«Ұлытауға бардың ба?»

6407
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың көптеген қасиетті, тарихи, табиғи көркем жерлерін, соның ішінде, Ұлытау өңірін аралауға мүмкіндік беретін белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев бастап, ұйытқы болған "Nomad explorer" жобасы аясындағы "Ұлытау мұрасы" экспедициясына ә дегеннен-ақ қосылғымыз келген-ақ еді. Экспедицияға еріктілер тобы өз қаражатымен, көлігімен, қажетті азық-түлік, жабдығымен шығуға міндетті болатын. Әрине, ең бастысы мәселе көлік болатын. Алматыда шағын көлемде кәсіппен айналысатын, түбі жезқазғандық Сәбит Бүкіров есімді азамат мені өз көлігімен алып жүруге келісімін бергенде қуанышымда шек болмады.

sddefault

Сонымен, Сәбит Бүкіров бастаған тобымыздың құрамында Гүлжанат Бүкірова, Нұржан Бүкіров, Абай Әуезов, Бақыт Аңдағұлов, Дулат Хасенов және осы жолдардың авторы Жезқазғанда бас қосып, жолға шықты. Біз екі джип машинасымен қаланың Сәкен Сейфуллин ескерткіші орналасқан алаңға ең алғашқы болып жеткен екенбіз. Сосын Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе тағы басқа қалалардан көліктер бірінен соң бірі келе бастады. Жалпы көлемі 15-16 көліктей жиналды. Топ басшымыз Марғұлан Сейсембаев пен «Ұлытау» музейінің директоры Бақтияр Қожахметов ескерткіштерді бүлдірмеуді, қауіпсіздікті сақтау ережелерін түсіндірді.

1462962268_l

Теректі әулие

Алғашқы бағыт Теректі әулие кешені болды. Кешенде бізді тізбектеліп бірінің соңынан бірі ерген жылқы бейнелі петроглифтер таң қалдырды. Мұнда одан өзге түрлі таңбалар мен жартас суреттері көп кездеседі екен. Теректі әулиенің астынан адамдар өтіп, күнәсінен арылатын жүрек тасы, тиын тастап тілек тілейтін құдығы, құдайдан тағдырдың тартуын сұрайтын орындық тасы, аңсаған армандарыңызды сырғанап бара жатып тілейтін сырғанақ тасы және тағы басқа зиярат жасайтын орындары энергетикалық күш-қуаты мол жер ретінде қарапайым халыққа бұрыннан белгілі. Теректі әулие кешенінің айналасы қол дәуірінен бастап кейінгі заманға дейін жалғасқан ескі қорымдар мол ұшырасады. Осының өзі бұл жердің ежелден киелі рухтарға табыну ошағы болғандығын әйгілеп тұрғандай. Сонда түстеніп алып, Жошы хан мен Домбауыл кесенелеріне жол тарттық.

13131351_884828254996333_3460653575698670480_o

Жошы хан мазары мен Домбауыл дыңы

Жошы хан мазары мен Домбауыл дыңы кешендерін кешкі мезгілде араладық. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы жерленген мазардың тарихы туралы жергілікті өлкетанушы, тарихшы Айдар Ысқақов әңгімелеп берді. Көк күмбезді мазар жақтауларын өрнекті кірпішпен безендіріп, киіз үйдің басқұрына ұқсатқан екен. Мазарда екі мәйіт жерленген. Бірінші қабір ішінен тақтай табытқа жерленген адамның сүйегі шыққан. Әлгі сүйектің оң қолы жоқ екендігі анықталған. Оның үстіне қабір ішінен салтанатты киім жұрнақтары, қызыл сафиян етіктің қалдығы, тұт жібегінің шіріп жатқан сілемдері, аң сүйектері мен түйенің бас сүйегі, темір қарудың сынықтары табылған. Бұл “Жошыны аң аулап жүргенде құланның айғыры шайнап өлтірді” деген халық аңызына үндес келеді. Халық аңызында “Жошыны жерлегенде бір қолы жоқ болған” немесе “Жошының тек бір қолын тауып қойған”, кейде “бір шынашағын ғана тапқан” деген әр түрлі жорамалдар бар.

dsc02992

image_l

Екінші кешен – Домбауыл дыңы. Оның да айналасынан көптеген молалар орын тапқан. Оғыз-қыпшақ үлгісінде салынған құрылыс туралы да аңыздар көп. Сондай аңыздардың бірінде Домбауылды найманнан шыққан әйгілі Кетбұғы жыраудың әкесіне салынған мазар деп қарастырады екен.

dsc02981

dsc02968

dsc03127Жошы хан мазары маңындағы Қара кеңгір өзені жағалауында палаткалар тігіп, от жағып, азық-түлік, ас-суымызды қамдап, қонып шықтық. Экспедицияның алғашқы күні біздің топ от жағып, қуырдақ пісірді. Табиғат аясында, жалындаған отқа піскен тамақтың дәмі тіл үйіреді, шіркін! Әрмен қарай, жастар жағы "Тұран-ТВ" телеарнасының журналисті Ерлан ағамыздың тылсымға толы әңгімесін тамсана тыңдап, астаналық Құралай әпкеміздің этнографиялық жұмбақтарын шешемін деп бас қатырып, өте кеш жатты. Лаулап жанған ошақтың түбінде кез келген әңгіме де дәмді бола түседі емес пе?! Ертесіне ерте тұрып, ас-ауқат қамына кірістік. Аз уақытта ұйқы да қанып қалған екен. Ендігі бағыт - Алаша хан кесенесі.

Алаша хан кесенесі

20160429_201218_1Жол басшымыз Марғұлан Сейсембаев кемерінен асып, тасып жатқан Қара кеңгір өзенің төтелеп кешіп өтетін қысқа жолды таңдаған екен. Сақтық үшін көліктерді өзеннен сүйреп өтетін КамАЗ көлігін дайындап та қойған екен. Дегенмен, барлық жол талғамайтын көліктер өздігінен судан өтті. Тек ішінде бір-екеуі ғана судан өткен соң өшіп қалды... Одан кейін де өзеннің батпақты-сазды салаларынан өту оңайға соқпады. Бір-бірін сүйреген джиптер, КамАЗ-дар. Мұның өзі телеканал тілшілері мен фотографтарға қызықты материал, қасымыздағы ең кішкентай серігіміз алты жасар Нұржанға мәңгі есте қалар қызықты естеліктер тарту етті.

dsc03107

dsc03227

dsc03240 Не керек, Алаша хан кесенесіне де жеттік. Бұл биіктігі 10 метрге жететін мұнаралы тарихи нысан үлкендегі жағынан осы маңдағы ең үлкен ғұрыптық кешен болып саналады. Кіреберісінде үш жүздің руларының таңбалары салынған. Аңыз бойынша Алаша хан үш жүздің басын қосқан ең алғашқы хан ретінде аталады. Енді біреулер Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандардың ақылшысы ретінде де тілге тиек етеді. Алаша хан кесенесінің айналасындағы көне қорымдар бұл жердің киелі де қасиетті екендігін әйгілей түседі. Бізді Алаша хан кесенесіндегі аң-құс аяқтарының іздері таңбаланғаны қызықтырды. Мұнара басына көтеріліп жазиралы кең алқапқа көз жүгіртіп, дархан далаға іштей тағзым жасадық. Одан шығып, Жезді кентінің маңындағы көрікті шатқалда түскі ас қамын ойластырдық. Шатқалдағы ақ қайыңдар, қолмен қойып, қалағандай жұмыр тастардан өрілген жарқабақ көңілге көркем көріністер сыйлайды.

dsc03248

Жол бойы Марғұлан Сейсембаев өз балалық шағын өткізген Малшыбай ауылына соқтық. Өзі тұрған үйге, бұрынғы мәдениет сарайы ғимаратына соғып, балалық шағындағы қызықты естеліктерімен бөлісті. Естеліктерінің ішіндегі ең қызығы, бозбала махаббатымен кірпіш астына хат жасырып, хабар алмасқаны болды. Әдемі естеліктер жастардың көңілін бір серпілтіп тастады. dsc03370

Әрмен қарай, экспедиция мүшелері Тау-кең және балқыту ісі мұражайына соқты. Музей директоры Қазақстандағы кең игеру ісінің тарихы сонау қола дәуірінен басталатындығына ерекше назар аударып, қызықты деректермен бөлісті.

dsc03467 Ол кісінің айтуынша, Ұлытау өңірінен қола дәуіріне тән 20-ға жуық кең игеру, балқыту ошақтары табылған. Бұл жерлерде қола дәуірі заманында 2 мыңға жуық адам металл бұйымдар өңдіру ісімен шұғылданған деп болжанады. Музейде қола дәуіріндегі рудаларды сұрыптау, балқыту, оны қалыптарға құю көріністері көрсетілді.Осы мақсатта сол заманның құралдары мен балқыту пештері қолданылды.

dsc03501

Әулие тау

Ұлытаудың ең биік те, көркем шыңдарының бірі "Әулие тау" деп аталады. Әуелде көтеріліп келе жатып ыстықтап терледік, сосын екпіні алапат желден теріміз қата бастады. Суықтау былай тұрсын, құйындай соққан жел екпінінен ұшып кете жаздап зәу биікке әрең өрледік.

729058d7fca42a106d1dbe9c38d65e8f  Аңыз бойынша тау басында жеті әулие жерленген деп саналады. Тау басына көтеріліп келе жатып тілеген тілектеріңіз қабыл болады деп сендіреді Әулие тау шырақшысы Әбдірахман ағамыз. Биіктеген сайын тастардың үйіндісінен жиналған обаларды көзіміз шалады. Мұндай обаларды Моңғолиядағы қасиеттіге баланатын Ханғай тауынан да жиі кездестірген болатынбыз. Шырақшы ақсақал әулие-бақсылардың есімі жазылған төрт бұрышты барықтарға құран оқып, дұға тілеп отырды. Әулие таудың шыңында темірден жасалған киіз үйге кіріп, шырақшы алып шыққан шелпектен ауыз тидік. Бұл күн, яғни 1 мамыр марқұм анамыз Сағриа Рысбайқызының туған күні болатын. Шырақшыға анамызға арнап дұға етуін өтіндік. Сөйтіп, Әулие тау шыңында марқұм анамызды құрметпен еске алдық. Бұл таудың бұлағы шипалы, ұшар басына көтерілген адамның бойына күш-қуат бітеді деседі жергілікті жұрт. Төмен қарай құлдилап келе жатып бойымыздан бір белгісіз күш-қуат сезіндік...

«Терісаққан көктемі» фестивалі 

Экспедиция мүшелері Терісаққан ауылына кешкісін жетті. Ауыл мектебінің ауласына қаз-қатар тізілген киіз үйлер тігіліпті. Мәре-сәре болып балалар ойнап жүр, ауыл адамдары да абыр-сабыр. Үлкен мерекеге дайындық жүріп жатқаны бірден сезіледі. Ауыл тұрғындары бізді өте жылы қарсы алды. Таңертеңгілік бие байлау, үйірге айғыр қосу рәсімдері көрсетілді.

24doenie

Жалпы ауылда 25 үйірдей жылқы бар деседі. Әрбір отбасы қонақтарға дастархан жайып, былтырдан сақталған қымыздарын, сүрленген еттерін, құрт-ірімшіктерін тағы басқа ұлттық тағамдарын ұсынып жатты. Өз кезегінде Берік Әбдіғали, Марғұлан Сейсембаев тәрізді азаматтар бие байлаған отбасыларға шағын сыйлықтарын тарту етті. Әуелі келіншектер құлын байланған желінің қазықтарын сары маймен майлап алады. Сосын құлынды биеге жіберіп, емшектерін иітіп алады. Одан кейін ғана барып биені сауу жұмысына кіріседі. Алғашқы сауылған сүтті қонақтар шелегімен қотарып ішіп, дәмін татып жатты.13227773_10209801295015627_5438255383864724966_o

Келесі шара Жанайдар батыр ескерткішінің аллеясының ашылу салтанаты үлгісінде жалғасты. Бұдан соң "Терісаққан көктемі" фестивалінің салтанатты шарасы басталды. Онда Ұлытау ауданының әкімі Хамит Омар "Ұлытау мұрасы" экспедициясын бастап келген Марғұлан Сейсембаев, Сәкен Сейфуллин есімді кәсіпкерлерді алғыс хаттармен марапаттады. Шараға ЮНЕСКО-ның өкілі ретінде қатысқан Ахмет Тоқтабай "Терісаққан көктемі" фествалінің тәрбиелік маңызын, ЮНЕСКО тізіміндегі тарихи-мәдени шаралар санатына енгізілуі ықимал екендігін айтып қуантты. Экспедиция жетекшісі Марғұлан Сейсембаев Атымтайдай жомарттық танытып "Терісаққан көктемі" этнофестиваліне 500 000 теңге қолма-қол беріп, сонымен қатар, "Ұлытау" қорық-мұражайын дамытуға 1 000 000 теңге қаражат аударуға уәде етті.

dsc03803Шара аясында біз жалға ат алып мініп, бір жасап қалдық.

Фестивальде қолөнер бұйымдарының көрмесі, садақ ату сайыстары көрініс тапты. Ал біздің экспедиция әрмен қарай қозғалып кетті.

Табиғат тылсымдары  

13217054_1105684079490020_3794433254878426528_o

1463658356_lШеңбер ауылына жақын маңындағы Ақжарға (Ақжал) түске қарай жеттік. Төбесі қызыл күрең, жалдары сарғыш түсті табиғат жынысы күн көзімен түрлі-түсті болып құбыла түседі. Жалт-жұлт еткен шақпақ тастар да көздің жауын алады. Ал төбенің төменгі жиектеріндегі жұмыртқадай дөңгеленіп, түрлі-түсті реңкпен құбылған төбешіктер табиғат тылсымдарына еріксіз тамсандырады, қиялды бағындырады. "Тұран-тв" телеарнасындағы Ерлан Сыздық киіктің мүйізін тауып келіпті. Сәкен Орынбекұлы Сейфуллин қырдың арғы жағынан 5-6 киік көргендігін айтып келді. Біздің экипаждың жетекшісі Сәбит Бүкіров бала кезінде отар-отар қойдай далада өріп жүрген киіктерді осы Ұлытау өлкесінен көргендігін айтады. Дастархан басында бүгінде саны азайып, күннен күнге қырылып жатқан киіктердің тағдыры сөз болды...

Қарсақбай кеніші

"1909 жылы ағылшындар Рязановтан Жезқазған кен орнын сатып алды және 1913 жылдың көктемінде Қарсақбайда мыс балқыту заводы мен байыту фабрикасын салу үшін дайындық жұмыстарын бастады. Ағылшындарға теміржол салу тиімді болған жоқ. Құрылысқа қажетті жүк Қарсақбайға 400 шақырым жердегі Жосалы станциясынан түйелермен жеткізілді. Түйелермен жеткізу мүмкін болмаған жағдайда жабдықтар «керуенмен» жіберілді. «Керуен» дегеніміз не? Жосалы станциясынан Қарсақбайға қарай ұзындығы 13 шақырым рельс жолы салынды. Оған бес паровоз бен 278 вагон тіркелді. Құрам 13 шақырымға ғана жүре алатын, одан соң жол бұзылып, алдыңғы жағына қайта төселетін. 1917 жылдың қазанында үш жыл жол жүрген «керуен» Қарсақбайға келді. Қазан төңкерісі жергілікті болсын, шетелдік болсын капиталистердің билік жүргізуіне тыйым салды" делінген энциклопедияда. Төңкерістен кейін қызыл империя мыс кендерін өздері игере бастайды... Ағылшындардың жеткізген құрал-жабдықтары, кен игерген құрылғылары Жездідегі Тау-кең және балқыту ісі музейінде әлі күнге тұр. Біз ең алғаш ағылшындар жұмыс істеген Қарсақбай кеніштерінде болып, тарихи орынды өз көзімізбен көрдік.

13178781_982445951875412_7267289303340914678_n

Қаныш атамыз кен қазыналарын ашқанда ғылыми жазбаларында ескерткен екен "тек піскен рудаларды пайдалану керек, шикі, пісуі жетпеген рудаларға тиспеу қажет" деп. Бүгінде мыстың бай қорлары біткен көрінеді, енд терең қабаттардағы кедей бөліктеріне ауыз салынғаны өкінішті жайт. Табиғат анаға жасаған қамқорлығымыздың сықпыты осы болса керек.

«Мақат сағанасы»

13147545_982453655207975_2139736401572858896_o«Мақат сағанасы» аталған күмбезді кесене 20 ғ, басында жергілікті Мақат есімді бақуатты кісінің басқаруымен салынған екен. Өзінің және өз ұрпақтарының бір жерде жатуын ойластырып, кесене астында камералар жасатқан. Камералар орналасқан жер дөңгелене пішінделген плита тәрізді тастармен көмкерілген. Кесенеде үш адам қоятын камера бар. Ең шеткі төр жақтағы камерада және бергі кіреберістегі камерада адам мүрдесі жатса, ортасындағы әйелге арналған камера бос тұр. Сахананың ең астыңғы қабатында терең ор қазылған. Жаңа мәйіт әкелінген кезде бұрынғы сүйектер терең орға кесеумен сырылып түсіріледі. Мұнда ең соңғы мәйіт 1994 жылы қойылған екен. Осы тәріздес жерлеу орындары Қарағанды облысында сирек те болса, кездесіп тұрады деседі жұрт. Ислам діні әбден орныққан 20 ғасырда мұндай сағананың тұрғызылуы нені білдіреді деп ойға шомдық.

Алтын шоқы және Хан ордасы

Экспедиция лагері кешкісін Кененбай тоғанына келіп орналасты. Бірақ, мұнда әдеттегіше ас қамы әзірленбеді, палаткалар тігілмеді. Себебі, Рахым Әжібаев есімді жергілікті азаматтың өзен маңындағы үйінде дастархан жайылған екен. Бұл отбасының етті сүрлеу, қымыз дайындау технологиясы өзгеше екен. Сүрленген жылқының етін құмарлықпен жұтынып жеп, қымызды кесе-кесесімен қылғытып жаттық. Рахым ағаның зайыбы Гүлшайра Бітімбаева апайымыздың бармағы бал екен деп тамсанған жолаушылардың алғысы шексіз болды. Кененбай тоғанынан аймақтағы көптеген ескерткіштерге бару жақын әрі ыңғайлы. Тоғаннан балық та аулауға болады. Енді бұл жерден демалушылар мен саяхатшыларға арналған демалыс орны ашылмақшы екен.

photo_361

photo_362

Ертесіне Алтыншоқы тауына жол тарттық. Онда Әмір Темірдің қалдырған тасының көшірмесі тұр. Ескерткіш тастың түпнұсқасы Ресейдің эрмитажында сақтаулы тұр. 1391 жылы Әмір Темір 200 000 әскерімен Тоқтамыс ханды өкшелей қуып Ұлытауға келгенде табиғаттың сұлулығын көріп тамнсанып, осы тасты ескерткіш ретінде қоюға бұйрық беріпті. Кейін 1935 жылы әлгі белгітасты Қаныш Сәтбаев жергілікті ақсақалдардың көрсетуімен тауып, ең алғаш баспасөзге жариялайды.

Ел аузындағы аңыз бойынша Әмір Темір Тоқтамысты уысынан шығарып алғанымен, оның аста-төк алтын-күміс байлықтарын қолға түсіреді. "Біздің іздегеніміз байлық емес, Тоқтамыстың өзі" деп осы Алтыншоқыда бар байлықты өртеуге бұйрық берген деседі. Шоқы басындағы жаңған металл қалдықтарын Тоқтамыс қазынасының өртке балқытылан сықпыты деп қарастырады қарапайым халық. Ал ғылыми зерттеулер тұжырымы мүлде басқаша. Шоқы металл өңдіруге арналған пеш қызметін атқарған. Тастан қаланған қазандықтың жан-жағынан жел үрленетін тесік саңлылаулар бар. Металл балқыту орны бір қарасаңыз, сақ қорғандарына да ұқсайды. Шоқыдағы жаңған руда қалдықтары күннен күнге азайып келеді. Оны Тоқтамыстың балқытылған байлығы деп есептейтін жұрт теберікке алып кетуге құмар болса керек.

photo_2081Келесі діттеген бағытымыз Хан ордасы болды. Дуалдары құлап төбешікке айналған, төрт бұрышты, қорған алды су жүретін арық қазылған ежелгі қалашық орнына келдік. Халық "Хан ордасы" атап кеткен жер бүгінде патша тақ ескерткішімен, тас қорғанмен, арыққа салынған көпір т.б. заманауи архитектуралары арқылы қайта жаңғырғандай... Бұл, әрине, Ұлытау ауданы әкімі Хамит Омардың қажырлы еңбегі. "Ұлытау аймағында мұндай қалашқтардың саны 9-ға жетеді" дейді Ұлытау музейінің директоры Бақттияр Қожахметов.

1464001391_l

Қайтар жолда...

Біздің экипаж Хан ордасы кешенінен аттың басын кері бұрды.Аз уақытта барлық экспедици мүшелерімен бауыр басып қалған екенбіз. Шын мәнінде, бір-бірімізді қимай қоштастық. Шынайы ыстық лебіздер мен ықыластар көңілдің күйін шертіп, қимастық сезімін оята түсті. Иә, бір аптадай қызықты да, шыжықты да бастан кештік. Далада бір күннің өзі бір жылдай ұзақ созылады екен. Бір-біріміздің қажеттіліктерімізді өтеуге тырыстық. Ас әзірлеуде де құр қарап қалмадық. Бір дастархан басында басымыз түйісті. Көліктер тығылып қалғанда бір-бірін сүйреді, кешіккенде күтіп, ұйымшылдық танытты. Оның бәрі де бір жағынан Марғұлан Сейсембаевтай экспедиция жетекшісінің ұйымдастырушылық қабілетіне байланысты қалыптасқан жағдай еді. Әскери тәртіппен дәл уақытында қозғаламыз, шапшаң қимылдап діттеген межеге дәл уақытында жетеміз.

1463382479_l

Жезқазғанға жеткен соң Бақыт Аңдағұлов пен Дулат Хасеновтай мәрт, қара нардай кәтепті, қажырлы азаматтармен қимай-қимай қоштастық.

Жезқазған қаласында құрметті инжинер-металлург, техника ғылымының докторы Төлеген Бүкіров ағамыздың үйінде қонақта болдық. Ол кісі бүгінде "Қазақтың Кетбұқасы" қорын басқарады екен. Кетбұғы туралы материалдар жинап, ұлы бабамыздың мұрасын түгендеу шарасының басы-қасында жүрген ағамыздан сыйлыққа қызықты кітаптар арқалап қайттық. Төлеген ағамыздың бауыры Сүтемген Тақабайұлы Бүкіров Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаетарға жолбасшылыққа жүрген әйгілі өлкетанушы болса, әкесі де осы өңірге танымал журналист болған екен.

Осы керемет саяхатты ұйымдастырған белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембаевқа, осы жолсапарға менің қатысуыма демеушілік көрсеткен жаны жомарт Сәбит Бүкіровке шексіз алғыс білдіремін. Ұлытау өңірін Әлкей Марғұлан 1945-1970 жылдар аралығында үздіксіз зерттеген. Араға елу жылдай уақыт салып Марғұлан Сейсембаев "Ұлытау мұрасы" атты экспедиция ұйымдастырып отыр. Маған осында бір тарихи сабақтастық бар тәрізді көрінеді.

Ұлы Бабалардың ізі қалған Ұлытауда қазақтың әрбір баласы болуы керек. "Ұлытауға бардың ба, ұлар етің жедің бе?" дегенде ұялмай жауап беретін болайық, ағайын.


Арман ӘУБӘКІР,

Алматы-Жезқазған-Ұлытау-Алматы

 

 

 

 

 

 

Пікірлер