Ментальді терроризм – көзге көрінбейтін қауіп

666

Жақында ҚР ҰҚК Шекара академиясының полковник Үсенов Ерік Нұрәліұлы басшылық ететін философия және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының ұжымы «Ментальді терроризм және оның ҚР ҰҚК Шекара қауіпсіздігіне ықпалы»  атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізді.

Оған академия бастығының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары полковник Алтынбеков Роллан Маратұлы және арнайы тактика факультетінің профессорлық-оқытушылар құрамы мен шекарашы курсанттар қатысты.

Дөңгелек үстелге кафедраның профессоры қызметші Молтобарова Күміс Ищанқызы модерраторлық етті.

Шараның ашылу салтанатында алғаш болып сөз кезегін алған Роллан Маратұлы дөңгелек үстелге қатысушыларға сәттілік тілеп, тақырыпқа қатысты өз ойын айтты.

Айта кету керек, дөңгелек үстелді өткізудегі негізгі мақсат -  менталды терроризмді Қазақстан Республикасының саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірі мен қорғаныс қабілетіне негізделген қоғамның рухани-адамгершілік негіздерін бұзатын әсердің әмбебап түрі ретінде қарастыру.

Тақырыптың өзектілігі қазіргі жағдайдағы терроризмнің халықаралық сипатқа ие болуымен және Қазақстан Республикасында да, әлемдік қоғамдастықта да қауіпсіздікке төнетін елеулі қатерлердің бірі болуымен байланысты. Халықаралық террористердің әрекеттері Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси, рухани дамуындағы оң үрдістерге нұқсан келтіреді. Терроризм күрделі әлеуметтік-саяси құбылыс ретінде жоғары ұйымдастырушылық деңгейімен, тұрақты қаржыландырумен, жаңа техникалық жабдықталуымен, өз қатарына тек фанатиктерді, үмітсіз жұмыссыздарды, аз қамтылған адамдарды ғана емес, сонымен қатар кәсіби дайындалған білікті мамандарды да тартумен сипатталады екен. Сондықтан, салыстырмалы түрде аз шығындармен террористер ауқымды мақсаттарға қол жеткізіп, әлемдік өркениетке үлкен моральдық және материалдық зиян келтіреді. Террористік күштер қару-жарақтың заңсыз айналымы, есірткі трафигі, заңсыз көші-қон, тауарлар мен жүктердің контрабандасы, табиғи ресурстарды заңсыз әкету салаларындағы трансшекаралық ұйымдасқан қылмыстың құқыққа қарсы қызметімен байланысты.

Бұл тұғыда мемлекеттік тілде баяндама жасаған 2-курс курсанты  Ә.Фазылбек тақырыпқа қатысты құнды мәліметтер келтіріп өтті. Атап айтқанда, Мемлекеттік шекараны күзету тек шекара қызметінің емес, жалпы мемлекеттік міндет болып табылады, оның негізгі ұраны «Мемлекеттік шекараны тұтас халық күзетеді!». Бұл ұран Отанымыздың шығыс өңіріне жақсы таныс және бүгінгі күнгі өзекті мәселе. Әрі оның тарихи тамыры тереңде жатыр. Билік органдары, жергілікті тұрғындар, түрлі қоғамдық ұйымдар, көптеген қамқоршылар шекарашылардың барлық істеріне және бірінші кезекте Отан шебін күзету мен қорғау ісіне көмектесіп отырады. Қызметтік және оперативтік іс-шараларға ат салысады.

Мемлекеттік шекараның күзетілуіне тікелей әсер етуші өзекті мәселелердің бірі – менталды терроризм. Оның әлеуметтік шиеленіс тууына тікелей әсері әрі шекара бекетінен өтушілер мен шекара кеңістігінде тұрушыларға ықпал ету себептері. Сондықтан негізгі мәселелердің бірі осы қауіптің пайда болу себебін анықтау мен алдын алу мәселелерін шешу болып табылады.

Менталды терроризмнің шығу тегі, пайда болу сипаты және оның шекаралық кеңістікке әсерін қарастырмас бұрын, алдымен белгілі бір мәдени ортада тәрбиелеу, білім беру және өмірлік тәжірибе жинау барысында қалыптасқан әлемді тану мүмкіндігін білдіретін «менталитет» ұғымына жүгінейік.

Адамдар ғаламшардың тағдыры өз қолымызда екенін түсінуі қажет. Енді логикалық түрде ментал сөзін талқылайтын болсақ, ол дүниеге деген көзқарас, қандай да бір мәдениетті ортада өз орнын таба білу деген мағынаны білдіреді. Менталдық – ол ойлау түрі, жалпы рухани жағдайы. Ментал дегеніміз - кең мағыналы күрделі түсінік. Яғни, қандай да бір жағдайда тез бейімделе біліп, ойлана дұрыс шешім қабылдау.

Ал енді терроризм ұғымын ашайық – саясатқа қатыса отырып, заңсыз іс-әрекетке бару, яғни қорқыту арқылы өзінің саяси қалауларын орындау, оның ішінде қорқыту, зорлау, физикалық күш көрсету.

Ғылыми топтарда осы екі ұғымды жалпы кеңінен таралған «Менталды терроризм» деген ұғымға әкелуге болады. Ол адамның сана сезімін уландыру арқылы адамның жеке тұлға қасиетінен айырып, жалпы топтық ойлану қабілетіне келтіру.

Біздің ойымызша, менталды терроризм санадағы рухани-адамгершілік өзекке деструктивті әсер ететін жеке тұлғаның санасына әсер етудің әртүрлі формалары мен әдістерін ұсынады.

Дөңгелек үстел барысында бірқатар курсанттар тақырыпқа қатысты өз ойларын ортаға салды. Ментальді терроризмнің адам өміріне қауіптілігін талқылады. Яғни, проблеманың қазіргі жай-күйі мен терроризмнің жалпы жүйе құраушы ерекшеліктері тұрғысынан ментальді терроризмнің негізгі ұғымдарын айқындады.

Айта кету керек, ментальды терроризмнің тағыда бір қауіптілігі - оның арандатушысы кез-келген адам болуы мүмкін. Мемлекеттік құрылымдардың басшыларын бағытынан жаңылыстыру арқылы тұрғындардың санасын улауды өз қолына алуы. Осының мүмкін болуы нәтижесінде әлеуметтік негативті жағдайлар пайда болады екен. Оның ішінде лауазымды тұлғалар пара алады. Қылмыс ашық түрде жүргізіле бастайды: кіші қылмыстардан бастап есірткілерді сатуға дейін жетеді, әскери қақтығыстың формасы байқалады және әкімшілік құқық бұзушылықтар тіркеледі. Нәтижесінде, мүдделеріне қарсы келу және азаматтық міндеттеріне немқұрайлы қарағанымен бірге менталдық шабуылдар жиілей бастайды.

Жалпы айтқанда, ментальді терроризм бір қараған адамға көзге көрінбейтін қауіптердің бірі болып табылатындықтан, дөңгелек үстелге қатысушылар пікір таластырып, өз баяндамаларынан нақты дәлелдермен дәйектер келтірді.

Жанат Жабырбеков,

ҚР ҰҚК Шекара академиясының

баспасөз хатшысы

Пікірлер
Редакция таңдауы