Жақсының аты өлмейді...

1606

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз. Ол «Маса» болып халықты оятып, қараңғылықтың құрсауынан құтқаруға тырысты. Ағартушы-ғалым, ұстаз әрі ақын Ахметтің ХХ ғасыр басында еліміз үшін, Тәуелсіздік үшін жасаған әрекеттері келешек ұрпақтың есінде сақталды.

1905 жылы Қарқаралы петициясының авторы болып, сол уақыттан бастап саясатқа араласа бастады. Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай етіп жасауын талап етіп, көптің арасынан суырылып шықты.  1910 жылы билікке қарсы шыққаны үшін Ахмет Байтұрсынұлы Орынборға жер аударылып, Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы сынды халық зиялыларымен танысты. Бұдан кейін Алашордашылармен біріге отырып, «Қазақ» газетін шығарғаны да белгілі. Бұл газет зиялы қауымның саяси құралы болды. Мұнда қарапайым халықтың көзін ашуға бағытталған түрлі ақпараттар, Патша үкіметінің әділетсіздігін әшкерелеген «Жер кімдікі?» секілді мақалалар да жарияланып тұрды. КСРО құрыла салысымен, қазақ халқына қатысты әділетсіз басқару жүйесін сынға алып, Ленинге хат жолдады. Ахмет Байтұрсынұлы өз басын қауіпке тіге отырып, түгелдей жүйеге қарсы шыққан аздың бірі еді.

Тұтас буынның төл басы болған Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Қырық мысал» кітабын 1909 жылы жариялады. Ол өлеңдерінде, мысалдарында Ресей отаршыларының зорлық-зомбылық әрекеттерін, ақылсыз басшы мен езгіге тап болған қазақ жайын тұспалдай сипаттады. Ақын ерекше «мысал» жанрын таңдай отырып, ұғымды идеясы, уытты тілімен әлеуметтік сананың оянуына әсерін тигізді. Азаматтық ұстанымы, арманы мен мақсатын кестелеп, «Маса» деген атаумен жеке кітап шығарды. Айтып өткеніміздей, ұйықтап жатқан халықты маса болып оятып, өнер-білімге, ғылым-ілімге шақырды. Қазақ халқының сол уақыттағы енжарлық, жалқаулық, қараңғылық секілді кемшіліктерін түп тамырымен жойғысы келді. Шетелдің түрлі ақын-жазушыларын аударып, әдебиетке үлкен үлес қосты. Оның «Қазақтың бас ақыны» атты Абайға арналған мақаласы әлі күнге дейін маңызын жоғалтпаған шығарма болып табылады. Абайдың азаматтық позициясын айқындап, ақындық шеберлігін жоғары бағалады.

Ахмет Байтұрсынұлының аты да, еңбектері де ұмытылмады. Оның халқы үшін жасаған ерең ерлігі, әдебиет саласының дамуына қосқан үлесі ешкімнің есінен шықпады. Бұл жайлы түрлі мақалалар, көлемді кітаптар мен тағылымды монографиялар да жазылды. Ө.Әбдиманұлының «Ахметтану:оқу құралы», Р.Имаханбеттің «Ұлағатты ұлт ұстазы», А.Ойсылбайдың «А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышындағы» сөз өнері мен поэтика мәселелерін», Татьяна Тугайдың «Ахмет Байтұрсынұлының Орынбордағы жолын» атап өтуге болады. Мұндай монографиялардың бірі - 2010 жылы жарияланған «Ғасыр саңлағы:Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны». Райхан Имаханбеттің аталмыш монографиясы мұрағаттардан алынған деректер мен фактілер негізінде жазылған. Мұнда Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығының бұл күнге дейін жұмбақ болып келген тұстары кеңінен сипатталған. Монография бірнеше тараулардан тұрады. Әр тарау ағартушының өміріне, шығармашылығына, еңбектеріне арналған.

Монографияның бірінші бөлімі «Өмірбаяндық деректер» деп аталады. Бөлімде Ахметтің туған жері туралы кең ақпарат берілген. 1988 жылғы қаулыны тілге тиек ете отырып, Ахмет Байтұрсынұлының аты берілген елді мекендер туралы айтады. Сонымен қатар қазақтың тұңғыш тарханы Жәнібек пен Ахметтің түп аталары бір екенін де білуге болады. Батыр Жәнібек Шақшақтың шөбересі болса, Ахмет Шақшақтың тоғызыншы тармақтағы тікелей ұрпағы болып табылады. Текті атадан тараған Ахметтің арғы тегіне көз жүгірте отырып, қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы ауылындағы ағартушының әулетінің қорымы жатқандығын, оның іргетасын Ахметтің өзі қалағандығын да білуге болады. Әрі тараудан Ахмет Байтұрсынұлының шежіресі мен ұрпағы жайлы ешкім біле бермейтін деректерді де көруге болады.

Тарауды оқи отырып, Патша үкіметі Ахметтің ағартушылық беделіне нұқсан келтіріп, «ұлтшыл» етіп көрсетуге қажетті деректерді сонау 1910 жылдан басталғанын көруге болады. Ахмет Байтұрсынұлының мақалалары топтастырылып, Семейден Дала губернаторының кеңсесіне жіберіліп отырған. Автор мұрағаттағы деректерді келтіре отырып, әр құжатта Тройницкидің мөрі басылғанын да дәлелдейді.

Ахметті қорғап қалу мақсатында ел зиялылары түрлі мақалалар жариялаған. Солардың бірі «Қазақтың халық ақыны түрмеде» атты мақаласы бірнеше басылымда қатар жарияланған екен. М.Бекметовтың «қазақ ақыны» атты мақаласы 1909 жылы «Оренбургский край» атты газетте басылған. Мұнда Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық, ақындық, қоғамдық қызметтері туралы кеңінен сипатталады.

Монографияда Ахметтің жары Бәдрисафаның 1910 жылы күйеуі абақтыға қамалған соң шығарып алу мақсатында жазған өтініш-хаты берілген. Хатта Бадрисафа тергеудің аяқталған алға тарта отырып, Ахметті босатуын немесе кепілдікке шығаруын сұрайды. Ахметтің жарының тынымсыз талпынуы мен ізденісі, өтініші жерде қалмады. Жалпы ағартушының босап шығуына үлкен әсерін тигізді. Сот шешімі бойынша Ахмет Байтұрсынұлы 1910 жылдың наурызында Орынборға көшті. Сонымен қатар Ахметтің дәл осы уақытта еш жазықсыз отырғандығын Райхан Имаханбеттің мұрағаттан алынған Н.Скалозубовтың Ішкі істер министріне жазған хатындағы мына мәлімдесемен былайша дәлелдейді: «...Арестованъ онъ 1 июля и до сих[ъ] пор[ъ] ему никого обвинен[і]я не предъявлено».

Аталмыш бөлімнен ағартушы Ахметтің өмірінен келтірілген деректерді ғана емес, қанатты сөздері мен мақалаларына жасалған көлемді талдауларды, Орынбордағы өмір кезеңін де оқып білуге болады. Мәселен Ахмет Байтұрсынұлының «Орынбор әм 10 пеуірал» атты мақаласын автор тілге тиек етіп, шет жерде жүрсе де, халық ағартушысы араласа өмір сүрген халықтардың ара-қатынасын сипаттап, келешектегі қазақ халқының болашағы қалай болатындығы туралы үлкен мәселені қозғайды. «...Қазақ деген қашаннан өз алдына ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға дейін тұтас тұрған қалық еді. Арамызға әр түрлі жұрт кіріскенде солармен қатар, атымыз жоғалмай, қазақ ұлты болып тұра аламыз ба?», - деп жазған Ахмет әр тілдің айдауында жүрген қазақтар үшін өзіндік әліпби керектігін алға тартады. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген қағидасын әр халықтың ұлт болып қалыптасуындағы ең өзекті мәселе етіп көрсетеді. Бұл мақаласынан соң Ахмет Байтұрсынұлы Орынборда қазақ әліпбиін жасауды бірден қолға алған. Қазақтың жеке сөйлесу тілі болғанымен, жазу мәселесіне келгенде өзгеге кіріптар екенін білген ағартушы барынша кирил әліпбиінен алшақтауға тырысты.

Монографияда жазбаша деректерден бөлек, Ахметтің өзі түскен суреттер, үкіметке жазған жеделхаттарының көшірмесі берілген. Тарихи суреттердің ішінен өзге Алашордашылардың суретін, жұбайы Бадрисафа Байтұрсынованың, қызы Шолпан Ахметқызының суреттерін де кездестіруге болады. Сонымен қатар Райхан Имаханбеттің М.Жұрыновтың 2006 жылы жарияланған «Академияның алпыс асуы» атты мақаласын негізге ала отырып, Ахметтің 1921-1922 жылдары Қазақ КСР Ағарту Халық Комиссариаты Академиялық орталығының алғашқы төрағасы болғандығын, Қазақ ғылымның ұйымдастырылуына елеулі үлес қосқандығын жазып өтеді.

Райхан Имаханбеттің 2010 жылы жарияланған бұл монографиясы – ахметтану ғылымына қосқан үлкен үлес. Қазақ әдебиетінің тарихы мен елдің ХХ ғасырдағы күй-жайы, Алашордашылардың өзара байланысы, қарым-қатынасынан мол деректер береді. Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, шығармашылығы, отбасылық жағдайының жұмбақ тұстарын ашып берді. Тарихи деректер мен мұрағатта шаң басқан құжаттарды сөйлетіп, артына үлкен мұра қалдырды.

Автордың өзі айтқандай зерттеудің мақсаты біртуар азамат ғалым – Ахметтің мұрасын, ұшқыр арманы мен қиялын өскелең ұрпаққа таныту болды. Және бұл мақсатына жетті де. Келелі шығарма бір адамның тұтастай ғұмырын сипаттап қана қойған жоқ. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы оқиғаларды, ел басына төнген қауіптер мен қаралы күндердің артынан туған сәулелі болашақтың дәл осы азаматтардың еңбегі екендігін дәлелдеді.

Диана АСАНОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

филология факультеті,

қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті

www.kaznu.kz

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket