Атақты дәрігер Шымкентке қоныс аударды

5445
Adyrna.kz Telegram

Дарынды дәрігер, мықты нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев Шымкентке қоныс аударды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан фейсбук әлеуметтік желісінде хабарлады.

Еліміздегі үздік мамандар үшінші мегаполистің дамуы мен гүлденуіне үлесін қосу мақсатында Шымкентке қоныс аударуда.

Шымкент басшылығы білікті дәрігермен былтырдан бері келіссөз жүргізіп келген.

– Бердіқожаев атақты “Совминканың” нейрохирургия бөлімінің жетекшісі. Мыңжылқыны бүкіл Қазақстаннан іздеп келеді. Консультациясына кезекке тұрады. Тіпті бір-бірінен естіп, Қырғызстан мен Өзбекстаннан да Мыңжылқыны іздеп келіп жатқан науқастар бар. Шетелдіктерге жасалған әр отасы 20 мың долларға бағаланады. Ол қаржы елге, денсаулық саласына келеді. Қазір қаржы науқастың ізінен жүреді. Егер науқастар Оралдан немесе Семейден ота жасау үшін Шымкентке келетін болса, қаржы да Шымкентке келеді, – деп мәлімдеді Шыңғыс Мұқан.

Мыңжылқы Бердіқожаев – Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының түлегі, «Болашақ» бағдарламасымен Ресей әскери-медициналық академиясында (Санкт-Петербор) клиникалық тәжірибеден өткен. 2008 жылдан бастап Астана қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығында ми-қан тамырлары бөлімінде жұмыс істеді. 2014 жылы Алматыдағы №7 қалалық ауруханада интервенциялық хирургия бөлімін ашуға мұрындық болды. Мұнда алғашқы 2 жылда-ақ оңтүстік облыстардағы науқастардың ми тамырларына 330 ота жасалды. Отандық эндоваскулярлы нейрохирургияның негізін қалаған Мыңжылқы Бердіқожаев 2016 жылдан Алматы қалалық Орталық клиникалық ауруханада нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі болды.

Шыңғыс Жұмабекұлының мәлімдеуінше, Шымкент әкімдігі медицина туризміне де көп көңіл бөліп отыр.

– Санаулы жылдардан соң халықтың көбі Шымкентке келіп емделетін болады. Қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы Шымкентте 1000 төсек-орындық суперзаманауи, сервисі 5 жұлдызды қонақүйдей аурухана салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Іске қосылған соң, Түркия немесе Кореяға емделуге баратындар аттың басын Шымқалаға бұратын болады. Жалпы, Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласының алдында тұрған міндет мынадай, қаладағы ауруханалардың бір бөлімі болса да республикалық дәрежеде қызмет көрсете алуы тиіс. Біздің №1 аурухана трансплантология бойынша, №2 аурухана нейрохирургия бойынша маманданған саласының Қазақстандағы «нөмір бірінші» болуы керек. Медицина туризмін дамыту үшін мамандарымыз мықты болуы қажет, - деді Ш. Мұқан.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер