Ауыл балалары балабақшада білім алуда

4955
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысының Панфилов ауданында тұтас бір ауылдың балалары балабақша ғимаратында білім алуда. Сүптайдағы ескі оқу ордасы жылу жүйесі дұрыс болмағандықтан, 98-ші жылдары жабылып, кейін апатты деп танылған екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

НҰРӘЛИ МҰСАБЕКҰЛЫ, ОҚУШЫ:

"Бізге жаттығатын орын қажет. Жаңа мектеп қажет. Кітапхана қажет. Тағы да өлең айтатын бөлме қажет".

Бұл 900-дей тұрғыны бар Сүптай ауылындағы бұрынғы балабақша ғимараты. Мұнда 200-ге жуық бала білім алуда. Өткен ғасырдың 80-жылдары салынған нысан осы күнге дейін бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмепті. Тек ұжымның күтімімен ғана іші-сырты бүтін тұр. Жыл өткен сайын ескіріп, тоза бастаған. Төбесінен су өтеді. Іргетасы шөгіп, қабырғалары да жарылыпты. Жалпы, бұл ғимарат мектепке бейімделгені болмаса, ешқандай талаптарға сай келмейді.

Мектеп деп айтуға келмейтін шығар, әрине, бұл балабақша ғой, әрине. Ешқандай жағдай жасалмаған. Орындықтар, біздің тағы да басқа қолданатын заттарымыз тым ескі. Осы уақытқа дейін біз ешқандай зертханалық жұмыстар, актовый зал, спорт зал, тағы да басқа дүниелерді көрген жоқпыз. Әрине, бізге жағдай жасалғанын қалаймыз".


АЙГҮЛ ТҰРСЫНҚЫЗЫ, МҰҒАЛІМ:

"Бір ғана актовый залымыз бар. Сол жерде денешынықтыру сабағы да өтеді. Сол жерде қосымша сабақ та өтеміз. Сол жерде мерекелік шаралар да өтеді. Сол жанымызға қатты батады".

Сүптайлықтардың айтуынша, елді мекенде демографиялық өсім жақсы. Қазірдің өзінде мектеп жасына дейінгі 70 шақты бала бар екен. Бірақ, солардың көбісін балабақша ғимараты бола тұра, ата-аналары көрші ауылдағы бөбекжайға амалсыз тасымалдап жүр.


ТІЛЕБАЛДЫ ШЫНТАЕВ, СҮПТАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

"4 км жерде Нәдек деген ауыл бар. Таксименен мұғалімдер, басқа да сол ауылдың тұрғындары балаларын балабақшаға апарып тәрбиелеп жатыр. Бізге жаңадан мектеп салып берсе, бұл балабақша боп қалса, сонда халықтың тұрмыс дәрежесі де жақсы болар еді".

Ауылда мектеп ғимараты жоқ емес, бар. 1970 жылдары салынған мына нысан тоқырау жылдары жылу жүйесі дұрыс болмағандықтан жабылып қалған. Жылдар бойы қаңырап бос тұрғандықтан, осыдан 10 жыл бұрын апатты деп танылған екен. Қазір төбесі түсіп, опырылып жатыр.

ҚУАНЫШ ТОҚТАСЫНОВ, ПАНФИЛОВ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

"Ауданымызда 3 апатты мектептен басқа, мектеп құрылысын салу қажет осы Сүптай ауылында. Сондықтан да біз биылғы жылы осы мектептің құрылысын салуға жобалау-сметалық құжаттарына ұсыным дайындап отырмыз. Енді, заман талабына сай мектеп салынса, дұрыс болар еді. Негізгі ғимараты апатты жағдайда. Сол себепті, балалар балабақша ғимаратында білім алуға мәжбүр болып отыр".

Осы күнге дейін жобалау-сметалық құжаты жасалмағандықтан, мектептің де қашан салынары белгісіз. Бірақ, сүптайлықтар үшін жаңа нысан ауадай қажет болып тұр. Өйткені, 120 орындық балабақша ғимараты балаларға барынша тарлық етуде. Оның үстіне ауылда интернет те әрең ұстайды. Қашықтан оқыту кезінде оқушылармен қоса, ұстаздар да қиналған.

Пікірлер