Зұлмат: Атажұртта айқасу

3938
Adyrna.kz Telegram

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде)

«Сайрагүл оқиғасынан» кейін шекараның арғы және бергі бетіндегі қазақтар Қазақстан билігінен жарытымды көмек болмайтынын, «Атажұрт еріктілері» ұстанған принцип бойынша жария түрде халықаралық адам құқын қорғайтын ұйымдарға арыздану арқылы Қытай билігіне ақпараттық қысым жасаумен ғана туыстарын концлагерьден құтқару мүмкін екенін түсінді.  Осыдан кейін «Атажұрт еріктілерінің» Алматы, Астана және Өскемен қаласындағы офистеріне келіп арызданушылардың саны күрт артты, қамаудағы туыстарының суретін ұстап, Қытайдың Қазақстандағы елшілігі мен консулдығының алдына  бірнеше мәрте  наразылыққа шықты. «Атажұрт еріктілері»  әрбір адамның арыз-шағымын қытай және ақылшын тіліне аударып, видео түріндегі нұсқасын YouTube  желісіне салып отырды.

Осылайша, Серікжан Біләшұлының идеясы бойынша жасалған бұл жоба Шыңжаң проблемасының үнін шығармай жауып тастауды көздейтін ақпараттық блокаданы бұзды. АҚШ пен Еуропаның журналистері «Атажұрт еріктілерінің» офисіне ағылды, олар Шыңжаңдағы репрессиядан зардап шеккен қазақтар жөнінде дәлелді материалдар жариялай бастады.

Қытайдың ығына жығылған Қазақстан билігі де «Атажұрт еріктілерінің» екпінін басу үшін тың шара қолданды. «Қытайдың жұмсақ күші» деп жалпылама атау берілген мүдделі топ екі түрлі сипатқа ие болды. Бірінші топқа Серікжан Біләшұлы бастаған «Атажұрт еріктілерін» қолдамайтын, Шыңжаңдағы қазақ этносының басына төнген нәубетті елеусіз қалдыру позициясын ұстанған зиялы қауым (ақын-жазушылар, қазақ эстрадасының жұлдыздары, атақты спортшылар) және қазақ социумында маңызды рөл атқаратын молдалар кірді.

Қытайда қазақтарға қарсы репрессия басталмай тұрған тыныш заманда қазақстандық әншілер Шыңжаңға гастрольдік концерт қойып, мол қаржы жинап, байып қайтатын. Ал ақын-жазушылардың басты оқырманы Шыңжаң қазақтары еді. Сол ақын-жазушының кітабын үйінде сақтап, оқығаны үшін, қазақ әншілерінің әнін тыңдап, оны смартфонына жүктеп алғаны үшін, Құран оқып, жаназаға қатысқаны үшін, қазақы киім киіп, ата-бабасының салт-дәстүрін ұстанғаны үшін концлагерьге қамалып, азап шегіп жатқан қандастарына қазақ зиялы қауымы сөз жәрдемін де бере алмай пұшайман күй кешті. Тіпті, алғашында Қытай аудиториясы арқылы әлемге танылған Димаш Құдайберген өзімен тілі бір, діні бір, қаны да, жаны да бір Шыңжаң қазақтары үшін наразылық білдірген жоқ. Бұлармен салыстырсақ,  тумысынан Германия азаматы, футболшы Месут Өзілдің адамгершілігі жүз есе жоғары болып шықты, ол қытай коммунистері жасап жатқан геноцидті айыптап, арнайы мәлімдеме жасады.

Ал ұлтым дегенде Ұрымды, халқым дегенде Қырымды күңірентетін қазақ ұлтшыл-патриоттары да оралмандарды ұмыт қалдырды, олардың проблемасын саясаттың күн тәртібіне алып шыққан жоқ. Қайта Қытайдың қыспағында қиналған қандастарымыздың мәселесін қазақ ұлтының тағдырымен, адамзаттың тағдырымен байланыстырып, тұтас қамдаған «Атажұрт еріктілерінің» лидері Серікжан Біләшұлының үстінен домалақ арыз жазып, аяқтан шалды. Билік те, оның саяси ойынына жегілген псевдоұлтшыл-патриоттар да бұрқ-сарқ қайнаған қазанның қақпағын жауып тастамақшы болды.

«Қытайдың жұмсақ күшінің» екпінді қанаты қазақ қоғамында «қытайшылдар» деген атқа ие. Олар «Атажұрт еріктілерін» және оның қайсар жетекшісі Серікжан Біләшұлын қаралауға күш салды. Мұндағы мақсат – Қытайдың әлемдік қауымдастық алдындағы абыройын төгіп, сондай-ақ Қазақстан қоғамында  бұрыннан бар «антиқытайлық көңіл-күйді» ушықтырып жатқан ұйымды жауып тыну және Серікжан Біләшұлын «залалсыздандыру». Алдымен «Серікжан Біләшұлы баяғыда «Жарқын 7» деген лақап атпен Шыңжаң қазақтарын «зұлмат келе жатыр, тездетіп көшіңдер» деп үгіттеп, Шыңжаң қазақтарын арандатты, қазір Қытай билігінің қазақтарды қыспаққа алуы – соның кесірлі ісі» деген насихатты күшейтті. Одан кейін «Шыңжаңдағы ұйғырларды Қазақстанға әкеліп, оларға жер бермекші», «ол бес уақ намаз оқиды екен, ислами террорлық ұйымдармен байланысы болуы мүмкін», «Серікжан зиялы қауымды сыйламайды, қазақ қоғамына іріткі салды» және  т.с.с. жаланы үйіп-төкті.

Осылай үздіксіз төпелеген ақпараттық соққының соңы  Серікжан Біләшұлын сотқа тартуға ұласты. «Атажұрт» – тіркелмеген ұйым, соны басқарған үшін» оған сот әкімшілік айыппұл салды. Бұлайша оны тоқтату мүмкін емес екенін түсінген билік бір айдан кейін Серікжанды  ҚК 174-бабы бойынша  («қоғамда араздық тудырды» деген саяси сипаты басым айыптау) айыпты деген күдікпен қамауға алды. Оның «қылмысы» деп Шыңжаңда құрбан болған адамдардың рухына арналған аста «Қытайға ақпараттық жиһад жариялау» жөніндегі сөзі айыптауға негіз болды.

Мемлекеттің басты ақпарат құралы – «Қазақстан» ұлттық телеарнасы «жиһад» сөзін тұтас жазбадан қиып алып, діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрестің идеологиясына салып тәпсірлеп, арнайы хабар берді. Бұған дейін мемлекеттік телеарна  басшысын Ерлан Қарин ҚХР-ның теле-радиокорпорациясымен өзара әріптестік жасау жөнінде келісім жасап қайтқан. Сондай-ақ, ол Қытай коммунистік партиясының белсенді насихатшысы Джеки Чанды Қазақстанға арнайы шақырып, қонақ қылды. Ерлан Қариннің бұл ісі коммунистік Қытайдың көңілінен шығудан басқа проблеманы ұмытқан Қазақстан билігінің бейшара халіне қосымша сипат береді.

Шыңжаңдағы зұлматтың ащы зарын әлемге жеткізіп жатқан «Атажұрт еріктілері» мен Серікжан Біләшұлының үнін біржолата өшіру үшін  Қытай елшілігі  «Қазақстандағы қытай хуацяоуларына» иек артты.

«Хуацияо» сөзі эмигрант деген мағына береді және бұл топқа Қазақстанда тұрып жатқан Қытайдың бұрынғы және қазіргі азаматтары кіреді. Олар ұлтқа бөлінбейді, Қытайдан Қазақстанға баяғыда көшіп келген дүнген де, қазақ та, осы жерде уақытша тұрып жатқан қытай да кіре береді. Оларға қоныс аударып барған жерінде Конфуций ілімін насихаттау, Қытаймен сауда-саттық, экономикалық, мәдени байланыстарды күшейту мақсат етіп қойылған. Қытайда әлемдегі хуацяоуларды үйлестіріп отыратын арнайы орган бар.

Қазақстандағы хуацияолар әртүрлі ұйымдардың атын жамылып әрекет етеді. Әсірсе, «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбекұлы мен Еуразия ұлттық универсиетінің қытай тілі кафедрасының меңгерушісі Дүкен Мәсімханұлының «қытайшыл» әрекеті ерекше. Қытайдан тоқсаныншы жылдардың ортасында қоныс аударған бұл екеуі Шыңжаңдағы репрессияны «діни экстремизм мен терроризмге қарсы мәжбүрлі күрес тактикасы» тұрғысында бағалап, ресми Пекиннің жаршысы ғана болған жоқ, олар «Атажұрт еріктілерін» бөлшектеп, Серікжан Біләшұлын қалайда түрмеге жауып тастауға күш салды.

Қазақстанда «Қытайдың жұмсақ күші» бір сәт мақсатына жеткендей болды: Серікжан Біләшұлы Нұрсұлтан қаласында 5 айдан астам үйқамақта болған кезде «Атажұрт еріктілері» бөлініп-жарылды. Ақылдастар кеңесінің екі мүшесі – Ербол Дәулетбекұлы мен Қайрат Байтолла «Атажұрт еріктілері» атауымен қоғамдық ұйым тіркетіп, офистегі техниканы иемденіп, өз алдына кетті.

Тергеу кезінде Серікжан Біләшұлын ҚР ҚК-нің 174-бабынан арашалап қалу қиын болды. Тергеушілердің тапсырысы бойынша жасалған сараптамада «ақпараттық» сөзі (анықтауыш) қарастырылмады. Бір ғана адамның емес, бүткіл Шыңжаң қазақтарның тағдыршешті мәселесіне қатысты қиын жағдай саясаткер Зауреш Батталова басқаратын «Парламентаризмді дамыту қорының» атынан мен дінтанушы ретінде «жиһад» терминін таза Құран ілімі бойынша талдадым. Құранда жазылған «жиһад» сөзі  саяси сипаты бар діни идеологиялардың шырмауында қалғанын, бұрмаланған жалған тәпсір-түсінікті  сот қарауына ұсыну абсурд екенін айттым. Бірақ мен жасаған сараптама белгісіз себептермен іске енбей қалды.

Шыңжаңда репрессияға ұшырап жатқан халықтың жанашыры, белгілі заңгер Шынқуат Байжановтың айтуынша, Серікжан Біләшұлына қатысты қылмыстық іс басынан аяғына шейін құқықтық норма бойынша жүргізілмеді. Соның салдарынан және  айыпты жоққа шығаруға керек материалдарды адвокаттың жинақтамағаны кесірінен Серікжан Біләшұлы жеме-жемге келгенде амалсыз процестік келісім жасауға мәжбүр болды. Сот шешімі бойынша, оған 6 ай (үйқамақта отырған мерзімін шегеріп, жаза 2 айға азайды) шектеу жазасы берілді, 7 жыл қоғамдық ұйым басқаруға тиым салынды.

Пробациялық бақылау мерзімі аяқтала сала Серікжан Біләшұлы мен оның сенімді жақтастары жұмысын қайта күшейтті. Қазір олар ресми тіркелмеген «Нағыз Атажұрт еріктілері» деп аталатын ұйымға топтасты. Ал тіркелген «Атажұрт еріктілері» ұйымы Серікжан Біләшұлы тобына қарсы әрекет етіп жүр.

Қытайдан Қазақстанға түбегейлі қоныс аударған қазақтардың түгелге жуығы «Нағыз Атажұрт еріктілерін» қолдайды, Шыңжаң концлагерьлерінде отырған туыстарын арашалап қалу үшін және Қытайдың басқа да адам құқын бұзу фактісін айтып арызданатын жалғыз ұйым да – осы.

«Нағыз Атажұрт еріктілерінің» дұрыс тактика таңдап, Шыңжаң мәселесі бойынша халықаралық ұйымдарға, шетелдік журналистерге арқа сүйеуі нәтижесін берді. Олар Қазақстанға Еуропа депутаттары келгенде оралмандардың Қытайға наразылық акциясын өткізді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео осы жылдың ақпан айындағы Қазақстанға сапары кезінде алдымен Шыңжаңдағы концлагерьлерге туыстары  қамалған қазақтармен кездесіп, «тірі жетімдер» мен «тірі жесірлердің» көз-жасын көріп, бірге қайғырды.

Содан соң Қазақстан билігінен оларды қорғауға алуды талап етті,  адам құқын аяқасты етіп отырған Қытайға қарсы бірігіп қысым жасауға шақырды. Осы оқиға әлемге жария бола сала Помпеомен кездесуге қатысқан екі баланың анасы Қарақат Әбдешке Шыңжаң түрмесінде қамауда отырған күйеуін және екі қайнағасы мен қайынатасын Қытай билігі босатуға дайындап жатқаны жөнінде хабар жетті.

Серікжан Біләшұлының айтуынша, соңғы кезде Қытай билігі «Нағыз Атажұрт еріктілерінің» көмегімен әлеуметтік желіге салынған видео арыздарға жылдам реакция береді. Кейде арызданушының талабына көніп, концлагерьдегі немесе үйқамақтағы тұтқынды босатады, кейде уақыт созып алдаусыратады да, ауызша уәдесін орындамай кетеді. Көбінесе арызданушының Шыңжаңдағы туыстары арқылы «Арызды қайтарып ал, әйтпесе бізге жаман болады» деп шантаж жасап бағады. Сондықтан «Қытай райынан қайтты, көп ұзамай қазақтарды қорлауды доғарады» деп болжам айтуға әлі ерте.

Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ,

«Демос» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер