«Өзін-өзі қасқырша шауып отырған жұртта
оқу, шеберлік болмайды!..»
24 ақпан күні Ақтау қаласындағы Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрында Нартай Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты» атты пьесасы сахналанды. Ұрпақ санасына сілкініс әкелер қойылымнан алған әсерім ерекше. Автор пьесаның жазылу себебін Алаш арыстарының рухына бағыштау және ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойымен тікелей байланыстырады.
Қойылым тас түрмеде отырған Әлихан Бөкейхан мен тергеушінің диалогымен басталады. 1937 жылдың 17 қыркүйегі. Ұлт көсемінің өмірдерегімен танысып отырған тергеушінің «Әлихан Нурмухамедов, митингтер мен петициялар үндеушісі, анти үкіметтік толқулар үгітшісі, қырғыз-қайсақтардың діни-саяси қозғалысының жетекшісі, аса сенімсіз элемент» деген сөзі арқылы айыпталуының басты себебін білдіреді. Осыдан кейін 1905 жылғы тарихи оқиғалар, Қарқаралы петициясы, қазақ халқының сауатын ашу үшін жасаған еңбектері Алаш зиялыларының түрлі диалогы арқылы өрбіп отырады.
«... Өз жұртын аямаған мына бізді аяй ма? Барынша сақ болу керек. Бірақ әрекетті тоқтатпаймыз. Патшаның қанды жексенбі жасағаны текке кетпейді, көріңдер осыдан. Бір бүліктің басталғаны бұл! Бізге дәл қазір... ликбез керек, ликбез! Жаппай халықтың сауатын ашу керек. Жаппай білімге бет бұру керек. Газет шығарып елдің көзін ашу керек. Қане жігіттер, тастаңдар шекпенді! Кіріс іске» деген ұлт көсемі сөзінен кейін қазақ оқығандары шапандарын шешіп, малақайларын тастап, кілең кәстөм-шалбар киген ақ жейделі зиялыға айналады. Осыдан кейін арыстарымыз газет шығаруды қолға алып, ұлт болашағы жолында өз еңбектерін толассыз шығара бастады. Қазақ оқығандарының осыншалықты өз жұртының сауатын ашуға жасаған еңбектерімен танысқан тергеушінің таң қалмасына амалы қалмады. Ол тіпті ұлт көсемінің ерекше жан екендігін мойындап, өзіне ашық айтты.
47 тармақтан тұрған петициядағы жазылған басты 5 мәселені жерге қадап тұрып түсіндірген Әлихан Бөкейханның өр мінезділігі көрермен санасына жіберілген жарылыс секілді сезілді. Сайлау жүйесін қайта құру мәселесі, діни мәселелер, қазақ тілі, сот ісі, және жер мәселесін шешудің жолдары... Бұл әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған негізгі мәселелер. Ұлт көсемінің сөзін тыңдап тұрған тергеушінің «Түсінбеймін, мұның бәрі не үшін сонда?» деген сұрағына Әлихан Бөкейхан: «Біздің Алматыда бір тамаша саябақ бар. Сол парктың кіреберісінде: «Иттер мен қазақтарға кіруге тыйым салынады» деген жазу тұратын. Ал ондайды көтере алатын қазағың мен емес, шырағым. Дұрыс айтасыз негізі. Сіз түсінбейсіз ондайды...» деген сөзі жаныңды түршіктіреді. Іштей қайталап Алаш арыстарына рақметіңді жаудырасың. Нағыз қорлықты көріп, болашақ ұрпағының ол бодандықты көрмеуі үшін жанын қиған Алаш зиялыларының сол үмітін ақтай алдық па деп егілесің. «... Ал тілден айырылған елдің келешегі жоқ. Надан жұрт – алдыңғы жұрттың киіп тастаған ескісін кимек»,-дейді. Ал біздің өз тіліміз, өз ұлтымыз, өз салт-дәстүріміз бар емес пе? Ендеше, бабалар салып кеткен сара жолдан адасып, өзгенің таңсығына жүгінгеніміз қалай, замандастар?..
Қойылымда сонымен қатар Алаш арыстары А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Халел, Жаһанша Досмұхамедовтар, Б.Майлин, Ж.Ақбай, С.Сейфуллин, М.Жұмабай бейнесі де сомдалған. А.Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» атаған А.Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңдері де көрерменге ерекше әсер қалдырады.
Қойылым соңына қарай Әлиханның тергеу ісін жүргізіп жатқан тергеуші ұлты үшін аянбаған арыстар ерлігін мойындап қана қоймай, өзінің де өзгеретіндігін айтады. «Мен қоштасуға келдім, аға. Мен жұмыстан кетуге арыз жаздым. «Денсаулығыма» байланысты деп қойдым. Әбдіғаниға да (баласы) Мәскеу климаты жақпайтын сияқты, туғаннан жөтеліп келеді. Жендет болып шыққанымды түсінбеппін. Мен кіммін, не үшін туылдым, мақсатым не, ертең не болады деп ойлаудың өзі мыйыма кірмепті.... Елге қайтам, ең алдымен әкемнің сүйегін тауып, арулап жерлеуім керек. Сосын имам болмасам да мұғалім болам. Ең болмаса екі башқұрт баласының көзін ашсам деймін. Менің миымдағы төңкерістің отын сіз тұтаттыңыз» деген тергеуші сөзі тек Әлиханға қаратып айтылмағаны белгілі. Бұл барша адамзат баласына арналғандай. Оның ішінде өз ұлты үшін аянбай, жанын қиған текті бабалары бар қазақ жұртына. Тергеушінің алдағы мақсаты, болашағы, ұрпағы үшін алаңдауы бізді де ойландырмай қоймайды. Бұрын Гриша деп атаған баласына қайтыс болған әкесі қойған Әбдіғани есімімен атауының өзі жас ұрпаққа үлгі. Отан отбасынан, өзімізден бастау алатындығының дәлелі.
Әлихан аманатын ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлына аманаттау арқылы жеткізеді: «Дұрыс бағыт берер болсақ, тау қопарар жастар өсіп келеді. Енді бір 10-15 жылда қазақ көгіне күн боп көтерілер азаматтар жетілуде. Саған өтініш. Жоқ, өтініш емес, аманат! Айдауға кеткен Байтұрсын мен бауырларының, тас бұғауда жатқан қалың қара қазақтың, елім-жерім деп өткен әруақты ерлердің аманаты деп ұқ. Жастарды жаныңа жина. Орысшыл, билікшіл болмай тұрғанда көгірегіне от сал. Ұстазсың ғой, Ахмет, тәрбиеле, бағдар беріп, рухани ұстаз бол. Менің газет-журнал туралы ойымды дамыт, жолға қой. Есенқұл Маманов, Айтілеудің Тәубасы, мырза Мәдилер кез келген бастаманы қолдауға дайын. Шығарар малы мен қаражаты бар. Мен де құр жата қоймаспын...». Бұл сөздерді тек жастарға ғана айтылған аманат деп айта алмаймыз. Дұрыс бағыт-бағдар, алға жетелер аға буын болса, оны өз деңгейінен асыра орындап, тау қопару жастардың міндеті. «Өзін өзі қасқырша шауып отырған жұртта оқу, шеберлік болмайды». Ал біздің қазіргі күйіміз қандай? Сауаттылығымыздан надандығымыз басым емес пе? Біз кімбіз? Мақсатымыз не? Ұрпаққа не қалдырамыз?..
Санада сан түрлі сұрақ бар, жауабы бұлыңғыр. Әлихан аманатын орындап жүрміз бе? Сәл аялдап, ойланайықшы. Ұлт көсемі айтқандай, ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздейікші...
Қазақ жастарына ой салар ауыр да салмақты қойылым үшін авторға, қоюшы режиссер, суретшіге және театр ұжымы, оның ішінде басты рөлдерді сомдаған Әлихан Бөкейхан – Медғат Өмірәлиевке, тергеуші – Еркебұлан Бекенге, Ахмет Байтұрсынұлы – Айдос Тастаевқа, Міржақып Дулатұлы –Абзал Рәтбекке, Ғұбайдулла – Ислам Есжанға шексіз алғысымды білдіргім келеді.
Жансая Сман,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты,
Ә.Кекілбайұлы атындағы
Маңғыстау облыстық
тарихи-өлкетану мұражайының музей маманы