Күллі Түркілердің басты символы болып табылатын Көкбөрі белгісіне қатысты даудың бітер тұсы байқалмайды. Әлеуметтік желілерде Көкбөрінің белгісін көрсетіп суретке түскен жастарға қатысты түрлі ақпарат тарауда. Новая эпоха сайты да осы мәселеге қатысты жан-жақты деректерден жинақталған мақала жариялады деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. Мақаланы мазмұнын қазақшалап, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Соңғы уақытта неге екені белгісіз, нақты бір орталықтар Қазнеттегі жұртшылықтың қазақ тіліне және Түркілердің бірлігіне қатысты жазған дүниелеріне мониторинг жасауға бел шеше кіріскен сыңайлы. Тіпті, кейбір ақпарат көздерінен нақты бір адамдардың аталған мәселелер бойынша құқыққорғаушылардың «құрығына» ілінгені, егер ілінбесе қудалауға түсіп жатқанын айтады.
Таяуда бір топ жас жігіттердің табиғат аясында түскен суретіне қатысты дау шықты. Заңға қайшы келетін әрекеттерге бармаса да, бұл жас жігіттердің суретке саусақтарымен Көкбөрінің белгісін көрсетіп түсуі кейбір лауазымды тұлғаларға ұнамаған сияқты. Күллі Түркі жұртшылығы мақтанышпен көрсететін Көкбөрінің белгісін саусақтары арқылы көрсетуді мемлекетке төнген үлкен қауіп санағаны ма, әлгі алаңсыз демалған жас жігіттер көп өтпей құқық қорғау органы тарапынан жауапқа тартылған. Әрине, бұлай жауапқа тартылу әрекеті көпшіліктің ең алдымен күлкісін келтірсе, соңынан ызасын да тудырғаны анық. Тіпті, қазақ блогерлері соңғы уақытта ҚР ІІМ арнайы тапсырыспен сараптама жүргізіп жатқанын, түрлі жазбаларға министрлік тарапынан мониторинг жасалып жатқанын да айтады. Ал осындай сараптаманың қорытынды нәтижесі қалың бір кітапқа тең материал болыпты.
Сарапшылардың қорытындысының ең негізгі тұсын назарларыңызға ұсынып көрсек: «ҚР ІІМ тапсырысы бойынша Марғұлан Боранбаевқа қатысты сараптама жұмысының қорытындысынан түсінгеніміз: «Жалпыға қолжетімді деректерге сәйкес, «Көкбөрі» белгісі – бұл ортаңғы және аты жоқ саусақ пен бас бармақты қосу мен сұқ саусақ пен шынашақты жоғары қарата ұстау визуалды тұрғыдан қасқырдың басының белгісін көрсетеді. Қазақшасы «Көкбөрі», ал түрік тілінде Bozkurtular («Сұр қасқырлар») атауының ресми аты Ulkuciiltik — Идеалистер. Бұл пантюркизм мен неофашизм идеологиясын жақтайтын Түркия жастарының ұлттық қозғалысы. Бұл ұйымның өкілдері бірқатарына адам өлтірген, террористік әрекеттерге барған, сонымен қатар Рим Папасы Ионна Павлды өлтірмек болған деген айыптар тағылған екен. Міне, осыдан кейін бұл ұйымның өкілдері ұстанатын белгілер де, олардың идеологиясы да қауіпті саналады.
Сонымен қатар «ватник», яғни «мақтабастар» сөзін қолдану да қауіпке айналыпты. «Ватник» сөзі ең алғаш 2012 жылы КСРО-ны жақтаушылар мен Ресей саясатын қызу қолдайтындарға арнап украин жастарының «қойған аты» болатын. Енді міне, кім де кім Көкбөрінің белгісін саусақтарымен көрсетсе және өз жазбасында «мақтабас» сөзін қолданса, ультраұлтшыл, фашист, экстремист болып кетуі ғажап емес.
Жоғарыда сөз еткен жас жігіттер де суретке Көкбөрінің символын саусақтарымен көрсетіп түскені үшін қылмыстық жауапқа тартылған.
Сол жігіттерге қатысты ақпарат Қазнеттің 80 пайызын дүр сілкінтіп, әлеуметтік желілерде аватаркасын «Көкбөріге» ауыстырғандар санын арттырды. «Біз Түркілерміз, Көкбөрінің ұрпағымыз!» деген белгіні білдіретін суреттер әлеуметтік желі бетін толтыруда. Өткен тарихқа деген бүгінгі жастарымыздың құрметі, бабадан қалған белгіні қастерлеуі нақты кімдерге жақпай қалғаны белгісіз. Алайда бұл анықталуға тиіс мәселе.
Саусақпен тарихи символ көрсеткені үшін жас жігіттер жауапқа тартылып жатса, «мен Түркінің ұрпағымын!» деген адамды абақтыға қамаудан тайынбайтындар пайда болғаны ма сонда? Қоғамға қауіп төнеді десе, қаптап жүр ғой көз алдарында қауіптің неше «атасы». Түркілік идеологиядан қалтырай қорқу тек солтүстіктегі көршімізге тән екенін ескерсек, Көкбөрі белгісі үшін жастарды жауапқа тартушылар да ресейлік саясатты қолдаушылар болғаны ма? Бұл қалай?
Өздерін Түркінің ұрпағы санайтын кез келген елдің азаматының әлеуметтік парақшасын ашып қараңызшы. Міндетті түрде Көкбөрінің символын табасыз. Осындайда Түркия президенті Реджеп Ердоған еріксіз еске түседі. «Түркінің ұрпағымын!» деп күллі әлемнің алдында саусағын бүре ұстап, Көкбөрінің символын көрсетеді үнемі. Ал Түркінің Атажұртындағы бауырлары сол символды көрсетіп, суретке түскені үшін жауапқа тартылуда.
Меруерт ХУСАИНОВА,
«Адырна» ұлттық порталы.
Фото ашық дереккөзден алынды.