БҚО-да полиция қызметкерлері жүкті келіншекті автокөлікте босандырып алды. Бұл туралы облыстың полиция департаменті жазды деп хабарлайды, «Адырна» тілшісі.
2021 жылғы 26 ақпанға қараған түні Самара-Шымкент тасжолында Сырым ауданы Алғабас ауылы тұсында «ВАЗ-2110» автокөлігі сынып, жолда тұрып қалған. Оның жүргізушісі автокөлікте жүкті келіншектің толғағы басталғанын жеткізген. Полиция лейтенанты Ерніс Бақтыгереев пен полиция аға лейтенанты Тимур Сүйінәлиев әйелді патрульдік автокөлікке отырғызып, жедел жәрдем шақырып, Оралға бет алған. Жолшыбай Тоғанас ауылы маңында келіншек аман-есен босанып, тәртіп сақшылары шақалақтың кіндігін кескен. Теректі ауданы Подстепный ауылына жеткеннен кейін әйел сәбиімен жедел жәрдем дәрігерлеріне берілді.
Тағы бір осындай оқиға кеше Бөрлі ауданында болған. Ақсай қаласында тұратын келіншек толғағы басталғаннан кейін такси шақырған. Такси жүргізушісі тәжірибесі аз болғандықтан, әйелді барынша тез жеткізу керектігін жолшыбай кездескен патрульдік полиция қызметкерлеріне айтқан. Полиция капитаны Нұрсұлтан Бекесов пен аға лейтенант Ерлан Өрісбаев әйелді өз көліктеріне отырғызып, Бөрлі аудандық ауруханасына дереу жеткізген.
«Адырна» ұлттық порталы