай-ақ, 28 наурыз күні аталған тарату бекетінде ақау орын алуына байланысты (кернеу трансформаторы істен шыққан) электр қуаты берілуін тоқтатты. Сол себепті, «Самал-3», «Асар» шағынаудандары және Төлеметов көшесі бойында орналасқан тұрғын үйлер, шамамен 5 мыңға жуық абонент электр қуатынсыз қалды. Бірақ «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-і және «Қуатжылуорталық-3» МКК-нің апатты жою бригадасымен қалпына келтіріп, қазіргі уақытта орын алған кемшілік жойылып, электр қуаты берілді.

Айта кетейік, Абай ауданы аумағында орналасқан «Самал» 110/10 кВ электр тарату қосалқы станциянын толық қалпына келтіруге шамамен 1 ай уақыт қажет ететінін хабарлаймыз. Сондай-ақ, Шымкент қаласы аумағындағы кейбір елді мекендеріндегі электр тарату бекеті белгісіз тұлғалар тарапынан тоналып, ішіндегі кейбір жабдықтары ұрланған. Бірнеше рет орын алған мәселені тоқтату мақсатында Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының ұйымдастыруымен «ҚуатЖылуОрталық-3» МКК және «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан арнайы кезекшілік ұйымдастырылды. Дегенмен, электр тарату бекеттерінің тоналуы тыйылмаған. Алайда полиция қызметкерлерінің көмегімен күдіктілер ұсталды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

 

Пікірлер
Редакция таңдауы