Қазақстандықтардың басым бөлігі неге Ресей университеттерінде оқуға мүдделі?

2119
Ресей Федерациясының ғылым және білім министрлігінің ақпараттық деректері бойынша қазақстандықтардың басым бөлігі өз ұл-қыздарын Ресейдің универстиеттерінде оқытады екен. Жалпы ресейлік оқы орындарындағы статистика әлем бойынша шетелдіктерден Ресей университеттерінде ең көп оқитын да қазақстандықтар деп көрсетіп отыр. Оның ішінде "Болашақ" бағдарламасы бойынша Ресейдің университеттерінде оқитындар да көш алдында келеді.
 
Ресей тарапынан біздің елге кері әсер ететін ең бірінші фактор - бұл тіл. Ресейде оқып келгендердің қазіргі мемлекеттік қызметте отырғандарының көпшілігі қазақ тілінен мақрұм, тіпті білмейді де, қазақ тілін қажет деп те таппайды. Бұл өздерінің ұл-қыздарының болашағын абсолютті түрде Қазақстанмен байланыстырмайды деп те айтуға болады.
 
Екіншіден, біздегі ақпараттық кеңістік әлі де орыс тілінің ықпалында қалып отыр. Кітапханалардағы 90 пайыз оқулық орысша, әлеуметтік желіде де орыс тілі аудиториясы басымдыққа ие. Елдегі ең маңызды секторлардың барлығы да орыс тілінің жетегінде. Өзіміз де бірнеше компаниялармен серіктес болып жұмыс жасаймыз, бірақ барлық жиын дерлік орыс тілінде өтеді. Құжаттардың барлығы да орыс тілінде. Бірақ, жиналыстарда отырғандардың барлығы да қазақтар. Неге?
Қазақ тілі ең маңызды іскерлік секторларда кеңінен қолданыс таппаса, сыртта отырып алып, жалған ұлтшыл болуың ештеңені де шешпейді. Шешсе осы уақытқа дейін шешілер еді ғой. Сол тасада қалғаны сол, қалып кете береді. Тіл мемлекеттің басты идеологиялық ұстынына айналуы үшін ол ең маңызды секторларда қызмет етуі керек. Қазақ тілі ғылым саласында, білім саласында, мемлекеттік басқару саласындағы, жекеленген кәсіпорындар мен компанияларда, ұлттық компанияларда қызмет етуі керек.
Ұлттың тілі ғылым мен білім саласында озық түрде қолданылмай, ұлттық даму ешқашан да болмайды. Оны біз өзіміз қызмет еткізуіміз керек. Егер тіл бұлай қызмет етпесе, ықпалын көрсетпесе, онда бұл бодандық қана. Басқа ештеңе емес.
 
Мемлекеттік тілдің тағдыры мен болашағы бір секунд болса да қаперден шықпауға тиіс әрі оны ең маңызды орындарда қолданысқа енгізуге міндеттіміз. Егер де біз дәл қазіргі үрдіспен қазақ тілінің ықпалынан айырылғанына жол бере берсек, ресми ғана ел болып, практикада отарға айналамыз. Ұлттық бағыттағы дамуды өзіміз шектеп тастаймыз. Мен Елордада қыз-келіншектердің бүлдіршіндерге тек қана орысша сөйлейтінін үнемі кездестіремін әрі бүлдіршіндердің біртегіс орысша сөйлеп келе жатқаны қатты алаңдатады.
 
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер
Редакция таңдауы