Ресейдің еңбек нарығында жұмысшылар жетпей жатыр. Өткен жылы бұл елге келге келген шетелдіктер саны әдеттегіден екі жарым есе азайған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Мәскеуде жұмыс істеген мигранттардың 40% елдеріне қайтқан. Осының салдарынан бұрын шетелдіктер еңбек еткен жұмыс орындар саны күрт артқан. Алайда жергілікті тұрғындар оған қызықпайды екен.
Ресей ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы алдағы жылмен салыстырғанда тіркеуге тұрған мигранттардың саны екі есе азайған. Шетел жұмысшыларының саны жеті жарым миллионға дейін қысқарды. Мәскеу облысы мигранттар кәсіподағының басшысы
Аббос Ашуровтың айтуынша, 2019 жылы Ресейде ресми түрде Тәжікстанның 500 мыңнан аса азаматы еңбек еткен. Ал былтыр бұдан 4 есе аз болған. Кәсіпорындар жабыла бастағанда, көбі еліне қайтты. Ал енді шекаралар жабылып, Ресейге қайта кіре алмай отыр.
«Ақпан айында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Қырғызстан, Армения, Қазақстан елдерінің мигранттарына шекара ашу жөнінде келісім жасалды. Ал бұл одаққа кірмейтін Тәжікстан, Өзбекстан мен өзге мемлекеттердің азаматтары келе алмай жүр»,-деді Мәскеу облысы мигранттар кәсіподағының басшысы Аббос Ашуров.
Осыған байланысты еңбек нарығында бос жұмыс орындар саны күрт артып кетті. Мигранттар негізінен құрылыста, қызмет көрсету саласы мен коммуналдық шаруашылықта жұмыс істейді. Мәскеуде курьерлер мен такси жүргізушілерге сұраныс 85%-ке, ал құрылысшыларға 30%-ке артты. Ал жұмыс берушілерге мигранттарды жалдау тиімді. Ресейліктерден көп еңбек етсе де алатын жалақысы төмен. Сарапшылардың есебінше, Еңбек кодексі бойынша ел азаматтары аптасына 40 сағат жұмыс істесе, шетел жұмысшылары 60 сағат еңбек етеді екен.
«Оларды сағат таңғы бестен түнгі он бірге дейін жұмыс істетеді. Мигранттарға қатысты жағдай осылайша өзгерді. Ресей азаматы осындай жұмысқа әрине тұрмайды. Еңбек қолы жетіспей жүргенде елде қалған мигранттардың жұмысы айтарлықтай көбейді. Бірақ бұл еңбегі үшін жалақысын алмауы да мүмкін»,- деді Еңбек мигранттары кәсіподағы орталық комитетінің басшысы Ренат Каримов.
Экономистердің айтуынша, Ресей тұрғындары мұндай жұмысқа қызықпайды. Ал еңбек нарығындағы адам жетіспеушілігі мәселесі пандемия аяқталмайынша шешілмейтін түрі бар.
«Адырна» ұлттық порталы