13 жастағы қызды зорлаған полицейге сот үкімі шықты

2496
Adyrna.kz Telegram

Былтыр Балқаш қаласында 13 жасар қызды зорлаған полицей 14 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды жергілікті "Мой город" басылымы.

Ал тәртіп сақшылары күдікке ілінген әріптестерін облыс аумағынан қашып кетуге әрекеттенген кезінде тұтқындаған.

2020 жылдың жазында полиция қызметкері 13 жастағы қыздың анасына хабарласып, олардың саяжайында қарасора өсетінін айтқан. Осы жайттың анық-қанығын білу мақсатында және жергілікті балалардан сұрақ-жауап алу үшін саяжайда тұрған қызының телефон нөмірін сұраған.

Одан кейін полицей жасөспірімге: "сенің саяжайда марихуана шеккенің туралы менде ақпарат бар" деп жазып, мұндай әрекет үшін әкесін 10 жылға бас бостандығынан айыруға болатынын ескертіп, қорқытқан. Тіпті, кейбір құжаттарға қол қою үшін өзімен кездесуді талап еткен.

Кездесу кезінде ол қызды одан сайын қорқытып, өзінің достарымен бірге марихуана қолданып жүргені туралы жаланы мойындауға мәжбүр етеді. Ол осындай "мойындауды" құжат жүзінде толтырып болған соң, бұл туралы ата-анасына тіс жармауы үшін жасөспірімді бопсалап, жыныстық қатынасқа түскен.

Бастапқы кезде қыздың ата-анасы берген арыз бойынша полицейлер іс қозғаудан бас тартып, өз әріптестерін қызметтен қуумен ғана шектелген.

Кейіннен экс-полицей жасөспірімнің ата-анасынан кешірім сұрап, арызды қайтарып алуды өтінген. Тіпті, жасөспірімді сүйіп қалғандығын да айтып ақталған.

Пікірлер