Бүгінгі таңда қазақ тілінің қолданысқа кеңінен енуіне байланысты қазақтың ауызекі сөйлеу дәстүрін, шешендік өнерін жаңғырту міндеті күн тәртібінде тұр. Осыған орай, ең алдымен«шешен» атауының өзіне айрықша назар аударып, жаңаша қарап, өзгеше пайымдайтын уақыт та келген сыңайлы. Осы бір ғана сөздің этимологиясына, оның қолданылу тарихына мұқият назар аудару арқылы халқымыздың жүріп өткен жолын, көрші халықтармен қарым-қатынасын, әрбір кезеңдегі рухани, құқықтық деңгейін, абстракциялық ойлау әлеуетін шамалауға мүмкіндік туатыны белгілі болып отыр. Ғасырлар қойнауынан тамыр тартатын осынау көне ұғым – ұлттың өзіне ғана тән ойлау ерекшелігін, халқымыздың терең тарихын білдіретін, мағынасы сан қатпар, аса күрделі фонетикалық, лексикалық қабаттардан тұратын астарлы, киелі сөз екен.
Қазақ тілінің «Синонимдер сөздігінде» шешен сөзінің синонимі ретінде «шежіре, ділмар, майталман, тілді, тілуар, тақтақ, сөзгер, самар (кітаби), ділуар» деген сөздерді келтіреді (Бизақов С. «Синонимдер сөздігі». – Алматы: «Арыс». 2007 ж. 590 б.). Бұл осы сөздің қазіргі қолданыстағы мағынасына қатысты нұсқалары. Сондай-ақ, бұл синонимдік қатардың ішіндегі кейбір сөздердің («шежіре», «майталман») шешен сөзімен белгілі бір контекст аясында ғана мағыналас болатынын аңғару қиын емес.
Ал «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «ШЕШЕН 1.Тілмар, тапқыр. 2.Ресми жиындарда шығып сөйлеуші адам (оратор)» (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Дайк-Пресс. 2008 ж. Жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов. 915 бет) деген түсініктеме беріліпті. Бұл да басылымның талабына сәйкес ықшамдалған және осы күнгі қолданыстағы мағынасына орай термин ретінде тұрақтаған нұсқа. Мақсаты айқын, өзіндік концепциясы бар аталған іргелі басылымдардан мұнан басқаны талап етудің өзі де артық болар еді.
Мыңдаған жылдар бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан шешен сөзінің этимологиялық тамырына үңілгенде, бұл сөздің ұлыстар тарихымен, орал-алтай тобына жататын халықтардың ортақ, одан кейінгі бөліну, жеке қалыптасу, ұлт болып ұйысу кезеңдерімен байланысты екені анықталып отыр.
Әсілі, «шешен» сөзі орал-алтай тобына жататын тілдердің өзара ыдырамай, тұтас кезінен, тайпалардың бірге тіршілік кешіп, жекеменшік түсінігі әлі қалыптаспаған кезеңнен бері келе жатқан өте көне сөздердің бірі. Бұл атаудың осы тілдердегі алғаш тылсым күштер мен адамдар арасындағы қарым-қатынасты ретке келтіретін «жоралғылық делдалдардың» (ритуальные посредники) қызметіне байланысты пайда болғаны аңғарылады және тым көне замандарға меңзейді. Көптеген ғылыми дереккөздерге сүйенген фольклортанушы Е.Тұрсынов көне халықтарда тылсым әлем мен қарапайым халықтың арасында осындай ерекше жандардың және жоралғының болғандығын атап өтеді (Турсунов Е.Д. Возникновение баксы, акынов, сэри и жырау – Астана: ИКФ Фолиант, 1999.- 252 с.37 бет).
Ие, кие саналған тылсым күштерді мың құбылған сиқырлы сазымен, қиюын келістіріп айтқан әсерлі әңгімесімен риза етіп, адамдардың қалауын жоғарғы күштерге жеткізуші ілкі дәуірдегі «жоралғылық делдалдарды» – «шешендер» деп атағаны байқалады. Көне алтайлық аңыздағы Дьяраның дәл осындай қызметті атқаруы және оның «чечен» деп аталуы ойымызды дәлелдей түседі. Сонда бұл сөздің алғашқы мәні – орман, жер, су иелеріне сөзімен әсер етіп, аң аулауда аңшылардың жолын ашатын, сапардың сәтті болуын қамтамасыз ететін жаратылысы бөлек рухани тұлға.
Алтай мифологиясында Дьяра чеченді жер бетіне Жоғарғы әлемнің иесі Үлкен (Ульген) адамдар мен жануарларды жинап, шектен тыс көбейіп бара жатқандықтан да оларға өмір сүрудің шегін белгілеу үшін арнайы жібереді. Осылайша Дьяра чечен барлық жәндіктерге қанша өмір сүретінін айқындап береді. Балықтарға 800 жыл өмір сүруге рұқсат етеді (Вербицкий В. И. Алтайские инородцы. М., 1893. С. 98). Аңшылықпен айналысатын ортада аңдардың жасын белгілеу функциясы және жоғарғы әлем иелері мен адамдар арасындағы делдалдық қызметтер бір-бірімен ұқсас, тамырлас, яғни, мезгілі жеткен аңдарды адамдардың азық етуіне Аспан әлемінің рұқсатын алу. Бұл тақырып әлі де жете зерттелуі тиіс, десек те, біз үшін «шешен» сөзінің ілкі бастауы маңызды болғандықтан да, оның терминдік атауына көңіл бөлдік.
Бұл киелі сөздің көнелігіне оның алтай тобындағы тілдермен қатар орал тілдеріне де ортақ атау екендігі дәлел. Соның ішінде фин-угор тілдерінде бұл лексикалық бірліктің осы күйінде сақталып, бүгінгі күнге дейін жетіп отырғанын айтуға болады. Фин-угор тілдерінің еділ саласына жататын қазіргі қолданыстағы марий тілінде «цецен» деп – «қазықтардан, ағаштан жерге қадап жасалған қоршауды» атайды екен, демек аң аулау үдерісімен байланысты. Бір қызығы, осы тілдегі «цецен пичым ыдырен кеаш» деген тұрақты тіркес «жылдам сөйлеу, сартылдатып тым тез тіл қату» (Словарь марийского языка. – Иошкар-Ола, 1990-2005. 820 стр. – С.670) деген мағынаны береді екен. Демек, бұл тілде дербес «цецен» сөзі өзінің бастапқы мағынасынан айрылса да, көнеден жеткен тұрақты тіркесте аңшылық әрекетпен қоса сөйлеу әрекетін білдіретін бастапқы мәнін, семантикалық байланысын сақтап қалған. Ал одан бөлек марий тілінде дербес «чечен» сөзі де бүгінгі күнге дейін қолданылып келеді. Бұл «әдемі, ғажап, көркем, жақсы» (С.684) («чечен кумыл» – «көтеріңкі көңіл күй») деген мағыналарды білдіреді. Дыбысталуы мен мағынасы жағынан түркі тілінің сібір-алтай тобына жататын тува тіліндегі нұсқамен дәлме-дәл келеді екен. Яғни, бұл сөз де түпкі «елден ерек», «айрықша», «көпке ұқсамайтын» деген алтай тобындағы өзге тілдердегі мағыналармен бірдей.
Бұл сөздің алтай тобына жататын тілдердің әлі ажырамаған кезінен, тым көне дәуірлерден бері өзгеріссіз келе жатқанына дәлел ретінде тұңғыс-манжұр тілдерінде де чэчэн, сэсэн формаларының сол күйінде сақталғандығын айтуға болады. Эвенк, эвен, нанай, үдегей, орок, үлші сынды шағын халықтардың барлығының да тілінде «чэчэн» сөзі: 1) ақыл, ой; 2) данышпан; 3) ақылды, іскер; 4) жылдам; 5) еңбекқор (Сравнительный словарь тунгусо-маньчжурских языков. – Ленинград, 1975.ІІ т. 471 с. 422с.) деген мағыналарда күні бүгінге дейін қолданылып келеді екен.
Осы орайда «шешен» сөзіне қатысты белгілі ғалым Базылхан Бұқатұлының пікірлері назар аударарлық. Ғалым бұл сөздің түп-төркінін көне түрік жазба тілінде кездесетін Seč- // Sač- түбір морфемадан шыққан деп санайды. Көне мәтінде «таңдау, сайлау, санау» деген мағынаны білдірген бұл түбірден көптеген осы тұлғалы туынды сөздердің пайда болғанын ескертеді. Сондай-ақ, ғалым бұл ескі сөз қолданысының сарқыншақтары қазіргі қазақ тілінің «сай-, сайлау, сан-, санау, санақ, саңлақ, саңқылдау, шеш-, шешу-, шешім, шаш-, шашу-, » деген сөздеріндегі жалпы семантикалық кеңістігімен ортақ келеді деп есептейді. Бүгінгі күн биігінен алуан түрлі өзгерістерге ұшырап, орынсыз секілді көрінетін бұл нұсқалардың тілдің ішкі өзгеру үдерісін, даму заңдылығын меңгерген жан үшін қисынды мәселе екенін ескертеді ғалым.
«Қазақ тіліндегі «шешен» сөзінің прототүріктік тұлғасы *set- // sat- > . Осындай тұлғалы түбір морфемалар қазақ, моңғол тілдерінде кездеседі, олардың set- // sat- ортақ түбір сөздері «сетілу, тесілу, жырылу, тию, жыртылу» деген жалпы семантикалық өрісті білдіреді» – дейді ғалым (Базылхан Б. Қазақ және моңғол тілдерінің салыстырмалы-тарихи грамматикасы (Морфология).- Алматы, 2000.- 349-347). Ал «шешен» сөзінің тікелей мағынасы – «таңдап, іріктеп сөйлеуші ділмар» дегенді білдіреді екен.
Көне моңғол тілінде seč – // čeč – > түбірлі сөздер 1. Ақыл, ой, ұғынықты, пысық, 2. асқан мерген, 3. Шешен билер, шешен адам деген мағыналарды білдіреді екен.
Seč – > түбірінен моңғол тілдерінде sečen // čečen>> сэцэн, цэцэн – шешен, sečelekü> сэцлэх – шешен сөйлеу, шешендік айту, sečerküü> цэцэрхүү – аса шешен тілмар, тым шешен, čečerheg> цэцэрхэг – шешендеу, sečele> сэцлэх – сөз жарыстыру, шешендік өнер көрсету, čeče – мергендік, оқ жебенің дәлме дәл тиюі, нақты тигізетін деген мағына білдіреді (Sečenčoγtu Mongγol üges-ün ijaγur-un toli . Öbür mongγul-un arad-un keblel-ün qoriy-a. Köke qota, 1988.1537-1538).
Қазіргі моңғол тілінде «цэцэн цэлмэн» – өте шешен, «цэцэн мэргэн» –шешен, ділмар, сөзге шешен, «цэцэн үг» – шешендік сөз, «цэцэн ухаантай хүн» – «шешен, ақылды адам» деген тұрақты сөз тіркестері қолданылады екен. Қолданыстағы моңғол тілі едәуір өзгеріске ұшырағанымен, көне нұсқаларда кездесетін «цэцэн» формасы лексика-фонетикалық ерекшеліктерін сақтап қалған. Сонымен қоса, «Цэцэн үг цээжинд, Цэцэг навч ууланд» – «Шешендік сөз басында, Гүл бәйшешек тауында» деген мақал-мәтелдер бар. (Цэвэл Я. Монгол хэлний товч тайлбар толь. Улаанбаатар, 1966.- 912. 808-809; Базылхан Б. Монгол-казах толь (Моңғолша-қазақша сөздік).Өлгий, 1984. -886 х.700-701 ) Сондай-ақ, көп қолданылатын «Цецен» атауы сол жерлерді мекендейтін халықтардың тілдік, этнографиялық танымдарымен байланысты болып келетін топонимикалық, ономастикалық деректерде сақталып қалған. Моңғолияның солтүстік-шығысындағы тұтас бір аймақтың атауы Цецен болса, қазіргі Халхадағы төрт әкімшілік облыстардың бірі де осылайша аталады.
«Түрік, моңғол ру-тайпаларында XII-XIII ғасырларда Sečen > сэцэн «шешен» , sečet > сэцэд –шешендер деген ресми атақ болғандығы байқалады. Мысалы, «Моңғолдың құпия шежіресінде» Тайшуыт тайпасының Tumbinai-Sečen > Тұмбынай шешен, қоңырат тайпасының Dаi-Sečen > Дай (ұлық) шешен, Маңғыттың Quyildar-Sečen> Құйылдар шешен деген адамдары аталады» (Моңғолдың құпия шежіресі (көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясы, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндермелерін, көрсеткіштерін жасаған Нәпіл Базылхан) Серия «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» -I том. -Алматы:Дайк-Пресс, 2006.-71, 77, 95), – деп бұл атауға қатысты тағы бір маңызды тұжырымды ғалым Н.Базылхан атап өтеді. Көне түріктердегі ябғу, шад, тегін, елтебер және тұтұқ деп келетін атаулар секілді «шешеннің» де адамның лауазымын білдіретін ресми атау болғандығын айтады.
Мысалдардан байқағанымыздай, «шешен» сөзі кейбір дыбыстық ерекшеліктерімен алтай тобына жататын түркі-моңғол тілдеріне, тіпті фин-угор, тұңғыс-манжұр, жапон тілдеріне де көне дәуірлерден-ақ ортақ болған. Бұл үрдіс алтай тілдерінің тарамдалуы нәтижесінде далалық өркениетте сақталып қана қоймай, қоғам дамуына сәйкес жаңа мазмұнға ие болып отырған.
Ендігі бір ерекше назар аударылуға тиісті мәселе бар, бұл «шешен» атауының көптеген алтай тобындағы тілдерде ділмарлықпен қоса «мерген» ұғымына қатысты мағынада сақталып қалуы. Бұл сөздің алғашында кәсібі аңшылықпен байланысты алтай тобына кіретін тайпаларда қолданысқа еніп, сол қауымның дүниетанымы, наным-сенімі нәтижесінде пайда болғаны аңғарылады. «Моңғол, бурят-моңғол, қалмақ тілдерінде қәқән, сэсэ(н), ңәңә сөзінің «данышпан, ақылгөй, дана, тапқыр» деген мағыналармен қатар «мерген», дәл тигізетін, дәл басатын деген де мағынасы бар. Чечен, сасан сөзінің бұл мағыналары алтай, якут, тува тілдерінде де кездеседі…» (Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. – Алматы, 1966. 222 б.). Тіршілік көзі мал бағу немесе егін егу сынды көз алдындағы шаруашылықты жүргізумен емес, күнделікті ішіп-жемін табиғаттан айыратын, жолының болу-болмауы бұлыңғыр, кездейсоқтыққа толы, сәттілікке байланысты болып келетін аңшылық кәсібімен айналысатын қауымда тылсым күштерге сену, содан сұрау, соның қалауына сәйкес әрекеттер жасау өзекті болды. Дәл осындай табиғатпен бетпе-бет келген, азық-түліктің артық қоры жоқ, ертеңгі күнге аман жетудің өзі екіталай жағдайда тылсым күштерден көмек сұрау, солардың рахымына ие болу аса маңызды еді де, осыған орай сан қилы жөн-жоралғылардың жасалғандығы айтылады. Ал осы жоралғыны жүргізетін кәсіби маманның ғайыптан хабар алатын, сөзбен келістіріп екі дүние иелерінің де көңілінен шығатындай ділмарлығы болуы қажет саналды.
Атап өткеніміздей, адамдардың наным-сенімі мен таным-түсінігі нәтижесінде осындай жөн-жосықтың болғандығы және ондай жоралғыны сөзге жетік, тілге шебер айтулы сөз зергерінің жүзеге асырып отырғаны белгілі болып отыр. Ал дәл осы шараның ұйтқысы болған, ғайыптан хабар алуға қабілетті, жаратылысы бөлек, тылсым иелеріне айтқанын істете алатын, ауызекі сөйлеудің хас шебері ерекше жанды – шешен деп атаған деген ойға жетелейді.
Осылайша «шешен» сөзі өзара қоян-қолтық араласып жатқан негізгі кәсіптері, күнкөріс көзі аңшылықпен байланысты сібір-алтайлық түрік-монғол тайпаларында пайда болып, сол қауымда өзектілігін жоғалтпаған деген қорытынды жасауға болады. Көпшілікке ұқсамайтын ерекше рухани тұлғаның бұл атауы ежелден аңшылық ортада қолданылып келген де, кәсібі мал және егін егумен байланысты ортаазиялық түркілік қауымда бұл сөз айтылмаған. Тек кейін Шыңғысхан жорықтары кезіндегі араласу, біте қайнасу нәтижесінде қолданысқа еніп, мағынасы біршама тұрақтаған. Себебі, өз заманындағы әрбір түрік сөзіне, атақ-дәрежелерден бастап кісі есімдеріне дейін мұқият саралап, назардан тыс қалдырмаған ХІ ғасырдағы М.Қашғаридің «Диуани лұғатында» «шешен» сөзі кездеспейді. Ауызекі сөйлеу үдерісіне, ділмарлыққа қатысты ондаған сөздер қолданылады, әйтседе дәл «шешен» «цецен», «сосон» үлгісіндегі сөздер еш жерінде аталмайды. «Өткір тілді», «ділмар» деген мағынаға қатысты түріктер «силик ер» (Махмуд ал-Кашкари. Диван Лугат ат-Турк. Пер. З-А.Ауэзовой – Алматы: Дайк-Пресс, 2005. 1288 с.369с.) деген атауды қолданатынын айтады. «Ақын, музыкант» деген түсінікпен «йирағу» (768 бет) үлгісіндегі «жырау» сөзі, ал «ақылды, оқымысты» деген мағынаға қатысты «билик» (402 с.) сөзінің қолданылғаны айтылады. Демек, «түркімен, қыпшақ, оғыз түріктерін аралап, деректер жинадым» деп М.Қашғаридің өзі атап өткендей, ол қауымдарда «шешен» сөзі ХІ ғасырда қолданыста болмаған, бұл атау тек бір жарым ғасырдан кейін, түркі-моңғолдық Шыңғысхан жасақтарымен бірге қолданысқа енген. Ш.Уәлихановта да осы арнаға саятын ойлар ашық айтылады. Ол былай дейді: «Қазақтар қолданатын «шешен» сөзінің түп-төркіні – дана, ақылды деген мағынаны білдіреді. Бұл көне моңғол сөзі, ерте заманда да дәп қазіргі қазақтар қолданып жүрген мағынада, аз ғана дыбыстық өзгерісте айтылған. Солтүстік моңғолдар – халқастар соцен, сэцэнь деп те айтады» (Ш.Уәлиханов. Таңдамалы. – Алматы: «Жазушы». 1985 ж. 119 бет). Демек, бірнеше тілді еркін меңгерген, тілдің өзгеру заңдылықтарынан және көне тарихи жәдігерлерді жинастырудан хабары бар Ш.Уәлиханов бұл сөздің шығу төркінін, мағыналық астарын тап басып отыр. Сондай-ақ, ғалым «көне моңғол сөзі» деген маңызды пікірді әдейі ескертеді.
Алтай тобына жататын тілдерде кездесетін алғашқы нұсқалардағы «цэцэн», «сэчен», «цэцэнде» формалары уақыт өте келе түрлі дыбыстық, мағыналық өзгерістерге ұшырағанымен, түбір морфемадағы семантикалық байланыс белгілі бір дәрежеде сақталып келген. Мұндай байланыстың сақталуын қоян-қолтық араласып жатқан халықтардың ортақ ойлау жүйесімен, тұрмыс-тіршілігінің, дүниетанымының ұқсастығымен түсіндіруге болады. Монғол және түркі тілдеріндегі «шешен» сөзінің ортақтығы және олардың өзге де туынды сөздерді жасауға қатысы жайында көрнекті ғалым Е.Ысмайылов аса қызықты да құнды пікір айтады: «Бурят-монғол тілінде жыршы мен шешеннің төркіні бір, хұрчи мен хұрчин – алтын скрипка ойнау немесе гулшин – қадірлі әйел, сосон – шешен – ақылды әйел, гүл мағынасында айтылып, ақын-жыршыны қадір тұтып, өлең-жырын да қасиетпен жырлайтын болса керек. Алпамыстағы Гүлбаршын есімі осы мотивтерге тамырлас шығар. Жыршы, шешен деген сөздердің қазақтың өз түсінігінде қалыптасуында бурят-монғол тілдерімен тектестігі жоқ емес», (Ысмайылов Е. Жамбыл және халық ақындары. – Алматы: «Санат». 1996 ж. 35 б.) – деп жазады ғалым. Өте мағыналы тұжырым. Бұл жерде де жоғарыда аталатын – -чин, -шин, -шен, -сон, -цэн т.б. дыбыстық өзгерістерге қарамастан, түбір морфемалардан бастау алатын түпкі семантикалық байланыстың бар екендігін ғалым жобалап отыр.
1966 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінде» ШЕШЕН сөзінің моңғол тектес халықтармен қатар түркі халықтарындағы фонетикалық, лексикалық ерекшеліктері біршама тиянақты баяндалады. Жоғарыда аталған түбір морфеманың фонетикалық, мағыналық өзгерістерін де дәл көрсетеді: «шечан, сәсән сөзі қырғыз, қарақалпақ, өзбек, башқұрт тілдерінде де қазақ тіліндегідей мағынада қолданылады. Өзбек тілінде чечан сөзінің «неге болса да ұста, шебер», тува тілінде (чечен) «әдемі, көркем» деген қосымша мағыналары бар. Моңғол, бурят-моңғол, қалмақ тілдерінде қәқән, сэсэ(н), ңәңә сөзінің «данышпан, ақылгөй, дана, тапқыр» деген мағыналармен қатар «мерген», дәл тигізетін, дәл басатын деген де мағынасы бар. Чечен, сасан сөзінің бұл мағыналары алтай, якут, тува тілдерінде де кездеседі… Шешен сөзі – шеш (чеч, сэс, цэс, цэц) түбірі мен –ен қосымшасынан тұратын түрік, моңғол тілдеріне ортақ сөз болуы мүмкін» (Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. – Алматы, 1966. 222 б.). Көптеген тілдерде мағыналық әрі дыбыстық ерекшеліктерін өзгеріссіз сақтап қалған бұл сөзге қатысты ғалымдар орынды назар аударып, өте маңызды ғылыми тұжырымдар жасаған.
Сонымен, «шешен» сөзі көне дәуірлердегі қолданысында абыз, жырау, сал, сері, сыншы, мерген деген секілді кісі есіміне қосарланып, оның даналығын, ақылдылығын, қоғамдағы статусын айқындайтын, көпшіліктен ерекшелендіретін арнайы атау ретінде көрінеді. Келе-келе орал-алтай тобына жататын фин-угор, тұңғыс-манжұр, моңғол-түркі халықтарының тілдерінде ішінара мағыналық және дыбыстық өзгерістерге ұшырап, көптеген туынды сөздердің пайда болуына ықпал етеді. Моңғол, бурят, қалмақ тілдеріндегі «цэцэн», «қәқән», «сэсэ(н)», «ңәңә» формаларының «данышпан, ақылгөй, дана, тапқыр», «мерген», «жебені дөп тигізетін», «дәл басатын», «таңдап, іріктеп сөйлеуші ділмар», тува тілінде «чечен» – «әдемі, көркем», өзбек тілінде «чечан» сөзі «сөйлеуге шеберлікпен» қатар «неге болса да ұста, шебер» деген мағыналарды беруі – бұл сөздің мәнін айқындай түседі. Бұл бір ғана қасиетті, айталық, сөзге ділмарлықты, мергендікті немесе әдемілікті білдіретін сөз емес. Бұл, осындай анықтауыш сөздердің барлығының мағыналарын біріктіретін, ортақ сипаттарын білдіретін сөз. Міне, осы мағыналардың барлығының да айналып келгенде түйісетін тұсы: «шешен» – әдеттегіден ерекше, көпке ұқсамайтын, өзгелерден бөлек айрықша қасиеттерге ие тұлға. Бұл жоғарыда аталатын қасиеттердің барлығын жинақтайтын белгілік атау болғандығын көрсетеді. Ол ерекшелік немесе қасиет әртүрлі сипаттарда көрінуі мүмкін. Біреу мергендігімен, біреу ұсталығымен не сұлулығымен, ендігі біреу даналығымен ерекшеленген де, олардың осындай артықшылығын, елден ерек қасиетін ортақ «шешен» деген жалпы атаумен атаған. Сол себепті де бір тілде бұл сөздің «мерген», тағы бірінде «күшті», «көркем» деген мағыналары сақталып қалған. Яғни, ортақ мағынасы «жаратылысы бөлек, жалпы жұртшылықтан ерекше тұлға» дегенге саяды. Бұл атау халықтардың мифтік, тәңірлік дүниетанымдарымен де байланысты. Дүниеге келуі ғажайып туу мотивтерімен астасып жататын әйгілі Шыңғысхан – Темучиннің арғы аталарына «шешен» сөзі қосарланып айтылады. «Бізге белгілі шығыс жазбаларында Шыңғысханның арғы бабалары Санан Сеценде Цибибигай сэцэн деп аталған» – деп жазады Ш.Уәлиханов (Ш.Уәлиханов. Таңдамалы. – Алматы: «Жазушы». 1985 ж. 119 бет). Ойланатын мәселе. Жоғарыда айтқанымыздай, алтайлықтарда бақсылардың жоғарғы киесі, ғаламды жаратушы Өлгеннің (Ульген) тапсырмасымен жан-жануарларға тіршілік мерзімін үлестіріп Дьяра чеченнің жүруі ойымызды айқындай түседі.
Алтай тобынан ажырап түркі тайпаларының жеке-жеке қауым болып қалыптасуы барысында барлық түркі халықтарының тілдерінде жекелеген дыбыстық өзгерістерімен бұл сөз сақталып қалды. Чечен, сесен, сасан, сосон, шешен, чечан т.б. үлгілерде дыбысталып, алтай, якут, шор, қырғыз, өзбек, ұйғыр, татар тілдерінде негізгі мағынасына қоса, адамның айрықша қасиеттерін білдіретін сөз ретінде қолданылып келеді. Қазіргі башқұрт тілінде біздегі айтыс ақыны секілді аяқ астынан тауып айтатын суырыпсалма халық ақынын «сесен» дейді. Қырғыздардағы «чечен» сөзі біздегі шешен сөзімен мағыналас, «Сулуунун көркү көзүндө, чечендин көркү сөзүндө» – «Сұлудың көркі көзінде, шешеннің көркі сөзінде». Татар тілінде «чәчән» деп тек айтылуындағы аздаған өзгешелігі болмаса, мағынасы бірдей. Ұйғыр тілінде негізгі мағынасына қоса «тәні кіршіксіз таза» деген қосалқы мәні бар. Ал қазіргі өзбек тілінде «чечан» сөзі «шебер сөйлейтін адам» деген мағынамен қатар «гүл өсіруші» және «асқан мерген» деген қосымша көне мағыналарын сақтап қалған.
Осы «гүл өсіруші» деген мағынаның ар жағында да «шеш», «шешек» дейтін көне түбір жатыр. «Диуани лұғатта» «жажак» – гүл (368 бет) түрінде кездеседі. «Шешек атты», «бәйшешек» үлгісіндегі тіркестерде сақталып қалған осы сөз сұлулықпен, көз тартар ерекше әдемілікпен байланысты. Моңғол тілінде «цецег» деп айтылады. Е.Ысмайылов «сосон – шешен – ақылды әйел, гүл мағынасында» (Ысмайылов Е. Жамбыл және халық ақындары. – Алматы: «Санат». 1996 ж. 35 б.) дегенде осыны меңзеп отыр. Әдемі сөйлеу, сұлу сөз айту шешендік саналуы осылайша сөзбен айрықша көркем бейне жасаумен астарлас.
Ал Қазақ хандығы құрылған кезеңге меңзейтін Әз Жәнібектің үзеңгілесі Жиренше шешеннен бастап ХІХ ғасырдағы Досбол шешенге дейінгі қазақ елінің тарихы да шешендердің қоғамдық қызметімен тығыз байланысты болып келді. Солардың ішінде Сырым шешен, Саққұлақ шешен, Жанқұтты шешен, Ноғайбай шешен деп оларды ақын, жырау, би, сал-серілерден ерекшелендіріп, солармен қатар дербес бір қоғамдық институт ретінде «шешен» деп атайды. Демек, жырау – жырау, сал – сал, сері – сері, ал, шешен – шешен.
Өзге түркі тілдеріндегі мағыналарынан ерекшелігі, қазақ тілінде «шешен» сөзі «қиыннан қиыстырып сөйлейтін шебер» деген бір ғана мағынаға тұрақтады. Қазақтың эпостық жырларында да «шешен» сөзі біздің қазіргі қолданып жүрген мағынаны білдіреді. «Қобланды батыр» жырында бұл сөз мынадай үлгіде кездеседі:
«Сонда Қобланды сөйлейді:
«Қызыл тілім шешен-ді,
Қатардан басым көсем-ді» (Қобланды батыр. – Алматы: Arna-b, 2010. – 552 бет. 47 бет). Енді қазақ тілінде «шешен» сөзінің неліктен осы бір ғана мағынаға тұрақтауының себебіне үңіліп көрелік.
Көшпелі тірлік кешіп, мал шаруашылығымен айналысқан қазақ қоғамында өмір сүру ережелерінің барлығы да сол көшпелі жағдайға бейімделді. Жаз – жайлау, күз – күзеу, қыстау мен көктемеде тоқтаусыз мал қамымен көшіп жүрген қауымға бюрократтық жүйе қолайсыз әрі жат болатын. Себебі, айтылған сөз бен шығарылған шешім тап сол сәтте баршаға түсінікті, қисынды әрі әділ болуы қажет еді. Күнделікті ұрпақ тәрбиесі мен жөн-жоралғылардан бастап, кісінің құны секілді ұлы дауларға дейінгі келелі мәселелер ауызша шешімін тауып жатты. Рулар арасында бітпес дауға, қиян-кескі ұрыс пен барымтаға ұласқалы тұрған «ердің құнын – екі ауыз сөзбен шешу», айттырылған жесірінен айрылып немесе жер дауынан іштеріне қан қатқан ымырасыз екі тарапты сөзбен иіп әкеліп, өз кесіміне мойынсұндыру – ілуде бір туатын сұңғыла данышпанның ғана қолынан келетін аса қасиетті өнер еді. Осындай «Өнер алды – қызыл тіл» болған, «айтылған сөз – атылған оқ» ретінде қабылданатын қауымда қиыннан қиыстырып сөйлей білу, елдің сөзін ұстау – ең жоғарғы қасиет, ең қадірлі кәсіп саналды.
Көне seč – // čeč – > шеш- түбірінен көптеген туынды сөздердің пайда болғанын айттық. Бәйшешек, шешек атты секілді көгеруді, гүл атуды, сұлулықты білдіретін сөздер соның бір парасы. Сондай туынды сөздердің ендігі бір тармағы – шешу етістігі. Қалай болғанда да, қазақ тіліндегі «шешен» сөзі мағыналық және дыбысталу жағынан осы түркі тілдеріндегі «шешу» етістігінен алшақ жатқан жоқ. Түп-төркіні түйінді істі, келелі мәселені сөзбен шешуге меңзейтін бұл термин осы «шешу» етістігімен де байланысты болуы мүмкін. Қазақ тіліндегі «шешен» формасының өзге тілдердегі мағыналары секілді әртараптанбай, бір ғана мағынаға тұрақтап қалуына оның алтай тобындағы тілдерге ортақ алғашқы «елден ерек тұлға» деген көне мағынасымен бірге кейінгі дәуірлердегі «істің ақ-қарасын ажырату, шешу» функциясы да әсер еткен сыңайлы. Шешен сөзінің көне мағынасы «елден ерек» тұлғаға қатысты жалпы атау десек, тілдің культі қалыптасқан қауымда айрықша болу – ол осы ең басты, көпшілік мойындайтын өнерді – сөйлеуді меңгеру болатын. Соның салдарынан қазақ қоғамында шешен – қоғамдық институт деңгейіне көтерілді.
Ш.Уәлихановтың: «Қазақтар қолданатын «шешен» сөзінің түп-төркіні – дана, ақылды деген мағынаны білдіреді» деген пікірі де осы оймен ұштасады. Алғашқы нұсқаның ежелгі цецен, чечен, сесен формаларынан бастау алғанына дау жоқ. Сонымен қатар, қазақтардағы «шешу» етістігіне -ен жұрнағы жалғану арқылы «шешен» туынды зат есімі пайда болып, даралана түсті ме деп ойлаймыз. Зат есім тудырушы -ан, -ен формалары басқа да сөздерде кездеседі. Ұлан, отан, өрен, қорен т.б. Мұнан ары «шешу» сөзінен «істің шешімі, шешуі» нұсқалары шығады. Ал цецен, сесен үлгісіндегі атау сөз түрінде ғана сақталып қалса, қазірге дейін қолданыстағы «шешім», «шешуі» сынды туынды сөздермен байланысы болмас еді.
Сонымен, шешен – келелі түйінді іс пен даулы мәселені көркем тілмен, тапқырлықпен шешетін, кез-келген басқосуда көптің көкейіндегіні тап басып тауып, сөзбен тыңдаушыларды ұйыта білетін ойы ұшқыр, дана, ақылды сөз зергері. Әлеуметтік құбылыс ретінде шешендік өнердің пайда болуына қоғам өміріндегі өзекті деген мәселелерді ұжым болып талқылау, оларды бірлесе шешу қажеттілігі әсер етті десек, сол мәселені шешуден «шешен» формасы шығып отыр. Алғашқы шығу төркіні көне нұсқадан бастау алса, кейінгі қоғамдағы, қазақы ортадағы мағынасына тұрақтауына «мәселені шешу» функциясының әсері болған сыңайлы.
Ең соңғы 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» «ШЕШЕН. 1.Сөзге ағып тұрған, қызыл тілді, тілге жүйрік адам; 2. (лат. оrator) Шаршы топ алдында тапқырлық танытып, нанымды, шебер сөйлеуші адам; 3. Би, ділмар» (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. XV том. 828 б. 356 б.) деген түсінік беріледі. Бұл түсініктемелер мен тұжырымдардың барлығы да ШЕШЕН сөзінің түрлі тарихи кезеңдердегі сан алуан мағыналарының көмескіленіп, тек бүгінгі таңдағы қолданыстағы мағынасына орай беріліп отырған нұсқалары. Қалыптасқан құқықтық, саяси-әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларға байланысты шешендердің қазақ қоғамындағы заңгерлік, елшілік, әкімшілік т.б. қызметтерінің барлығы да тарих қойнауында қалып, шешен термині жоғарыда түсінік берілген мағынаға тұрақтаған. Бір ғана сөздің астарында осыншама тылсым сырлардың жатқаны мәлім болды.
Мамай АХЕТ, филология ғылымдарының кандидаты,
Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысы.
"dalaneuws"kz