Баспалдақ опырылып, ана екі баласымен жертөлеге түсіп кетті

934

Қызылордада қала ортасында орналасқан 64 пәтерлік жатақхананың баспалдағы опырылып, келіншек екі баласымен жертөлеге құлап кеткен. Зардап шеккендердің айтуынша, ғимарат ызадан күн өткен сайын мүжілуде. Іргетасы шөгіп, кесектері үгітіліп жатқан үйде үреймен өмір сүріп жатқан тұрғындар туралы "Астана" арнасы хабарлады.

Әсем кешкісін балаларын балабақшадан алып келе жатқан. Баспалдақтың қалай опырылып кеткенін өзі де түсінбей қалған. "Қас-қағым сәтте жертөлеге құлап  кеттім" дейді ол. Жанындағы 1 және 2 жастағы балаларын періштесі қақты деп отыр. Алайда, бойындағы үрейі әлі басылмаған.

"Бірінші өзім құладым, екі цемент үстіме құлады. Содан соң екі бала келіп құлады. Екі баланың бірінің басы цементке тиді. Оны апарып тексерттім, миы шайқалған дейді. Өзімнің денсаулығым жарамайды. Аяғым ісіп, ішімнің бәрін тіліп кеткен", – дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Әсем Мырзаханова.

Тұрғындардың айтуынша, ғимараттың салынғанына қырық жылдан асқан. Қаланың қақ ортасында тұрып, табиғи газға қосылмаған. Тіпті, қыс бойы жылуға жарымадық деп отыр. Ал жауын жауса төбеден су ағып, әбігерге салады екен.

"Екінші этажға дейін ыза, екінші этаждағылдардың өзі ызаның иісінен дем ала алмайды. Қысы жазы маса қаптайды. Жертөлеге түсіп қарадық, ешқандай тіреуіш жоқ. Бір күні болмаса бір күні ортасына түсуі мүмкін. Сондай қауіппен қаншама халық отырмыз", – дейді тұрғындардың бірі Жарқынай Кенжетаева.

Жатақханадағы төтеншей жағдай әкімдіктегілердің де құлағына жеткен. Ондағылар құлаған баспалдақты жедел жөндеп берген көрінеді. Ал баспанадағы өзге мәселелерді шешуге қауқырсыз екен. Олар меншік иелерінің бірлестігін құруды ұсынған.

"Тұрғын үй қатынастары заңындағы енгізілген өзгерістерге сәйкес меншік иелерінің бірлестігі немесе жәй серіктестік құру жөнінде толыққанды түсіндірме жұмыстары жүргізілетін болады. Әрі қарай тұрғындардың таңдауы бойынша басқару органын таңдаса, сервистік компания тарапынан тиісті жұмыстарын атқаруы қажет", – деді Қызылорда қалалық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Біржан Далабаев.

Бүгінде баспалдағы опырыл жатқан ғимарат ресми түрде апатты деп танылмаған. Ол үшін тұрғындар арнайы мамандар шақыртып, ортақ ақша шығарып, сараптама  жасатуы қажет. Сонда ғана мұндағы тұрғындар тиісті санат бойынша пәтер кезегіне тұра алады, дейді әкімдік өкілдері.

Пікірлер
Редакция таңдауы