Ғани ескерткіші туралы

1445
Құрметті оқырман! Бауыржан Омарұлының "Жас алаш" газетінің жүз жылдығы мен Ғани Мұратбаев туралы керемет жазылған мақаласына мен де өз тарапымнан үн қосуды жөн көрдім.
Иә, Ғани бейітінің алпысыншы жылдары жоғалып кеткені рас. Ол туралы мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов «Өмір белестері» кітабында жазған. Москвада оқып жүрген қазақстандық жастар 1968 жылы Ғани бейітін іздестіру жұмысын жүргізіп, оны Ваганьков қорымынан Тимирязев пен Памфилов зираттарының жанынан тапқан. Олар 29 қазан - комсомол күніне орай жыл сайын бейіт басына барып тұрған, ескерткіш қою мәселесімен айналысқан. Мен Мәскеуде Қуаныштардан кейін оқыдым, олардың «Жас тұлпардың» ізін басып құрған «Арман» қазақ жастары қоғамын мен де басқарып, жұмыстарын жалғастырдым.  Ғани бейітіне қамқорлық жасау үшін қорым орналасқан Краснопресненский ауданының жастарын жұмылдырдық, өзіміз де жиі барып бейіт басын қамқорлыққа алдық. Мына сурет сол кездегі Ғани Мұратбаевтың бейітінің жағдайын көрсетеді. Суреттегі - мен, студент Атамұрат Шәменов.
Осы тарихи суреттерге байланысты, сонау 1975 жылы, 13 тамызда Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде жарияланған мақаланы сіздерге ұсынамын.
"Ғани ескерткіші туралы"
Жақында студенттер белгілі комсомол ветераны, филиология ғылымының докторы, қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының профессоры Әуелбек Қоңыратбаевпен кездескен болатын.
Әуелбек ағамыз жиырмасыншы жылдардан комсомол мүшесі, Ғани Мұратбаевпен бірге сол кезеңдердің ыстығы мен суығын бірге көрген көненің көзі тарихи оқиғаларға қанық адам. Ол кісі сол уақыттардың қиындықтары туралы, комсомолдың атқарған ролі туралы көп айтты. Әсіресе, белгілі комсомол қайраткері Ғ. Мұратбаев жөніндегі ұзақ та, қызғылықты деректерге бай әңгімесі бізді баурап алды. Әуекеңнің сөздері Москвадағы қазақстандық студенттердің Ғани есімін қастерлеп, бейітіне қамқорлық жасап, оған ескерткіш тұрғызу туралы жасаған жұмыстарын газет оқырмандарына әңгімелеп беруге түрткі болды.
...1969 жыл, 23 октябрь. Комсомолдың туған күніне байланысты К. И. Скрябин атындағы ветеринария академиясының жоғарғы курс студенттерінің ұйымдастыруымен Ваганьков қорымында, Ғани бейітінің басында митингі болды. Онда сөйлеген жолдастар Ғани Мұратбаевтің өмірі туралы, оның Орта Азия комсомолдарын ұйымдастырудағы атқарған жұмыстары туралы айтты. Қабір басында гүл шоқтары, венок қойылды. Минуттік үнсіздікпен Ғани ағаны еске түсіріп, болашақ өмір үшін қыршын өмірін қиған нағыз лениншіл, жалынды жүрек, сарқылмас қайрат иесі Ғани өмірін, оның ісін онан әрі жалғастырып, Отан үшін, коммунизм үшін барлық біліміміз бен күшімізді аямаймыз деп іштей серт бердік.
Ғани бейіті қорымының 20-бөлімшесіне орналасқан екен. Айналасын тықсыра бейіттер қоршаған алақандай жерде, үйілген топыраққа темір қазық қағылып, оған жапсырылған қаңылтырдан төмендегідей жазу оқыдық:
«Ғани Мұратбаев
3-VI_1902 – 15-IV__1925
КИМ атқару комитетінің мүшесі
РЛКСМ Орталық Комитетінің мүшесі»
Ғани Мұратбаевтың есімін ертеден есте сақтап, оның өмірінен үлгі алып, тәрбиеленген біздерге қабірінің бұл жағдайы қатты әсер етті. Сол уақыттан бастап біздер Қызылорда облысы, Қазалы ауданының комсомол комитетіне, Ғ. Мұратбаев совхозы басшыларына, «Лениншіл жас» газетіне жазып, Ғани қабірінің жәйі туралы және Ғани бейітіне жасап жатқан қамқорлығымыз туралы хат жазып, бейіт басына ескерткіш тұрғызу туралы көмек сұрадық. Бір жыл өткеннен кейін Қызылорда облыстық комсомол комитетінің сол кездегі секретары Абылай Айдосовтан хат алдық. Айдосов жолдас хатты біздің атымызға және Москваның Красная Пресня аудандық комсомол комитетіне жолдаған екен. Онда Мұратбаевтың есімімен бүкіл Қазақстан жастарын, оның ішінде облыс комсомолдарын тәрбиелеп отырғандығын және Ғани есімін құрмет тұтып, көптеген жерлерде ескерткіш орнатылып, мектептер мен көшелер, совхоздар мен колхоздар, стадиондар Ғани есімімен аталатындығын айта келіп, аудан комсомолдарынан Ғани қабіріне қамқорлық жасауын сұраған екен.
Міне, осы мәселе бойынша мен Красная Пресня аудандық комсомол комитетінде болып көптеген жолдастармен сұхбаттасып, Ғани бейітіне қамқорлық жасауды сол қорымға жақын орналасқан «Мосгорспецстрой» мекемесінің комсомол ұйымының секретары Владимир Токарев және басқа да комсомолецтер бұл мәселені шешуге құлшына кірісті. Біздер бірінші рет кездесулер жасап Ғани аға туралы, оның жасаған жұмыстары туралы әңгімелеп бердік. Суреттер, кітаптар сыйға тарттық. Ескерткіш тұрғызу үшін бірнеше рет сенбілік, жексенбіліктер ұйымдастырылды. Міне, осының арасында біздер 1967 жылы Қазақ ССР Мәдениет министрлігі арқылы ескерткішке заказ берілгендігін білдік. Және сол ескерткіштің таяу уақытта бітетіндігін естіп, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетіне, «Лениншіл жас» редакциясына, Ғани Мұратбаевтың жұбайы, Алматыда тұратын Бақытжан Мұратбаеваларға хабарладық.
Көп уақыт өтпей-ақ СССР Журналистер Одағының лауреаты, белгілі журналист Сейілхан Асқаровтан хат алдық. Ол хатында былай деген екен:
«Құрметті достар!
Сіздердің 11 апрель күні «Лениншіл жас» редакциясына жазған хаттарыңызды кеше маған тапсырған болатын. Сіздердің Ғани ағаның есімін еске сақтау жөнінде жасап жатқан жұмыстарыңыз мені қатты толғандырып, міне сіздерге жауап жазуға асығудамын.
«Журналист» журналының бірінші санында менің Ғани Мұратбаевтың қазіргі бейітін қалай тапқаным туралы айтылған. Ол бейіт қазір 20-бөлімшеде 1925 жылдары қайтыс болған КИМ-нің активистерінің бірі, қырғызстандық Маралбаевтың обелискісі жанында орналасқан.
Міне, Ғанидың жерленген жерін тапқаннан кейін Қазақстанның тұрақты өкілдігінің қызметкері жолдас Сүлейменовтың қатысуымен Ғанидың бұрынғы 13 бөлімшедегі Арыстанов, Тұрманжанов жолдастардың қате тапқан бейітін жойған болатынбыз. Ол бейіт орыстың православный мешітінің қызметкерлерінің арасында болатын. Қалтамдағы соңғы тиынға сатып алған гүл шоқтарын сол қате табылған бейітке қойып жүргенім есімнен кетпейді.
Сіздердің жазып отырған ескерткіштеріңіз маған жақсы белгілі. Ол бүкіл одақтық көркем - өндірістік мастерскойына 1967 жылы заказ берілген болатын. Мен бұл мекеме басшыларымен бірнеше рет кездесіп, келісе алмаған болатынмын. Сонғы рет 1971 жылы болғанмын. Әрине, ескерткіштің ақыры дайын болғандығына қуаныштымын. Бұл іске сіздердің Красная Пресня комсомолдарын да жұмылдыруларыңыз өте дұрыс. Өйткені, Ғани 1921 жылдың аяғынан бастап соңғы деміне дейін олармен жақсы достық қатынаста болған еді. Ғани қайтыс болғанда Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университеті клубынан ақырғы сапарға шығарып салуға Красная Пресня комсомолецтері қатысқан екен. Сондықтан, Красная Пресня, аудандық комсомол комитетінің басшыларына менің сәлемімді және Ғани қабірін сақтаудағы жасап жатқан жұмыстарына менің рахметімді жеткізерсіздер.
Комунистік сәлеммен және жақсы тілекпен, Сейілхан Асқаров».
Міне, жоғарыда сөз болып отырған ескерткіш бұдан екі жыл бұрын Ваганьков бейітінде салтанатты түрде ашылған болатын. Ескерткіштің ашылу салтанатына ВЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші секретары Е. Тяжельников, секретарьлары Б.Пастухов, З.Новожилова, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші секретары З. Камалиденов, Қазақ ССР Министірлер Советінің тұрақты өкілдігінің председателі У. Атанбаев, Өзбекстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші секретары Э.Ғафуржанов, Ғани ізбасарларының бірі Ж. Арыстанов, жұбайы Б. Мұратбаевалар, көптеген студенттер, москвалықтар қатысқан болатын.
Кісі бойындай сұр гранит бетіне Ғани бейнесі ойылып салынған. Және астыңғы жағында мынандай жазу бар:
Ғани Мұратбаев
«Түркстан ЦК КСМ жауапты секретары,
КИМ атқару комитетінің мүшесі
1902 - 1925
Қазақстан комсомолдары мен жастарынан»
Ғани ескерткіші орнатылып, мәңгілік есте қаларлықтай бейіті жаңарды. Москвадағы қазақ студенттерінің көкейінде жүрген арманы жүзеге асты.
Міне, бүгінгі күнге дейін студенттер мен аспиранттар Ғанидің, комсомолдың туған күндеріне байланысты қабір басына барып гүл шоқтарын қойып, бас иіп, тұрағандықтарын хабарлайды. Әрине, Ғани есімін біздердің комсомол органдарының қастерлеуінде кемістік жоқ. Дегенмен де Москваға және Москва арқылы басқа қалаларға туристік саяхатпан барып жатқан пионерлер мен комсомолдар Ленин мавзолейі, мәңгі өшпес отқа бас иіп, Кремльді, университетті, театрларды тамашалаумен бірге Ғани қабіріне барып зират етіп, гүл шоқтарын қойып тұрса өте жақсы болар еді. Әрине, бұл жұмыстың орындалуына облыстық комсомол комитеті назар аударар деп сенеміз.
Және бір қуанарлық жәй, жақында Ғ. Мұратбаев стадионы жанынан Ғани ағаға зәулім ескерткіш орнатылмақ, тек сол ескерткіштің ашылуы ұзаққа созылмай, қызылордалықтарды тезірек қуантса екен.
А. Шәменов,
Н. В. Гоголь атындағы педагогикалық институтының комсомол комитетінің секретары. «Ленин жолы» 13.08.1975 жыл
РЕДАКЦИЯДАН: 
Ғалым, публицист-журналист Бауыржан Омарұлының "Ғани және Жас Алаш" атты мақаласы қоғамдық үлкен резонанс тудырып отыр.  Соның айқын бір дәлелі - түрлі ғалымдар, оқырмандар Ғани Мұратбаев туралы тың деректерімен бөлісіп, мақалаға үн қатуда. Күні кеше талантты ғалым Амантай Шәріптің "Сұлтанбек, Ғани және Алаш" атты ғажап мақаласы жарияланса, бүгін Атамұрат Шәменовтың біз біле бермейтін жайттармен таныстыратын "Ғани ескерткіші туралы" мақаласы оқырман назарына ұсынылып отыр.  
Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар