Сұлтанбек, Ғани және Алаш

1781

Adyrna.kz ұлттық порталынан Бауыржан Омарұлының «Ғани және «Жас Алаш» атты мақаласын (22.03.2020)  оқығаннан кейін, осы тақырыпқа қатысты кейбір деректерді бөліскенді жөн санадым.

Ғани Мұратбайұлы туралы Кеңес заманында жарық көрген материалдарда оның өмірі мен қызметіне байланысты мәліметтердің қатаң цензурадан, яғни идеологиялық сүзгі-сұрыптан өткізіліп отырғаны Бауыржан Омарұлының зерттеуінде  жан-жақты қамтылып айтылған. Мысалы, оның кедейлер табынан емес, ауқатты әулеттен шыққандығы жөнінде тиянақты дерек берілген. Осының өзі-ақ Ғани жөнінде әлі де бізге беймәлім жайттардың болуы мүмкін екендігін көрсетеді.

Қоғамдық ортада, халықтың түсінігінде Ғани бейнесі «комсомол жетекшісі», «Күншығыс жастарының көсемі», «шынайы интернационалист», т.с.с сипатта орнығып қалған. Әрине, мұны жоққа шығарып, «жоқ, олай емес, Ғани ұлтшыл еді, қазақшыл еді» деп біржақтылыққа ұрынсақ, тағы да қателесетініміз анық. Сондықтан екі мүшелге де жетпейтін, қамшының сабындай қысқа ғұмыр сүріп, саяси бұғанасы толық бекіп үлгермеген қыршын қайраткердің тұлғасына әсірелемей де, әспеттемей де, байыпты баға беруге тырысқанымыз абзал.

Мысалы, «Ғанидың Алаш бағытындағы қайраткерлермен қарым-қатынасы қандай болды?» деген сауал өздігінен туындайды.

Әуелбек Қоңыратбаевтың естеліктеріне жүгіне отырып, Бауыржан Омарұлы: «Әдебиетші-ғалым Ғанидың Сұлтанбек Қожановпен бір аулада тұрғанын баяндайды. Газеттің «Жас Алаш» аталуына әйгілі ұлт қайраткері Сұлтанбектің ықпалы болуы да мүмкін ғой...», - деген болжам айтады.

Осылай деп кесіп айтатын қолда тұрған дайын дерегіміз жоқ; бірақ қазақтың қабырғалы қайраткері Сұлтанбек  Қожанұлының Ғани інісімен тығыз байланыста жүріп, көп жағдайда пікірлес болғанына сеніміміз кәміл.

1925 жылы Мәскеуде Күншығыс халықтары баспасынан «Біздің Ғани» атты жинақтың жарық көргені белгілі. Қаралы жиында сөз сөйлеген, әлгі баспаның жетекшісі Нәзір Төреқұловтың осы кітапта «Біздің Ғани» атты мақаласы бар (жинақ атауы соған сәйкес қойылған). Ал Нәзірдің метрополия астанасында қырағы көздердің бақылауы астында отырған Алаш көсемі Әлихан Бөкейханмен етене жақындықта болып, сонда «Темірқазық» журналын тізе қосып бірге шығарғанын, қазақ жастарының «Жерлестік» ұйымының жұмысына тікелей араласқанын еске алсақ, белсенді Ғанидың мұндай үдерістерден тысқары тұруы ақылға сыймайтыны анық...

Нәзір Төреқұлов қаралы жиында сөз сөйлеп тұр

Осы жинақта Ғанидың үзеңгілес достарымен және саяси әріптестерімен бірге, сол уақытта Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы (республиканың екінші басшысы) қызметін атқарған Сұлтанбек Қожанұлының да «Ғани жолдас» атты азанамасы басылған.

Ғани 1925 жылғы сәуірдің 15-інде дүниеден қайтты. Нақ сол күні Қазақстанның жаңа кіндігі – Ақмешіт қаласында Қазақ өлкелік кеңестерінің V сиезі ашылып, сол жиында қаланың атын «Қызылорда» деп өзгертіп, «қазақ» атауын ресми түрде бекіту туралы тарихи ұйғарым жасалды.

Міне, осы сәйкестікке мән берген Сұлтанбек: «Біз тағдыршыл емеспіз-ау, бірақ осы екі оқиғаның бір күнде болып, қуанышқа күйініш оралып, алабажақ бола қалғаны... маған ә дегенде шынымен тағдыр сұмның мазағындай болып көрінді», - деп жазады.  Және: «Шынында Қызылордадағы ұлы думанның иесі Ғани жолдас емес пе еді?», - деп оның рухын көтермелеп, құрмет танытады.

Бір қызығы, мақаладан Ғанидың ғапыл қазасы туралы хабардың Қызылордаға әбден кешігіп, 20 сәуір күні ғана «бетіне қара жамылған Мәскеу газеттері» арқылы жеткенін білеміз. Сұлтанбектің жазуынша, «жайшылықта сартылдап тиіп тұратын телеграм хабарлары «Ташкент бөгеті» деген бәлеге ұшырап», кешеуілдеп қалған. Бұл да – бір тылсым жайт. Әлде, Мәскеудегі билік Ғанидың бақиға көшкенін Қазақстан басшылығына дереу хабарласа, сиез делегаттары арасында әлдебір дүрлігіс тууы мүмкін деп сақтық жасады ма екен?.. Сұлтанбектің сөз саптасына, қайран қалысына қарағанда, солай болуы әбден ықтимал.

Ғаниды мәңгі сапарға шығарып cалу сәті

Сұлтанбек өз мақаласында: «... ұлт теңдігі шынымен орнап, жалпы еңбекшілер бірлігі, еңбек жұртшылығы жолына құрмет қылуға қашан жол ашылады деп сусаған ер –  біздің Ғани емес пе еді?», «Ғани қарасын үзіп, топтан жеке шығып кеткен жүйріктерден болып, бәрін біліп қойған,  бәрін бұрын болжап көріп қойған ірі даналардан болмаса да, қазақ еңбекші жастарының  қозғалысынан қайнап туып һәм бірге аяқтанып келе жатқан жас талап, жас қыран еді», «Қазақстан тарихында толқынды белінен асып, жаңа орталық кіндігіне көшіп, шекарасын жинақтап жатқан барлық ел-жұртын біріктіріп, жаңа жол темір қызып, екпінді істеуде тұрғанда Ғанидай жас қыранның бағасы қымбат,  Ғани бізге керек еді», «...іске кім бас болуының, жұмыстың кімнің қолымен істелуінің Қазақстан шарттарында үлкен мәнісі бар. Жығылған үстіне жұдырық болып, Ғанидай жолдастың өлуі біз үшін орны толмайтын шығын», -  деп, өмірден ерте озған жалынды қайраткердің орнын күйзеле жоқтайды.

Сұлтанбек әлі қабырғасы қатаймаған жас азаматтың алып-ұшпа мінезіндегі ерекшеліктерді де бүкпесіз айтады. «Ғани кей мәселелерде үстіртін, кей жерлерде жаңылыс кететіні де болушы еді. Кей уақытта айғаймен аңғырттау шауып кететіні де болушы еді. Бірақ Ғанидың еш уақытта иманы саязданып, ниеті былғанып көрген емес», «Ғаниды итермелеген күш, қиқулап қыздырған жел – төңкеріс толқынынан туған жас жұртшылық еді» деген жолдар – соны айғағы.

Сұлтанбек «Ғанидың мінездеріндегі орқаштар, қылығындағы өлгенше басылмай кеткен, баяуламайтын, екпініндегі бір іске кіріссе, шын пейілімен шешіліп істейтін ақ көңілдігін» айта отырып, оның бойындағы айрықша қасиеттерін жеке қарым-қатынасы арқылы да аша түседі. Мысалы, «1922 жылы Ғанимен бір сөйлескенімде, «Қазақ, қазақ дей бересің, жалпы еңбекшілдер қамы жөнінен түк айтпайсың» деп, мені біраз кимелегені әлі есімде бар», «1923-1924-інші жылдары Түркістанда ұлт арасы арпалысы күшейіп кетіп, шекара таласы, енші алу үлесі таласы қозып тұрғанда, «Қазақ еңбекшілерінің ақысы кете бере ме? Ұлт саясаты нашарға қорған болуда болып, қазақ жастары пайдасына ол саясат неге жүрмей қалады?» деп Ғани қыза қайнап, сөйлеп шешіліп, мені неше рет алқымдаған», - дейді. Тағы да өзіне келіп, «неше рет долданған» осыған ұқсас сәттерін есіне алады. Бірақ, «осы қылықтың барлығы Ғаниға лайық» деп түйеді.

Ғани қабірінің басында

Тәжірибелі қайраткердің пікірінше,  «Ғанидың сенетіні – пролетариат жұртшылығы еді; Ғанидың ықыласын алған пірі – ортақшыл партиясы еді».   Замандастарының суреттеуінше, талдырмаш денелі, аққұба өңді, үстіне –  тік жағалы костюм, галифе шалбар,  әдемі етік, былғары шәпке киіп жүретін бозбаланың «мінсіз» тұрпатына Сұлтанбектің сөздері жаңаша реңк қосатыны сөзсіз. Таптық идеология күшейіп, ұлттық сарын тұншықтырыла бастаған тұстың тәрбиесімен қалыптасып, жаңа заманға бейімделу үстіндегі жас ұрпақ көсемінің болмыс-бітіміндегі өзгешеліктерді алашшыл азаматтың дөп байқағаны, оны терең мағыналы тұспалмен меңзегені көрінеді.

Бір айта кететін нәрсе, 1936 жылы Алматыда «Қазақстан» баспасынан «Біздің Ғани» атты тағы бір жинақ шығарылған (құрастырушылары –  Ш.Өтепов пен Н.Тіленшиев). Таң қаларлығы сол, оған Сұлтанбектің мақаласы енгізілмеген, бірақ алғашқы басылымда жарық көрген дүниесінің сөйлемдері түйдек-түйдегімен, сәл-пәл өзгертілген қалпында Қ.Мұратпаевтың «Ғанидың өмірінен» атты естелігінде «жиендіктің» бір үлгісі есебінде жүр. Ал бір жерде аты аталып қана өтетін Нәзір Төреқұлов «ескі қазақ қызметкерлерінен» деп көрсетілген. Әрі бұл кітапта, басқа тараулармен қатар, «Ғани ұлтшылдыққа қарсы күресте» деген тақырыпша да пайда болған. Ал Ғанидың редакторлық қызметіне байланысты сөз етілгенде, «Жас қайраттың» шығысы «Жас алашқа» қарағанда көп басқа болады, өйткені «Жас қайрат» тап күресін қолына көтере шығады» делінген. Бұл, керісінше, «Жас алаш» ұлттың туын желбірете шықты дегенге саяды емес пе?!

Міне, Ғаниға байланысты мәліметтер уақыт озған сайын осылай «өшіріле» бастаған.

Әлбетте, Ғаниды жақсы білмесе, басын қадірлемесе, Сұлтанбек Қожанұлы оның қазасына соншалықты тебірене, толғана үн қатпас еді.

Көрнекті ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың естелігінде Ғанидың Сұлтанбек Қожанұлымен емін-еркін байланыста болғанын және керек жерінде оған сөзін өткізе білгенін растайтын бір эпизод бар. Ташкентке білім іздеп келіп, аштықтың зардабын тартқан жастарға талғажау ететін қорек тауып бере алмай қиналған Ғани ақырында Түркістан республикасында тұтқалы қызметте отырған Сұлтанбек Қожанұлының  алдына барып жүгініп: «Әскер паегіне қол салсаңыз да бізге нан тауып беріңіз», - деп өтініш айтады. «Көп ұзамай жағдайымыз түзелді», - дейді Әуелбек. Осылайша, Сұлтанбек Ғаниға қысылтаяң сәттерде әрдайым қол ұшын созған.

«Ақ жол» газетінде Ғанидың мақалалары жарық көріп тұрған

Сұлтанбек Қожанұлы негізін қалап, жауапты шығарушы (бас редактор) ретінде қол қойып отырған «Ақ жол» газетінің тігінділерін парақтасақ, «Жас алаш» газеті туралы біраз мәліметті ұшырастыра аламыз. Мысалы, «Ақ жолдың» 1921 жылғы 6 наурыздағы санында Ташкенттегі қазақ-қырғыз институтында студент жастардың жалпы жиылысы өтіп, газет жайы талқыланғандығы былайша сөз етіледі: «Жастар газетінің атын «Жас алаш» қойды. Газетті басқарып тұратын 3 кісілік жазушылар ұйымы тағайындалды. Бұл 3 кісі жазда еліне қайтпастан, Ташкентте қалып, газет жұмысын атқарып тұруға міндетті болды. Жазушылар ұйымына кіргендер: Ғани Мұратбаев, Әлжан Бұқарбай. Бұлардан басқа және екі адамды жазушы қылып тағайындады». Мұнан соң, жастар газетінің екінші саны 1921 жылғы 11 сәуірде шыққаны хабарланып: «Бұл аяқ алысынан танбаса, «Жас алаш» сүп-сүйкімді газет болады», - деп үміт артады («Ақ жол», 12.04.1921). Одан әрі «Жас алаш» газетіне жазылу науқаны («Ақ жол», 23.12.1921), сондай-ақ басылымның материалдық-қаржылық қиыншылықтары («Ақ жол», 29.02.1921) туралы мәселе көрініс тапқан. Бұл Алаш арыстары шығарған «аға» газеттің баспасөз майданындағы өз «ізбасарына» қалайша қамқорлық танытқанын аңғартады.

Әуелде «Жас алаш» газетінің редакциясы «Ақ жол» басқармасының ғимаратынан пана тапқанын да ұмытпаған жөн. Ал Ғани бір уақыт Түркістан Орталық Атқару Комитеті (төраға орынбасары Сұлтанбек Қожанов болатын) жатақханасының 18-інші бөлмесінде тұрған. Кей деректерде бұл орын да «Жас алаштың» редакциялық қонысы ретінде айтылады.

Ғанидың Сұлтанбек Қожанұлына жақын болғанын айғақтайтын ендігі бір құжат Мәскеудегі Ресей мемлекеттік саяси-әлеуметтік тарих архивінен алынды (62-қор, 2-тізбе, 76-іс). Алаш қозғалысымен мүддесі тоғыспаған ірі қайраткер Тұрар Рысқұлов 1923 жылы Қабылбек Сарымолдаевқа «Қожановтың тобымен күрес шараларын» көрсетіп жазған хатының 20-сыншы тармағында: «Мен мұнда барлық әрекетті жасап жатырмын. Осындағы қырғыз және өзбек коммунистерін ұстанған бағыт жөнінде құлағдар етемін. Бұл арада Мұратбаев үгіттеп жүргенімен, түзетеміз, табысқа жетеміз деп ойлаймын» («Я здесь все меры принимаю. Поставлю в курс здешних киргизских и узбекских коммунистов о взятой линии. Думаю, что будет успех, хотя Муратбаев и агитирует здесь, но исправим»), - дейді.

Ғани Мәскеуде оқитын қазақ жастары арасында

Ғанидың қаншалықты «түзелгенін» біз білмейміз, бірақ Сұлтанбек Қожанұлы кейіннен «Ақ жол» (17.01.1925) және «Еңбекшіл қазақ» (31.01.1925) газеттерінде бірдей жариялаған «Менің жауабым» атты мақаласында: «Газетте, сөз арасында «ұлт» дегеніме, қисыны келген жерде «ұлт мәдениеті» дегеніме Тұрар жолдас Ленинді, Каутскийді қолданып, қосын жиып келіп тиісті. Мен оны әуелгі кезде қазақша үйренейін деген шығар деп ескерген жоқ едім. Артынша Мәскеу студенттерінің қаулысы деген «Еңбекшіл қазақ» бетін басып кеткен соң,  бұл үйреншік емес, үлкен әрекет екенін, бұл қатені көрсету ғана емес, әдейі компания екенін түсіндім. Жолдас Тұрар орысша жазып, Мәскеу тілшілеріне қазақшаға аудартқанынан хабар алған соң-ақ, мақсат терең, іс «катта» екенін абайладым», - дегенінде талай сыр жатқаны мәлім. Өйткені 1924 жылдың 24 қарашасында Мәскеуде оқитын қазақ жастарының «Жерлестік» ұйымы Мағжан Жұмабайұлының шығармаларын талқылап, ауыр айыптар таққан болатын. Ал ұлы ақынның өлеңдер жинағын Ташкент қаласында Сұлтанбек Қожанұлы өз алғысөзімен жарыққа шығарған еді. Жиылыстың қаулысына «кітаптың жариялануына атсалысқан қызметкерлер жауапқа тартылсын» деген тармақ енгізілді. Бұл басқосудың ішінде өзі тәрбиелеген Өтебай Тұрманжанов секілді шәкірттерімен бірге, Ғани Мұратбаевтың да болғанын профессор Шериаздан Елеукеновтің зерттеулерінен жолықтырамыз. Бізге Ғанидың осы айтыста қандай пікір ұстанғаны беймәлім күйінше қалып отыр...

Табыттағы Ғани

Бауыржан Омарұлы өз мақаласында баспасөз тарихының білгірі, профессор Темірбек Қожакеевтің дерегіне сүйене отырып, 1921 жылы өткен Қазақстан комжасодағының І сиезіне делегат болып қатысқан Ғани Мұратбаевтың «газеттің «Жас алаш» атауынан ұлтшылдық лебі еседі, оны өзгертейік» деген пікірлерге көнбегенін, сол атауды қалдыра беруді жақтағанын айтады.

Бұл әлі таптық идеология талқысы мен тартысына толық түсіп үлгермеген, өзі білім алып, дәріс оқыған Қазақ-қырғыз институтындағы сауық кештерінде Міржақып Дулатұлының «Балқия» драмасын қойдырып, Мағжан Жұмабайұлы, Мұхтар Әуезов,  Файзолла Ғалымжанов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, т.б. Алаш қайраткерлеріне қарап бой түзеп жүрген Ғанидың әрекеті болса керек-ті...

Амантай ШӘРІП,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар