Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігіне қарасты Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы жыл сайын әлеуметтік жобаларды іске асыруға қаражат бөледі. Әлеуметтік жобалар өзекті деген тақырыптарды қамтып, экология, құқықтық сауаттылық, жастар, білім сынды қоғамдағы маңызды деген салалардағы проблемалық мәселелерді шешуге бағытталады. Негізінен ақпараттандыру, ұсыныстар әзірлеу, елдегі проблемаларды құзырлы органдарға жеткізу, зерттеу жүргізу, арнайы әдістемелік нұсқау мен өнім (сайт, қосымша, кітап, және т.б) жасау сияқты жұмыстар жүргізіледі. Грант қаржысы да аз емес. 5 млн-нан 300 млн-ға дейін.
Грантты алуға мүдделі ұйымдар да көп. Тек көп ұйымның тәжірибесі мен мүдделігі жоқ, сондай-ақ сол саладан түсінігі жоқ немесе аз болады. Және де бірқатар ұйымдар кәсіпкер сияқты жұмыс жасайды, яғни әртүрлі тақырыптарды қамти береді. Мысалы қаражат қайсы жобада көп соған қатыса береді. Бір жылы жастар немесе экология тақырыбымен шұғылданса, келесі жылы жергілікті өзін-өзі басқару тақырыбына ауыса салады. Яғни кәсіпкерлік ұстаным, керек болса тамақты да пісіріп береді немесе Қытайдан керек тауарыңды жеткізіп береді, бастысы "ақша төйле".
Енді өзім және жергілікті өзін-өзі басқару тақырыбындағы жобалар жайлы сөз қозғайын. 2018 жылдан бері Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бағытында 6 рет конкурс өткізген. Осы конкурсқа 6 рет (4 жыл қатарынан) қатысып, жеңіліс таптық. Себебін түсіндірейін. Біріншіден, елімізде қазақ тілінде сапалы жұмыс атқаратын Үкіметтік ұйымдар аз. Қазақтілділер енді тәй-тәй басып келеді. Олар көбіне тіл, дін, ұлттық салт дәстүр, жастар тақырыбында шоғырланған. Көбісі орыстілді. Сәйкесінше орыстілділер қазақ тілін білмегендіктен қазақ тілді аудиториямен жұмыс жасамайды/жасай алмайды/мүдделі емес. Мысалға жергілікті өзін-өзі басқару тақырыбында 3 жыл ішінде жеңімпаз болып табылған ұйымдар жобаларды солтүстік аймақтарда және тек орыс тілінде өткізіп/ұйымдастырып келген. Атап айтсақ, Павлодар қ. Инициатива граждан деген қоры, Алматы қ. (аты есімде жоқ) ұйымы және т.б. Осы олқылықты жеңу және қазақтілді ұйымдардың әлеуеті мен қазақ тілінің мәртебесін осы салада көтеру мақсатында жобаларды тек қазақ тілінде жазу және ұйымдастыруды мақсат қойдым. Бұл принцип.
Алайда 3 жыл бойы біздің жоба қазақ тілінде жазылғандықтан өтпей қалды. Өйткені комиссия мүшелері ішінде қазақ тілін түсінбейтін/нашар түсінетін адамдар болды. Қазақ тілін түсінбейтін адам қалай жобаларға баға береді? Қазақтілділер екі тілді білу керек те, ал "басқаларға" қазақ тілін білу міндет емес деген ұстаным сол баяғы.
Екінші себеп - Комиссия мүшелерінің сауатсыздығы/сол саланы жете түсінбеуі/бағалау тәжірибесінің жоқтығы. Жергілікті өзін-өзі басқару тақырыбында 4 жыл ішінде мықты бірде-бір сарапшы болған емес. Өткен жылдарды қозғамай, биылғы жылды айтып өтейін. Конкурс өтер алдында Министрлік пен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басшылығында болдым. Мадияр Қожахмет, Бәтима Мукина және қазіргі басшы Лима Диас алдында үш талап қойып кеттім: комиссия мүшелігіне қазақ тілін еркін білетін және осы саланың тиісті мамандарын тарту. Әрине, ол талап толыққанды орындалмады. Қазақ тілін білмейтін Ирина Смирнова, Набитовская, Эмин Аскер, Вердман дегендер болды. Бұл қайта азайғаны. Бұрын көп болатын. Тіл білмегендері үшін дискриминация жасауға болмайды ғой деген аргумент айтады, ал қазақ тілін білмей тұрып сол тілдегі жобаларды бағалау дискриминация емес пе?Әділеттілік қайда?..
Салалық сарапшылар да өз деңгейінде тартылмады. Біздің бағыт бойынша әйтеуір осының аузын жабайық деген сыңай танытып, қазақ тілін түсінеді-ау деген 3 адамды тартты: Жунусбекова Гүлсара - Мемлекеттік басқару Академиясының ұстазы, Айгул Садвакасова - этносоциолог және Есмахан Бауыржан - имам, дін өкілі. Дегенмен осы сарапшылардың ішінде тек Жунусбекованы ғана жергілікті өзін-өзі басқару тақырыбын жете түсінеді деп ойлаймын. Ал екі маманды өз салаларында мықты маман деп білемін, тек менің тақырыбымда емес. Егер менің соңғы пікірім жалған болса, онда соңғы екі азамат маған онлайн форматта, ФБ арқылы түсініктеме берсін. Лима Диас сізден осыны ұйымдастыруды сұраймын.
Жалпы Грант бөлу, жобаларға баға беруді өте жақсы білемін. Өйткені өзім Азаматтық бастамаларды қолдау орталығында үш рет комиссия мүшесі және екі рет төрағасы болдым. Яғни бағалау жүйесін және ондағы кемшіліктерді де жақсы білемін. Осындай ашықтыққа мүмкіндік берген Батима Мукинаға рахмет айтамын.
Енді постқа салып отырған фото мен видео арқылы өзімнің осы салада маман екенімді далелдеп өткім келеді. Арнайы бір адамдар үшін. Бұрынғы Министрлік өкілі ретінде жергілікті өзін-өзі басқару мәселесі бойынша үш заң жобасын әзірлеуге қатысып, оны Президенттің қол қоюына дейін жүргіздім. Өйткені Министрліктегі Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту басқармасының басшысы болдым. Яғни мақсатты жұмыс жүргіздім. Болашақ бағдарламасы бойынша Ресей Академиясында осы бағытта білім алып және осы бағытта диссертация қорғадым. Жергілікті әкімдікте және мәслихатта қызмет еттім. Үкіметтік емес ұйым өкілі ретінде жергілікті өзін-өзі басқару тақырыбында 10-нан аса жобаны іске асырдым. Басқа ұйымдардан өзгешелігіміз –тек осы тақырыпта жұмыс жасауымыз және де қазақ тіліне басымдық беруіміз.
Біздің биылғы жобаның ерекшелігі – негізгі талап бойынша барлық 8 өңірлерді, негізгі уәкілетті органды, Мемлекеттік басқару академиясын, Қазақстан ұлттық арнасын, сонымен қоса сарапшылар ретінде еліміздегі жергілікті өзін-өзі басқару заңына тікелей қатысқан маман – Шолпан Аитенова , Мереке Габдуалиев, Ресей елінің 30 жылдық тәжірибесі бар ғалымды, Қырғызстан мен Польша елінің мамандарын тартуды көздеу. Бұдан да басқа жаңашыл идеялар бар еді. Авторлық құқық деп жазбай-ақ қояйын.
Қорыта келгендегі тоқ етері: құрметті Азаматтық даму министрлігінің (Мадияр Қожахмет) және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының өкілдері (Лима Диас) , сондай- ақ комиссмя мүшелері Жунусбекова Гулсара, Садвакасова Айгуль, Есмахан Бауыржан! Сіздерді онлайн форматта ашық диалогқа шақырамын. Тиісті түсініктемені беріңіздер!