Наурызды бізге қайтарған адам

1628

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы – дәстүрлі қазақ қоғамының жыл басы саналып, ежелгі дәстүр-салтын сынықсыз сақтап келе жатыр. Наурыз мейрамы – тамаша табиғаттың тамылжып, құлпыра бастаған уақытының қуаныш мерекесі ғана емес, татулық пен бірліктің, еркіндік пен елдіктің символы іспетті.

Ұлы дала төсінде ұлы ұлт болып қалыптасқалы, егемендігімізді алып, қос қанатымызды еркін қаққалы төл мейрамымыз Наурызды тойламаған кезіміз болған емес. Тарихтың тереңіне көз жүгіртсек, ықылымнан бері ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жалғасып келе жатқан Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы, Кеңес өкіметі орнаған соң, сан ғасырғы дәстүрін жоғалтты. Большевиктер Наурыз мейрамын «діни мереке» деп танып 1926 жылдан бастап оның тойлануына қатаң тыйым салған еді. Алғаш рет 1988 жылдың көктемінде ғана ол республикалық ауқымда аталып өтті. Біздің қазір шаттана «наурыз көже» ішіп, төл мейрамымызды тойлап отыруымыз бір жанның арқасы. Ол қазақтың әрбір қолөнер бұйымдарын көздің қарашығындай сақтап, жоғын түгендеген, қазақтың ұмыт қалған салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын жаңғыртқан, ұлттық жәдігерлерді жинап, ескерткіштерін бүтіндеген, ұлтым деп еңбек етіп, қазағым деп тоталитарлық жүйенің қасаң қағидаларына қасқая қарсы тұрған, қоғам және мемлекет қайраткері этнограф, ғалым, ұлтымыздың мәдениетіне үлкен үлесін қосқан бекзат жан – Өзбекәлі Жәнібеков. ⠀

Өзбекәлі Жәнібеков - Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) түлегі. Кезіндегі Шымкент - қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданында мектеп мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, Келес ауданы комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған. Одан кейін Шымкент облысының комсомол хатшысы, Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы болды. Сол уақытта Торғай облысының хатшысы, Қазақстан компартиясы шет елдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан мәдениет министрінің орынбасары, мәдениет министрі, Қазақстан компартиясының хатшысы қызметіне дейін өсті.

Өзбекәлі Жәнібеков фольклорлық ансамбльдерді де ұйымдастырған. Наурыз мейрамын қайта жаңғыртып, репрессияға ұшыраған ақын-жазушылар еңбегінің жарық көруіне де себепші болды. Дәлірек айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды әдебиетшілеріміздің алтын еңбегін қайта жандандырды. “Қазақтың ұлттық қол өнері” , “Қазақ киімі”, “Ежелгі Отырар” және т. б. кітаптардың авторы

Ол мәдениет министрі болған уақытында Кремльді, Наурыздың «діни» емес, «ұлттық» мереке екендігіне сендіре алды. Содан кейін ғана «кеңестіктер» елде Наурыз мейрамын тойлауға рұқсат етті. Ал 1991 жылы ол ресми мейрам болып бекітілді. Өзбекәлі Жәнібековтың елге сіңірген басты еңбегі бұл емес. Жазушы Шерхан Мұртаза «Өзбекәлі Жәнібековтің халқына сіңірген ерекше еңбегін тізбелеп шығу үшін ғана үлкен кітап жазу керек. Ол - киелі адам» деп бағалайды.

Өзбекәлі Жәнібеков, «Қожа Ахмет Яссауи», «Ақ-Ұйық», «Қарахан», «Айша-бибі», «Тәжік», «Бабаджа-Қатын» кесенелерін және «Отырар» ескерткіштері мен «Жаркент» мешітін қалпына келтіру туралы мәселесін көтерген еді. Сонымен қатар ол қазіргі Қожа Ахмет Яссауи кесенесің дәл ортасында орналасқан «тайқазанды» Эрмитаждан алдырып, асыл тарихымыздың құнды жәдігерін жоғалтпауымызға шексіз септігін тигізді.⠀

Кей деректерде Өзбекәлі Жәнібеков  Қазақстан Компар­тиясы орталық комитетінің бі­рін­ші хатшысы Г.Колбинге  Наурыз жайында «Бұл көктем мерекесі еді. Мұны түрік халық­тары ғана емес, Орта Азия ха­лық­­тарының бәрі тойлайды» де­ген уәж келтірген деседі. Сонда Ген­надий Колбин Жәнібековке  «Ойланатын мәселе екен, бірақ ескіні қозғай беріп қайтесіз, осының сізге не керегі бар?» деген екен.

1988-де ресми түрде қайта оралған Наурыз дүркірете тойланды. Алматыда алғаш тойланған мейрамда «ине шаншыр жер жоқ» болған деседі. Сонда мерекені сырттай бақылап Жәнібеков пен Колбин тұрған. Халықтың көптігін байқаған Генадий Васильевич «Мына халықтың көбін-ай, желтоқсандағыдай көтеріліс болып кетпес па екен?!» деген екен. Сонда Жәнібеков «Бұл халықтың жоғалтқан өзінің наурызына деген сағы­нышы. Өзінің салт-дәстүріне деген құрметі. Билікке деген ризашылығы» депті.  Колбин «ондай болса тағы да  халықтың қандай салт-дәстүрін тірілтуге болады?» де­пті. Мүмкіндікті пайдаланып қалған ол енді қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтіп, тіл мерекелерін көбейтсек деге­нінде,  Колбин сол екпінмен «давайте» деп келісімін беріп жі­берген делінген Құлбек Ергөбектің «Айқын» газетіне берген сұқбатында.

Республикалық басылымдарда жарияланған мақалалар легінде «Өзбекәлі Жәнібековті Қазақстанның бірінші басшысы Қонаев мүлде қолдамады, Колбин тұсында қызметі өсті, Нұрсұлтан Назарбаев тұсында «тәуелсіз елдің тәуелді депутаты болудан қорықты», «ноқтаға басы сыймаған», «ақ қарға болған кездері көп» деумен шектеледі.

Жоғарыда айтқандай, Наурыздың наурыз атануы, бүгінде мейрам етіп тойлап отыруымыз, шат-шадыман көңіл-күймен төл мейрамымызды қарсы алып жатқанымыз Өзбекәлі Жәнібековтың ерен еңбегінің арқасында. Ұлы дала жұрты «наурыз көже» дәмін әр ауыз тиген сәтінде, Наурызды қайтарған ұлы тұлға Өзбекәліні еске алып, жадымыздан еш шығармауымыз тиіс.

Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар