Құқық, заң саласындағы ең даулы мәселе не?

2855
Adyrna.kz Telegram

Заңгер, Заң магистры,

Тарбығатай Заңгерлер палатасының

Басқарма төрайымы

Садуакасова Р.Т.


Бүгінде заң саласында даулы мәселелер көп-ақ. Ең өкініштісі, ол олқылықтарды өзіміз де мойындап жүрміз. Дегенмен құқықтық нормативтерге өзгерістер мен түзетулер енгізіп, заңға томпақ болар дүниелерден арылуға алғышарт жасасақ, кез-келген мәселемен оңай күресе алар едік. Осы жөнінде арнайы маманмен пікірлескен едік.

Ендеше сұхбатымызға назар салуларыңызды сұраймыз.
- Мемлекетіміздің құқықтық саясатына көңіліңіз тола ма?

- Бұл сұраққа бір ауыз сөзбен «ия» немесе «жоқ» деп жауап беру қателік болады, өйткені құқықтық саясат деген ұғым өте ауқымды, мемлекет тарапынан жасалатын көптеген шаралардан тұрады. Соның ішінде ең маңыздысы елімізде құқықтық мемлекет құру болып табылады. Құқықтық мемлекет анықтамасына келер болсақ ол дегеніміз – өзінің негізгі институттары ретінде билік бөлінісін, сот тәуелсіздігін, басқару заңдылығын, мемлекеттік билік тарапынан азаматтардың құқығы бұзылуына жол бермеуді және оған қоғамдық мекеме тарапынан тигізілген залалдың құнын өтеп алуды қарастыратын мемлекет. Құқықтық мемлекет ең алдымен, барлық мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар, қоғамдық бірлестіктер және азаматтар бағынуы тиіс өзіндегі құқықтық ережелермен өзін-өзі шектейтіндігімен ерекшеленеді, ал ондағы басты принцип - құқық үстемдігі.

Менің ойымша біздің елде осы құқықтық мемлекеттің барлық институттарының негізі салынған, бірақ ол механизм жеткілікті дәрежеде дамытылмағандықтан қоғамда өз көрінісін таппай жатады.

- Қазақстанның заң жүйесінде шикіліктердің бары рас. Бірізді, қолайлы заң жүйесін қалыптастыру үшін бізге не қажет деп ойлайсыз?

- Заң жүйесі қолданыстағы заңдар мен құқықтық нормативтік атілерден тұратыны белгілі. Заң жүйесінің кемшілігі бір-біріне қайшылықты, коллизиялы заң нормаларының болуы және заң актілерінің қазақша мәтіндері мен орысша нұсқаларының сәйкес келмейтін тұстарының көп кездесуіне байланысты деп ойлаймын. Заң шығарушылық процедурасы, соның ішінде заң жобаларын дайындау кезеңіне аса назар аударған жөн деп санаймын.

Заң шығарушылықты мүмкіндігінше демократияландыру қажет, заң жобадарын халық арасында ашық талқыға салумен қатар, ол заң жобаларына қазір пайда болып жатқан Заңгерлер Палаталарын белсенді түрде қатыстыру керек деп санаймын. Өйткені заңды қызмет барысында заңгерлер көп пайдаланғандықтан, тәжрибе негізінде олардың олқылықтарын анықтап, ресми баға беруге құқықтық білім деңгейлері жеткілікті болып табылады.

Орысша және қазақша мәтіндердің қайшылықтарын болдырмау үшін, бастапқы заң жобасының мәтіні қазақ тілінде жасалуы керек, бұл қазақ тілінің де мәртебесінің бірқатар көтерілуіне ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Заң жасау процедурасын жақсарту мақсатында осы процесске белсенді қоғамдық бірлестіктерді қатыстырып, пікірлерімен де санасу үрдісін дамыту керек деп санаймын.

Сонымен қатар заң мәтіндерінің сапасын арттырып, бірізділікті сақтау үшін қазақ-орыс заң терминдері сөздігі жасалып қабылдануы керек деп санаймын.

- Халықтың құқықтық санасын, мәдениетін қалыптастыру үшін бізге не қажет?

- Біздің елімізде халықтың құқықтық сауаттылығын, мәдениетін көтеру мақсатында бірқатар нормативтік актілер қабылданды. Менің ойымша олар іш жүзіне аспады, өйткені қазіргі кездегі халықтың құқықтық мәдениетін ақпарат желілеріндегі ой пікірлерін айтудан көруге болады. Құқықтық мәдениет төмен екенін желілерде еркінсіп көптеген құқық бұзушылықтарға жол беріліп жүргеніне өзіміз күә болып отырамыз. Осындай келеңсіз оқиғалар болмау үшін халық арасында заң нормаларын насихаттау жұмыстары көптеп жүргізілуі тиіс деп санаймын. Сонымен қатар ауылды жерлерде Ақсақалдар Кеңесін, эксперимент түрінде Билер институтын енгізіп, халықтың ұят болады деген принципы негізінде тәрбие жұмыстарын жүргізу қажет деп санаймын. Халықтың құқықтық мәдениетін арттыруда заңгерлер мен адвокаттардың да рольін арттыру қажет. Олар палата шеңберінде белсенділік танытып курстар мен лекциялар жүргізіп отырса, аудитория жинау қиындыққа соқпайды деп ойлаймын.

- Қазіргі таңда түрлі заң жобалары шығып жатыр. Олар туралы не айтасыз?

- Заң жобалары жөніндегі өз пікірімді жоғарыда айтып кеттім. Қосарым, заң жобаларының сапалы болуы болашақта бекітіліп, қолданысқа түсетін Заңдарымыздың өміршеңдік кепілі. Сондықтан заң шығару инициативасын жан-жақты пайдалану қажет деп санаймын. Заң жобасын талқылау барысында айтылған сын-пікірлер, алып-қосуларға назар аударылуы керек.

- Бүгінде заңгерлер мен құқық қорғау саласының мамандары өте көп. Алайда халықтың құқығы толыққанды қорғалып жатыр ма?

- Менім пікірім, біздің елімізде азаматтардың құқықтары қорғаусыз қалып жатқан кезі, кемде кем. Құқық қорғау тетіктері кеңінен пайдалануда. Құқықтары бұзылған тұлғалар қоғамдық пікір туындатып, қай жерде болсын өз пікірінің тыңдалуына қол жеткізіп жатыр. Әрине кей кезде теріс пияр, тұрпай түрде болса да әлеуметтік желіні пайдаланып айқайға басп жатыр. Бұл әрекеттер орынды деп айта алмаймын, дегенмен жабайы түрдегі құқық қорғау тетіктері қолданылып жатыр. Кәсіби заңгерлер тарапынан да құқық қорғау белсенді жүзеге асырылуда. Әлеуметтік қорғалмаған жандар үшін заңдық көмек тегін жүзеге асырылады және ондай адамдардың санаттары заңда нақты белгіленген.

- Жақсы заңгер мамандарды тәрбиелеу үшін қандай шет елдік тәжірибелерге сүйену керек деп ойлайсыз?

- Жалпы әлемдік құқық жүйесі екі түрге бөлінеді, ол англо-саксондық және бәзде қолданыстағы роман-германдық құқық жүйесі. Екуінің өзгешеліктерінің бірі англо-сақсондық құқық жүйесі соттық прецеденттерге негізделген, ал романо-германдық құқық жүйесі заң номаларына негізделген. Менің пікірімше тарихи тұрғыдан сот прецеденттерін кеңінен қолданып келе жатқан Англияның сот жүйесі өз тиімділігін байқатты. Сондықтан ағылшын елінің, АҚШ-тың тәжрибелерімен біздің заңгерлер біліктілігін арттыру мақсатында іс-жүзінде танысп келгені артық етпейді.

- Құқық, заң саласындағы ең даулы мәселе не?

- Өз тәжрибеме сүйеніп айтар болсам, қазіргі таңда ең даулы мәселе, ол алимент өндіру. Қоғамда өкіншке орай, ең қорғаусыз санат -  ол балалар болып отыр. Семьядан ажырасып кеткен жанұя мүшесі, онда қалған балаларына қаржылай көмек беруден жалтарып жатады. Алиментті төлемеу немесе мардымсыз көлемде төлеуге тырысады. Оны жоқтықтан да емес, жұбайына ренішін солай білдіреді мыс, сонда баланың не кінәсі бар екенін ашу үстіндегі ерлі-зайыптылар түсінбей жатады.

- Ол мәселемен күресу жолдары қаншалықты деңгейде жүріп жатыр?

- Заң жүзінде алимент төлемеушілермен күрес жолдары нақты белгіленген. Іс жүзінде көп жағдайда ол номалар орындалмайды. Атап айтар болсақ алимент төлемегені үшін қылмыстық іс қозғап, жазаға тарту. Егер осындай шараларды қолданатын болса, алимент төлемей қашып, пысып жүргендер саны азаятын еді деп ойлаймын.

Ақгүл ҚҰДАЙБЕРГЕН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер