Қарағандылық 111 жастағы қария көрпе тігіп, сиыр сауады

1737

Қарағанды облысының Қызылжар ауылында тұратын 111 жастағы Түймекүл әжей әлі күнге құрақ көрпе тігіп, қымыз ашытады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Қызылжар ауылына түскен кез келген қонақ Түймекүл әжейдің шаңырағына соғып, батасын алуға асығады. Алыстан қымызын аңсап келетіндер де бар екен.

Түймекүл Темірбаева 1910 жылы Жамбыл облысында дүнниеге келіп, кейін тұрмысқа шыққан соң Аязбай ақсақалмен Арқа жеріне қоныс аударады. Содан ұзақ жыл жылқы бағып, мал шаруашылығымен айналысқан.

«Жылқышыға көмекші болып жүрдім. Екі жылдай Қарағандыға бие сауып, қымыз ашытып жіберіп отырдық. Егіншілерге де жібердік. Шалым жылқы бағады. Бармаған жеріміз жоқ»,-дейді кейуана.

Аштықты, соғысты көрген кейуана 8 құрсақ көтерген. Қазір 54 жастағы ең кенже ұлының қолында тұрады. 20-ға жуық немересі мен 30-дан астам шөбересі бар әже бүгінде бір ғана әулеттің емес, бүтін бір ауылдың әзиз анасы. Қарт ананың есту қабілеті аздап жоғалғанмен көзі жақсы көреді. Инеге жіпті өзі сабақтап, іс тігеді. Білгенін келіндері мен немерелеріне үйретуден жалыққан емес.

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, апамыз ақ жаулығы желбіреп, кішкентай кезімізден бізге бар тәрбиесін берді. Асырады, өсірді. Кішкентай кезімізде ертегі айтып беретін, одан мектепке барғанда тамағымызды беретін. Кейін өскен соң, шаруаға іліккен соң бие саууды, сиыр саууды үйретті. Қымызды да баптауды білеміз, қолымыздан барлығы келеді, Аллаға шүкір, апамыз үйретіп жатыр»,-деді немересі Айтолқын Аязбай.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы