«Әулетімізде «абысындар шайы» жобасының авторымын»

2132

Мансап пен отбасын, ұлттық құндылық пен заманауи ілгерлеуді қоса ұстанып жүрген аруларымызды мақтанышпен айтсақ болады. Ұлт келбетіне үлгі, жастарға бағдар. Көктемнің шуақты мерекесінде Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры, қауымдастырылған  профессор, аяулы отанасы Сәрсенбекова Гүлнәр Әлібекқызымен мерекелік сұхбатымызды ұсынамыз.

- Отбасы-мансап-ғылым үштігін қатар алып жүрсіз. Үштікті мығым ұстауда нені ескересіз?

- Рахмет, жақсы сұрақ. Үштікті мығым ұстауда бақытты болуды ескеремін.    Бақыт дегенді – өзіммен тепе-теңдікте болу деп түсінемін.  Өзімді бақытты етудегі атқаратын іс-шараларымның  ортама да тигізетін пайдалы жағы  әрдайым бірінші кезекте. Адам бақытты болған сайын оны игі істерге  жігерлендіретін күш те жоғалмайды.

Альберт Эйнштейн «Егер бақытты өмір сүргіңіз келсе, адамдар мен нәрселерге емес, мақсатқа тәуелді болыңыз», деген. Бақытты болудың кілті миссияңды дұрыс анықтау, өміріңді дұрыс үйымдастыра білуде.  Халық даналығы: «Амандықта қадір жоқ – алдырған күнде білерсің, денсаулықта қадір жоқ – ауырған күнде білерсің, қолда бар жақсының қадірі жоқ, айрылып қалған күні білерсің», деген. Бақытты ұстап тұру үшін ұнаған ісіңмен айналысып, аянбай еңбек ете білу адамның үлкен қасиеттерінің бірі және ол түбінде жетістікке жеткізеді деп білемін. 

- Басшылық ету әйел адамның мінезін, болмысын өзгерте ме?

- Өзгертеді. Өзіңе сын көзбен көбірек қарайсың, барлығы атынан шұғыл шешім қабылдау, жауапкершілік, уақытты тиімді пайдалану, бірнеше жауапты мәселені бірге алып жүру, тереңіне үңіліп, алыстан болжай білу т.б. мінезіңе де болмысыңа да әсерін тигізеді. Ал әсердің оң болуы адамның ұстанымына, алған тәрбиесіне, өмірлік принциптері мен анықтап алған миссиясына, мақсатына байланысты. Қай істе болмасын жақсы нәрсе айтамын да жақсы дүниелерге қол жеткізетініме сенімді боламын!  Қай жаңа іске болмасын шығармашылықпен келіп, уақытым мен күш-жігерімді аямаймын, әріптестерімді де соған шақырамын. Жұмсақтық пен қаталдықты қатар ұстауға тырысамын.   Ортамдағы адамдардың ең бірінші жақсы қасиеттерін көріп, бағалаймын. Қызметтегі мәселені отбасына әкелмеу немесе қызметті отбасыға әкелмеудің де берері көп. Әулетімізде немере келіндердің үлкенімін. Ата-енемнің, отағасының абыройын өзімнен де жоғары қоямын. Өзіме қимай тұрған затпен отбасыммен әріптестеріммен ойланбай бөлісемін. Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуды қатты бағалаймын.  Ағайынның той, жақсылықтарында ақылдасу шайына үнемі шақырыламын. Пікірімді нақты, дәлелмен қысқа да нұсқа айтамын. Сонан соң, қандай шешімге келсеңіздер де мен қызметке дайынмын деп рұқсат сұрап қызметке асығамын.  Жан-жақты дамуда үнемі өзімді қамшылап отырамын. Эмоция жетегінде кетпеу. Фитнес, салауатты өмір салтын ұстау, таңертең жүгіруді әдетке айналдырдым. Талапшылмын.  Қызметте әріптестердің отбасылық жағдайынан хабардар болып отырамын. Ең бастысы қандай жағдай туындамасын Адам болып қалғым келеді.  Абай даналығы ақылды сақтайтұғын мінез сауыты арлы болсаң бұзылмайтындығын айтады.   Ертеде бата алуға барған  бозбалаға дана қарт «ӘКІМ бол!» деп бата берген екен дейді. Яғни «Әділетті, Кішіпейіл, Ізетті, Мейірімді». Мансап та, байлық та қолдың кірі. Таза, аянбай жасаған еңбегіңнің наны қашанда тәтті екенін ескеріп жүремін.  Халық даналығы, Абай даналығы, ұлттық құндылықтарымыз  өміріміздің темірқазығы ғой!

- Отбасы ұйытқысы - ана. Қызметпен жүріп, отбасы шаруашылығымен қаншалықты айналысасыз?  Отағасы бабы, бала-шаға тәрбиесін дөңгелету туралы сыр шертсеңіз.

- Сұрағыңызға рахмет. Мен өмірлік кредомды анықтауда ең алдымен өмірге келудегі мақсаттың айқын болуымен байланыстырамын. Әйел қандай дәрежеде жұмыс жасаса да, оның ең басты міндеті – өмірге ұрпақ әкелу, оны тәрбиелеу. Миссия діңгектері отбасы, қызмет, жеке бастың дамуы қоғам мүддесіне сай тоғысуында деп білемін.

Қарқыны мықты  заман ағысы  адамды өз арнасына  салуға тырысып ақ бағады, алайда оған жол бермей, керісінше сол арнаны адам өзіне тәуелді етсе, мақсатына жетеді.  Мағжан Жұмабаев айтады: «Әйел-Ана – барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тірліктің қайнар бұлағы». Өмірдегі үлкен мақтанышым - отағасына адал жар, балаларыма аяулы ана, ата-енеме ибалы келін болу қызметін атқарудың маңдайыма жазылғаны. Әрбір отбасының ұлттық дәстүр, әдет-ғұрпына сүйенген тәрбиесі бізде де қалыптасқан. Үлкендердің атын атамау, алдын кесіп өтпеу, үлкенге құрметпен қарау, кішіге ізет көрсету, еңбекті үй үшінде жұмыла жасау, қатты сөзге бармай ым-ишарамен түсінісу, т.б. «Ұлдың ұяты –әкеге, қыздың ұяты –шешеге» деген халықпыз.   Бала-шаға тәрбиесінде ұстанатын басты қағидат – «Ұят болмасын».  «Жеткен әрбір жетістіктерімізге шүкіршілік ету». «Біреудің ала жібін аттамау». Ең бастысы отбасында көргені жақсы болуына үлкен мән береміз. Анамды Меккеге жіберіп алдық. Әкем ерте қайтыс болды. Перзенттік парызымды қаншалықты өтей алдым деген өкішім де жоқ емес... Ата-енемді қолыма алып, бағып отырмыз. Ағайындардың, достардың жақсылығын да қайғысын да бөлісуге дайын тұрамыз. Әулетімізде «абысындар шайы» жобасының авторымын. Тәжірибемізбен бөлісіп, бір-бірімізге көмектесіп, әулеттің балаларды тәрбиелеу мәселелерін сөз етеміз. Ата-ене бағып отырған абысындарымды біздің үйде (келіндер ғана бас қосқанда) төрге отырғызамын.

Білім ордамыз - Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде карантинге дейін  «Ізгілік шайы» жобасын әкелдім. Әр жұма сайын асханада дастархан жайылып тұрады, студенттер тегін шай ішеді. Бастаманы бүкіл ұжым қолдап жалғасын тауып келеді.

Өмірлік миссиямның қай діңгегі болмасын жалпыадамзаттық құндылықтарға бастайтын ұлттық құндылықтармен үйлесім табуы мен үшін маңызды.

 - Тағам қолдан дайындайсыз ба, нан жаю, кеспе кесу, т,б?

- «Ас – адамның арқауы». Асты қадірлей білетін от көрген, ошақ көрген отбасында тәрбиелендім.  Қай ата-ана болмасын қызының барған жерінде «балдай батып, судай сіңіп» кетуін, жақсы жар, ізетті келін, аяулы ана болуын армандап,  тәрбиелейді. Анам үй шаруасының барлық істеріне төрт ұлдың ішіндегі ерке де жалғыз қыз демей мұқият үйретті. Жастайымнан қамыр илеу, нан жаю, пісіру,  тіпті «адамға жеті өнер де аз»  деп кілем тоқуды да үйрендім.  Тағамның барлық түрін пісіре аламын: енем мен достарым - пісірген етім мен жайған нанымды; атам – қуырған балығымды; отағасы мен анам  – палауымды; түшпара мен мантымды – ұлым, ал нансалмамды – бауырларым сүйсініп жейді. Өзіме грузин және шығыс асханасы ұнайды.  «Ас атасы – нан».  Нанның түр-түрін: бауырсақ, қаттама, шелпек, ұсақ бауырсақ, чак-чак, т.б.  пісіргенді ұнатамын.  Ел мен елді, ағайынды жақындастыратын, жақсылар мен жайсаңдарды құрметтеуді халқымыз кең жайылған дастарқаны арқылы көрсеткен.

- Басшы ретінде басты ұстанымыңыз?

- «Армандай білу!» У. Гарвард айтқан екен «барлық жауапқа дайын болу мүмкін емес, бастысы сұрақ қоя білу!». Түпкі мақсатымды алғашқы жасайтын қадамымда ой елегінен өткізіп аламын немесе басқаша айтқанда бағдарлап алуға тырысамын.  Бір істі қолға алсам уақытымды аямай өзімді толығымен соған арнаймын. Бүгін  ертеңгі болашағымды армандап, тек жақсы дүниелермен байланыстырамын, сенемін.  Сол кезде күтпеген жағдайларға да дайын болуға болады деп түсінемін. Қиындықтар кездессе, кемшілікті алдымен өзімнен іздеймін.  Қаталдық пен жұмсақтықтың арасалмағын ұстай білуге тырысамын.  Әлем елдерінің мәдениеттеріне қызығамын. Білім саласындағы жетістіктерін университет дамуында енгізгім келеді. Ұлыбритания, Қытай, Ресей, т.б. алыс-жақын шетелдерде болып, бүгін университтерімен байланыстамыз. Салауатты өмір салтын өзім үлгі бола жүріп насихаттаймын. «Медеу», «Бутаковка», «Алма Арасан», «Есік көлі», т.б. әсем табиғат аясына саяхаттау, тауға шығу, тимбилдинг, спорттық, ұлттық ойындар ойнау өмір салтымызға айналып келеді. Себебі, табиғаттың адамға берер қуаты көп, соны орынды ала білуге ұмтыламын. «Ұлықтының ұстанымы дұрыс болса, айтқаны әмірсіз-ақ орындалады» деген сөз бар. Сөз бен ісімнің қабысуына үлкен мән беремін. Күш-жігерімді тиімді жұмсағым келеді.  Басшылық қызметімде алдымен  көшбасшылық, сосын  менеджмент.

- Студент жастармен жұмыс жасап отырсыз. Үлгі алады. Осы жауапкершілікке қалай мән бересіз?

- Үлкен жауапкершілікпен қараймын. Жалпы  білім беру мекемелерінің қай қайсысын алсақ та мұғалімсіз, оқытушысыз елестету мүмкін емес. Оның іс-әрекеті оқу орнына тіршілік береді, оқу-тәрбие орны екенін танытады.  Ы.Алтынсариннің мұғалім – мектептің жүрегі деуі де  осыдан шығар. Университетімізді университет етіп тұрған оқытушының білім, тәрбие беру  қызметі мен студенттің білімді меңгеруге ұмтылысы. Университет ең бірінші тәрбие ордасы.  Студент университетіміздің басты құндылығы.

Жастарға өз бағаларын көтеріп, маңыздылықтарын сезініп, өмірдегі өз орнын табуда қиындықтарды жеңіп шығуға дайын болуларына аса көңіл бөлу керек. Нарық заманында тез пайда тауып, материалдық жағынан өскісі келетін жастарымыз да бар екені шындық. Олар нәтижелі болудың жолы осы екен деуі де мүмкін. Өмірлік дос, жолдас бола білу, салауатты өмір салтын ұстану, кәсібіңнің мықты маманы болу, бос сөзге ермеу, мақтаншақтықтан сақ болу, өз пайдаң үшін біреуге қиянат жасамау, т.б. Ұжымдық мәдениетті, рухтың биік болуына аса мән беремін. Менің ортамның пікірінше жақсы қасиеттерімнің бірі өсек тасымау, өтірік айтпау.

Осы орайда халық даналығынан мына сөз тіркестері ойыма келеді: «Жақсы болсаң жердей бол, бәрін шыдап көтерген; таза болсаң судай бол, бәрін жуып кетірген. Аттан аттың несі артық, жүрісі мен күші артық. Ерден ердің несі артық, ерлігі мен ісі артық».

Жастарға айтарым проблемаларды емес, мүмкіндіктерді көп іздеңіздер!

- Аруларға тілегіңіз.

- Ару - отбасының  көркі, ұйытқысы.  Менің айтарым, қымбатты арулар өмірдің барлық саласында жан-жақты болыңыздар, гендерлік саясатты дамытыңыздар. Кәсіпті игеріп, маман болыңыздар, үй тұрмысын дөңгелетіңіздер, спортпен шұғылданыңыздар, рухани дамыңыздар, бала тәрбиесіне көңіл бөліңіздер, хоббиіңізбен айналысыңыздар. Үйдің қазығы болып, үйдің азығын әкеліп жүрген азаматыңызбен бірге жасаңыздар.  Сіздер жан-жақты болған сайын, бақытты болған сайын  отбасы, мемлекетіміз мықты бола түседі.

Қымбатты Аналар, арулар! Сіздерді 8 наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ана – өмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры; ыстық ықылас пен мейірімнің, тазалықтың таусылмас қайнар көзі! Көктемнің шуақты мерекесі дендеріңізге саулық, отбастарыңызға құт-береке әкеліп, қуанышқа бөлесін!   

 - Сыр-сұхбатыңызға үлкен алғыс айтамыз. Сізді де көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, ісіңіз алға аса берсін деп тілейміз.

 

Сұхбатты жүргізген Саягүл Әлімбекова

Пікірлер
Редакция таңдауы