Серік ЕРҒАЛИ: «Наурыз» этнографиялық еске алу күніне айналып кетті

890

«Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты наурыз мейрамы туралы көптен бері зерттеулер жасап жүрген белгілі мәдениеттанушы, этнограф Серік Ерғалимен болды.

«Наурызды зерттей бастағаныма 20 жылдай уақыт болды. Зерттеу негізінде «Наурыз-фест» жобасы жасақталды, оған биыл 12 жыл. Сондай-ақ алғашқы «Нау мен ырыс» кітабы басылды»,-деп кейіпкеріміз әңгімесін бастады.

Мәдениеттанушы осы жылдар аралығында мейрамға қатысты бірнеше құнды деректерді тапқан.

Оқи отырыңыз: Наурыз мейрамына қатысты құнды деректер табылды

Нартуған hәм Рождество

Менің пайымымша, парсылардың «нов» – жаңа, «руз» – күн, яғни жаңа күн деген ұғымы ежелгі кезде желтоқсанның 25-інде атап өтілген Нартуған мерекесінен алынған. Біздің танымымызда 22 желтоқсанда күн өліп, үш күннен соң қайта тіріледі деген сенім болған. 25 желтоқсан – Нартуған күні. Бұған еуропалықтар «Рождество» деген атау беріп, оны Иса пайғамбар дүниеге келген күнмен шендестіріп жүр.

Жаңа жыл 14 наурыздан басталады

Күн мен түннің теңелуін Шумерлерден бастап, сонау Америкадағы ацтек, майя тайпалары да атап өткен. Майялар Ай мен Күн пирамидаларын салды. Соңғы жылдары күн мен түннің теңесуі 20 наурызға келеді. Десе де, Наурыз мейрамы тек күн мен түннің теңесуінен тұрмайтынын ұмытпағанымыз абзал. Қазақ үшін оның ең бірінші құндылығы – жаңа жыл екендігінде. Ал жаңа жыл 14 наурыздан басталады. Бұл күнді амал мерекесі деп те жатады. Бұрын «амал» деп Наурыз айының атауын айтқан. Ол парсыша «хамал», арабша «хамале» деп жазылған. Григорян күнтізбесімен 14 наурыз, Юлиан күнтізбесімен 1 наурыз біз үшін маңызды, құнды күн. Сиыр жылы осы күні кіреді.

Мерекеге қажеті жоқ дүниелерді  жасап жүрміз..

Қазіргі таңда біз Наурыз мейрамын өзінің сипатына сәйкес мерекелеп жүрген жоқпыз. Оның айтылғанына кемінде 10 жыл болған шығар. 2009 жылы бұл мейрамды тойлаудың жаңаша тұжырымдасын жариялап, сол тұжырымдамамен алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласында ұлыстың ұлы күнін атап өткенбіз. Арада 12 жыл өтсе де әлі ештеме өзгермеді. Шыны керек, Наурыз этнографиялық еске алу күніне айналып кетті. Мұражайлардағы бүкіл экспонаттарды шығарамаз, баланы бесікке саламыз, тұсауын кесеміз. Былайша айтқанда, мерекеге қажеті жоқ дүниелерді жасаймыз. Оның үстіне 23 наурызды демалыс күні етіп қойдық. Алайда бұл күннің Наурызға ешқандай қатысы жоқ. Керісінше, 14 наурыз  мереке күні болуы қажет.

Әңгімелескен Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы