Қандастарға азаматтық бірден беріле ме?

1353

Бүгінде елімізде азаматтық алу үшін 48 құжат жинау керек.   Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Қазақстан азаматтығын алғысы келетін қандастар үшін құжат санын қысқартып, оны бірден беруді ұсынды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы inbusiness.kz  тілшісіне сілтеме жасап.

Депутат тарихи отанына оралғысы келетін қандастар азаматтық алуда қиындыққа тап болатынын ашық айтты. «Ресей, Израиль және тағы басқа елдерде азаматтық алу үшін бір ғана құжат талап етіледі, ал халқы өте аз Қазақстанда 48 құжат жинау керек. Бізде де ұлты қазақ қандастар үшін керек құжат санын барынша шектеп, бірден азаматтық берілетін болуға тиіс», – деді Қазыбек Иса Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, соңғы уақытта Қазақстан азаматтығын алу өте қиындап кеткен. «Тағы бір үлкен кедергі – шетелдегі қазақтардың өздерінің қазақ екенін дәлелдеуі. Оны құжат жүзінде рәсімдеу ең басты мәселенің бірі болып отыр. Сондықтан «этникалық қазақ» екенін дәлелдейтін құжатты беру механизмін дұрыс жолға қоймасақ, аз уақытта көп қандасымызды «жоғалтып алу» қаупі туады», – деді Қазыбек Иса. Сонымен қатар ол Қазақстан үшін халық санының көбеюі маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, шет елдерде 7 млн-ға жуық қазақ тұрады. Бұл – Қазақстан халқының 38%-ы. «Бұл демографиялық аспектіде қазақ үшін бұл үлкен әлеует. Қазір Қазақстанға қоныс аударуға ынталы шетелдік қазақтардың саны 1,5 млн адамға жуықтайды. Осы адами ресурсты біз неге дұрыс пайдаланбаймыз?»,  – деді депутат.

Оның айтуынша, 1993-2021 жылдар аралығында қандастарға бөлінген квота 100 еседей азайып кеткен. «1993 жылы ел болып, есімізді жиып, етегімізді жауып жатқанда 60 мыңдай, 2010 жылы 100 мыңнан аса адам қабылдаған Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығында 1426 адамға ғана квота бөлген. Бұл бұрынғы межеден 100 еседей төмен. Мұндай анти-рекордқа жететіндей басымызға не күн туды?», – деді Қазыбек Иса. Ол квотаның азаюын Көші –қон агенттігінің жойылып, миграциямен айналысу әр министрлікке, квотаға ұсыныс беру әр облыс әкімшілігіне берілгенінен болып отыр деген пікірде. «Сондықтан бүгінде әр министрлікке шашырап кеткен басқармаларды бір органға жинап, Демография және көші-қон жөніндегі Агенттікті қайта құру керек. Қандастарды елдің солтүстігіне қоныстандыру қажет. Бұл өңірлердегі ауылдарда бос қалған үйлердің бағасы 200-500 мың теңге», – деп түйіндеді сөзін депутат.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар