Түркістанда "ұшатын" театр ашылмақ

3111
Adyrna.kz Telegram

Түркістан қаласында әлемде теңдесі жоқ "ұшатын" театр ашылады. Ерекше мәдени нысан Самұрық құстың алып жұмыртқасы формасында салынады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұшатын театр Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында орналасқан "Керуен сарай" туристік кешенінде бой көтереді.

Қаладағы құрылыс алаңдарын аралаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев демалыс орталығын ашуға дайындық барысымен танысты.

"Жоба авторларының айтуынша, қиял-ғажайып орталық Самұрық құстың жұмыртқасы аңызына негізделген. Киелі Самұрық құс Бәйтеректің бұтағындағы ұясына келіп, күн бейнелі алтын жұмыртқа салады. Дәл осы алтын түсті алып жұмыртқа келбетіндегі ерекше театрда Бәйтерегіміз сияқты сиқырлы ертегілер еліне, қазақ халқының тарихына жаңа технологиялардың көмегімен, 8 D форматта әсерлі саяхат жасауға болады", - делінген хабарламада.

Театр-музейде Қазақстанның өткені, бүгіні мен келешегі көрсетіледі.

Облыс әкімдігі шығыс үлгісінде салынған кешен қала қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналатынына сенімді.

Түркістан қаласының әкімшілік іскерлік орталығы аумағында әкімшілік ғимараттар мен көпқабатты 24 үйдің қасбеттерін бір үлгіде жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Қаладағы ғимараттардың айналасы көгалдандырылып, жарықтандырылып жатыр.

Қаланың басты көшелеріне түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, Ясауи кесенесінің алдында ерекше жарық шамдар орнатылды. Минскіден арнайы алдырылған ағаш кейпіндегі бақша жарық шамдары түнде айналаны сан алуан түске бөлесе, күндіз салқын су шашып, аптап ыстықтан қорғайды.

 

Пікірлер