Ақ тілек

847
ФАРИЗА, ФАРИЗАЖАН...
Бекзат болмысымен, бүтін бітімімен елге танылған академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың зайыбы Сәуле апай бірде отбасылық мұрағатын ақтарып отырып, мына хатты тауып алыпты. Ардақты ағамыз осыдан қырық екі жылдай уақыт бұрын екі жылдың тоғысында қазақтың талантты ақыны Фариза Оңғарсыноваға мейірлі лебізін арнапты.
Зекең сол мезгілде туған ағасынан айырылған ақын қарындасына жаңа жыл қарсаңында жақсы тілегін айтып, жылы сөзбен демепті.
Жыр жүйрігі Мұқағалидың өлеңмен өрген «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз..» деген әйгілі сөз тіркесі ақын қызға деген елдің шексіз ықыласын білдіретін бейнелі ұғымға айналды. Сол Мұқағалидың өзі де Зейнолла ағаны жанындай жақсы көріп, «Ағатайым, арқа сүйерім – Зекем!», – деп еркелеп-еміренген.
Ғибраты мол осы шағын жазбаны тағы бір жаңа жыл басталған сәтте талантты тұлғалардың жарасымды сыйластығының мысалы ретінде ұсынып отырмыз.
Амантай ШӘРІП,
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Қарағым ФАРИЗА!
«Күлкі-жасы аралас,
Ақын да бір жас бала», –
деп Қасым айтқандай, міне, қайғы-қуаныш аралас 79-жылың да өтіп барады; Бұл жыл – сенің отбасында ер-Ағадан айырылып, жалғыз маралдай маңыраған жылың ғана емес, түзде – өлең өлкесіндегі ел-Анамен жаңа сапада табысып, жамыраған да жылың болды...
Задында, ақын – парасат дүниесінің ақ періштесі. Мына келген 80-жыл сенің сол әдемілік әлеміндегі тұнық аспандай биік, тымық теңіздей терең жылың болғай. Парлай бер де, самғай бер, ақ қанатты ақын қарындасым, асылым, аяулым!
Ағаң Зейнолла ҚАБДОЛОВ.
28.12.79.
Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар