Сарапшы электр энергиясы тарифінің көтерілуіне қатысты пікір білдірді

676

Электр қуаты тарифінің көтерілуіне не себеп болғаны жөнінде энергетика жөніндегі сарапшы, экономика ғылымдарының кандидаты Әлішер Құрбанәлиев пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Айта кетейік, Энергетика министрлігі электр энергиясына арналған тарифтерді көтеру туралы бұйрығының жобасын жариялады. Құжат наурыздың 26-сына дейін талқылауға шығарып отыр. Осыған орай энергетика жөніндегі сарапшы аталған бұйрыққа қатысты түсіндірме берді.

«Электр энергиясы – бұл электр өндіретін стансалар сататын жалғыз тауар. Кез келген өндіруші өнімін сатып, түскен кіріс есебінен өзінің барлық шығындарын жабуға тырысады. Оған өндірістік шығындар, оның ішіне жұмысшылардың жалақысы, шығындалатын материалдар, отын кіреді. Бұл станса жұмысының одан ары жалғасуының негізі саналады», - деді сарапшы.

Оның атап өтуінше, кез келген жабдықты жаңарту, жөндеу және ауыстырып отыру қажет. Өйткені еліміздің электр энергетика нысандары Кеңес одағы заманынан қалған әрі ескірген.

«Кез келген жабдықты жаңартып, жөндеп, ауыстырып отыру керек. Қажетті деңгейге дейін тарифтің көтерілмеуі салдарынан стансалар қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізе алмай отыр. Энергетиктер үйімізде шам сөніп қалмауы үшін электр энергиясымен сенімді әрі сапалы қамтамасыз етуге міндетті. Бірақ, олар қызметкерлеріне жалақы төлеу, агенттерге келісімшарт бойынша төлем жасау үшін қаражатын үнемдеуге, басқа да жолдарын үнемі іздеуге мәжбүр. Олар жөндеу жұмыстарын жүргізіп үлгермей жатыр. Сондықтан тарифті көтеру стансаларға аталған іс-шараларды атқару үшін қажет», - деді ол.

Сонымен қатар ол электр энергиясына тариф көтерілгеннен кейін осы айдың ішінде, немесе осы жылда еліміздің барлық электр энергетикасы жаңартылады деуге келмейді.

«Тіпті, қарапайым турбинаның өзін ауыстру үшін оны жобалауға бірнеше ай кетеді. Яғни, жұмыс істеп тұрған трубинаны жаңасына ауыстыруға жарты жыл мерзім қажет болады», - деді сарапшы.

Сарапшы электр энергиясы тарифінің көтерілуінен не күтуге болатындығына қатысты да пікірімен бөлісті.

«Егер тариф көтерілсе, онда жұмысшылардың да жалақысы қазіргіден жылдам арта түседі. Екіншіден, құрал-жабдықтардың тозуын тежей аламыз. Яғни, құрал-жабдықтар сапасы жақсара түседі. Осының арқасында жаңа стансалар пайда болып, толықтай жаңғыртылу жүргізіледі деуге келмейді. Оған қаражат та жетпейді. Жаңа құрал-жабдықтар салып, ескісін ауыстыру үшін тарифті екі есе көтеру қажет. Ал бұл тұрғандар, кәсіпорын үшін үлкен жүктеме. Тарифті біртіндеп көтеру кем дегенде қазіргі уақытта қолданыстағы құрал-жадбықтардың жай-күйінің нашарлауын тежейтіндігі сөзсіз», - деді Әлішер Құрбанәлиев.

Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/sarapshy-elektr-energiyasy-tarifinin-koteriluine-katysty-pikir-bildirdi_a3762000

Пікірлер
Редакция таңдауы